Жұлдыз жұлдызға жымыңдайды
Аян-Сейітхан НЫСАНАЛИН
Содан бері сынаптай сырғып көп жыл өтті. Бұл құрылтайдан бұрын Абайдың туғанына 125 жыл толу мерейтойы дүркіреп аталып өтті. Жидебай мен Қарауыл жазығына ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, кәдімгідей қалашық пайда болыпты. Ақындар айтысы, аламан бәйге, қысқасы, даланың бар қызығы мен шыжығы тамсандырып, таңдай қақтырды. Ақын аруағы ұрпақтарына риза болып, тағы да бір аунап түскендей…
Жазғытұрым еді. Көпті көрген Мәскеу Кеңес Одағы ақын-жазушыларының V басқосу жиынын өткізуге, барынша кеңінен атауға қапысыз дайындалып жатты. Ойдым-ойдым ормандар тіпті жасарып құлпырып кеткендей. Көк кенересі сөгіліп, аспан да мейірленіп күлімсіреп тұрды. Жер шарының алтыдан бір бөлігін алып жатқан алып елдің астанасына түкпір-түкпірден ығай мен сығай қонақтар, сөз сорпасының бетіне шығарлары келді ағылып. Қап тауынан Расул Ғамзатов, Дәуіт Көгілдинов, Еділ бойынан Мұстай Кәрім, Балтық жағалауынан Эдуардас Межелайтис, т.б. табан тіреді. Жұлдыз жұлдызға жымыңдап, аспан аясындағы адамдарға жол сілтегендей.
Бұндай даңғаза дүрмектен қазақ қаламгерлері құр қалсын ба? Алматыдан сол кездегі Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Жұбан Молдағалиев бастап, Қалижан Бекхожин, Тахауи Ахтанов, Дмитрий Снегин, Қалтай Мұхмеджанов, Әбілмәжін Жұмабаев және басқалар артынып-тартынып жеткен екен. Оған Мәскеуде оқитын біз: Сайын Мұратбеков, Марфуға Айтхожина, Алтыншаш Жағанова қосылып, тобымыз көбейе түсті. Құрылтай Кремльдегі Съездер сарайында өтті. Ол кезде Совет сөзстанын, оның ішінде Қазақ әдебиетін Шыңғыс Айтматовсыз елестете алмайтын. Оның атақ-абыройы Кеңес кеңістігінде аспандап тұр еді. Бұл ой-пікірдің қапелімде кімнен шыққаны қазір есімде жоқ. Әйтеуір үзілісте Шыңғыс Айтматовпен бірге суретке түсетін болып үйме-шүйме болып қалыппыз. ҚКП хатшысы С.Имашевтың суретке түсуден неге бас тартқаны беймәлім, әйтпесе сондағы төрт көзіміз түгел қамтылғандаймыз.
Арада жиырма екі жыл өткенде Алматыға бір келгенде Ш.Айтматов «Егемен Қазақстан» үнжариясы ұжымымен кездесті. Бас сарашы Әбіш Кекілбайұлы басқа қызметке ауысып жатқан болатын. Сол сарғайған суретті көрсетіп едім, сыртына: «Аян інім! Өмір озады, сурет тозады. Ш.А.17.12.1993 ж.» деп уақытын дәл көрсетіп, қолтаңбасын қалдырған екен. Екі елдің төл перзентіне айналған Шықаңмен кездескен күндер солай сағындырады. Ол ұлт сатира сардарының бірі Оспанәлі Иманалиевпен Құлан ауылшаруашылық техникумында бірге оқыды.
Сонау «Жәмиладан» бастап оның қаламгер ретінде қалыптасу құбылысы көз алдынан өткендей. Жас жазушыны қазақ оқырманына алғаш «ашқан» досы сыншы Қалжан Нұрмаханов еді. Ол Ш.Айтматов туындыларын тұңғыш тәржімалап қана қоймай, кеңінен таныстырды десек асық айтқандық емес. Оған әдебиеттің әйгілі ақылман абызы М.О.Әуезовтің «Литературная газетада» орда бұзар отыз жастағы інісіне сәт сапар тілеп, «Жол болсын!» айтқан лебізі (1958 ж.) жас қыранға қанат бітіріп жігер-қайрат қосқандай. Тәңіртаулар қайрақтасына қайралып, шарболаттай шыңдалып шыға келді. Жалпы, мәдени байланыстарға дәнекер болып, ұлттар әдебиетін насихаттауға Мұқаңның қосқан үлесі аз айтылып жүр. Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтар комитетінің мүшесі керемет кемеңгерлік үлгі көрсетіп, татардың батыр ақыны Мұса Жәлелдің үлкен тартыста қанжығасына байлап, жоғары марапат алуына қалай қажыр-қайрат жұмсаса, «Манастың» басына қаскөйліктің қара бұлты үйірілгенде де көзқамандарға қасқая қарсы тұрып, халық жанының қаһармандығы мен сұлулығын сипаттап, ерлік пен елдік рухқа толы эпосты арашалап қорғап қалуы қандай қасиетті тәлім.
Бұл тұста Қазақ аударма мектебінің тәжірибесі толыса түсті. Академик Зейнолла Қабдолов «Қызыл алма» әңгімесін аударды. Шерхан Мұртаза жерлес, туысқан жазушының «Ботакөз», «Қош, Гүлсары!», «Боранды бекет» («Ғасырдан да ұзақ күн») мен «Теңіз жағалай жүгірген Тарғыл төбет» шығармаларын қазақшаласа, дарабоз драматург Қалтай Мұхамеджанов «Көктөбедегі кездесуін» дүниеге әкелді. Барған сайын аламанда шабысына шабыс қосқан алқымы іспес арғымақтай көркем кемелдік кезеңіне келе жатқан сөз сүлейі туралы «Адамзаттың Айтматовы» жазылды. Қазақ қауымы қырғыз қаламгерінің кез келген туындысын қағып алып, қанын жерге тигізбей оқитын. Кітап дәуірінің құдіреті шығар бұл да.
Бұндай шынайы бауырластыққа кім сына қаға алады? Парасат патшалығының пірі, қызыл жолбарысты Жәкеңнің (Жамбыл) «сүйегім қазақ, етім қырғыз» дейтіні бекер айтылмағандай.
Ш.Мұртазаның қатар жатқан өрісі бір қырғыз айылы мен қазақ ауылы адамдарының тыныс-тіршілігін айшықтап суреттейтін «Ақсай мен Көксай» әңгімесі бар. Жиын-тойда, көкпар мен бәйгеде кездесетін қазақ пен қырғыз
ағайындардың бір-бірін өзекке тепсе де кетпейтін өмірі. Бұл Алашорда ардагерлері армандайтын түбі бір түркі әлемінің терең тамыр тартып жатқанын лепірмей, көпірмей талмай қозғайды. Көркем ой көші көкжиекке қарай тартып келеді…