ҚАЗАҚ ӨЛЕҢІНІҢ АЛТЫН ШЫРАҒЫ
12.11.2022
4194
0

Орыстың ұлы жазушысы Ф.М.Достоевскийдің «Сұлулық әлемді құтқарады» деген сөзі бар. Жан-жағына ой сәулесін шашып тұрған, мағынасы терең, қанат­ты сөз. Сонда мұны қалай түсінуге болады? Сұлулық дегенде есіңе бірден кешегі Баян мен Қыз Жібек, Ақжүніс пен Назымдар секілді қасы-көзі қиылған, ақша бет, ай маңдай арулар түседі. Бұл да – әрі табиғи, әрі заңды құбылыс. «Дүниеде не жақсылық, не сұлулық болса, соның бәрі ананың ақ сүті мен күннің нұрынан жаралған» дегенді ұлы М.Горький де тегін айтпаған. Күннің нұры, ананың ақ сүті дегендеріңіз білген жанға тұнып тұрған сұлулық әлемі емес пе?..

Ал сол сұлулықты барынша паш ететін, жер бетінде не іңкәрлік болсын соның бәрін адам санасына шым-шымдап сіңіріп, рухани күшпен сусындататын бір құдірет бар. Ол – мәртебелі поэзия. Тегінде, сұлулық пен поэзия – егіз ұғым. Екеуін бір-бірінен әсте бөліп қарауға болмайды. Поэзия десе, санаңа сұлулық әлемінің киелі нұры төгілгендей сезімді кешесің. Сұлулық десе, жан дүниең өзгеше ән салып жатқандай күйге енесің. Осы екі ұғымды өзінің жауһар жырларына арқау етіп, іңкәр жүректің ыстық лебін жырмен саялатқан ақындар баршылық. Солардың бірі және бірегейі – Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Бауыржан Жақып. Бұған дейін өз оқырмандарына әлденеше жыр жинағын сыйлап, өлең өлкесінде ерекше көзге түскен дара тұлға, поэзия айбозы таяуда ғана «Білте шамның жарығы» ат­ты жаңа кітабын қалың көпшілікке тарту ет­ті. Жинаққа ақынның кейінгі кезде жазған, тіпті сиясы кеппеген жаңа жырлары топтастырылған.
Алыс жол жүріп, азығың таусылып, сусының да бітіп, әлің құрып, таңдайың кеберситін бір шақтар болады. Жан-жағыңа жетімсіреген көзбен үміт­тене қарайсың. Әлдебір тұстан, мүмкін болса, жақыннан мөлдір бұлақ кездесер ме екен деген ой жаныңды мазалайды. Шөл қысқан сайын мөлдір бұлақтың суы тіптен қол жетпес арманға айналып, әуелей түседі. Шіркін, сол бұлақ кездессе ет­ті деп, өз-өзіңнен дегбірің қашып, әлденеге асыға түсесің.
«Білте шамның жарығын» оқығанда дәл осындай әсерде боларың сөзсіз. Көптен қолына жөпшенді жыр кітабы түспей, жан дүниесі сұлулық шәрбатына сусаған жан кенет өзі діт­теген дүниеге кезіксе, аяқ асты мардымси қалатыны – шындық. Ақынның мына кітабы да өз оқырмандарына сәл кешігіп келген көктемдей, ақ айдынға асықпай барып қонған аққудай, не болмаса сағынтып барып сән түзеп, құшағыңа құлаған дала гүлі іспет­ті, түптеп келгенде ақынның тұп-тура жүрегінің алтын шырағы секілді. Шам қайда жанбайды дейсіз… Айналасының бәріне шұғыласын шашып жана бермек. Ал білте шамның жөні бөлек. Ол кез келген жерде жана бермейді. Демек, мұнда өзіндік үлкен сыр жатқан тәрізді.
Хакім Абай: «…Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін, жоқ-барды, ертегіні термек үшін», – демеп пе еді? Сол сықылды оқырман да кітапты не еріккеннен, не зерікеннен қолына алмайды. Кітап бет­терінен өзіне керекті құндылықты алғысы келеді. Аңсары ауған асылын іздейді. «Білте шамның жарығынан» біз де өзімізге керектіні іздедік және таптық. Ақын жүректің шуағы шашылған жырдан көңілімізде көмескі тартып, жоғала бастаған кешегі күндердің сұлбасын таптық. Былайша айтқанда, білте шамның, май шамның жарығында ентелей алға озып, сарғайған кітап бет­терін оқыған сәт­терімізбен қайта қауышқандай болдық. Өткен күн, қайта оралмас шақтарға саяхат жасадық. Сонау алыста, көкжиектің құшағында, мұнар көмкерген тұста мәңгілікке елес болып қалған қайран да қайран балалық шағымызға, кітаптан көз алмаған бозалаң кейпімізге қиял қанатымен сапар жасадық. Өтпелі дүние сынаптай сырғып, моншақтай тізіліп елес береді. «Ай туады, Күн қашады, Алдымыздан түн тосады» деп басталған өлең енді білте шамға ауысады. Білте шам айналасы қыбыр-қыбыр тіршілікке жалғасады. «Парақтардан әріп теріп», не қилы кітаптар оқылады. «Небір көне кітаптарды оқытқан қара шалдар ара-арасында «Мың бір түнге» де ауысады. Білте шамның жарығымен «Шайқастарды оқығанда, арқа тіптен қоза түседі». Керқұла ат­ты Кендебай, Күн астындағы Күнікей, Жылан Бапы қыздарының өзі неше түнге азық. Қобыланды мен Алпамыс, Ер Тарғын мен Қарақасқа ат­ты Қамбар талай-талай білте шамды тауысады. Білте шамның жарығында оқыған жырлар тіптен желіктіреді. «Қыз Жібектің лебін сезіп, айналасың серігіне. Жылайсың кеп ағыл-тегіл, Төлегеннің өліміне»… Білте шамның жарығы айналасына ғана емес, ақ қағазға шұқшиғандардың жан дүниесіне де жарық құйып, шұғыла шашып жатқандай. Ақын бұл өлеңін өзгеше бір толғаныспен, тебіреніспен аяқтайды. «Өрт боп жанып жалынынан, Соның бәрін қанып ұғам. Қымбат нәрсе жоқ-ау, сірә, Білте шамның жарығынан»…
Қысқарта айтқанда, білте шам несімен құнды, несімен кепиет­ті? Қастерлі болатыны, білте шам – өмір жолын енді бастаған жас-желеңдердің алдында жанып тұрған алтын шырағы, өмір өткелдерін басып өткен көн тері, көк сақалдардың қиялында өшпей қалған қияндағы сөнбес алауы.
Әдебиет тарихында ғұламалар поэзия туралы сан түрлі ой айтып, неше алуан қанат­ты қағида қалыптастырды. Ұлы сыншы В.Г.Белинский: «Поэзияның жаны – лирика» деп ой қорыт­ты. Хакім Абай: «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы, қиыннан қиыстырар ер данасы, Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, жұп-жұмыр, тегіс келсін айналасы» деп ой төркінін төскейден бір-ақ қайырды. Ұлт­тық сөз өнерімізге ғана емес, күллі әдебиет әлеміне керекті ұлағат­ты қағида қалдырды. Мұқағали болса: «Қазақтың қара өлеңі – құдыретім» деп өзінше ой өрнектеді. Айтпағымыз сол, әр ірі ақынның өлең туралы өзіндік өлшемі, айтар пікірі болған. «Білте шамның жарығын» оқығанда қазақтың ардакүрең ақыны Бауыржан Жақыптың да өлең хақындағы өз ойы, өз ұстанымы бар екені айқын байқалады. Ендеше, ақын өлең турасында не дейді, жалпы бүгінгі қазақ өлеңі қандай болуы керек?.. Бұған жауапты ақынның «Өлеңім» деген туындысынан көптеп келтіруге болады. Ақынның пайымдауынша, өлең деген – қиуадан шауып, қисынын тауып қиюластыратын аса күрделі құбылыс.
«Өлең деген болады
құйып қойған секілді,
иір-иір еменді иіп қойған секілді.
Дүниеге бір келер хас сұлудың ернінен,
Шөп еткізіп бір рет
сүйіп қойған секілді…
Өлең деген болады,
төгіп қойған секілді,
ешкім көрмес дүниені көріп
қойған секілді.
Өлең деген аққудың ақ мамығы сияқты,
жүрегіңнің бар сырын ақтаруы сияқты.
Өлең кейде аспаннан жауған ақ
қар сияқты,
түн қойнында шатырлап
жанған от­тар сияқты.
Тас бұлақтың суындай
буырқанып, сарқырап,
мөп-мөлдір боп мөлдіреп,
таудан аққан сияқты…
Қақтаған ақ күмістей,
сақтаған сары алтындай,
не бар екен өмірде, өлең, сенен бағалы?»
Осылайша тебіренген ақын жыры енді басқа мақамға ауысады.
«Демін тартқан өзендей,
тына қалған өлеңім.
Он сегіз мың ғаламдай,
тұна қалған өлеңім.
Жанарымды жас болып,
жуа қалған өлеңім,
Көз алдымда көктем боп,
тұра қалған өлеңім.
Мен бар жерде – сен барсың,
Сен бар жерде мен бармын,
Ұлы Абайдай бабамнан,
мұра болған өлеңім!»
Өлеңді бөбегіндей әспет­теу, алақанына салып аялау деген осы болар. Және өлеңге дәл осындай іңкәрлікпен, шынайы ғашық жүрекпен қараған ақынның жауһар жыр жазуы да – заңды құбылыс. Бауыржан Жақыптың әдебиет әлемінде былайғы жұртқа тез танылуына, ақындық атағының дүркіреп шығуына үш түрлі себеп бар. Біріншісі – бойына ананың ақ сүтімен туа біткен табиғи таланты, екіншісі – туған жер, өскен ортасы, үшіншісі – шынайы еңбекқорлығы, ізденісі. Айта кетсек, ол Арқат орта мектебін 1980 жылы алтын медальмен үздік тәмамдады. Осының өзі оның болашаққа деген ізденісінің алтын көпірі секілді еді. 1985 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлт­тық университетінің журналистика бөлімін бітірді. Сөйт­ті де, ары қарай толып жатқан жауапты жұмыстарға араласты да кет­ті. Бұл саладағы еңбегінің өзі – бір төбе. Алайда қайда жүрсе де, нендей жұмыстың басында болсын, қолынан қаламын тастамады. Соның арқасында 20-дан астам жыр кітабы өмірге келді.
Кім болса да, ә дегенде туған топырағынан нәр алады. Жеміс те құнарлы топырақта өседі. Жерге түскен дән де топырағына, тегіне тартады. Көзіңді ашып көрген, аузыңды ашып сүйген орта қашанда – сенің алғашқы тәрбие мектебің, тәлім алар қасиет­ті мекенің. Ал Бауыржан өмірге келген жер – тап- таза әдебиет әлемі, ғылым мен білімнің қара ордасы. Бұл – поэзия пайғамбары, хакім Абайдың тірлік кешкен киелі өңірі еді. Қазақта «тегіне тартқан» деген киелі сөз бар. Осындай үрдіс Бауыржан ақынның да басында болған. Ақынның бір емес, бірнеше өлеңінде хакім Абай ғұмыр кешкен атырап, әйгілі Шыңғыстау сілемдері, Жидебай мен Қасқабұлақ, Бөрілі мен Ералының жазығы көрініс берген. Жәй ғана аталып қоймаған, шынайы мөп-мөлдір жауһар жырмен өрнектелген. «Білте шамның жарығын» оқысаңыз, тағы да Абай өмір сүрген ортаға саяхат жасап шыққандай әсерде боласыз. Әр өлеңінен Шыңғыстау шыңдары қол бұлғап, Жидебай, Қасқабұлақ маңы қол бұлғап, ымдап, өзіне шақырып тұрғандай болады. Кепиет­ті Шыңғыстау алабы, сайын Сарыарқа атырабы ақын рухының алтын бесігіне айналған. Осы ат­тас өлеңінде ақын жүрек былайша тебіренеді:
«Ақ таңда атқан арай бар,
Көк шалғын дерсің көп ойлар,
Абаймен құрдас ақ шилер,
Тоғжанмен құрбы тоғайлар.

Аспанда туса алтын ай,
Тұрар ма көңіл шалқымай.
Әйгерім аты қойылған,
Шілікті кезең көркін-ай!

…Бәйгеге жүйрік қосқан бел,
Мәреден тұлпар тосқан жер.
Айнасы болып аспанның,
Жарқырап жатыр Оспанкөл.

…Қарауылтөбе, Қарауыл,
Даналар туған дала бұл.
Ақ күмбезінен Абайдың,
Қара өлең болып тарап нұр…

Қосылмас олар өлдіге,
Қазағым үшін төр, міне.
Ат басын бұрмай өтпеңіз,
Әуезов туған Бөрліге…»
Бала кезімізде, жайлауда қой үйездеген шақта бір жанға жайлы беймарал шақ туушы еді. Сәл де болса, дүние тауқыметінен босап, еркіндік сезінетінбіз. Сол шақта басқасын қойып, қолымызға қауашағымызды алып, бүлдіргенді сайға қарай бет­теуші едік. Сайға жеткен бойда саусағымыз лыпылдап, қолымыз қолымызға жұқпай, бүлдірген теретінбіз. Баданадай-баданадай болып, уылжып пісіп тұрған қалың бүлдіргеннің қайсысын үзерімізді білмей, абыржып та қалушы едік. Сол секілді «Білте шамның жарығына» енген өлеңдерді оқығанда, қайсысына жіп тағып, ой айтарыңды білмей де қалады екенсің. Бірінен бірі өтетін жақсы жырлар жақұт­тай жарқырап, көздің жауын алады. Ақын қай жерге, кімге өлең арнаса да сол ара өлеңнің алтын шапағына бөленіп, бейіштің бағындай болып, түрленіп, жанданып шыға келеді. «Оралдың ақ түні» өлеңін алып қаралықшы. Мұнда да сол, ақын баяғы кестелі ой, көркем бояуынан еш ажырамайды. Кенет қарт Орал тарихы тірі бейнеге айналып, сан салалы сырын паш етіп, андыздап, атойлап шыға келеді.
«…Жанары мойыл қара Төлеген
түсіме енеді,
Талып-талып алыстан естіледі,
Қыз Жібектің ақ боз атының кісінегені…
Түйдек те түйдек ойларды шашып,
Сырым Датұлының үні келеді.
Бөкей ордасындағы қайнарды ашып,
Жәңгір ханның нұры келеді…
…Жұбан ақынның жадымда мың бір өлеңі,
Қайрат Жұмағалидің сыбдыр өлеңі.
Ұшырып жібереді әуеге мені,
Динаның күйінің күмбірлегені,
Ғарифолла әнінің әуелегені»
Бұдан ары карт Орал өз тарихын айтуды одан әрмен жалғастыра түседі. Жауған ақ қар Абдолланың өлеңіндей сезілсе, сіркіреген ақ жауын Қадыр жырының сиқыры, өлең оқыған Тайыр ақынның күркіріндей болып та сезіледі. Орал не көрмеді дейсің…
«Сонау соғыс жылдары,
ауыр-ауыр составтар басып
өткен Орал.
Талай жас өрімді ғашық еткен Орал,
Майданға Қасым өткен Орал.
Майданға кеткен белгісіз жігіт­тің,
Ботадай боздап беймәлім қызы
қалған Орал,
Нобель сыйлығын алғанда,
Шолохов құс атып жүрген күзі
қалған Орал,
Ұлы Пушкиннің ізі қалған Орал…»
Қазақтың ең бір киелі, алтын бесік санатындағы жері – Семей өңірі. Қазақтың әдебиет пен тарихындағы орны бөлек алыптардың біразы осы өңірде дүние есігін ашқан. Сондықтан да ақынның Семей турасында ағынан жарылып, ақтарыла жыр жазуы заңды.
Өзіңменен биіктейді еңсем де,
Он бір буын, төрт тармақты өрейін.
Киелісің – Алаш рухы бар сенде,
Шабытымның қайнар көзі – Семейім.
Ақын осылайша толқып, тебіреніп келеді де, Семейдің поэтикалық картинасын жасайды. Көз алдыңда арнасында дөңбекшіп, буырқанып, Ертіс өзені ағып жатады. Жағалауын жап-жасыл орман көмкерген арбат аймақ үнсіз көз арбайды. «Сол баяғы паравоздың айғайы, Сол баяғы составтардың солқылы» құлаққа естіледі. Кемесі жоқ айлақ бір сәт жалғызсырап, жетімек күй танытады.

Дәнеш АХМЕТҰЛЫ, жазушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір