Тұрақсыз әлемнің суреткері
12.01.2018
1766
0

Швед Академиясындағы сарапшылардың шығарып жатқан шешімдеріне көңілі суып қалған оқырман, биылғы жылы да әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының, лайықты жазушысын таба алатынына аса қатты сене қойған жоқ-тын. Әйткенмен, атағы дардай марапатты ұлты жапон, Ұлыбритания елінің қаламгері Кадзуо Исигуроға беру туралы шешім шығарылуы, жұрт күтпеген, жағымды жаңалық болды. Шығармалары оқырмандарға етене таныс жазушының, күні бүгінге дейін 8 романы жарық көрді. Өз басым Кадзуо Исигуроның шығармашылығымен біраз уақыттан бері таныс және оның «Жер құшқан дәу», «Жібермеші мені», «Тұрақсыз әлемнің суретшісі», «Өткен күндердің өтеуі», «Біз жетім болғанымызда» романдарына көңілім толған оқырман ретінде, Швед Академиясының шығарған шешіміне, дән ризамын. Неге дейсіз ғой? Ең басты себебі, бұл жолы сыйлықты саясатқа түк қатысы жоқ, таза шығармашылықпен ғана айналысып жүрген, өзін-өзі қатты жарнамалауға да аса құлықты емес, романдары халық жүрегіне жол тапқан, көтерген тақырыбы оқырманды бейжай қалдырмайтын, нағыз жазушы иеленді.

Талантымен талайларды тәнті еткен Кадзуо Исигуро, кейбір жазу­шылардай, әдебиетке интеллек­туал­дық ойын ретінде ғана қарамайды, адамзат баласының бәрін толған­дырып отырған бүгінгі күннің өзекті тақырыбын көтеріп, адам жанының тереңінде жасырынған жұмбақтарды іздейді. Суреткердің «Өткен күндер­дің өтеуі», «Тұрақсыз әлемнің сурет­шісі» романдарында, қазіргі уақыт­пен кіндігі байланған мәңгілік та­қы­рыптар қозғалып, ар-ұят, абы­рой т.с.с. ізгілікті ұғымдардың терең сыры мен құпиясы оқиға барысында ашылып, оқырман күтпеген, мүлде жаңаша көзқарас тұрғысынан са­ра­ланады. Қаламгер қаламынан туған шығармаларда болып жатқан оқи­ғаларды біріктіріп тұрған, көң­іліңді арбап алатын жібектей нәзік лиризм мен құйындай үйіріп әкете­тін пси­холо­гизм бар. Өмірді өнер сиқыры­мен әдемі ұштастыра білген жазушы кейіпкерлері, өзін тану жә­не түсіну үшін, жеке басының, өз отбасының және туған халқының өткен тарихын біліп қана қоймай, оған баға беріп, сана сүзгісінен өткізуге тырысады. Өмір тезінен өтіп, кешегі іс-әреке­тінің түйінді мәселелерін таразы басына қойған адамдардың тағды­рын суреттеу арқылы ол жұрт күтпе­ген, тосын сауалдарды өмір айдыны­на алып шығып, оқырманды ой­лан­дырып тастайды. Ойландырып қана қоймай, көптеген адами құн­дылықтарды сана сүзгісінен өткізіп, оқырманның басқаша қырынан оған үңілуіне мүмкіндік береді.
Бала күнінде туған елінен тамы­ры ажырап кеткеніне қарамастан, Кадзуо Исгуроның жапон жазушы­лары Кавабата мен Танидзакидің мектебінен тағылым алып, оны әлем әдебиетінің озық үрдістерімен ұш­тас­тырған қаламгер екені, баяндау стилінен, ойлау ерекшелігінен, су­рет­теу шеберлігінен, жазу мәдение­тінен тайға таңба басқандай көрініп тұр. Міне осы ретте 1986 жылы ағылшын тілінде жарық көрген, ең алғашқы Нобель сыйлығын иеленген жапон классигі Ясунари Кавабаты­ның таңдамалы туындыларының алғысөзін Кадзуо Исигуроның жаз­уы, көп дүниеге көзімізді аша түседі. Өз мақаласында Исигуро ұлты жа­пон қаламгерінің көркемдік жазу мәнерінің ерекшелігін ағылшын тілді оқырманға түсіндіріп беруге ғана тырыспай, үнемі өзін толған­ды­рып жүрген бүгінгі заман мә­де­ние­тін­дегі жазушының алатын орны туралы ойларын ортаға салады. Ясунари Кавабатаның «Қарлы өлке» және «Мың қанатты тырна» кітап­та­рына жазған алғысөзі арқылы Исигуро оқырманға көркем туынды­ның қыры мен сырына терең талдау жасай алатын кәсіби сыншы ретінде де кеңінен танылды. Шағын ғана үш бет зерттеуінде ол оқырманға қиын болып көрінген мәтіндерді жаңғақша шағып, оңай түсінудің жолдарын үйретеді. Әдебиет зерттеу­шілері Исигуроның алғашқы шығар­ма­ларына жапон әдеби дәстүрінің қат­ты ықпалы болғанын айтады. Оқыр­манды бөгде мәдениеттің сырына үңілдіру үшін Исигуро өзінің тырнақалды туындыларында, жапондық мәселені тақырыптық деңгейде ғана көтеріп қоймай, оны ақындық шабытпен төгілтіп жазады. Жапондардың салт-дәстүр, әдет-ғұрпы мен тұрмыс-тіршілік әреке­т­терінің сан құбылған бояулары мен сан қырлы детальдарын ұлттық ой-сананың өресімен өзектес суреттей отырып, әлемді толғандыратын сауалдарға ен сала білген Кадзуо Исигуроның ешкімге ұқсамайтын қолтаңбасы мен ерекшелігі, әсіресе, оның «Тұрақсыз әлемнің суретшісі» романынан айқын байқалады.
Исигуроның жазушылық таби­ға­ты­ның маған қатты ұнаған тағы бір қыры, ол өз алдына кейіпкерлері­нің іс-әрекетіне баға бергісі келетін мақсат қоймайды, оқырманның өз бетінше ойланып, қандай да бір қо­рытынды жасауына толық еркіндік береді. Енді азды-кем су жаңа Нобель сыйлығы лауреатының өмірі мен шығармашылығына да тоқта­лып, білетін дерегімізді баяндап, оқырманмен ой бөлісе отырайық.

***
Алпыстың асқарынан асқан Кадзуо Исигуро 1954 жылы Жа­по­ния­ның Нагасаки қаласында мұхит­танушы Сидзуо Исигуроның шаң­ы­ра­ғында дүниеге келген. 1960 жылы болашақ жазушының әкесін Ұлы­британиядағы Суррей графты­ғы­ның, әкімшілік орталығында ор­на­ласқан, Мұхиттану Ұлттық инс­­ти­­­тутына жұмысқа шақырып, от­басы, Гилфорд қаласына қоныс аударады. Бала Кадзуо ол жақта, Стафтондағы бірінші дәрежелі мек­тепке оқуға түсіп, кейіннен білімін Суррей Гра­ма­тикалық мектебінде жалғас­тырады. Мектепті тәмам­да­ғаннан кейін, бір жыл академиялық демалыс алып, АҚШ пен Канадаға саяхаттауға шығады. Музыкант болуды арманда­ған жігіт, клубтарда ойын көрсетеді, әндерінің қысқа нұсқаларын про­дюс­ерлерге жолда­ғанымен, еш нәтиже шықпайды. 1974 жылы Кент университетіне тү­сіп, 1978 жылы, ағылшын тілі мен фило­софиясының бакалавры дәре­жесін иеленеді. 1980 жылы, Шығыс Англия университе­тінің магистры атанады. Оннан астам романның авторы, атақты қаламгер, Малькольм Брэдберидің, Шығыс Англия уни­верситетінде семинар жүргізгенін, ал Кадзуоның тәлімгері, әйгілі жазушы Анджела Кар­тер болғанын айта кеткіміз ке­леді.
1983 жылы ол Ұлыбритания елі­нің азаматтығын алды. Сонымен бірге Исигуроның атақты джаз әншісі Стейси Кентпен бірнеше альбомды бірігіп жазғанын да жұрт жақсы біледі. 1986 жылы ол отбасын құрып, Ларне Макдаугалға үйленді. Бүгінгі таңда атақты қаламгер жұ­байы­мен және қызымен бірге Лондонда тұрады.
Әдебиет жолындағы алғашқы қадамын Исигуро 1981 жылы бас­тады. Содан бергі уақытта 8 роман, ки­но мен телевидениеге арнап бір­неше сценарий жазды. 1993 жылы қаламгердің «Өткен күндердің өтеуі» романының негізінде көркем фильм де түсірілді. Айтпақшы, осы туынды­сы үшін оған, Букер сыйлығы да берілді. Сол уақыттағы бірқатар сыншылар, Исигуроны аузының суы құрып мақтап, жапондықтың, ХХ ғасырдағы нағыз ағылшын романын жазып шыққанын, айрық­ша атап өтті. Букер комитеті мү­ше­лерінің бірауыздан өз дауыстарын Кадузо Исигуроға беруі тарихта болмаған оқиға көрінеді.
Бұрын-соңды да шығармалары жақсы оқылатын жазушы кітапта­рына деген сұраныстың, Нобель сыйлығын алғаннан соң айтарлықтай арта түскені айтпаса да түсінікті әң­гіме. Ақпарат құралдарының хабар­лауынша, лауреаттың есімі жария­лана салысымен Жапонияда оқыр­­­мандар Кадзуо Исигуроның кі­таптарын түк қалдырмай сатып әке­тіп, «HayakawaPublishing» баспасы жазушының 8 романын 950 мың данамен басып шығарыпты. Таяуда, олардың осы туындыларды, тағы да 200 мың данамен жарыққа шығаруды жоспарлап қойған сыңайы бай­қа­лады. Қазір, ұлты жапон жазушы­сының туынды­ларына, әлемнің бар­лық елдеріндегі кітап дүкенде­рінен сұраныс көптеп түсуде. Жапо­нияда 19 қазанда жарық көруі жос­парланған «Жер құшқан дәу» ро­манының тиражын, оқырман сұранысын ескеріп, жоспарлағаннан әлдеқайда көбейтіп басып шығаруға, шешім қабылданды.
– Мен бұған қатты таң қалып отыр­мын, бірақ өте бақыттымын, — деп қуанышын жасыра алмай, мәлімдеме жасапты, «HayakawaPublishing» баспасының президенті Хироши Хаякава. Әрине, атағы дүрілдеп тұрған жазушы кітаптарын басып шығару құқын иеленген, баспа басшысы Хаякава бақытты болмағанда, кім бақытты болсын.
Дүние жүзіне танылған қалам­гер­дің кітаптарына кіндік қаны там­ған елінде ғана емес, бүкіл әлем­де сұраныстың қатты арта түскені байқалады. Мысалы, Америкадағы «Amazon» интернет-қызметінің ең көп сұранысқа ие кітаптар бөлімінде, әдебиет саласындағы Нобель сый­лығы лауреатының есімі жариялана салысымен, бір сағаттан соң Исигуро романдарына деген қызығушылық күрт өсіп кеткен.
Кадзуо Исигуроға Нобель сый­лығы берілгенде, бірін-бірі құттық­таған жапондықтардың қуанышында шек болған жоқ. Елдің премьер-министрі Синдзо Абэ қатты толқып, көңіл кесесіне симаған сезімін жасыра алмай, «Жазушымен бірге осы оқиғаны атап өткім келеді» деп, ағынан ақтарылды.
Қалай болған күнде де Швед Академиясының осындай шешім қабылдауы оқырман күтпеген елеулі оқиға болғанын айта кетуді парыз санаймын. Көзі қарақты оқыр­мандар, біраз жылдан бері Нобель сыйлығын иеленіп қалуы ықтимал фавориттердің ондығына енгенімен, біресе түрік жазушысы Орхан Памук, біресе белорус қаламгері Светлана Алексиевич жолын орап кетіп жүр­ген Харуки Муракамидің биылғы жылы міндетті түрде бағы жанып, лауреаттардың қатарында жұлдызы жарқырайтынына нық сенімді бол­ған еді. «Новая газета» басылымы келтірген мәліметке жүгінсек, соңғы сәтке дейін Харуки Муракамидің сыйлықты алып кету мүмкіндігі өте жоғары болыпты. Ең қызығы, нара­зылық білдірмек түгіл, Иси­гуроның жеңісін Харуки Мура­ками мен оның жақтастары да тойлап, дұрыс шешім шығарған Швед Ака­демиясына ри­зашылық сезімдерін білдіріп жатыр екен.
Шығармашылық шеберлігімен жұртты тәнті еткен жазушы қуаны­шына, сыныққа сылтау іздеуге жандары құмар, орыстың танымал сыншыларына дейін ортақтасуын, өз басым Исигуро талантының мо­йындалуы ретінде қабыл­дай­мын.
Ресейдің танымал әдебиет шолу­шысы Анна Наринская бір сөзінде Кадзуо романдарының тереңдігін Достоевский шығар­маларымен салыстырыпты. «Мен де бұл ше­шімге қатты ризамын. Маған Иси­гуро бүгінгі заманғы әдеби форма­сының мінсіздігімен, өте ақылды, салмақты әңгімеге шақыратын шебер жазушы болып көрінеді. Кітаптарын ашқаныңда, ол саған бұрыннан білетін, таныс жазушың сияқты болып көрінгенімен, оқу барысында, бұл ойыңның алдамшы сезім екеніне көзің жетеді. Міне ол «Өткен күндердің өтеуін» Вудхустың, ал «Жібермеші мені» романын Брэдбери секілді жазғандай болып көрінеді, ал шындығында Исигуро олардан гөрі адамның нәзік жанын терең түсінетін суреткер», – дейді, тағы да бір орыстың әдебиет сын­шысы, Елизавета Биргер.
Зады, Кадзуо Исигуроның шы­ғар­машылығын ағылшын постмо­дер­низмнің (метаәдебиет) контек­сінде қараған абзал. Әлемге әйгілі суреткердің оқиғаларды баяндау мәнері, адам санасының өрісінде болып жатқан құбылыстарға баса назар аудару шеберлігі, ұстамды стилі осындай қорытынды жасап, оның романдарын ағылшындардың Генри Джеймс, Эдвард Морган Форстер, Вирджиния Вульф сынды аса танымал модернист жазушы­ла­рының шығармаларымен бір қатарға қойып, салыстыруға итермелейді. Дегенмен, тілге байланысты түрлі эксперименттерден саналы түрде бас тартып, әдеби «ойын» тәсілдерін қолдануда да аса үлкен сақтық та­нытуы, жазушы туындыларының барлық уақытта да постмодернизм заңдылығымен үйлесе бермейтінін аңғартады. Көбінесе, метаәдебиет (ағылшынша metafiction) деп аталатын ағылшын постмодерниз­мінің тәсілдері мен стратегиясының сипаттары жазушы романдарынан кеңінен көрініс тапқан. Атап айтсақ, оның шығармашылығында постмо­дерн­нің эстетикалық бағдарлама­сын­да­ғы басымдыққа ие ойындық бастау да, ХХ ғасырдың соңғы жиыр­ма жылында ағылшын проза­сында жиі кездесетін тарихты рестав­рациялау да, атақты жанр­лардың тәсілін қолдануды қарас­тыратын жанрлық эклектизм да (түрлі идея­ларды дәйексіз пайдалану А.К.) жақсы пайдаланылады. Десек те Исигуроны таза ағылшын пост­мо­дернист жазушыларының қатарына жатқызу қиын.
Сыншы Брайан Шеффердің айтуынша, Кадзуо Исигуро шығар­машылығы шартты түрде екі кезеңге бөлінеді. Қаламгердің алғашқы уа­қыттағы шығармаларын – реалистік, ал, кейінгі, кезеңдегі жазған дү­ниелерін – деконструк­тивтік туын­дыларға жатқызған ләзім. Бірінші кезеңдегі туын­дыларында тарихи және географиялық факторлар, романның ішкі табиғатын ай­қын­дайды: атап айтсақ олар – соғыстан кейінгі Жапония мен бүгінгі Англия­ның өмірі баяндалған – «Төбелердің көмескі көрінісі» ро­маны; өткен күннің құн­дылықтарын қайта қарап, соғысқа дейінгі миллитаристік Жапония және бү­гінгі таңдағы Жа­понияны суреттеген – «Тұрақсыз әлемнің суретшісі» романы, соғысқа дейінгі Суэцк дағдарысы кезіндегі Англияның құндылықтарын қайта бағалаған, бүгінгі Англия сипат­талған – «Өткен күндердің өтеуі» ро­ма­ны.
Қаламгердің кейінгі жылдары жазған туындыларында ойындық бас­тау үстем болып келеді. Оның шығармаларында қандай да бір нақты тарихи немесе географиялық жағдайға байланып қалу шарт болып табылмайды, әңгіме айтушының сезім толғанысы қалыпты жанрлық құрылымдарды қайта өзгерту ар­қылы беріледі. Егер де ең алғашқы жазған реалистік романдарында автор, кейіпкерлерін белгілі бір кеңістік-мерзімдік шарттарға сый­ғызып, мазмұнды ойнатса, кейінгі, шығармаларында керісінше фор­маны ойнатуға аса қатты көңіл бөледі. Дей тұрсақ та, жазушының барлық романдарынан оның мо­дернизмнің эстетикасына көңілі тартып тұратын, Генри Джеймс, Мэдокс Форд, Эдвард Морган Форс­тер, Джеймс Джойс пен Вирджиния Вульфтың туындарымен туыстығы сезілмей қалмайды. Орайы келіп тұрған мүмкіндікті пайдаланып, ағылшын әдебиетінің континен­талды Еуропа әдебиетінен көптеген айырмашылығы бар екенін айта кет­кіміз келеді. Ағылшын әдебиеті постмодернизмді мо­дер­низмге қар­сы оппозицияға қоймай­ды. Бүгінгі заманғы ағылшын жазу­шылары постмодернизмнің негізгі теоре­тиктерінің бірі Жан-Франсуа Лиотардың постмодернизмді модер­низмнен кейін тұратын немесе оған қарсы қойылатын емес, қайта соның ішінде өмір сүретін құбылыс деп есептейтін көзқарасын қол­дайды. Осылайша бүгінгі заманғы ағыл­шын прозасының өкілі болып табы­латын Кадзуо Исигуроны ойындық бастау­ға тым әуес емес, ұстамды мәндегі постмодернизм бағытындағы қалам­гер­лердің қатарына батыл қоса аламыз. Бас­қаша сөзбен айтқанда, шығарма­шы­лықтағы түрлі ойындық айла-амалдар ол үшін басты мақсат емес, оның бәрі де жазушы туынды­ларында романның көтерген мәсе­лесін көрсету үшін қажетті ком­позиция­лық және негізі бар құры­лымдық элементтер ретінде көрініс табады. Бір сөзінде Исигуро түрлі ойындық концепцияларды таныту үшін ғана жазылған кітап­тар­ды оқуға аса бейіл емес екенін тілге тиек етіпті: «Әдеби экспери­мент­тер мені тек, белгілі бір эмоцио­налды ортаны зерттеу мақ­сатында ғана қызықтырады. Мен өз туынды­ларымда белгілі мөл­шерде экспери­менттік болып та­былатын элемент­терді жасырып қалуға тырысамын», дейді атақты жазушы. Кадзуо Иси­гуроның бұл айтқан сөздері, ұстамды бағыттағы ағылшын постмодерниз­мінің өкілі, 1996 жылы «Соңғы тап­сыр­ма» ро­маны үшін Букер сыйлы­ғын иелен­ген жазушы Грэма Свифт­тің көз­қара­сымен қатты үндеседі. Ол былай деген бо­латын: «.. Әдебиеттің сезім­дік жағы мен үшін өте маңызды. Мен жазған мәтіндерімнің оқыр­ман­дарға әсер етіп, одан бір үлкен тәжірибе алға­нын қалаймын. Әде­биет ақиқаттың кіндігін кесе алмаған күнде де, аяу­шылық пен жанашыр­лыққа баулуы тиіс».
Постмодернизмнің эстетикасын білмей жатып, оған қатты еліктеп, проза мен поэзияға ойын ретінде ғана қарайтын ақындар мен жазу­шы­лардың қазақ әдебиетінде пайда бола бастағанын, осы жерде айта кетуге тура келеді. Бірақ олардың көбісі Батыс өркениетінің әдебиетке ойын ретінде ғана қарайтын пост­модернизмнің концепция­ларынан не себептен жалығып, бас тарта бастағанын біле бермейтін сыңайлы. 1989-2000 жылдар аралығында дү­ниеге келген ағылшындардың пост­модернистік романдарын зерттеген ресейлік ғалым, филология ғылы­-
м­ы­ның докторы Ольга Анатольевна Джумайло бір мақала­сында, бүгінгі таңдағы ағылшын әдебиетінің «ойын­дық концепция­лардан» жалығып, бірте-бірте адам­ның нақты өмірдегі шынайы сезі­міне ден қоя бастағанын атап өтіпті.
Ойындық тәсілдерді бірінші планға шығарғысы келмегендіктен, Кадзуо Исигуроның шығармашылы­ғында модернистік екпін басым. Қаламгер романдарында жаңашыл әдіс пен тәсілдерді жетілдіре түс­кенімен, суреткерлік жанары тіл мен баяндауға қатысты эксперимент­ке қадалып қалмаған, ол өз туын­ды­ларында адам жанының терең қа­баттарына бойлайды. Бас кейіп­кердің ішкі әлемін аша түсуге қатты ден қойып, қарапайым оқырманның жанына жақын тақырыптардың топырағын қазады.
Исигуроның шығармашылық шеберханасынан шыққан бас кейіпкерлерінің бәрі де бүгінін ойлай жүріп те, өткен күндеріне қайтып оралып отырады. Жазушы өз кейіпкерлерін сыртынан ғана бақылап қоймайды, ол, үшін адам жанының тереңдігі әлдеқайда маңыздырақ. Сондықтан да ол
ХХ ғасырдың басындағы модернист жазушылардай сюжет пен хроноло­гияға аса қатты мән бермейді. Исигуро­ның прозасында адамның ішкі әлеміне қатты үңілу басым болғандықтан, сюжеттік құрылым жанама қызмет қана атқарады.
Дәл осындай тәсілді, өзінің шы­ғармашылығы арқылы «ХХ ға­сырдағы панорамалық реализм мен модернистік көркем жаңалықтарды» әдемі үйлестіре алған, Америка әдебиетінің мэтрі Уильям Фолкнер «Айғай мен ашу» романында өте шебер қолданған болатын. Аталған романның төрт бөлімінде бір оқиғадан алған әсер, төрт түрлі тұрғыдан баяндалады. Үш бөлімнің әрқайсысы ағаларының біреуінің атынан айтылып, соңғы бөлімде үшінші жақтан баяндалып, оқиғаға қатысты бейтарап тұрғыдағы көз­қарасты беру әрекеті байқалады. «Айғай мен ашу» романындағы ағайындылардың әр қайсысының әңгімесінің негізінде, олардың қарындастары Кэддидің моралдық құлдырауына байланысты жан күйзелісі жатыр. Исигуроның туын­дыларында да осыған ұқсас дүниелер байқалғанымен, романдарының кейіпкерлері өзгенің емес, жеке ба­сының күнәсі туралы әңгімелеу үшін, баяғыда болған өміріндегі оқиғаларды есіне түсіріп, жан жарасын емдеуге ұмтылады.
Исигуроның әңгімелеу тәсіліне, әдебиеттану ғылымындағы «сарап­шыл әңгімеші» деген түсінік көбірек жақын. Бұл тәсіл бойынша, шығар­мадағы әңгімелеуші, саналы түрде өткен өміріндегі өз тарапынан ақтап алғысы келетін оқиғаларды ғана қозғап, айтқысы келмейтін дүние­лерге әдейі тоқтамайды. Міне, осылайша ол оқырманмен ойнап, оны адастыра түседі; бір жағынан әңгіме айтушы кейіпкер ашылғысы келіп тұрғандай болып көрінгенмен, іс жүзінде оқырманға абайсызда айтылып қалған сөздерге, басқа кейіп­керлердің әңгімесіне назар аударып, өткен өміріне байланысты іс-әрекеттерінің шындығын өз бетінше топшылап, қорытынды жасауына тура келеді.
Исигуро туындыларының негізгі тақырыбы – адамның өзін-өзі алдауы, ол, барлық романдарында осы күрмеуі күрделі мәселеге түрлі қырынан үңіліп, оның себебі мен салдарын зерттеп, тартқызатын тауқыметі мен зарарын көрсетуге ұмтылады.

Амангелді Кеңшілікұлы, сыншы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір