Алғыс пен ілтипат үндескен кеш

Алғыс айту күні мен 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Алматыдағы М.Әуезов атындағы кітапханада «Мейірімді жүрек – жылы тілек» атты әдеби-сазды мерекелік кеш өтті. Тағылымы терең бұл басқосу адамгершілік құндылықтарды дәріптеп, ұрпақ санасына алғыс айту мәдениетінің мәнін сіңіруді мақсат етті.
Қоғамдық ой мен рухани сабақтастықты арқау еткен кешке ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, мәдениет пен білім саласының мамандары, жас буын өкілдері қатысты. Кеш қонақтары қатарында жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрдәулет Ақыш, ақын-сазгер Байғали Есенәлиев, филология ғылымдарының докторы, профессор Гүлжаһан Орда, дәстүрлі әнші Сандуғаш Стамғазиева сынды ел руханиятына еңбегі сіңген азаматтар болды.

Кеш барысында Алғыс айту күнінің елдік санадағы орны, қоғамдағы сыйластық пен ризашылық ұғымдарының мәні сөз болды. Әйел-ана бейнесі — мейірім мен төзімнің, парасат пен даналықтың символы ретінде айрықша аталып өтті. Салмақты ой, салиқалы сөз кеш мазмұнын тереңдете түсті.
Әдеби-сазды кештің көркемдік бөлігі ұлттық өнермен өрнектелді. Алатау дәстүрлі өнер театры әншісі Шаттық Уатхан орындаған «Бала махаббат» әні көрермен көңілін тербесе, Гайсак Кәусар тартқан күйлер қазақтың бай музыкалық мұрасынан сыр шертті. Жас өнерпаздардың орындауындағы шығармалар ұрпақтар арасындағы рухани жалғастықтың үзілмегенін аңғартты.

Сондай-ақ П.Чайковский атындағы музыкалық колледж студенттерінің кәсіби орындауы мен Алматы өнер мектебі шәкірттерінің өнері кештің мазмұнын байыта түсті. «Мен жастарға сенемін» әнінің шырқалуы — бүгінгі ұрпаққа артылған үміт пен сенімнің айқын көрінісіндей әсер қалдырды.
Іс-шара аясында ұйымдастырылған «Ашық микрофон» айдары қатысушыларға еркін ой айтуға мүмкіндік беріп, алғыс ұғымының терең философиялық мәнін ашуға жол ашты. Кештен түйген ой — алғыс айту бір сәттік әрекет емес, адам болмысының айнасы екендігі.

Рухани мазмұны терең, тәрбиелік мәні зор «Мейірімді жүрек – жылы тілек» кеші қоғамда ізгілік пен ризашылық құндылықтарын жаңғыртқан, әдебиет пен өнердің өміршеңдігін танытқан тағылымды мәдени шара ретінде есте қалды.
