ЖЫР БОЛЫП АҒЫП, ЖҰЛДЫЗҒА ҚАНАТ ЖАЯМЫН…
«Мен – мәңгі өмір ұшқыны,
Ешқашан жанып кетпеймін.
Жоғалып мүлде ұштығым,
Ізім-қайым өтпеймін.
Жүз жылдан соң да мен жұрттың,
Нұр болып жанам көзінде.
Менімен келер жыл құты,
Жайнаған көктем кезінде».
Ғаббас Жұмабаевтың артында қалған ізінің мәңгі өшпейтінін осы өлең жолдары меңзеп тұрғандай. Шынында, күндер зулап, жылдар жылжығанымен, дегдар дарынның шығармашылық мұрасы ұрпақтың сырласына айналған. Биыл ақын, жазушы, журналист, аудармашы, публицист, ҰОС ардагері Ғаббас Жұмабаевтың туғанына 100 жыл толу мерейтойы аталып өтпек.
Ғаббас Жұмабаев халқына несімен қымбат деген сауалға жауап іздегенде, ең алдымен, оның Қостанай облысы, Меңдіқара ауданы, Ақсуат ауылының тумасы екенін алға тартамыз. Өмірбаяны жайлы түрлі дерек көздерін ақтарған сәтте, жастайынан алғыр да елгезек болған азаматтың өнерлі шаңырақта дүниеге келуі оның мәдениет атаулыға, әсіресе сөз өнеріне деген ерекше ықыласын оятқанын байқаймыз.
Есімі көпшілікке танымал азаматтар әдебиет майданында, сөз өнерінде айырықша қолтаңбасы бар тұлға туралы танымы мол естеліктер қалдырған. Ақын Сырбай Мәуленов қызықты күндерді бір кешкен, қиын күндерде қасында болған, ары таза, жаны жарқын досының әдебиет шаруашылығында қалдырған орнын өзі туған айдын-шалқар Алакөліне теңеген. Ал ақынның қызы Айгүл Жұмабаева өз естелігінде әкесінің өмір бойы туған жерін ардақ тұтып, Меңдіқараны жырының темірқазық арқауы еткенін тіліне тиек етеді. Солай дей тұра Айгүл барынша әділетті, уәдеге берік әкесінің шаңырағында Бауыржан Момышұлы, Сәбит Мұқанов, Сырбай Мәуленов, Хамит Ерғалиев, Жұбан Молдағалиев, Қуандық Шаңғытбаев, Ғабит Мүсірпеов, Ғабиден Мұстафин, Латиф Хамиди, Ахмет Жұбанов сынды әйгілі тұлғалар жиі қонақ болғандарын мақтана есіне алады.
Мектеп қабырғасында жүрген сәтінде-ақ өмірге деген шексіз құлшынысын, оқу-білімге деген ынтасын танытқан Ғаббас Жұмабаев соғыс жылдарында майданға аттанып, ерлік пен батырлықтың айырықша үлгісін танытты. 1947 жылы қан майданнан оралғаннан кейін еңбек жолын Сырбай Мәуленовтың тікелей қамқорлығымен, сол заманда ана тілімізде жарық көріп, атағы жер жарған «Большевиктік жол» газетінде бастайды. Таланты мен дарынының арқасында осы басылымда бас редактордың орынбасары лауазымына дейін көтеріліп, уақыт өте келе «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Ара-Шмель», «Жұлдыз» секілді журналдарда материалдары тұрақты түрде жариялап тұрған. 1947-1955 жылдар аралығында Қостанай облыстық газетінде жауапты хатшы болса, 1959 жылы Алматы жоғары партия мектебін тәмамдап, «Қазақ әдебиеті» газеті редакциясында бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы қызметін атқарады.
Жазушылар одағы ҚОФ директоры Ғұмар Ахметчиннің естелігінде Ғаббас Жұмабаевтың шетел шығармаларын қазақша сөйлетіп қана қоймай, қазақ туындыларын орысшаға аударғаны да айтылған. Кезінде бірнеше облыстық газетте жарияланып, кейіннен кітап болып басылып шыққан Ғафу Қайырбековтің 500 жолдық «Дала қоңырауы» поэмасын 10-ақ күнде тәржімалаған аудармашының еңбекқорлығына тәнті болады. Естелігінің соңында дарынды тұлға есімінің келешекте бір көшеге немесе бір мектепке берілетініне сенеді. Сол сенімі ақталып, 1994 жылы Қостанай облысы, Меңдіқара ауданындағы білім ордасына Нәпиза әпкесінің тікелей атсалысуымен ақын есімі беріледі. Ал 2019 жылы көркемсөз шеберінің 95 жылдық мерейтойына байланысты мектеп қабырғасына арнайы ескерткіш тақта орнатылды.
Ғафу Қайырбеков Пушкин, Лермонтов, Некрасов, Хоста Хеттагуров, Самед Вургун секілді орыстың бұрынғы ақын-жазушыларын қазақ тіліне көп аударған дарын иесінің талантын да, өзгеге ұқсамайтын кісілігін де әдебиет ақсақалдары мойындағанын тілге тиек етеді.
Шынында да Лев Толстойдың махаббат, ар-ұят, қызғаныш, өкініш, өмір мен өлім арқылы суреттелген кең тынысты «Крейсер сонатасы» повесі мен бірнеше әңгімелерін, Хоста Хеттагуровтың өлеңдер жинағын, Ханс Кристиан Андерсеннің «Ұсқынсыз үйрек», «Жабайы аққулар» сынды ертегілер кітабын, Самед Вургунның «Бакудастан» поэмасын қазақ тіліне аударып, түрлі медальдармен марапатталғаны көпшілікке мәлім.
«Жыр болып ағып,
жұлдызға қанат жаямын,
Заманым ұшқыр емес
ол не бір жай ағын.
Игілік жолын ілгері тартқан елім бар,
Шетсіз де шексіз
менің де өмірбаяным», –
деп жырлаған ақынның кең тынысын расында парақтап бітпейсің. Күн сайын жан дүниеге енгісі келетін қара күштермен күресу, жақсыны сүю, жаманға жаның күю – адам атаулының күн сайынғы майданы екенін ескерсек, бұл майданда жеңіске жеткендердің бірі – Ғаббас Жұмабаев. Өмір атты алып мұхитта адамдық даңқын, тұлғалық болмысын сақтаған дарынды қазақ ұмытпақ емес.
Дана САДЫРҚАН