Күздегі найзағай жарқылы
10.09.2024
357
0

Бүркіт Базарбаев

Ақ жаңбырды аңсау

Қыс кеткенмен аязды дірдектеткен,
Үлгермеді үш айда гүлдеп көктем.
Қазақ елі аңсайды бір ақ жаңбыр,
Қаласы мен даласы кірлеп кеткен.

Қалар еді күнсіген қыр жаңғырып,
Аспан мен жер үндессе, бұл – заңдылық.
Күн жайлатқан бабалар аруағы,
Көк аспаннан жіберсе нұр жаудырып.

Ала белі, Алаштың қара дөңі,
Ақ жаңбырдың ескенде жаңа лебі.
Санамызда саумалдай самал желпіп,
Ауамыз да тазарып қалар еді.

Нөпір тамшы бөктердің шертіп тасын,
Тобылғы кеп көкпекті қолтықтасын.
Топырақтың тойымы торқалы той,
Тобылғыға жеткізер мортық басын.

Жалт ойнаса күтпейміз қауіп-қатер,
Табиғат­та болмайды сауық бекер.
Туар айы тоқ болып, тыныш болып,
Құралайы киіктің шауып кетер.

Жылға салып аққанда ақ бұлағы,
Шың жасарып, шынарға аптығады.
Айдынына адаспай аққу қонып,
Ақ тақырға айнадай қақ тұрады.

Қара құрт­тың уы бар өтенге жап,
Шенділер бар, пиғылы шетелге жақ.
Күркіресе көк аспан, марғау жатқан,
Ұйқысынан оянып кетер қазақ.

Бауырымен жорғалап жылан көшер,
Бақытына елімнің қыран да өсер.
Кенезесі кеберсіп, кеуіп кеткен,
Керек боп тұр байтаққа бір ақ нөсер.

Мен туған ай

Жүре алмайтын жандармыз
жарқылдамай,
Семсерімнің жүзінде серпілді арай.
Бура мінез, тура сөз ұлдар туып,
Буырқанып өтеді мен туған ай.

Ақша бұлтпен астасып таңда асқары,
Алғаш рет биылғы қар басқаны.
Шарананың кіндігін көкше мұзда,
Ақиқат­тың кеседі алдаспаны.

Ақ батасын береді абыз құптап,
Тобылғының тамырын тамыздыққа ап.
Арсыланы алаштың жетіледі,
Арыстанды мінетін ауыздықтап.

Адалдықтан емген соң ғұмыр-ғашық,
Айтуыңа болады сырыңды ашып.
Иісін сезіп күндіктен сатқындықтың,
Ит­термен де жүреді ырылдасып.
Ақар-шақар шыңдардың көк сілемі,
Ақсақалдай беретін жоқ шүлені.
Елдік сұрап Құдайға құлдық ұрар,
Теңдік сұрап патшаға тепсінеді.

Найза ұшына көтеріп жорықта айды,
Қансонарда қар кешіп, солықтайды.
Желтоқсанда келгендер дүниеге,
Оқ пен от­тан әйтеуір, қорықпайды.

Мен туған ай – Желтоқсан –
сәл ызғарлы,
Қажет етсең береді қарызға арды.
Ертеңіне барады, ілестіріп,
Ертегідей ғажайып аңыздарды.
Жақсылықтан өмірге өрмек іліп,
Жандарынан көктейді жердегі үміт.
Желтоқсанда туғандар келе жатса,
Жантықтар да кетеді көрге кіріп.

Көктем – көңіл, жаз – жүрек,
күз – белінде,
Қыстың өзі ериді қыз демінде.
Жыр еседі жамалдай жандарынан,
Гүл өседі жайқалып іздерінде.

Қарағайдай жетілген ар бағында,
Тазалық бар армандай таңғы арында.
Желтоқсанда туғандар тұлға кілең,
Ең осалы сөйлеп тұр алдарында.

Алматы – 1973

Өріліп жүрекке – үміт, жанымда – арай,
Көрініп мұнардан – күн, сағымнан – ай.
Жәннаты алты Алаштың деп жеткенде,
Алматы қойып еді қабылдамай.

Шатыр боп бас қалаға тұр нар аспан,
Ақын көп бұл шаһарда күнде адасқан.
Жөргемнің жөнін білмей жолда ілігер,
Келгенмін әкемді де тыңдамастан.

Көңілім қайтпаған кез хан базардан,
Көзіме нұр құйылып таңғы ажардан.
Арда күн аймалаған Астана – осы,
Талдарын жел тербесе алма жауған.

Ойда анам, одан әрі көгіс дала,
Қоймаған көкірегін көп ыстала.
Тіліме түкірмейтін, діліме де,
Түрі де, мазмұны да орыс қала.

Білгенмін бала күннен сөз бағасын,
Сүйгенмін қазағымның боз даласын.
Сынақтан құлап қалдым саясатқа,
Ұнатқан жараспай қап көзқарасым.

Қаламым нәзік еді қауырсыннан,
Қадамым басталыпты ауыр сыннан.
Оралмас оралы мол күндер ғой ол,
Ең алғаш, осылайша, сағым сынған.
Пешенем жаз сүрініп, күз сынат­ты,
Шешер ем, амалым не, жүз сұрақты.
Алғашқы сезіміме селкеу салған,
Алматы сол бір ару қыз сияқты.
Сарғайған сағынышым самал өрген,
Ар – майдан, арман – тұлпар,
сана – кермем.
Пышақтап жүрегімді сұлу шаһар,
Құшақтап Алатауды қала берген.

Ақынның ақырғы сапары

(Фариза апа рухына)

Сөз өрді молда – мұңнан, қари – зардан,
Безерді безеу бет­ті пәни – жалған.
Шағый жан ақша бұлт боп ұшты көкке,
Фариза – ән, Фариза – жыр,
Фариза – арман.
Сертіне серік етіп сезім жырды
Дертіне дауа болып төзім жүрді.
Жоғалған алтын жүзік табылмады,
Көп арман көкірегінде көзін жұмды.

Армансыз саусағымен сылап таңды,
Алғаусыз алашына сыр ақтарды.
Қыз болып қауыз жармай бір қызғалдақ,
Біздерге жауапсыз сан сұрақ қалды.

Құтын ап шыңылтыр күн, шымыр ауа,
Шытынап тұрды аяздан шыны қала.
Өткені – өлең өмір, жұмбақ ғұмыр,
Бет­теді қаралы көш құбылаға.

Қайысып келеді елдің қабырғасы,
Қар ұшып, алас-қапас қабір басы.
Жамбасқа осы жердің сызын баспақ,
Марғасқа Махамбет­тің қарындасы.

Ақсиып Сарыарқаның күрес түсі,
Бақшиып күн тұр көкте түлеп түсі.
Қажап мұң енді
жанын қинамайтын,
Қазақтың қыздарының жүректісі.

Жылдары тізбектеліп жыр кестелі,
Ырғағы болашаққа тұр көшкелі.
Жылайды ақын қыздар жетім қалған,
Шылайды кірпіктерін күндестері.

Талпынар жақсылыққа жанып ойын,
Халқы бар көтермеген әлі бойын.
Сақидың салтын ұстап сол қазағы,
Бақидың асқақтат­ты абыройын.

Жасқана жел сипайды қоңыр белді,
Тасқа да таңба салар қорым мөрлі.
Астана ақынына төрін берді,
Басқаға қиын болар өлу де енді.

Сөз өрді молда – мұңнан, қари – зардан,
Безерді безеу бет­ті пәни – жалған.
Шағый жан ақша бұлт ұшты көкке,
Фариза – ән, Фариза – жыр,
Фариза – арман.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір