Сазы сырлы Садық
1964 жылы Жамбыл облысында бұрынғы Көктерек ауданы негізінде, аумағы әлдеқайда ұлғайтылған Мойынқұм ауданы құрылды. Көптеген ұйымдастыру жұмыстарынан кейін, 1965 жылғы қарашада І партконференция өткізіліп, жаңа да жас ауданның қаз тұрып, қадам басуына ақ жол ашылды.
Облыс орталығынан шалғайда жатқан өңірге өркенді өзгерістер әкелуді, ер көңілді адамдарының арман-тілегін алға апарып, тұрмыс-тіршілігін жақсартуды мақсат еткен осы үлкен басқосуда:
Кешегі шөл жерге қарашы,
Бас иді Бетпақтың даласы.
Шу бойын жайнатты, қайнатты,
Бүгінгі малшының баласы, –
деп айтылатын «Мойынқұм жастарының вальсі» тұсауын кесіп, оны аудан коммунистері тік тұрып салтанатпен шырқаған еді. Сонымен қатар, концерттегі «Анама» әнін көп адам көзіне жас алып тыңдаған-ды… Бұл әндердің авторы Садық Құнанбаев ол кезде 21 жаста ғана болатын. Жемісі мен жеңісі мол, сәттілікке толы сазгерлік сапары осылай орнықты басталған.
Алғаш шығарған екі әнінің де тез арада ел аузынан түспей кең таралуының, жүрекке жылы тиіп, көңілдің көркін келтіруінің сыры неде? Өйткені, титтей кезінен әкесіз қалып, жетімдік көрген жас жігітке айрықша қымбат жарық дүние сыйлап, аялап өсірген анасы Жәмила болса, сексеуілі серейген, төбесінде ыстық күні шақырайған, табанын оттай құмы қарыған туған жері де ерекше қадірлі, қастерлі еді…
Иә, Қазақстан Композиторлар одағының әрі Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы Садық Құнанбаевтың өмір жолына үңілсек, ғұмыр бойы еңбектенген, ізденген, алға ұмтылған, қиындықтан ықпаған, әр ісін де нықтаған, ауырлықтан қашпаған, жамандыққа баспаған қайсар жанның бет-бейнесін көресіз.
Құлағы қалқиған қара бала жастайынан бар сыр-сымбатын, құпия құбылысын жете түсінбесе де, өзгеше бір тылсым күштің ықпалымен өнерді өзіне етене жақын санады. Бұл енді ана сүтімен дарыған қасиет пе, әлде, жас жанын бесіктей тербетіп әлдилеген құм желінің әуені ме, кім білсін, өте сезімтал, сергек болып өсті. Мектептегі көркемөнерпаздар үйірмесінің белсенді, белді мүшесі атанды, әнін тыңдап, риза болған ауылдың ақсақалдарынан бата алды. Сол кезде-ақ, Абайдың «Сегіз аяқ», Кененнің «Бозторғайын» үзіліп кетердей жіңішке үнімен шырқайтын. Өзі аздап түртіп те қоятын, яғни, тіл ұшында өз-өзінен бір сөз тіркестері тізіліп, онысын өлең деп өзінше мәз болатын. Кейбір сәттілеу шыққаны аудандық «Қызыл ту» (Көктерек ауданы) газетінде жарияланып та жататын. Осы өлеңге деген ынтызарлық ыстық ықылас кейін оны біраз биігіне де шығарғандай, тіпті, бірқатар танымал әндерінің сөзін өзі жазды.
Сонымен, 1958 жылдың көгілдір көктемі де жетіп, Садық ауылдағы жетіжылдық Карл Маркс мектебін бітірді. Енді не істеу керек? Әрине, қамкөңіл жетім баланың ауылдан ұзап шығуы қиындау. Сондықтан елде қалып, үш жыл колхоздың қара жұмысына жегілді – шөп шапты, оны жинады, мал қорасын салды… Оның үстіне анасы Жәмиланың қартайған шағы, қалай тастап кетеді? Бірақ уақыт өте келе шешесі баласының бағын байлауға дәті шыдамай, үлкен орта, халқы мол қалалардан тағылым-тәрбие алуына жөн сілтейді. «Ел ішіндеміз ғой, өлмеспіз. Сен оқышы, жетілші, қарағым!» – деп ақ батасын беріп, шығарып салған.
Сондағы барғаны – аудан орталығы Бірлік ауылындағы кәсіптік-техникалық механизаторлар училищесі. Дәл осында, иә, дәл осында түбіт мұртты бозбаланың алдағы өміріне күрт өзгеріс әкелген жағдай болды. Ол аудандық Мәдениет үйінің директоры Таубай Әбешбаевпен жолығуы еді. «Іздегенге сұраған» дегендей, аға – іні, ұстаз – шәкірт, шебер музыкант – талапкер әнші бір-бірін жаңылмай тапты. Енді Садықтың аңсары тастай суық темір техникаға емес, ыстық лебімен жанын теңіздей толқытатын музыкаға біржолата ауды. Таудай талабы мен талмас талпынысын анық аңғарған Таубай ағасы бір кішкене қара сырнайын (гармонь) өзіне беріп қойды, ол қолынан мүлдем түспейтін болды. Таубайдың соңында жүріп талай концерттерге қатысып, малды ауылды, қырманды аралады.
– Маған Жамбылға барып оқуға кеңес берген де Таубай ағам еді, – дейді Сәкең тағы. – 1962 жылдың қоңыр күзінде Жамбыл мәдени-ағарту училищесіне түстім ғой. Анам болса ауылда қалды. Өзімнің де ішімді әртүрлі әуен түртіп, жалындап жанып тұрған шағым ғой, тұяғымен жер тарпыған жас тұлпардай әлдебір жақсылықты аңсап, тыпыршып тыным таппайтынмын. Ал, алысқа кетуіме анамды көндірген Адасхан Бізбаев сыныптасым. Жамбылда технологиялық институтта оқитын. Қалада жалғызсырады ма, менен бірдеме шығатынын білді ме, бойымдағы үрлесе жанайын деп тұрған ұшқынды байқады ма, әйтеуір, қатты қолқа салды. Осылайша, оның соңынан ердім. Айтқанына көніп, айдауымен жүрдім. Тамақ та, жатын орын да соның мойнында. Мұнда ешкімім жоқ, маған бұдан артық не керек? Ақыры Жамбыл мәдени-ағарту училищесін 1966 жылы бітірдім.
…Жоғарыда айтылған партконференциядан соң жас сазгер жігіттің аты ел аузына ілікті, басшылардың, өнер саласына жетекшілік етушілердің көзіне түсе бастады. Көпшілік жиналған жерде «Мойынқұм жастарының вальсі» міндетті түрде айтылатын. Садық басқа әндерін де жалықпай жазып жатты.
…Жаңа ауданды Айтбай Назарбеков деген керемет тамаша адам басқарды. Өзі Ұлы Отан соғысында от кешіп келген дархан жүректі, парасат-пайымы мол, көреген, іскер еді. Өнерді өте құрметтейтін, жарықтық. Жиырма жылға жуық ауданды басқарғанда шалғайдағы Мойынқұмда еліміздің мен деген өнер адамдары мен қаламгерлердің, журналистердің өсіп, жетілгені, әрине, сол кісінің ықпалы. Оларды Айтекең өзі шақыратын, ондағы ойы – жас ауданның атын шығару, құм төсін қызу іске толтырған еңбек адамдарын дәріптеу, яғни, жарқын істерді паш етіп, жақсылықты көрсету. Сондай ыстық ықылас негізінде осы өлке туралы талай тамаша өлең, жыр, поэмалар, хикаяттар дүниеге келді. Атақты Әзілхан Нұршайықов, тіпті, Айтекең туралы «Райком хатшысы» деген роман жазуды бастағанын біреу білсе, біреу білмес… Классик жазушымыз, сөз зергері Ғабит Мүсірепов болса жиде тоғайының ішіне қазақ үй тіккізіп, аң аулайтын. Ал, Шәмші Қалдаяқовтың «Мойынқұмда ауылым» әні мен Оралхан Бөкеевтің «Құм мінезі» хикаятының өзі неге тұрады!
Талантты жастардың басын қосқан «Мойынқұм» ән-би ансамблінің құрылғаны да осы тұс. 1978 жылы мойынқұмдықтардың Мәскеуге жолы түсіп, орталық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесі алаңында (ВДНХ) өнер көрсетті. Сонда Садықтың «Сенің бейнең», «Жүгеріші қарындас» әндері орындалып, ВДНХ-ның қола медалін кеудесіне тақты. Бір қызығы, әлгі медальдің реттік саны 1000-екен, мұны Сәкең де, әріптестері де сол кезде жақсылыққа жорыған.
1979 жылы «Мойынқұм» ансамблі енді алыстағы мұхит жағалауындағы Португалиядан бір-ақ шығып, айға жуық шет ел аспанында қазақтың әсем әуенін қалықтатты, өздері де шетінен биші оларды әдемі биімен тамсантты. Ол жаққа Сәкең де барып, әндері орындалды. Бәрін де күміс көмей әнші марқұм Зинакүл Қаймақова шырқаған-ды.
– Ол да бір керемет күндер еді-ау, – дейді Садық аға сағынышпен.
– Бәріміз де жаспыз ғой, екі үлкен сапарға да таңды-таңға ұрып әзірлендік. Бізді дайындау үшін Алматыдан арнайы маман алдырылды. Айтекеңнің өзі барынша назар аударып отырды, ал, ауданнан аупарткомның үшінші хатшысы, бүгінде жасы сексенге келген Жұмабек Орынбаев ағамыз бақыласа, облыстан обкомның идеология жөніндегі хатшысы, қазақтың аяулы қызының бірі, қазір Алматыда тұратын Ғайникамал Бибатырова қадағалап отырды.
Сәкеңнің тағы бір қасиеті, барға қанағат етіп тып-тыныш отырмайды, әрдайым әр нәрсемен шұғылданып тынымсыз жүргені. Әйтеуір, әлі де үйренсем, білсем, жетсем, көрсем деуден жалыққан емес. Оған 1976 жылы Алматыдағы П.Чайковский атындағы музыка училищесін, 1986 жылы Құрманғазы атындағы консерваторияны бітіргенін дәлел ретінде айтар едік.
Иә, өмірін өнерге арнаған ол бүгінге дейін 150 әннің, жеті аспаптық шығарманың, екі кітаптың авторы. Жоғарыда сөз еткеніміздей, көбіне ән мәтінін өзі жазады. Мысалы, «Мойынқұм таңы», «Бетпақдала – бай дала», «Сенің бейнең», «Жүгеріші қарындас», «Көктерегім», «Ақ аралдың аруы», «Батыр ата – Бауыржан», «Жазылбек туралы жыр», «Тәуелсіздік – ұлы күн», тағы басқаларын тілге тиек ете беруге болады.
Садықтың бірнеше әнін әйгілі Нұрғали Нүсіпжанов өз репертуарына енгізген. Сол сияқты Ғазиза Жұмекенова, Талғат Күзембаев және Ермек Әбілдаев сияқты әншілер де шығармаларын орындады.
«Қос жұлдыздың жарығы», «Биназар», «Асылдың сынығы», «Қарадан шыққан қарагер» деп аталатын шағын дастандарынан да жазу шеберлігі бірден білінеді.
Сәкең Мойынқұмның сонау Бетпақдаламен түйісіп, құшақ айқастырған жерінде орын тепкен Ұланбел ауылының қызы Сәуле Тілеубаевамен 46 жылдан бері бір шаңырақ астында. Ол, шын мәнінде, өнердегі де, өмірдегі де жолдасы. Талай тамаша әннің шығуына себепкер болған, өзі де әнші.
Сәкеңнің көптен бері жазып жүрген, өзі «Тізіліп түскен тіркестер» деп ат қойып, айдар таққан, бір-екі жолға үлкен мағына сыйғызылған халықтық сын-сипаттағы ой орамдары да бар. Мысалы, олары «Қабанға ну керек, күрішке су керек», «Өгіз өлгенше сүйрер, асау көнгенше жүрер», «Ар мен ұят туысқан, шығарып алма уыстан», «Қоянды құмы асырайды, арқарды шыңы асырайды», «Жусан отын дегізбес, есек атым дегізбес», «Тұлпарға бәйге керек, түлкіге айла керек», «Қауынның тәттісі жақсы, қиярдың қаттысы жақсы», «Жылқының жасы жақсы, арықтың басы жақсы» деп жалғасып кете береді.
«Туған жердей Отан жоқ, түйе жүндей шапан жоқ» деп жазғаны да бар. Шынында да, Садық ағамыз бәріміз сияқты өзінің туған жерін өте сүйеді. Алайда, ол сүйіп қана қоймай, оны өзінің әсем әндеріне алтын арқау еткен, өлеңдерімен өріп өзек еткен. Сондықтан да әрбір туындысының туында «Мойынқұм» деген жазу анадайдан айқайлап тұрады деп бейнелеп айтсақ та артық болмайды. Елді, жерді құрметтеудің үлкен үлгісі бұл! Тіпті, бір кітабының «Менің Мойынқұмым» деп аталуы тегіннен-тегін емес.
Сырлы сазымен, жанының жазымен, өнегелі ісімен, өнердегі күшімен елге шаттық сыйлап отырған Садық Құнанбаев ағамыз алда да ел-жұртын қуанта береді деп ойлаймыз.
Берікбай ҚАДЫҚОВ,
журналист.
ПІКІРЛЕР2