Ағалардың аманаты
Cұлтан ОРАЗАЛИНОВ
Біз Кәмен Оразалин үйінің жанындағы биік қара ағаштың көлеңкесінде ерте тұрып саялап отырмыз. Кешеден бері илхамы келіп, көсіле сөйлеген ағаның сан түрлі тарихты қозғаған әңгімелеріне тәнті болған Рымғали (Нұрғалиев) әлі де сол әсерінен айыға алмай, бұтақтары жан-жағына жайыла өскен бес тармақты «менің бәйтерегімді» ұзақ қызықтады.
Кемеліне келген, діңінің кей жеріне аздап сызат түссе де қара жерге нық қадалған қара ағашпен үнсіз тілдескендей. Ол үйдің іргесінде тұрған, осы қара ағаштың замандасы, күнге кеуіп, әбден қураған, қолдан долбарлап жасалған тақтай орындыққа отырып жатып:
– Сұлтеке, мен білсем, түбінде талай даналардың табан ізі жатқан мына бәйтерегің әлі ұзақ жасайды, – деді. Осы ағаштың өзі тұнып тұрған шежіре ғой. Ал, Кәмен ағамыз ше? Нағыз күй талғамайтын жүйрік! Ішінде қаншама сыр жатыр?! Әттең, алыста, әдеби ортадан жырақта жүргендіктен барша тұлғасы танылмай жүр-ау.
Сексенінші жылдардың басында Рымғали екеуміз осы сапарға бірге шыққан едік. Абай ауданын түгел аралап, Қайнар жаққа бет алмақпыз. Жазған, сызғандарымызды ел танып қалған кез. Аудан басшылары құрметпен қарсы алды. Екі інісін, әсіресе, Кәмен аға қуана қабылдап, түнімен ақтарыла сөйлегені бар. Әдебиеттегі жаңа шығармалар, жазушылардың қамы, тірлігі, қарым-қатынастары туралы да көп сөз болды. Әрбір жаңалыққа ерекше қуанып, замандастары туралы жақсы сөздерін аямаған ағасына Рымғали:
– Апыр-ай, Кәмен аға, сіз өзі тазалығын жоғалтпаған, аңғал, албырт жас сияқтысыз. Сіздің көңіліңізде қазақ жазушыларының бәрі періштедей пәк, тек әдебиет үшін жаратылған адамдардай көрінеді екен. Бірақ біз білетін ағаларымыздың көпшілігі пенделіктен асып кете алмай жүр ғой, – деді.
Сыртта отырғанда Рымғали осы пікірін қайта жалғастырды:
– Мынау маң дала, шексіз кеңістік, жастайынан қанына сіңген Абай рухы, соның жақсылыққа баулыған тәрбиесі адамның жанын жаңғыртып, тазалап тұра ма деймін. Сұлтеке, мен саған алғашқы кездескен жолы-ақ Париждегі әдеби салондардың талай талаптардың өнерін ашып, жанын ба-
йытқаны туралы айтқан едім. Ал мына қарапайым үй, оның иесі Кәмен ағамыз сол Париждің әдеби салондарынан әлдеқайда мәнді, әлдеқайда пайдалы іс тындырып отыр десем, артық болмас. Осы кісінің ықпалымен ақын-жазушы болған Шыңғыстаулық жастар елге мәлім. Ал осы қасиетті шаңырақта болған адамдар кімдер десеңізші. Осының өзі – қалың тарих емес пе?! Оны айту, жазу парыз. Өзің білесің, Лермонтов пен Пушкиннің табаны тиген жердің бәрі – аңыз, әр ұрпақ том-том кітап жазып жатса да таусылмас шежіре. Ал Еуропа қалаларындағы қалтарыстағы болымсыз шәйхананың қабырғасынан «осыдан жүз жыл бұрын Пәленше ақын, елу жыл бұрын Түгенше жазушы шәй ішіп еді» деген сөздерді оқығанда – біз отырған үйдің қаншалықты қадірлі екенін түсінесің. Өзің айтқан Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабиден Мұстафин, Қасым Аманжолов… Құдай-ау, бәрін тізіп шығу мүмкін емес. Мен ойша санап көрдім, басқаларды айтпағанда, осы үйде болған ақын-жазушылардың ұзын саны жүзден асып кетті. Сонау «алыптар тобынан» бастап, балауса шығармалары енді ғана жарық көрген жас қаламгерлерге дейін, үш-төрт ұрпақтың ізі сайрап жатыр ғой мына іргеде. Маған сенсең, Сұлтеке, бұл үй әлі-ақ әдебиеттің қасиетті ордасына айналады.
Рымғали орнынан тұрып, үш жағы өткір шақпақ тас тауып алды да «менің бәйтерегімнің» қабығы түсіп, жалаңаштанған жеріне «Р.Н.» деген белгі соқты.
– Міне, болашақ ұрпаққа мен де таңбамды қалдырдым, – деді мәз болып…
Бала күнімде көрген ақын-жазушылардың бәрі есімде жоқ. Бірақ бойы тартылған сымдай, әскерше тұрып, әскерше жүретін, даусы гүрілдеп, өлең оқығанда қуаттанып кететін, түсі сұсты Тайыр Жароковтың Жидебайдағы Абай зиратына барып келген соң қас қарайғанша үйге кірмей, жападан жалғыз Қарауыл төбенің басында толғанып отырғаны, толық денесіне қарамай аса ширақ қимылдайтын, таң атар-атпастан орнынан атып тұрып, ұйқыда жатқан басқа жұртқа маза бермей: «Әй, ұйықтауға келдіңдер ме? Мына Шыңғыстаудың саф ауасын, Абай жұтқан ауаны ел тұрмай жұтып алайық» дейтін Ғали Ормановты, сұлу мұртын сылап қойып, көзі күлімдеп, іргеде жатқан Абыралы мен Семейдің қадым заманғы тіршілігін күні-кеше көргендей сырлап, сағына сөйлейтін Сапарғали Бегалинді қалай ұмытарсың. Ал түнімен Абай әндерін талмай шырқаған Жүсіпбек Елебековке Кәмен Оразалин қаршадай сары баланы көрсетіп:
– Жүсеке, қамқорлығыңызға алыңыз. Түбінде мына бала сүйікті шәкіртіңіз болады, – деп әлі он-он бір жастағы Жәнібек Кәрменовты ертіп әкелгені көз алдымда.
– Өзі Ерболдың ұрпағы. Абай атасының әндерін түгел біледі. Кейіннен айнып кетпесе, әнші де, жазушы да болайын деп тұр. Жәнібек Кәрменнің де, Жүсіпбектің де сенімін ақтады.
Осылайша қазақтың талай марқасқалары Абай деп келіп, Кәмен Оразалиннің үйінде түйісетін…
…Алматыда бір үлкен жазушының мерейтойы өтіп жатты. Адам көп жиналды. Үзіліс кезінде үштен-төрттен топтасқан қаламгерлер әңгіменің көрігін қыздыруда.
– Әй, жігіттер! – деді жанындағыларға Хамит Ерғалиев.
– Есіме түсіп тұрғаны, мен мына Сұлтанды бесінші сыныпта оқып жүрген күнінен біледі екем. Екі құлағы қалқиып, біз Қарауылға барған сайын жанымыздан шықпаушы еді ғой.
Хамаң керемет жаңалық ашқандай жан-жағына шуақ шашып, жадырай күлді. Жанында тұрған «жігіттері» қазақтың Әбу Сәрсенбаев, Зейнолла Қабдолов, Әзілхан Нұршайықов сияқты марқасқалары еді. Әңгіме Абай елі, Шыңғыстаудың тарихы жөнінде болатын. Хамаң жұртты өзіне қаратып алған соң сөзін жалғады.
– Абай елі әдебиетіміздің алтын бесігі ғой, онда өскен адам бір университет бітіргендей білім алады. Сол ортадан кетпей, Абай шырағын өшірмей отырған Кәмен Оразалиннің орны бөлек. Оның қадірін, жазушылық талантын бірде бағалап, бірде бағаламай жүрміз.
Хамаңның әңгімесіне елең етіп, назар аударған Зейнолла Қабдолов өзіне тән сырбаздықпен:
– Кәмен – шын мәнінде қайратты талант, – деді.
– Орыстың Шолоховы Донда жатып ұлы шығарма жазды десек, біздің Кәмен Мұхаңның «Алматыға ауысқанда не табасың? Айтарың да, жазарың да елде. Ал данышпан іздесең жаныңда Абай жатыр емес пе? Елге де азаматтар керек», – деген бір ауыз сөзін сыйлағандықтан елден кетпей, қазақ әдебиетіне олжа салып отыр. Ол жазған шығармалар, әсіресе, М.Әуезов туралы романдары әлі-ақ өз бағасын алады. Бұндай ауыр, қиын тақырыпқа өзіне-өзі сенген батыр адам ғана барады. Біздің университетте оның шығармашылығына арналған талай дипломдық жұмыстар қорғалды.
– Зеке, сіз ғұлама, әдебиет ғылымының білгірісіз, – деді Әзілхан Нұршайықов қоңыр қаздың үніндей даусын соза сөйлеп.
– Кәмен туралы әділ пікір айтып тұрсыз. Менің ойымша, Абайды Мұхтар арқалап әлемге танытса, әлем білген Әуезовті арқалауға иығын Кәмен тосты. «Алыпты алып арқалайды» деген сөз шындығы осыдан шығады.
– Әттең, сендердің осы пікірлеріңді Шыңғыстаудың бауырында жалғыз жатқан Кәмен естісе бір жасап қалар еді-ау, – деді Әбу Сәрсенбаев көкбурыл тартқан бұйра шашын бір сілкіп.
– Амал не, жазушының жанын жадырататын осындай сөздер, кейде иесіне жетпей қалады.
– Жоқ, Әбе! Дәл осы әңгімені Кәменге жеткіз деп мына Сұлтанға аманат етейік, – деді Хамаң. Бәрі қоштап күлісіп алды.
– Осыдан біраз жыл бұрын Сұлтан екеуміз Ғабиден ағамызға атқосшы болып Кәменнің алпыс жылдық мерейтойына қатынасып қайттық.
Әбең үзілген әңгімесін жалғады.
– Абай елінің қасиеті мен шежіресін білген сайын таңырқай бересің. Шыңғыстаудың әр түп көдесі ән салып, әр тасы сыр шертіп жататын сияқты. Сол ортада өскен Кәмен маған бәрінің тілін білетін, жез көмей кәрі жыраудай көрінді. Оның көзімен қарасаң селеуден басқа шөбі жоқ көсіліп жатқан ақ даласы – Иран бағындай, әр бұлағының жылап аққан суы Ертістей шалқиды. Мына мен, Кәменнің айтуымен, Тоғжанның табаны тиген, Әйгерімнің кебісі жатқан жерлерден, Керімбала ән салған төбенің басынан түрлі-түсті асыл тас теріп әкеп, үйімде сақтап отырмын. Ол тастар – маған сол сұлулардың көзіндей қымбат жәдігер. Ал Кәменді айтсам, ол өздерің сияқты қимас, рухани інім. Менің қабылдауымда оның «Абайдан соң» романы әдебиет сарайына қаланған әдемі «кірпіштердің» бірі… Ал, Сұлтан, сен тапсырылған аманатты ұмытпа!
Әңгіме осы жерден үзіліп, жұрт жапырлап дастархан басына жинала бастады…
Мен, әрине, ағаларымның тілегін орындадым.
Қарауыл кенті қазір қатты өзгерген. Әсем ғимараттар көбейіп, оқтай түзу көшелерін жасыл желекті тоғайлар көмкерген. Солардың бір шетінде ата қаздай ерекшеленіп, бойы да, сойы да бөлек осы тоғайлардың бабасы қарт бәйтеректің жапырақтары желмен теңселеді. Оның іргесіндегі үй, талай даналар қадірлеп, аялдаған Кәмен Оразалиннің үйі, ескіріп, жылдар мүжіген. Иесі дүниеден өткелі оған кіріп-шығатындар да азайыпты. Бірақ Абай, Шәкерім, Мұхтарды пір тұтып, өмірінің алпыс жылын соларды насихаттауға арнаған, мыңдаған шәкіртінің бойына адамшылық нәрін құйған ұстаздың еккен дәні өсіп, өне беретіні даусыз. Ол өзі үнемі айтатын: «Абайдың терең сөздерін бүгін түсінбесең де, бала кезден жатқа біл, күндердің күнінде көкірегіңде көктеп, бүр жарады. Өміріңнің көп сәттерінде көмекке келеді», – дейтін. Кәменнің туындылары мен ұлағатты ісі де сол сияқты талайдың санасын оятып, елімен бірге жаңғыра бермек.
«Кәмен Оразалин Абай рухының шырақшысы еді…» – депті оның көп шәкіртінің бірі, қазақтың көрнекті жазушысы Роллан Сейсенбаев.
– Қадірлі ұстаз, сіз бізден әдебиет әлемінде таза болуды талап еттіңіз. Өзіңіз де туған әдебиетіміздің алдында кіршіксіз таза да, адал едіңіз.
Асыл бейнеңіз, жауынгер рухыңыз, ұстаздық үлгіңіз, жазушылық жанкештілігіңіз есімде әр-
дайым сақталады.
Жүрегі жаралы болса да, сіз тірлікте адамдығын, кісілігін, мәрттігін жоғалтпаған, асыл ұстазсыз!
…Заман түзелер, ой биіктер, рух кемелденер, намыс от болып жанар кез туар, сол тұста қазақтың біртуар кемел жазушысының тойы Дешті-Қыпшақ елінде жарасымды көңілмен, барша жүрек жылуымен аталып өтетініне сенем».