Жұлдызды жырлар жарқылы
Астанадағы Маңғыстаудың мәдениет күндері аясында көрнекті ақын О. Тұржанның шығармашылық кеші Елордадағы Ұлттық Өнер академиясының «Шабыт» шығармашылық сарайында өтті.
Иә, қос рухани төріміз – Алматы мен Астанада талай-талай тартымды әдеби кештер, поэзия кештері өтіп жүргені белгілі. Солай дегенмен де арқалы ақын О.Тұржанның Маңғыстау облысы әкімдігінің қолдауымен Елордада өткен шығармашылық кеші әдеби-сазды композициясымен де, шебер режиссурасымен де ерекше әсерлі, әрлі де нәрлі, тарихи-тағылымды сипатта өтті.
Оңайгүлдің есеп беру шығармашылық кешіне «Теңіздер де шөлдейді» деп тың да, тосын ат қоюы тегіннен-тегін емес. Бұл арада ақын теңіз бейнесінде өзінің туған халқын – қазақтың қилы тағдыр-тарихын, шын мәніндегі азаттықты көксеген арман-мұратын бейнелеуге бел буады. Теңіз-Қазақтың таңдайы мен аңқасын кептірген сол – азаттықтың шөлі.
Ақын кейіпкерлері де табиғат перзенттері – теңіз, құм, жусан… Осылай да тебіреніп, көркем образ жасауға болады екен.
Драмалық-сазды композициялық қойылымның соңында астаналық зиялы қауымның бірқатар ой-пікірлерін де айта кетуді жөн санадық.
Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбаев: «Спектакль сәтті шыққан. Бір тақырыпты қуалаған. Бостандықты қалай қарсы алдық, қалай қуанып жатырмыз, соны көрсетуді мақсат тұтқан. Ал менің қолымдағы соңғы кітаптың (О.Тұржан,«Жыр кітабы») тақырып аясы кең. Бұрын да талантты қыз екенін білетінмін. Енді үлкен тұлға болып пісіпті. Қазақ поэзиясында өзіндік жеткен шыңы, алған асуы бар, бәйгілі, үкілі бала. Жаңа кітабын қайта оқып шықтым. Мен жүрген ел, жер, тіпті мен білмей, түсінбей кеткен, байқамаған сырлар ашылған.
Каспий теңізінің жағасындағы ел Еуразия даласындағы ең алғашқы ашылған ел болуы керек. Үлкен мәдениеттер жасалған жер. Тұран көкке шапшып кетті. Біз бір кезде Еуразия даласын игерген халықпыз.
Ал лирикаға келсек, Римде 2000 жыл, Францияда IV ғасыр, орыста ІІ ғасыр, қазақта І ғасыр бұрын лирика болды. Өйткені, қазақта бұрын әлеуметтің алдында айтылатын эпика болатын, лириканың тек белгілері ғана болды. Әйткенмен, Абайдан бастау алған мәдениетті лирика өткен ғасырдың 50-60-жылдарында қазақ әдебиетінде де дербестене бастады. Сөйтіп, қазақ ақындары да бір тақырып, концепцияның төңірегінде кітап шығаратын болды.
Оңайгүлдің кітабынан да осы лирикасын көрдім. Әдебиетке үлкен ақын келді. Аман жүр, сабырлы бол», – деп бағасын да, батасын да берді.
Ал көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков: «Әрбір өңірдің өнері мен мәдениетінен есеп беруі дәстүрге айналды. Маңғыстау дейтін қазақтың жері қандай керемет, жалпы, «ман» деген адам деген сөз, Адам-Атаның түскен жері ме деп те ойлаймын. Жалаңаш, таулар, адамды үрейлендіретін құдіреттер бар. Әбіштей дана, Оңайгүлдей дарынды бала да шыққан. Сен төгіліп тұрған жырларыңмен адамзат тарихынан бастап қазақтың басынан кешкен азапты да, басына орнап тұрған азаттықты да қозғадың. Сен үлкен, көшелі ойлы ақын атандың. Бұл өзі жаратылысыңнан ғой деймін», – дей келіп, Ә.Кекілбаевтың ұсынысымен Оңайгүлді Еуразия университетіне қызметке алғанын, оның ғылым жолында да талмай тер төгіп келе жатқанын атап өтті.
Жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Т.Әбдіков: «Әдебиетте қазаққа жақыны – поэзия. Кейде адам бір әдебиеттің ішінде жүріп бір-бірін көрмейді. Оңайгүлдің өлеңдерін оқи отырып, таң қалдым. Тарих, ой, сезім поэтикалық формаға түскен. Ал поэзия жаңа тіркестер, ойсыз болмайды. Жақсы ақындар өз бағасын алуы, сынға ие болуы керек. Менің Оңайгүлге тілейтінім де осы», – десе, Астанадағы қазақ-түрік академиясының президенті Д.Қыдырәлі: «Астана деген сөз – табалдырық, есік, құтты босаға деген мағына береді. Астана Еуразия континентіндегі Еуропа мен Азия арасын жалғап тұрған ұлы даладағы ұлы қақпа секілді. Қазір өңір-өңірлерден келіп, бір-бірінің мәдениеті мен өнерін тани түсуде. Маңғыстау – мәдениеті бай, еліміздегі рухани ордалардың бірі. Сондықтан еліміздің ордасында ел мәдениетіне үлкен серпін берері сөзсіз. Түркі дүниесі тақырыбын толғап жүрген Оңайгүл ақынның жырлары халқымыздың рухани қазынасын байыта бермек», – деп атап өтті. Жазушы Роза Мұқанова: «Біздің үйдегі ағасы (жұбайы Ә.Тарази) Оңайгүлді Қиынгүл деп атайды. Қиыннан қиыстырып жыр жазады дегені болар. Ақын бақытты да бола алады. Оңайгүл соның айғағы»; ҚЖО Атырау облыстық филиалының директоры Қ.Жылқышиев: «Маңғыстау облысының ақынын аялап, аспанға көтеріп жатқанына ризамын. Оны Фариза апасы қасына бекерден-бекер ерткен жоқ. Оңайгүлдің «Махамбетке барар жол» деген поэмасы да бар. Оның басты кейіпкері мен едім. Маңғыстау мен Атырау әлденеше рет қосылып, бірнеше рет бөлінген. Сол кезде бір қоржын қалып қойыпты. Соны Оңайгүл керемет өлеңдерге толтырсын деп алып келдім»; «ҚазМұнайГаз» ҰК баспасөз қызметінің жетекші маманы Ш.Қазығұлов: «Құдай өзі беремін деген адамына дарынды, қадір-қасиетті үйіп бере салады. Алайда, адамды сын тезіне салады. Берген сыйды ұстай алатын да, уысынан шығарып алатындар да бар. Ал Оңайгүл өзіне Алла Тағаланың берген сұлулығы мен ақыл-ойы, өнерін әлпештеп, қастерлеп, халқының жоғын жоқтап, мұңын мұңдап, жырын жырлап келеді», – деген пікірлерін ортаға салды.
Маңғыстау облысының әкімі А.Айдарбаевтың мереке иесіне құттықтауын облыс әкімінің орынбасары Б.Нұрғазиева оқып, сый-сияпат жасай келіп, «бір ауыз өлеңмен қаншама әңгіме жеткізуге, елдің рухын көтеруге болады. Мен қатты риза болдым. Алдағы уақытта сіздің шығармаларыңызды насихаттауға атсалысамын. Шығармаларыңызды мектеп қабырғасынан оқытуға күш салуымыз керек» деген келелі пікір айтты. Еуразия университетінің проректоры Д.Қамзабекұлы өз сөзінде бұл кештің Астана үшін де, ЕҰУ үшін де әсерлі, маңызды кеш екенін айта келіп, ЖОО ректорының құттықтауын жеткізді. Кеш соңында О.Тұржан жиналған қауымға ризашылығын білдірді. Оңайгүл осынау сахналанған бірегей шығарманы біртұтас дүние етіп сомдап шығарда өзіне режиссер Балтабек Нұрғалиевтің, декорация және сахналық костюмдер авторы, дизайнер Гүлзира Нәдірбекованың көп көмегі тигенін айрықша атап өтті. Сөз жоқ, мұндай классикалық қойылымды, оның ішінде, жас та болса дарынды Қазақ Ұлттық Өнер академиясының студенттері, Маңғыстаудың «Ақжарма» фольклорлық-этнографиялық ансамблі, әнші Тамара Асар, «Наз» би ансамблі бар, туындыны алдағы уақытта республикамыздың Алматы шаһары мен а ймақтарында да көрсетсе, нұр үстіне нұр болмақ.
Ғалым ӘРІП.