«ЖҰЛДЫЗДЫ» ОҚЫҢЫЗДАР!

«Жұлдыз» журналының кезекті 4- саны (2024) жарық көрді. Журналдың бұл жолғы беташары ретінде Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл Сарайшықта өткен Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінен үзінді берілген. Мемлекет басшысы бұл сөзінде ел тарихын білудің маңызын айта келіп, елімізде қазақ тілінің мәртебесі артып, оған деген сұраныс күшейіп келе жатқанына тоқталып өтеді. Сонымен бірге озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек екенін де ескертеді.
Детектив жанры бойынша жас жазушы А.Аймағамбетовтің «Бұрылысқа жарты қадам қалғанда» романының бастапқы тараулары берілген. Жалғасын алдағы нөмірлерден оқи аласыздар. Проза жанрынан Айзат Рақыштың «Келіншек гүлі солғанда» атты хикаятында бүгінгі заман адамдарының өмірге, қоғамға деген көзқарасы, мінез-құлқы жай баяндаумен емес, олардың басынан өткен әр алуан уақиғалар, кейде қуанышты, кейде ренішті сәттер арқылы шебер суреттелген.
Ал әлемге әйгілі «Гильгамеш туралы дастанды» алғаш рет қазақшаға тәржімалаған ақын М.Қайыңбаймен сұхбаттан б.з.д. өте көне дәуірдегі шумерлердің өмір салтына біраз көз жүгіртіп, алуан-алуан ойға кетері сөзсіз. Қазақ прозасының көгіне жарқ етіп көтеріліп, сұм ажал ортамыздан ойда-жоқта жұлып әкеткен дарынды жазушы Марат Қабанбаевтың «Кентавриадасы» – нағыз «бас алмай» оқитын дүние.
Журналдың осы санындағы «Күзелген тарихты кім түзейді» атты ғылыми-зерттеу тұрғысындағы мақала жалпы түркі тарихындағы астары әлі де ашыла қоймаған, бұрын айтыла бермейтін жұмбақ сырларға сын көзбен қарата түскендей болады. Ал белгілі жазушы Тұрысбек Сәукетаевтың «Өлгендер қайтып келеді» деп аталатын бүгінгі қазақ прозасындағы тың жанр – роман-фэнтезиін осы нөмірден оқысаңыз, келесі нөмірдегі жалғасы тезірек келсе екен деп асыға күтіп отыратын боласыз.
Кезінде ғылымда да, әдебиетте де, тарихта да есімі елге әйгілі небір айтулы тұлғалардың өздері біліктігі мен білімдігін түпсіз терең мұхитқа балаған ғұлама ғалым Әлкей Марғұлан туралы Серік Негимовтың мақаласын оқып отырып өзіңіздің түпсіз терең тарихқа сүңгіп кеткендей күйге түскеніңізді де байқамай қаласыз.
Танымал ақын Аманғазы Кәріпжан мен Бекболат Қаленовтің жыр жолдары өлеңсүйер қауымды бей-жай қалдырмайды.
«Жұлдыздың» келесі санында жолыққанша күн жақсы, құрметті халайық.
М.САХИҰЛЫ