Сырлы саздың құдіреті
17.08.2022
744
0

Қазір Шәмшіні еске алу кештері жиі өткізіліп тұрады. Сонда да қай сарай, қандай зал болсын, бос орын деген мүлде болмайды. Қайта «артық билет жоқ па?» деп концерт өтетін ғимараттың алдында жұрт жосып жүреді. Залдағы көрерменнің арасында бала да отырады, дана да отырады. Шығармалары халық арасына кең тарап, өзі де аңызға, сағынышқа, тіпті әнге айналып кеткен дәл осындай басқа тұлғаны табу қиын-ақ. Мұның сыры неде?

Қазақ әнінің
тынысын кеңіткен кемеңгер

Өнертанушыларымыз бұл сұраққа әлі де нақты ғылыми байламын, түбегейлі түсіндірмесін түйіндеп бере қойған жоқ. Әйтсе де, әр-әр жерде айтылып-жазылып жүрген пікірлер мен тұжырымдарды бір арнаға тоғыстыра келгенде, Шәмші туындыларының халық әндерімен үндестігі, оның Ақан, Біржан, Жаяу Мұса сынды халық композиторлары дәстүрінің жаңа заманға сай жалғастырушысы және әрі қарай дамытушысы екені туралы қорытынды шығаруға болады.
Бұл тұрғыда марқұм ақын Қадыр Мырза-Әлінің көкейге қонар мына бір жүйелі сөзіне арнайы тоқталған абзал:
«Шәмші Қалдаяқов – қазақ әндерінің ырғақтық, дыбыстық, тіпті тыныстық көкжиегін одан әрі кеңейте түскен көрнекті композитор. Оның «Ақсұңқарым», «Ақмаңдайлым», «Сағынышым менің» секілді саржайлау әндеріне құлақ түріп көріп көріңіз.
Шилі өзен, қамыс-ай,
Бізді ойлай жүр, таныс-ай!
Немесе:
Ахау, айдай,
Қызыл бидай,
Болғанша жарың жаман
Алсын Құдай!
– деген іспетті қызықты да құдіретті, бірақ белгілі дәрежеде қағида-канонға айналып кеткен шолақ қайырмалар Шәмші әндерінде жаңа дамуын тапты. Дәлірек айтсақ, одан әрі биіктеп, одан әрі кеңи түсті. Екі тармақты, үш тармақты, әрі кеткенде төрт-бес тармақты дәстүрлі ән қайырмалары Шәмші Қалдаяқов әндерінде он екі, кейде тіпті он алты, он жеті тармаққа шейін көтеріледі. Өлеңнің көзімен қарағанда, бір тармақтың көптігінде немесе бір тармақтың тапшылығында тұрған ештеңе жоқ. Ал әннің жөні бір бөлек. Ондағы артық әр тармақ – артық бір дыбыс, артық бір тыныс. Біржан атамыздың белгілі сөзімен айтқанда, «әр тармақ – бір взвод секілді». Шәмші Қалдаяқов шығармашылығы – Әмудария сияқты, Маршакша айтар болсақ, А-сынан Я-сына дейін – ұлттық, халықтық. Бір жарқ етіп өше салмай, музыка аспанында ұзақ тұрып қалуы да, міне, осы құдіреттілігінде» («Шәмші» кітабынан, «Нақ-нақ» баспасы, 2002 жыл, 204-205-беттер).

Оны көкке
көтерген – көркем
мінез

Әннің өмірге келуі жөнінде қилы-қилы пікірлер айтылып жатады. Кейбіреулерге ән шығару тіпті өте оңай іс болып көрінетін секілді. Әлін білмей әлек болатын бүгінгі қайсыбір қарағымдар тіпті мұны конвейерлік деңгейге түсіріп, елге мазақ бола бастады. Күніне бір ән жазып тастайтын олардың саны көп, сапасы жоқ «туындыларын» қанша тыңдасаң да жадыңда қалмайды. Өйткені бойында қазақы нәр жоқ, тамырында ұлттық қайнар жоқ.
Әннің туу процесі мен авторлық қолтаңбаның қалыптасуы туралы кезінде Шәмшінің өзі де ой толғаған екен.
«Ән шығару қызық қой, – депті композитор бір естелігінде. – Әу баста «қайдан, нені тапсам екен?» деп жүресің. Жолсызбен жүру шарт. Біреуді қайталамау үшін – өзіңе-өзің сақшы болуың керек. Өзіңді-өзің аңдып жүрмесең, басы қатты тұлпар секілдісің. Өз тізгініңді өзің қатты тартқың да келмейді. Сөйтіп жүріп, абайсызда, алғашқы тұлпарлардың салып кеткен жолымен тартасың. Біраз шапқан соң, ол сенің жаңадан ашып келе жатқан соқпағың болмай, бұрыннан салынған ескі сүрлеу болып шыға келеді. Біраз еңбек еткен соң қимайсың да, «ән өнеріндегі жолдар көп қой, оның қайсы екенін кім біліп жатыр?» деп өзіңді-өзің алдайсың, жұбатасың. Бірақ оған арың көнбейді. Демек, мәселені басынан бастауың керек немесе сүрінген жеріңнен басқа бағытқа қарай алып қашуға мәжбүрсің. Бұл репетиция көпке дейін қайталана беруі де мүмкін…»
Бұл – әйгілі композитордың өз басынан кешкен жағдайы, жан сыры. Жауһар дүние лезде туа салмайды, қаншама қажырлы еңбекті қажет етеді. Ол да – бала іспетті. Өнер адамдарының «іштен шыққан шұбар жылан ғой, қайтейін…» дейтіні де содан. Айы-күні толып, толғағы жеткенше, баста пісіп-жетілгенше сан рет жан азабына салып, әуреге түсіреді. Шәкеңнің әлгі «оған арың көнбейді» дейтіні – сол соны соқпақты іздеуі, қайталаудың қара жолына түсіп шаба беруден саналы түрде бас тартуы. Бәлкім, сонысымен де ол Шәмші болған шығар.
«Шәмшіге Алла керемет талантпен қоса жақсы мінез берді. Оны биікке көтерген де – сол жайсаң мінезі, қарапайым болмысы. Қашан көрсең балаша күлімдеп, жүрегін жұлып бере салатындай боп жүретін. Шыны керек, сөйтіп жүріп анадай керемет әндерді қашан, қайтіп жазып үлгерді – кейде таңғаласың… Сөйтсем, ол сол жүрістің өзінде жанын жеп жүреді екен ғой…» дейді сұхбаттарының бірінде әйгілі актер Асанәлі Әшімов.
Яғни, талантты адамның мінезсіз болмайтыны рас, бірақ ол мінездің ақыры менмендікке апарып соқпауға тиіс. Астамшылдық пайда болған жерден талант тартыла бастайтыны – өмірде сан рет дәлелденген нәрсе. «Мен – талантпын, мен – ерекшемін, ел менің осы мінезімді көтеруге міндетті!» деп кеуде қағып, тасыраңдап кеткен талай таланттың тағдыры тарих беттерінде сайрап жатыр. Ал Шәкеңнің бойындағы көркем мінез – керісінше, жібектей есіліп, майдай еріп тұрған мейірімділік, мәдениеттілік, қарапайымдылық екеніне ұлы композитормен кезінде жақсы араласқан Асекеңнің әлгі әңгімесі куә.

Елдің бар аймағына
ән арнады

Шәмші әні шырқала қалса, менің есіме… ауыл түседі. Сонау бір қиянда қалған балалық шақтың аяулы сәттері көз алдыма елестеп, сағыныш әуезі құлағыма талып жеткендей болады. «Даланың гүлдері шешек жарған…» деп, мектеп сахнасында қол ұстаса ән салып тұрған қатар-құрбыластарым ойыма оралады. «Сол бір кез есімде, жағасы бұлақтың. Айлы жаз кешінде, сырласқан ұзақ түн…» деп ыңылдай отырып кілем тоқитын әпкелерімнің жас кезі көз алдыма келеді. Шілдехана, бастаңғыларда жеңгелеріміздің:
«Кел, билейік, кетпе
менің қасымнан,
Қызғалдағым, таң нұрымен ашылған.
Сезім шіркін ақ жаңбырға ұқсайды,
Алматыда жаңа жауып,
жаңа жауып басылған»,
– деп сызылта шырқайтын сәттері қандай керемет еді…
Шәмші ағамыздың шетелдерге қаншалықты шыққаны, сапарлағаны туралы аса көп дерек жоқ. Есесіне, ол кісі Қазақстанның түкпір-түкпірін түгел аралады десек, қателеспеспіз. Елдің қай өңіріне, қай ауданына, тіпті қай ауылына барса да, оны халық құшағын жайып қарсы алды. Көрермен қауымның өзіне, өнеріне деген ықыласы, әрине, жауапсыз қалған жоқ. Шәкең де елін, жерін, жұртын жүрегімен сүйді. Соның жарқын көрінісі, нақты дәлелі болып қаншама тамаша әндер қалды.
Композитордың ән мұрасына зер сала үңілген адам, шынында да, оның ән арнамаған аймағы қалмағанын аңғарар еді. «Ақ ерке – ақ Жайық», «Ақсудан ұшқан аққуым», «Арыс жағасында», «Арқалықтың ақ таңы», «Байқоңыр», «Жарқырайды Жезқазған», «Көккөлдегі кештер», «Кел, Бурабайға!», «Қарқаралым», «Мойынқұмда», «Мұнаралы Маңғыстау», «Отырардағы той», «Сыр сұлуы», «Талдықорған – әнім менің», «Тамды аруы», «Теріскей», «Шығыстың шолпаны», «Шалқар түні», «Фосфорлы Жамбыл»… тағы басқалар.
Қазақтың бүкіл даласын әнге қосып, әнге бөлеп, әнмен тербетіп кеткен Шәмші Қалдаяқов қазақпен мәңгі жасай бермек.

Сәкен СЫБАНБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір