Ұлттық рухтың шырағы
19.01.2018
1406
0

Алты Алаштың Кене ханы – қазақтың өр рухының жойқын көрінісі. Халықтың сүйіспеншілігі Кене ханға арналған жырлармен өрілді. Патшалық, одан қалды кеңестік Ресейдің отаршылық пиғылы Кене хан бейнесін ұлтының жадынан «ұмыттыруға», халқына «бұрмалап» көрсетуді мақсат еткенімен, түк шықпады. Өйткені, халықтың ханына деген сүйіспеншілігі биік еді. Кене ханның халқының азаттығы жолындағы күресі әр ғасыр шеңберінде де бір-бірімен рухани сұхбаттасқан жырлармен төгілді. Кеудесі қазына қарияларымыздың қатары көп болған уақытта Кене ханның тарихи бейнесі ауыздан – ауызға ақырындап беріліп отырғандығы да ешкімге таңсық болмаса керек-ті. Себебі, Кене хан ұлттық батыр еді. Кене хан келбеті арқылы қазақтың ұлттық санасы, өр рухы қоса жырланып, артқа кете бастаған қаймағы бұзылмаған қазақы келбетке деген сағыныш қоса өрілді. Бір ғана Мағжанның: «Өткен күн таң – тамаша ертегі ғой, ерлері ертегінің өрт еді ғой» деген сарындағы жырының өзі көп жайттың мәнін аңғартады. Отаршылық қамыты мойынға мықтап ілінген уақытта ұлттық рухпен қаруланған тұлғалар қатары көп болған заманның келмеске кеткен ертегі кейпінде болуы да заңдылық еді.

ХХ ғасырда тарихи деректермен өрілген көркем шығарманың дүниеге келуіне себепші Ілияс Есен­берлиннің тарихи бейнесі ұлттық санамен өніп-өскен тұлғаны айғақтайды. Бұлай дейтін себебіміз, мәң­гілік рухани қазына қалдырған тұлға ұлт тари­хын ұлттық келбетпен, әрі көркем тілмен, қазақы ұш­қыр қиялмен қазағына шебер жекізе білген-ді. Сон­дықтан да Ілияс Есенберлин шығармалары ұлт­тың рухани әлемін түгелдеген соны шығар­ма­лардың бірі. Кеңес билігінің қаһарынан қорықпаған жү­рект­ілік жазушының биік ұлттық рухын паш ете­ді. Қызыл империяның өктем саясаты тұсында та­рихи деректерге толы көркем шығарманы қалың оқыр­манға қазақы астармен жеткізу әдісінің өзі ас­қан білімдарлық пен біліктілікті көрсетсе керек-ті.
Көркем шығарма – ғылыми дәйектелген дүние емес деген де түсінік бар. Алайда, көркем шығарма­ның да түр-түрі болады. Тарихи дерекке сүйеніп жа­зылған көркем шығарма ешқашан тарихи құн­дылығын жоймақ емес. Тарихи сана – ауқымды ұғым. Осы тұста ескеретін жайт, ол – тарихи сана­ның ұлттың рухымен қабысу мәселесі. Тарихи сана дегеніміз түйіндеп айтқанда, ұлтты төл тарихымен қауыш­тыру. Өзіңнің қайдан шыққаныңды, кім еке­ніңді, қандай жолмен жүріп бара жатқаныңды, бо­лашақта қайда бет алғаныңды ұғына білу. Сенің тір­шілігің үшін қам қылған ата-баба-әке (ұлт) па­рызына адал болу. Бұл мәселені, ғалымдар ұлттың жа­нын ақылмен ұғыну деп те атайды. Бұл мәселе ұлт өмірінің ең өзекті тақырыбы. Осы тұста біз қа­зір­гі таңда қазақ ұлтының жанын қаншалықты ұғын­дық? – деген де заңды сауал туындайды. Алай­да, бұл – өз алдына жеке зерделенетін дүние.
Ілияс Есенберлин тоталитарлық қоғамда жасып бара жатқан қазақ рухын ұлттың рухани дүниесімен маз­датқан ғалым. Әдебиеттанушы ғалым, академик Сейіт Қасқабасов: «Көркем әдебиеттің күші адамға әсер етуінде. Мысалы, 1986 жылғы желтоқсандағы кө­теріліс. Ол қалай болды? Біздің буын кезінде ондай­ға бара алмады. Біз жасымызда «Абай жолын» оқы­дық. Ал, көтерілісті жасаған буын Ілияс Есен­берлиннің «Көшпенділерін», Әбіш Кекілбаевтың «Елең-алаңын», Мұхтар Мағауиннің «Аласапыра­нын», Софы Сматаевтың «Елім-айын» оқып, тари­хи санасын өсірді. Сол шығармалардан рух алып, алаңға шықты. Жалпы, тарихи тақырыпқа қалам тер­беген Ілияс Есенберлин – қазақ романдарын, қа­зақ прозасын биікке көтерген тұлға. ХІV ғасыр мен XIX ғасыр аралығын, бес ғасырды түгел қам­тыған трилогияда ол қазақ халқының қалай дүниеге келіп, қалай өсіп, дамығанын көрсеткен. Керей мен Жәнібектен бастап, кешегі Кенесарыға дейінгі та­рих­ты сөйлетті. Біздің ұлттың, әсіресе, Кеңес кезін­де ұлттық санамыздың оянуына тікелей әсерін тигізді» деп жазған еді («Астана ақшамы» газеті,
17 қаң­тар, 2015 жыл).
Ілияс Есенберлин сынды тұлғалар – ұлттық рух­тың шырағы. Бір ғана Кенесары бейнесі арқылы хан мен батыр бейнесі, ақын-жыраулар даналығы, әке мен ана келбеті, бір сөзбен қайырғанда ұлттық рух­тың тұлғалық көріністері жан-жақты суреттелді. Жат ниеттің тепкісінде қалған замандағы қазақ хал­қының қожырай бастаған болмысын жеткізді. Хан­ның қазақ мемлекеттілігін сақтаудағы рөлін, ұлттық идеяның ерекшелігін паш етті. «Қаһар» романында қазақ этнологиясы тұнып тұр. Ең бас­тысы қазақтың ұлттық рухының шебер сом­далу­ы. Романды оқып, көкірегіне тоқыған қазақ баласы қазақ даласының сұлу табиғатына, тарихи ескерт­кіштердің қазақ өмірінде алатын орнына, қазақ­тың әскери өнерінің шеберлігіне тәнті болатындығы шындық.
…Шығарманың соңында Кене ханның түсі арқылы қазақтардың азаттық жолындағы бірлескен соғысының жеңіліс табатыны, Кенесары мен сарбаздарының басын екі арбаға тиеп алып кеткені, қазақ сарбаздарының бастарын Ташкент базарына ағашқа іліп қойғаны, Кенесарының бас сүйегінің Петерборға жеткізілуі, онда әркімнің қызықтауына айналуы, хан мен сарбаздардың кегін аламыз деп қырғызға аттанған қазақ жігіттерінің Төрегелді манаптың ауылын шауып, өзін ат құйрығына бай­лап өлтіргені суреттеледі: «Өзім өлсем де, бәрін естіп, көріп жатырмын. «Кенесары өлді» деп соңым­нан ерген бір сауым жұрт аза тұтып күңірене жөнелді. Құлағыма сол қайғының ішінен Нысан­байымның жоқтауы дара естіледі… Менің сорлы басымды шоқша сақалымнан ұстап неше түрлі жандаралдар сан рет көрді. Ақырында бір күні миым­ды, бас терімді, кеңсірігімді сыпырып ап, маңдайыма күйдіріп «Қырдың қарақшы сұлтаны Кенесары Қасымұлының басы» деген таңба салып, өзім секілді бастар, сан түрлі ғажайып суреттер, тас мүсіндер, патша ағзамдардың тамаша заттары тұратын кең сарайға апарып қойды» (І.Есенберлин, Қаһар. Алматы, 2010. 319-б.). Ілияс Есенберлин Кене ханның азаттық жолындағы соғысын, елім деп еңіреген ерлердің тарихи бейнесін әдеби роман арқылы жеткізіп, Кене ханның түсі арқылы арманда кеткен есіл ерлердің бас сүйектерін туған жер топы­рағымен қауыштыру аманатын астарлап жеткізе білуінде еді. Тәуелсіздік бақытына бөленген ұрпақ азат­тық жолындағы соғыста құрбан болған хандар мен батырлар тұлғасына әрқашан қарыздар.

Құралай Сәрсембина,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ
тарих факультетінің доценті,
тарих ғылымының кандидаты.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір