«Жұлдызды қуыршақ» Һәм жұлдызды сәт­тер
19.10.2024
107
0

Алматы Мемлекет­тік қуыршақ театры – белгілі бір шақтық кезеңге байланбайтын жан дүниенің нәзік пернелерін шертіп, қазыналы қойылымдарымен өзіндік дара жолын қалыптастырған өнер ордасы. Бүгінде мөлдір өнер ошағы кеңейген репертуарлық саясаты арқылы жас бүлдіршіндер мен ересектер аудиториясына арналған әлемдік классикалық шығармаларды қуыршақ бейнесінде сахналап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленуде. Жуырда ғана қуыршақ театры өзінің мерейлі 89-мау­сымының шымылдығын «Жұлдызды қуыршақ» концерт-спектаклімен түрді.
Қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі Еркебұлан Қабдыл жаңа мау­сымдағы жоспарлары жайында айтып өт­ті. «Театрдың ең бірінші тынысы – спектакльдер. Өздеріңіз білесіздер, соңғы жылдары тек қана балаларға ғана емес, ересектерге де арналған қойы­лымдарды қойып жатырмыз. Алдағы уақыт­та «BABY театр» деген бағыт­та жұмыс жасау ойымызда бар. Осы мау­сымдағы ең үлкен жоспарымыздың бірі – II Халықаралық фестиваль өткізу. Бұл фестивальде сахналанатын 20-ға жуық қойылымның 10-ы шетелдік қойылымдар болады. Атап айт­қанда, Грузия, Түркия, Ресей, Болгария, Еуропа елдерінің қойылымдары арқылы осы жерде үлкен фестиваль жасаймыз», – деді.
Концерт­тік бағдарлама бойынша көрініс тапқан «Жұлдызды қуыршақ» қойылымында Алматы қаласы мәдениет басқармасының орынбасары Арман Бейсенбайұлының құт­тықтау сөзінен ке­йін, Украина, Армения, Прибалтика елдерінен келген қуыршақ театрлары ұжымының мың бұралған қыздары шығыс және ұлт­тық билерімен көпшілікті таңғалдырды. Сондай-ақ сахнада Роза Бағланова, Роза Рымбаева, Димаш Құдайберген, Майкл Джексон, Фарух Закиров сынды жұлдыздардың бейнелері қуыршақ образдарымен сахналанды. Бұл қуыршақтар бейнесін халықаралық театр фестивалінің жүлдегерлері мен қуыршақ өнерінің майталман әртістері сомдады. Сұлтанғали Шүкіров пен Құралай Ешмұратованың авторлығымен әрі режиссерлігімен бірнеше елдің жұлдызды өкілдерін қуыршақ бейнесінде көрсеткен «Жұлдызды қуыршақ» қойылымы бұдан бұрын театр репертуарында 40 жылға жуық үздіксіз сахналанған «Қуыршақ думан» қойылымының жаңартылған нұсқасы екен. Қойылымның балетмейстері – Ринат Билибаев. 60-тан астам қуыршақ сомдалған қойылым көзіқарақты әр көрерменін тәрбиелік, адамгершілік әрі эстетикалық құндылықтарды дәріптеуге шақырып, өмір бен өнерді жалғаған бай мәдениет­ті паш ет­ті.
89-маусымның ашылуына де­йін Алматы Мемлекет­тік қуыршақ театрының жемісті әрі жеңіске толы бірнеше жұлдызды сәтінің куәсі болдық. Мәселен, кішкентай балдырғандарға көтеріңкі көңіл күй сыйлаған Шарль Перроның «Етік киген Мысық», жасөспірімдерге арналған қазақ спорт тарихында өшпес із қалдырған ұлт мақтанышы, Олимпиа­да чемпионы Бекзат Сат­тархановтың өршіл рухын танытқан «Чемпион» және орыс классигі Николай Гогольдің ересектер аудиториясына бағыт­талып, психологиялық оқиғалармен астасқан, фило­софиялық мәні терең «Шекпен» қойы­лымы театр репертуарын жаңғырт­ты.
90 жылға жуық тарихы бар
театр елімізде және шетелдерде өткен республикалық, халықаралық театр фестивальдерінде жүлделі орындарға ие болып, топ жарып жүргенін де атап өткен жөн. Тұңғыш рет Канада мемлекетінің От­тава қаласында өткен І Халықаралық «От­тава» қуыршақ театрлары фестивалінде ағылшын драматургі Уильям Шекспирдің «Ромео мен Джульет­та» шығармасын сахналап, «Гран-При» жүлдесіне ие болды. Әйгілі махаббат оқиғасын баяндаған қойылым әлемдік аренада қазақ ұлт­тық қуыршақ өнерінің атағын аспандат­ты. Театр ұжымы қыркүйек айының 18-22 күндері аралығында Беларусь Республикасының Гродно қаласында Қазақ­стан, Өзбекстан, Ресейдің қуыршақ театрлары бас қосқан ІV Халықаралық «Лялькі над Нёманом» фестивалінде бүлдіршіндерге арналған тәрбиелік мәні зор «Қаздар мен аққулар» ат­ты заманауи бағыт­тағы ертегіні ұсынып, «Арнайы дипломмен» марапат­талды. Сонымен қатар Алматы Мемлекет­тік қуыршақ театры 23-27 қыркүйек аралығында Гүржістан мемлекеті Батуми қаласында өткізілген II Халықаралық «Batumi International Puppet Theatre Festival – 2024» қуыршақ театрлар фестиваліне Уильям Шекспирдің әйгілі пьесасы сарынымен сахналанған «Макбет. Иллюзия» қойылымымен қатысып, жалынды өнер додасында «Үздік режиссер» номинациясын иеленді. Қазақ­стан, Италия, Испания, Бразилия, Франция, Польша, Гүржістан мемлекет­терінің басын біріктірген бұл Қуыршақ театр­лары фестивалінің басты мақсаты – қуыршақ театры өнерінің әлемдік кеңістікте даму жолын сақтай отырып, әр елдің репертуар жүйесімен кеңінен танысу, өнер ошақтарының шығармашылық тынысын бағамдау. Аталмыш фестивальге жүздеген өтінім арасынан іріктелген «Макбет. Иллюзия» қойы­лымы бұған де­йін де бірқатар беделді додаларға қатысып, жемісті жеңістерге жетіпті. Атап айт­қанда, V Халықаралық «BALAUSA» эксперименталды спектакль­дер фестивалінде – «Гран-при» және «Үздік сценография», ал XIV Халықаралық түркітілдес елдердің «Мың тыныс – бір дауыс» театр фестивалінде – «Арнайы диплом» және IV Халықаралық «ТеART-Көкше» театр фестивалінде – «Яков Куклинский атындағы арнайы сыйақы» иегері атанған.
Алматы Мемлекет­тік қуыршақ театрының директоры Алмат Абдрахмановтың айтуынша, киелі өнер ошағының 90 жылдығы аясында ғылыми-тәжірибелік конференциялар ұйымдастырылып, музей ашу жоспарда бар көрінеді. Әрдайым жағымды жаңалықтарымен қуантатын театр ұжымы қадірлі өнерсүйер қауым мен қуыршақ театрына деген махаббаты бөлек, талғамы жоғары жандарға рухани азық сыйлап, таным көкжиегін кеңейту үшін жаңа маусымдағы қойылымдар мен премьераларды тамашалауға шақырады!

Дана БОЛАТҚЫЗЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір