Әлем сыйлаған алғыс гүл
20.08.2015
1293
0

photo_8014

Жабал Ерғалиев,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты

images2014 жылдың наурыз айының 24-ші жұлдызы! Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Еуропаның Гаага қаласында қырмызы қызғалдақтың «Президент Назарбаев» деп аталатын жаңа түрі таныстырылды. Бұл жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосып келе жатқан тарихи зор үлесі үшін Елбасыға барлық әлемнің сыйлаған алғыс гүлі ғой деп ойладым. Қырдың топырағынан нәр алды дейтін сол қырмызы қызғалдақтың нәзіктігіндей адам үміті де Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен бүр жарды.
Үмітіңді үзе көрме кең дүние!
Ағарып атар әрбір арайлы таңмен, қы­за­рып батар әрбір шырайлы күнмен жаңа­рып тұрар сол кең дүниенің тіршілік тағ­ды­рын күн сайын қауіп пен қатерге ұрындыра бе­рер Адамзаттың тартып келе жатқан қасіреті аз ба еді?! Міне, қазір де сол!..
Тіпті, адамзат баласы өз дамуының ең бір жауапты да қауіпті кезеңін бастан ке­ші­ріп отырған сыңайлы. Күні кеше ғана зор үміт артып, қайырын сұрап қарсы алған «мил­­лениуымыз», яғни жиырма бірінші ға­сы­рымыз да адамзаттың тағдыры мен тір­ші­лігін сынаққа салуын, тіпті, қажет десеңіз, сол сынақтың ең ауыр тезіне салып бағуын да қояр емес. Күні кеше басталғандай болып отырған сол жиырма бірінші ғасырдың толық емес жиырма үш жылы мына мазасыз дүниенің мысын басар, тіпті ойға келмеген, тіпті ойлап та, болжай да алмаған сан алуан оқиғаларымен оқшауланып бара жатыр. Сол сан алуан оқиғалардың ең қауіп­­тісі де, ең ауыры да қарулы қақты­ғыс­тардың үй іргесіне жақындай түсуі де адамзат баласының әлі де болса талай бір қан­сырап қалған небір соғыстар мен алапат қыр­ғындардан сабақ ала алмай келе жат­қандығын аңдатқандай. Елбасы осыны ойлай­ды!
Дүние жаралғалы түрлі революциялар мен төңкерістер дейсіз бе, тіпті саясаттың да сынағы, соғыстың да сынағы, жаңа қо­ғам құру, адам баласын бақытты етеміз, тең қыламыз, әділдік орнатамыз деген сыңайлы үміт­тердің де сынағы көп болмаса, аз бол­ма­ғандығы тағы да анық жай. Кешегі жиырмасыншы ғасырдың 1941-1945 жыл­да­рын­дағы Ұлы Отан соғысының қасіретін көп тартқан бауырлас Украинадағы бүгінгі күні де қай­тадан қару күшімен қан сауғалатып жатқанды да көз көріп отыр. Бұл да адамзат үшін жиырмасыншы ғасыр өз тағдырын, өз ақыл ойы мен парасатын қаншалықты сынайтын сынақ алаңына айналғандығына да қарамастан ойланар, сабақ алар болмадық деген тағы бір ойға алып келері бар. Біз сол кешегі Ұлы Отан соғысының қасіретін ұмыт­қан сайын, өзімізге жаңа бір соғысты жа­қын­да түсіп отырған­дығымызды да ұғынсақ етті.
Енді келіп үміт артар кімің және де нең бар кәне?! Осы бір көңіл-күй ауанындағы сауал­ды тағы бір қайталай отырып, бүгінгі күні әлемді біртіндеп жайлап бара жатқан қару­лы қақтығыстар мен түрлі дағдарыс­тар­дан алып шығуға шынайы адал көңілімен алаңдап, адамзаттың жалпы мүддесі үшін құр ғана алаңдап қоймай, сол Адамзаттың да, мемлекеттердің де бір-бірімен сенімді түр­де өз дамуының ілгері жылжуына нақ­тылы үлес қосып келе жатқан қазақ Прези­ден­ті Нұрсұлтан Назарбаев барын дәл қа­зір­гі жағдайда бүкіл әлем сол нәзік бір үзіл­мейтін үмітіндей көріп, мойындап отыр дей аламыз.
Осы тұрғыдан келгенде Адам баласына жа­салар да, тартылар да сыйдың небір жөн-жоралғылары мен жолдары бола тұра, ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық ІІІ-ші саммитке қатысып, сөз сөйлеген қазақ Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа 2014 жыл­дың наурыз айының 24-ші жұлдызында сонау Еуропаның төрінде Гаага қаласында­ дүбірлі дүниенің бүгінгідей дүр­лігіп тұрған осы бір шағында қырмызы қыз­ғалдақтың жаңа түрінің ұсынылуының үлкен бір мәні де бар болатын. Қырдың то­пырағынан нәр алды дейтін сол қырмызы қызғалдақтың нәзіктігіндей адам үміті де Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен бүр жар­ды. Өйткені, Нұрсұлтан Назарбаев әлемді қару­сыздандыру мен ядролық қарусыз дү­ние құрудың жаңа кезеңін бастаған әлем­дегі тұңғыш саясаткер болды. «Қырғиқа­бақ» соғыстың ауыр зардабынан тұншыға бас­таған дүниеге жаңа дем берді! Ертеңіне елең­деп, болар күніне алаңдап отырған дүние­нің үмітін оятты! Бір-бірімен жауласып жат­қан дүниені жарастыруға болар сенімін оят­ты!
Нұрсұлтан Назарбаевтың сол дүниеге жаңа дем бергендігі, дүниенің үміті мен се­німін оятқандығы кешегі Кеңес Одағын уы­сын­да ұстап тұрған И.Сталиннің 1947 жыл­­дың тамызында қол қойған қаулысымен қа­зақ жерінде құрылған қасіретті Семей ядролық полигонын 1991 жылдың 29 тамызында Кеңес Одағы құлауға төрт ай қалғанда өзінің Жарлығымен жапқан тұсынан бастау алар еді. Осы орайда айта кететін бір жай, сол 1949 жылдың 29 тамызында Кеңес Ода­ғы Семей ядролық полигонында бірінші атом бомбасының сынағын өткізгендігі адамзат тарихында «қырғиқабақ соғыстың» басталуымен есте қалған болатын.
Қырық жыл бойы қырғын салған ядро­лық сынақтың ауыр зардабын сөз жоқ, ең әуелі қазақ даласы мен қазақ баласы тарт­қан еді. Елбасы сол өз даласы мен өз хал­қы­н ауыр қасіреттен біржолата арылту үшін 1991 жылдың 26 желтоқсанында Қа­зақ­стан мен АҚШ кең ауқымды дип­ло­ма­тия­лық қарым-қатынастар орнатып, Қа­зақ­стандағы ядролық арсеналдың тағ­­­дырына қатысты мәселе екі ел басшылары үшін ал­дыңғы қатарлы маңызға ие болды.
1991 жылдың 30 желтоқсанынан бас­тап Кеңес Одағы өзінің өмір сүруін тоқтатқан тұста, Қазақстан 370 ядролық оқтұмсықты «Х-55» қанатты зымырандармен жарақ­тан­дырылған 40-қа тарта «ТУ-95» ауыр бомбалаушы эскадроны бар, сондай-ақ 104 «МБР РС-20» (НАТО жүйелеуінде SS-18 «Сатана») континентаралық баллистикалық зымырандары үшін әрқайсысының тротилдік ба­ламасының қуаты 1040 ядролық оқтұм­сық­ты құрайтын ядролық арсеналға ие бо­лып қалған әлемдегі төртінші мемлекеттің бірі болатын-ды.
Нұрсұлтан Назарбаев бастаған біздің та­рихи жолымыздың ең бір есте қалар тұсы та­ғы да мына бір жай болса керек-ті. 1992 жыл­дың 23 мамырында Қазақстан Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы мен Аме­рика Құрама Штаттары арасындағы ст­ратегиялық шабуылдаушы қаруларға шектеу қою және қысқарту жөніндегі Лисса­бон хаттамасына қол қойып, ядролық қару­ды таратпау міндеттемесін бекітті және яд­ролық қаруға ие болудан өз еркімен бас тарт­ты.
Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік тарих­тағы адамзат баласының ядролық қарусыз дамуы­ның жаңа кезеңін бастап берген бір­ден-бір саяси дара тұлға! Қазақстан Пар­ламенті әлемдік тарихқа «СНВ-1» деп енген келісімді 1992 жылдың 2 шілдесінде бір ратификациялап алды да, 1993 жылдың 14 қаңтарында еліміз химиялық қаруды қол­дану, жинау, өндіру, жасап шығаруға тыйым салу және оны жою туралы кон­вен­цияға да қол қойған болатын.
Ядролық қаруды таратпау жөніндегі шарт­ты Қазақстан Парламенті 1993 жыл­дың 13 желтоқсанында ратификацияласа, дәл сол күні Алматыда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен АҚШ-тың вице-пре­зиденті Альберт Гор Қазақстанда ядро­лық қауіптерді бірлесе қысқарту бағдар­ла­масын жүзеге асыруға жол ашатын рамалық ке­лісімге қол қойған болатын.
Нұрсұлтан Назарбаев 1994 жылдың 14 ақ­панында ядролық қаруы жоқ мемлекет ре­тінде, ядролық қаруды таратпау жөніндегі шартқа Қазақстанның да формалды қо­сылатындығы жайындағы ратифика­ция­лық құжаттарды Вашингтонда АҚШ-тың сол кездегі Президенті У.Клинтонға табыс етті де, сол 1994 жылдан бері біздің тәуелсіз елі­міз ядролық қарудан бас тарту туралы жә­не ядролық қаруды таратпау саласында әлем­дегі бірден-бір көшбасшы мемлекет бо­лып келе жатыр. Сол тұста, яғни 1994 жыл­дары Қазақстандағы ядролық оқтұм­сықтар саны 1400-ге жетіп қалған болатын. Осы арада біздің қазақ еліндегі тажал қару­дың Франция, Ұлыбритания және Қытай сынды әлемнің үш бірдей қуатты мемле­кет­терін қоса алғандағыдан да көп болғанды-ғын айта кету керек.
Қазақстан Республикасы 1994 жылдың ақ­панынан Атом энергиясы жөніндегі халы­қ­аралық агенттіктің мүшесі болып кірді де, қазіргі таңда еліміздің барлық ядролық нысандары МАГАТЭ-нің кең ауқымды кепіл­дігінде тұр. 1996 жылдың 21 сәуірінде рес­пуб­лика аумағынан 1216 дана ядролық қару-жарақты алып кету үдерісі аяқталды да, сол 1996 жылдың 30 мамырында Семей полигонына орнатылған соңғы ядролық сы­нақ заряды жойылды. Сөйтіп, ядролық сынақтардан жапа шеккен қазақ жері тажалды қарудан біржолата босатылып, хал­қымыздың көз жасын құрғату басталды. 1999 жылдың 5 тамызында Қазақстан Же­невада Қарусыздану жөніндегі кон­фе­ренцияның толыққанды мүшесі болып қа­былданды. Бұл әлем бойынша Қазақ­станның аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті ны­ғайтуға қосқан зор үлесін, ізгі қадамын, сауап­ты ісін мойындау еді!
Әрине, адамзат мүддесі үшін осы бір аса қажетті тарихи шараның бастамашысы және оны батылдықпен жүзеге асыру­шысы Қазақстан Республикасының Тұң­ғыш Пре­зи­денті Нұрсұлтан Назарбаев болатын! Міне, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әлем мемлекеттері басшыларын ядролық қауіпсіздікті нығай­туға шақырып келе жатқан және де соған толық моральдық та адамдық та хұқы бар, бүгінгі дүние дамуы алдындағы жан мен ар тазалығы да соған сай әлемдегі бірден-бір Президент бол­ған­дықтан да Еуропаның Гаага қаласында қыр­­мызы қызғалдақтың «Президент Назар­баев» деп аталатын жаңа түрі таныстырылуы да және де бұл гүл жаһандық қауіпсіз­дік­ті қамтамасыз етуге қосып келе жатқан та­рихи зор үлесі үшін Елбасыға барлық әлем­­нің сыйлаған алғыс гүлі деп қабыл­дануы да орынды болатын.
Нұрсұлтан Назарбаев әлемді қарусыз­дан­дыру мен ядролық қарусыз дүние құру­дың жаңа кезеңін бастаған немесе Қа­зақ­стан 1991 жылы өз тәуелсіздігіне ие болған тұста, біздің еліміз қуаты жөнінен әлемдегі төр­тінші ядролық арсеналды иелене отыр­ған еді. Елбасының осы жойқын қарудан өз еркімен бас тартуы туралы шешім қабылдап, тұмсығында алапат атом заряды бар сол қаруларды аса қатаң қауіпсіздік жағдайында Ресейге өткізуі ең әуелі қазақ елінің баянды болашағын ойлағандығы еді.
Кеңес Одағы сияқты бейбітшілік үшін күрескер болған державаның сол бейбіт өмір орнықтыру кезеңінде қазақ елінің яд­ролық қарудың небір тажал түрлерін сынау­дан дүниедегі ең көп қасірет шеккен бірде-бір ел болғандығы және де қырық жылға жуық уақыт бойы жүргізіліп келген сы­нақ­тардан Семей полигонында әуе кеңіс­тігі мен жер астында 500-ге жуық ядролық жарылыстар жасалып, қазіргі есеп бойынша сол сынақ кезеңдеріндегі радиоактивті шөгінділердің әсерінен бір жарым миллионнан астам адам зардап шеккендігін, қа­сиетті қазақ жерінің орасан зор аумағының уланып,зақымданғандығын жақсы білетін өз халқының Нұрсұлтан Назарбаев сынды адал перзентінің жан жүрегін сыздатпады деп кім айта алар?!
Қазақстанның және оның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қару-ж­а­рақтан дүниежүзі бойынша тұңғыш болып өз еркімен бас тартуы тәуелсіз еліміздің яд­ро­лық әлем құрудағы көшбасшылығына не­­гіз болды. Бұл Қазақстанның және де оның Тұң­ғыш Президенті Нұрсұлтан На­зарбаев­тың ел тәуелсіздігін бәрінен де биік, бәрінен де қым­бат санап, сол тәуелсіз ел болуға адал ние­ті­мен кіріскен құтты қадамы болды деп қа­былданар еді. Міне, ендігі әлем ядролық қару-жарақты таратпаудың және қауіп­сіз­дікті сейілтудің жаңа бір кезеңінде тұр. Бұл жайында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Гаагада өткен жаһандық қауіпсіздік ІІІ-ші сам­миті қарсаңында жарияланып, «Euractiv» және «Washington Times» сынды әлемнің же­текші интерактивті саяси алаңдарында ор­наластырылған мақаласында: «Біз, яд­ролық сынақтардан көп зардап шеккен ел ретінде, дүниежүзі ядролық апат қатерінен барынша қорғалуы үшін өзіміздің айтар­лық­тай үлесімізді қостық. «Қырғиқабақ со­ғыс» текетірес кезеңі келмеске кеткені­мен, бүгінде алаңдаушылықтың өзге де се­бептері пайда болып отыр. Ядролық қару­дың экстремистердің қолына түсу ықти­мал­дығы да жоқ емес. Бүкіл әлем үшін тер­рор­лық топтардан шығатын қатер арта түсті. Олардың саны ғана емес, қатыгездіктері мен адам өміріне жүрдім-бардым қарау деңгейі де өсіп отыр, – деп тыншымай отыр­ған мына дүниенің алаң жайын тағы да әлем назарына жеткізе білді.
Ендігі әлемде ядролық лаңкестік бас­та­лып кетпес пе екен? Елбасы осыны ой­лай­ды! Елбасы осыны ойлайды да, ха­лы­қ­аралық қауіпсіздік үшін өз жауапкершілігін те­реңінен сезіне түседі және де сол жауап­кершілікті әлемнің үлкенді-кішілі өзге де мемлекеттерінің басшылары мен саясатшылары да сезіне алса екен деп мазасызданатыны бар. Адамзаттың бейбіт қатар өмір сүруіне аса үлкен қатер болып табыла­тын ядролық лаңкестік дегеніңізге жол бе­ріп алар болсақ, ендігі дүниенің астаң-кес­теңін шығарар күн туды дей беріңіз.
Қазақ Президенті Нұрсұлтан Назарбаев дүниежүзінен алпыс шақты мемлекет бас­шылары қатысқан Гаагадағы жаһандық қауіп­сіздік ІІІ-ші саммитінде ең әуелі айналымда жүрген ядролық материалдардың санын одан әрі қысқартуға және олардың шашау шығармау, яғни таралып кетуіне жол бермеу шараларын күшейтуге, заманы­мыз­дың тағы бір сын-қатері «ядролық клуб» ел­дері аясы әзірге кеңейіп емес, бұған кері­сін­ше тежеліп отырғандығына да әлем на­за­рын аудара білді. Әлемде атом дәуірі бас­талған кезеңдерден бері ядролық тех­но­логиялардың дамуына кедергі жасамай, ядролық қару-жарақтың таралуын қалай болдырмау керек деген мәселенің жауабын адамзат әлі де таба алмай отырғандығы жә­не бар.
– Қазақстан аталған салада тамаша тәжірибеге ие, – дейді Елбасы! – Семей по­лигонынан «мұраға қалған» элементтердің бірі плутоний мен жоғары байытылған уран болса, оларды атом бомбасын жасау үшін пай­далану қатері де жоқ емес еді. Қазақ­стан­ның, Ресей мен АҚШ-тың сарапшылары атал­ған материалдарды тауып, залалсыздандыру бойынша бұрын-соңды болмаған бағдарламаны жүзеге асырды. Ол он жылға созылды. Біз осындай сезімтал салада жаһандық ауқымдағы бейбітшілік пен қауіпсіздік секілді жоғары мақсаттарға қол жет­кізу үшін, тіпті, ұлттық мүддемізді де құр­­­бандыққа шалдық!
Гаагадағы саммитте сөз сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қауіп­сіз­дікті күшейту үшін бірқатар нақтылы шаралар қа­былдау ойын алға тартты. Әрине, Назарбаев­тың сол ядролық қауіпсіздікті күшейту ба­ғытындағы осы шешімдерін жүзеге асыру үшін мемлекеттер мен басшылардың сая­си ерік-жігері де керек. Адамзат мүддесі жо­лындағы сол саяси да, адами да ерік пен жі­герді тағы да алғаш болып Назарбаев та­нытты!
Қазіргі уақытта ядролық бомбалар мен оқтұмсықтар жасауға пайдаланылуы әбден мүмкін жоғары байытылған уран өндірісін тоқтату әлі мүмкін де емес. Мұның үстіне халықаралық қоғамдастықтан азаматтық секторда ядролық технологияларды да­мыту­ға құқық беруді талап етіп отырған ел­дер де бар. Алайда, олардың бұл техноло­гия­ларды ядролық қару жасау үшін пай­да­ланбайтындығына кім кепіл бола алар? Қа­зақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев МАГАТЭ-нің осы мәселені шешу үшін атом электр стансасы үшін жоғары байытылған уран­ның кепілдендірілген көлемін ұсынуы­мен толық келісе отырып, сол мақсат үшін МАГАТЭ халықаралық ядролық отын банкін құру мақсатын көздер болса, қазақ елінің ау­мағында осы ядролық отын банкін ор­на­лас­тыруға келісімін бергендігін, Елба­сы­ның «тіпті, ұлттық мүддемізді де құрбандыққа шал­дық» деген ойының төркінін аңдатар еді.
Бұл арада Елбасы Қазақстанның уран өн­дірісінде әлемдегі көшбасшы және де яд­ролық нысандардағы қауіпсіздік шарала­рын қамтамасыз ету жолындағы әлемдегі тә­жірибесі мол ел ретінде кепілдемеге ие бо­лып отырғандығын және де барлық яд­ро­лық державалармен, сондай-ақ, атом тех­нологиясын азаматтық секторда дамыту­ды жоспарлайтын өзге де елдермен жақсы қа­рым-қатынас қалыптастыра білгендігін алға тартқан-ды. Осы орайда Елбасы қазіргі заманғы нақтылы жағдайды ескере отырып, ядролық қаруды таратпаудың түрлі жолдарын жаңғырту бастамасын бірнеше мәрте көтеріп те келе жатқандығы бар. Ең әуелі ядролық қаруды таратпау туралы шарттағы сәйкессіздіктердің орнын толтыру қажет. Бұл Елбасының айтып жүрген ойы. Өйткені, қазіргі кезде әлем қауіпсіз­дік­тің жаһандық жүйесі үшін жаңа сын-қа­терлермен бетпе-бет келіп отырғаны бар. Қа­зақстан Президенті әлемді және де со­ның ішінде қазір ядролық арсеналдары бар мемлекеттерді қауіпсіздіктің ендігі жаһан­дық жүйесі сол ядролық арсеналдың қи­ра­татын жойқын мүмкіндігі ғана бар екендігін дә­лелдеп бағып емес, бұған керісінше, енді олар Адамзаттың мүдделері тоғысының жа­­­сампаздық күші мен халықаралық мін­дет­­темелерді орындау арқылы атомның адам баласының игілігіне де толыққанды қыз­мет көрсете алатындығын дәлелдеулері ке­рек. Әрине, бұл үшін Елбасы айтып келе жат­қан саяси да, адами да ерік пен жігер қа­жет-ақ.
«Тәуелсіздік алған сәттен бастап Қазақ­­стан өзінің бірде-бір қадамымен, іс-әре­ке­тімен немесе тіпті бірде-бір сөзі-­мен өңірлік және жаһандық қауіп­сіздікке нұқсан кел­тір­меген мемлекеттің өнегесі болып табылады!».
Мұны Елбасы айтты! Мұны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз елімді Мәңгілік ел қыл­сам екен, туған халқымды ешкімге тәуел­ді етпесем екен, сол туған халқым еш­кімнің алдында жанарын төмен салып, сағы сын­бай тұрса екен деген өзінің қашанғы адал ой-ниетімен, кемел де кемеңгер сая­са­тымен, болашақты болжай білер дана­лы­ғы­мен, ең бастысы, барша Адам­заттың ұлы мұраттары үшін жасап келеді!
Адамзат сол үшін де Қазақстан Пре­зи­денті Нұрсұлтан Назарбаевқа әлем гүлін сый­лады!
Үмітіңді үзе көрме кең дүние!..

ПІКІР ҚОСУ