Ақжаннан алғыс, Сәбиттен бата алған…
29.12.2017
1944
0

***
– Ілияс-ау, мына бір болайын деп бұл­қы­нып, жарып шығайын деп жұлқынып тұрған жас талантты қайдан тауып алғансың? – дейді Сәбит Мұқанов Ілияс Есенберлинге.
– Менің маңайымда ыңғай таланттылар ғана жүреді ғой, Сәбит аға. Бұл да солардың бірі – Ұлықпан Сыдықов деген бауырымыз. Өткенде Политехникалық институттағы фарабитанушы академик Ақжан Жақсы­бек­ұлы Машани телефон соғып, қабылдап, сөй­ле­суімді өтінген еді.
– Техниканың тілін үйреніп, инженерлік­тен сыр суыртпақтап жүрген бала болды ғой.
– Мектепте оқып жүрген кезінде-ақ физика, математика пәндері бойынша республи­к­алық, аймақтық олимпиадаларға қатысып, бірнеше дүркін жүлдегер атанған бұл бала за­ман талабына сай, елімізде әзірше сирек кез­десетін мамандықты меңгеруге құлшыныс жасап, Политехникалық оқу ордасының Автоматика және есептеу техникасы факуль­тетіне оқуға түсіпті. Инженерлікке талпынысы өз алдына, жүрегі жыр жырлап тұр. Түрт­пек­­теген талант қойсын ба, өзі сынды өлең, әң­­гіме жазатындарды жинап, оқитын шаңы­ра­ғы астынан «Бәйшешек» атты әдеби бірлес­тік құрып, соған жетекшілік жасап жүр
ек­ен.
– Ілияс-ау, «Бәйшешек гүл жарғанда…» дей­тін «мінезділеу» гүл емес пе?! Бірлестіктің атын да тауып қойған екен. Әрі КазГУ-ден бас­қа Алматыдағы жоғары оқу орындарында мұндай талпыныс жоқ еді ғой.
– Сәбит аға, гүлдің сол тектілік «мінезі­нен» жасқанатын болса керек, «Үш әріптің» адамдары тиісіп, бұл баланың әдеби бірлестік құрып жатқан әрекетінен де астар іздейтін көрінеді.
– Әдебиет ауылына жанашырлық жасап жүр­ген жас жігітке көптеп көмектесейік.
– Соның түрлі жолдарын ойластырып жатырмыз.
– Істерің сәтті болсын, қарақтарым.
Міне, осылайша әдебиеттің қарашаңырағы мен техникалық білім ошағы арасындағы байланыс қызу қарқында өрістеді. Оқу орда­сы­ның үлкен залына апта сайын, болмағанда ай сайын ақын-жазушылар жиналып, әр ал­уан тақырыпта кеңес құрып, дүркіреген жыр мерекесін өткізетін болды. Алғашқыда бес-алты рет Ілияс Есенберлин бастаған қалам­герлер әдебиет, мәдениет, дәстүр-салт, тарих туралы студенттермен жүрекжарды кездесулер өткізсе, біртіндеп Мұзафар Әлімбаев, Қаб­деш Жұмаділов, Дулат Исабек, Смағұл Елубаев және сол тұстағы жас ақын-жазушы­лар Қажытай Ілиясов, сол оқу орнының өз түлегі Иран-Ғайып және Тынышбай Рахимов, Жұматай Жақыпбаев, Сағат Әшімбаев, Жарасқан Әбдірашев, Шөмішбай Сариев, тағы басқалар инженерлер шаңырағына жиі қонаққа барып, болашақ мамандарды жырмен, ән-күймен сусындататын болды. Ән-күй демекші, әдебиетіміздің алыптарының бірі Сә­бит Мұқанов өзімен бірге барғандардың арасынан жазушы Сәкен Жүнісов пен ақын Тұрсынхан Әбдірахмановаға ән салдыруы студенттер жанын толқындай тербесе, оқыр­мандар қолдан-қолға жөнелтіп оқитын сол тұстағы «Мөлдір махаббат», «Ботакөз» кітап­тарының авторы айтқан аталық ұлағат тың­дар­мандар жүрегіне нұр ұялатқан еді. Сол жолы жүздесу соңында ұйымдастыру шебері – жас студентке дуалы ауызды Сәбит Мұқа­нов батасын берген. Бірінен-бірі тартымды тағылымдық кездесулер «Бәйшешек» әдеби бірлестігінің атағын осылайша кеңге жайды. Алматыдағы жоғары оқу орындары мен тех-н­и­кумдардың, әр алуан кәсіптік училище­лердің оқушы жастары жүздесу хабарларына асыға құлақ түріп, сол күні «Бәйшешек» клубы ме­кен-жайына қарай ағылатын болды. Театр өнерінің тарландары Серке Қожамқұлов, Сәбира Майқановалардың әзілге толы әңгі­мелері мен сахналық қызықты қимылдары зал көрермендерін күлкіге қарық қылатын. Әзіл­хан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдары» қыз-жігіттердің қызу пікір-таластарын тудыратын. Сатираның сайып­қыраны Оспанхан Әубәкіров пен оның шаш­бауын көтерушілер күлкі сүйер қауымның құрметіне бөленетін. Жалғаса жастар жүрегіне жол тапқан кездесулердің өтуін сол кездегі институт ректоры, жайсаң жанды академик Әш­ім Омаров та қолдап отырды. «Бәйше­шек­ті» гүл аттыра кең алқапқа «жайқалтқаны» үшін Ұлықпан Есілханұлы осы іске бел шеше кіріскендегі алғашқы ақылшы ұстазы, академик Ақжан Машанидың алғысына бөлен­ді…
Әдебиеттің құдіреті «тырнақ астынан кір іздеген» үшәріптіктердің теріс пиғылды жөнсіз қудалауларына да тиым салған еді.
Институттың қоғамдық жұмыстарында осылайша оқытушылар назарын ерекшелене аударған Ұлықпан оқуда да қатарластарынан озықтығын танытты. Міндетті пәндерді еркін игере жүріп, қоғамдық ғылым саласына өзгеше ден қойды. Сөйтіп, философия саласы бойынша студенттер конференциясында жасаған баяндамасы Бүкілодақтық конкурс­та бәйге алды. Міне, бұл жетістік осы саланы зерделей зерттеуге кең жол ашты. Ұ.Сыдықов мұны оқу бітірердегі диплом жұмысына ұластырған еді. Институтты үздік тәмамдаған оның қоғамдық пән саласындағы жетістік­терін қадағалап жүретін сондағы философия кафедрасының меңгерушісі, атақты академик Досмұхамбет Кішібеков аспирантураға шақырып, ұстаздық қызметке қабылдады. Енді ғылым жолына беріле бет бұрған ол ізденімпаздықпен жетекшісін риза ете жүріп, оқытушылық қабілетімен де дараланды. Студенттерді қоғамдық жұмыстарға тартудың нағыз ұйымдсатырушысы атанды. Ғылым саласындағы тынымсыз ізденісі де нәтижесін беріп, ертерек ғылым кандидаты атанды. Барлық саладағы еңбекқорлығы оқу ордасы­ның басшылары тарапынан ескеріліп, 29 жасында өзі оқыған факультеттің декандығы­на сайланды. Қай іске болса да аса жауапкер­шілік­пен қарайтын жас ғалым ұстаздық қызметін атқара жүріп, докторлық диссертациясын да өте сәтті қорғады. Асқан қағілез­дігі­мен өзгелерге үлгі болған, ол жаңа құры­лым­дағы Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық университеті жанынан Жаратылыстану гуманитарлық институттын ашуға мұрындық болып, оны өзі ұзақ жылдар басқарды. Кейін­де сол институтқа ұстазы, көрнекті фарабитанушы академик Ақжан Машанидың есімін беруге ұйытқы болды.
Ұстаздық жолда да, ғылыми ізденісте де, ұйым­дастыру іскерлігімен де өз ортасына өнеге болған ол сол білім шаңырағының проректоры қызметіне дейін жоғарылатылды. Өзіне жүктелген тәрбие саласын жаңа бағытта құра жүріп, студенттердің қазақша оқып, мемлекеттік тілде білім алуына жол ашты. Қайсыбір қатып қалған қара сеңді бұзып, Қазақ тілі қоғамын құрып, оған төрағалық жасады. Басшылық сенімін қашан да ақтай­тын Ұ.Сыдықов енді шаңырақ астынан тұңғыш ашылған Халықаралық қатынастар проректорлығына тағайындалады. Жаңалық­қа жаны құмар ғалым өзге елдермен байланыс жүйесін тез арада нығайтып, Азия, Африка, Латын Америкасы секілді басқа да елдердің студенттерінің біздің оқу ордамызда білім алып, тарихымызды, мәдениетімізді, дәстүр-салтымызды үйренулеріне мүмкіндік жасай жүріп, аталмыш елдерде біздің жаста­ры­мыз­дың да оқу-тәжірибеден өтулеріне әралуан әрекеттер жасады.
Оқыту, тәрбие ісі мен қоғамдық жұмыс­тарда үлгі жолын салған Ұ.Сыдықов республика ғылымына да бір адамдай еңбек сіңірді. Оның ізденімпаздығы мен зерттеушілігінің нәтижесінде жазылған 9 монография, әрсала­лы 20-дан астам оқулық, 11 брошюра сынды 350-ден астам ғылыми-публицисти­калық, оқу-әдістемелік еңбектері жарық көрді. Ұс­та­зы, академик Д.Кішібековпен бірігіп, мем­-
­л­е­кеттік тілде алғашқы «Философия» оқулы­ғын дүниеге әкелді. Арасында «Ин­же­нер­лік еңбектің социологиясы» оқулығын да студенттерге тарту етуді де ұмытпады. Тәрбие ісі саласындағы тәжірибелерін жинақтау нә­ти­жесінде жазған «Бүгінгі студент жас­тар­дың тыныс-тіршілігі мен әлеуметтік рухани болмысына мониторинг жасау», «Ұлттық рух және ақпараттық кеңістік» ғылыми моногра­фия­ларын жастар жылы қабылдады. Тынымсыз еңбектенуге де дағдыланған ғалым ізбасар­лар дайындауды да ұмытпай, бір ғылым докторы мен 5 ғылым кандидатына, 6 магистрге жетекшілік жасады.
Ақпараттық кеңістік демекші, жұмыс арасында университеттің тыныс-тіршілігі мен ішкі жаңалықтарының, шығармашылық жетістіктерінің жаршысына айналған «РАС» газетін шығарып, оған редакторлық қызметті қоса атқарды.
Профессор Ұ.Есілханұлы ғылым, оқу-тәр­­­бие ісімен ғана шектеліп қалмай, оқу ор­да­­сындағы көркемөнерпаздар өнерінің өрістеуіне белсене араласқан. Ол «Дос-Мұ­қа­сан» вокальды-аспаптық эстрадалық ансамблінің негізін қалушылар қатарында Қазақстанның өнері мен мәдениетіне үлкен үлес қосты. Ғалым-ақын – ансамбль репертуа­рын­дағы бірқанша әндердің сөздерінің авторы. Жас шаңырақ көтерушілердің әнұраны сынды «Той жыры» әнінің өлеңін жазған Ұлықпан Сыдықов – Қазақстандағы «Қазақ этрадасының аңызы» атағына ие «Дос-Мұқа­сан» құрамындағы аса сирек талант­тардың бірі. «Қуанышым менің», «Бойжеткен», «Әсем жұлдыз», «Ғашығым» сынды махаббат саздары ансамбль репертуарында тұрақты сақтал-ған. «Ару қыздар» әні 2000 жылғы Республи­калық «Жаңа ғасыр – жаңа ән» конкурсының дипломын еншілесе, «Алау сезім» әні қыз-жігіттердің жүрек қылын шерткен толастамас сыр. Досым Сүлеев, Мұрат, Данияр Құса­йынов­тармен бірлесе дүниеге әкелген «Сәтбаев университеті» гимні білім ордасы ұжымының мақтаныш әніне айналған.
Қазақстан Шығармашылық академиясы­ның мүшесі Ұ.Сыдықов қоғамымыздағы алмағайып жағдайлар кезеңінде еліміздің радио, теледидар хабарларының өрістеуіне де ат салысты. Әдеби көркем сынның дарабозы, көрнекті журналист Сағат Әшімбаевпен бірігіп «Жүректен қозғайық» хабарлар циклін жүргізгенін қалың жұртшылық әлі ұмыта қойған жоқ. Онда қоғамымыздың өркендеуіне, қазақ тілінің қанатын кеңге жаюуына, хал­қы­мыздың әлеуметтік жағдайларының ше­шімін табуына кедергі болып отырған қай­сыбір мәселелер сын тезіне алынып, аяусыз әшкереленді. Оған тиісті мекемелердің жауап берулері талап етіліп, өзекті жайларға қозғау салынды. Әсіресе, жастарды ұлттық рухта тәр­биелеу, сана-сезімдеріне жаңаша серпіліс жасау мәселелері тыңдармандардан жаппай қолдау тапты. Ұлықпан Сыдықовтың тарихшы ғалым, профессор Ахмет Ержанов, ұстазы академик Досмұхамбет Кішібеков – үшеуі он жыл бойы қанаттас жүргізген «Республика өмірінің өзекті мәселелері» телехабарларында да мемлекеттік тіл, ұлт болашағына қатыс­ты көптеген таласты ой-пікірлер қаузалды. Ұлық­пан Есілханұлы «Қазақстан», «Хабар» те­леарналары мен «Қазақ радиосынан» әлі қол үзе қойған жоқ.
Ол ғалым ретінде ғылым саласында тынымсыз іздену барысында тындырған еңбек­терін өндіріспен ұштастыруды да басты міндеті санады. Қайсыбір елдімекендер мен республика өңіріндегі өндіріс орындарына жиі барып, іс-тәжірибе алмасымын жасап, олардың жетістіктерінен көңіліне түйгендерін аудиторияда оқитын лекциясын байыта түсу­ге пайдалануды берік дәстүрге айналдырды. Студенттердің оның дәрісін тыңдауға жұмыла ұмтылатындары да сондықтан болар-ау…
Ұ.Есілханұлының республика жұртшы­лығы алдында сіңірген көп- салалы осындай еңбектері мемлекет, үкімет, тиісті министр­ліктер тарапынан лайықты бағасын да алды, Республика президентінің Алғыс хаты, Құрмет грамоталары мен дипломдар дүркін-дүркін табысталып жататын. Ғылым, білім, ұстаздық саласындағы жетістіктеріне «ҚР Білім саласының құрметті қызметкері», «КСРО білім саласының үздігі», «ҚР мәдениет қайраткері» атақтары берілсе, республика ұлттық ғылымын дамытуға қосқан үлесі үшін «ҚР ғылымына сіңірген еңбегі үшін» төсбел­гісі кеудесінде жарқырады. Ол «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағына да ие.
Ұлықпан Есілханұлының бір аяғы қашан да кіндік қаны тамған, қара шаңын кешкен туған жерде. Ұлы істерден мойны босай қалса, Шығыс Қазақстан облысының Мақаншы ауылына қарай қанат байлап ұшады. Барыс, келіс барысында ел-жұртын ұйымдастыра жү­ріп, туған інісі Қайранбақыт Есіл­хан­ұлы­ның тікелей қаржылық көмек көрсетуімен ау­дан ор­талығына қазақтың халық батыры, даңқты қолбасшы Қаракерей Қабанбайдың ес­керт­кішін орнатты. Жас ұрпақты елін, же­рін, Отанын аялаушылыққа, жүректеріне па­т­риот­­тық сезім ұялатуға үндеп тұрған ес­керт­­кіш еңселі де тұғырлы-ақ.
Аудан басшылары да Ұлахаңның ақкөңіл­дігіне әбден иек сүйеп алған. Халықтық мерекелер, жиын-тойлар жерлес ғалымдарының ұлағатқа толы сөз сөйлеуінсіз өтпейді. Жер­лес­терінің де ықыласты сыйына бөленген Ұ.Сыдықов Мақаншы ауданының құрметті азаматы.
Уақыт ырғағымен жүріп академик Ақжан Машанидың алғысына бөленіп, Сәбит Мұ­қанов­тан бата алған қоғам қайраткері, ғалым, ұстаз Ұлықпан Сыдықов бұл күндері өмірдің жетінші белесінің биігінен қарап тұр.

Еркін ЖАППАСҰЛЫ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір