Өткен сейсенбі күні ағымдағы жылы атқарылған жұмыстарды қорытындылау және алдағы уақытта жүзеге асатын іс-шараларды жоспарлау бағытында Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының секретариаты өтті. Жиынды жүргізген ұйым басшысы Нұрлан Оразалин бірінші болып Одақтың жыл бойы атқарған жұмыстарына хабарлама жасады. Жиынға Смағұл Елубаев, Бақыт Сарбалаұлы, Сұлтанәлі Балғабаев, Ұлықбек Есдәулет, Ғалым Жайлыбай, Сұлтан Қалиұлы, Бауыржан Жақып, Қайрат Бақбергенов, Маралтай Райымбекұлы, Жанарбек Әшімжан секілді секретариат мүшелері қатысып, алдағы өтетін Құрылтай, еліміздегі «Мәдениет туралы» Заңына енгізілген толықтырулар мен өзгерістер, қаламақы төлеу мәселелерін талқылап, ойларын ортаға салып, 2017 жылды қорытындылады.
Кіріспе сөз
Нұрлан ОРАЗАЛИН,
Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы:
Құрметті әріптестер!
Бүгінгі Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының секретариаты отырысына қош келдіңіздер! Ең алдымен, баршаңызды жуырда ғана атап өткен Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіздер! Ал, енді жиынымыздың негізгі мәселесіне оралайық. Кворум бар. Күн тәртібінде екі мәселе: бірінші, 2017 жылды қорытындылау, екінші 2018 жылы атқарылатын іс-шараларды белгілеу.
Аз уақыттан соң, санаулы сәт-сағаттардан кейін тарих қойнауына кететін 2017 жыл – еліміздің саяси-әлеуметтік, рухани-мәдени кеңістігінде ірі тарихи оқиғаларға толы жыл болды. Жазушылар одағы сол оқиғалардың ешқайсысынан сырт қалған жоқ. Жыл басындағы Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Үкіметтің Жарлығы шыққанын баршаңыз білесіздер. Соған орай, біз бір емес, екі бірдей үлкен жиын өткіздік. Бұл туралы негізгі электронды ақпарат құралдары мен газет-журналдарда жарияланды. Қаламгерлер қауымы мен депутаттар бас қосып, ойларын ортаға салды, талқылады. Жазушылар тарапынан арнайы Үндеу қабылданды.
Қаңтар айында Президент Қазақстанның үшінші жаңғыруының бағыт-бағдары туралы халыққа өз Жолдауын жариялады. Арада аз ғана уақыт салып, сәуір айында Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» атты бағдарламалық мақаласы жарық көрді. Бұл – үшінші жаңғырудың тамырына қан жүгіртетін негізгі құжат болатын. Ондағы ұлттық сана, бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, сананың ашықтығы, дәстүр-салтымызды қадірлеу жөніндегі құнды ойлар бәрімізді рухтандырып, шабыттандырып, тарихтан тағылым алу қажеттігін қайыра бір ұқтырды. Қазақстан Жазушылар одағы осы тарихи бағдарламаға байланысты «Рухани жаңғыру – ұлт рухының арқауы» атты арнайы Пленум өткізді. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған сол Пленумның бас баяндамасын мен жасадым. Барша әріптестеріміз Президенттің мақаласын жан-жақты талдап, таразылап, қуаттап, атқарылуы тиіс жұмыстарға қатысты өз ұсыныстарын берді. Арнайы Үндеу қабылданды. Сөйтіп, қаламгерлер қауымы облыс орталықтары мен аймақтарда, тіпті алыс ауыл-аудандарда болып, күні кешеге дейін елмен кездесіп келді.
Ал ағымдағы жылдың ең басты оқиғасы – күллі әлем көз тіккен, жазға салым басталып ерте күзде аяқталған Астанада өткен «ЕХРО-2017» көрмесі. Еліміздегі жетекші шығармашылық ұйым ретінде Жазушылар одағы бұл айтулы оқиғадан сырт қалған жоқ. Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, Қазақстан Жазушылар одағы, Алматыдағы Ұлттық кітапхананың мұрындық болуымен «EXPO-2017» аясында Алматы қаласында Халықаралық Әдеби биеналле өтті. Әлемнің қырықтан аса елінен арнайы осы шараға келген ақын-жазушылар үш-төрт күн бойы түрлі форматта жиындар өткізіп, бір-бірімен тәжірибе алмасып, байланыс орнатқан болатын, сол байланыстар нәтижесіз емес.
Қуаныштысы сол, биылғы жылғы руханияттағы ең үлкен жетістік – Қазақстан Республикасының «Мәдениет туралы» Заңына толықтырулар мен өзгерістер енгізіліп, жылдық жоспарға кірген ақын-жазушыларға қаламақы төлеу мәселесі шешіліп, маңызды құжаттарға қол қойылғандығы. Елбасыға бірнеше рет хат жазылып, сенатор ретінде мен Үкіметке екі рет сауал жолдап, «Мәдениет туралы» Заңға түзету енгізу, интеллектуалдық еңбекке қаржы бөлу туралы ұсыныс жасалды. Ақыры басталған істі аяғына дейін жеткіздік. Бірінші, шығарманы қабылдап алу, екінші шығарманы жариялау, үшінші оны тарату секілді үш кезеңнен тұратын жұмыс жүзеге асты. Қос бірдей комиссияның сүзгісінен өтіп, үздік деп танылған шығарманың бір баспа табағына 150 мың теңге көлемінде қаламақы төленіп, бес мың данамен шығатын кітаптар еліміздің алыс түкпіріндегі кітапханаларына дейін таратылатын боп келісіліп, 5 мамыр күні мемлекет басшысы сол құжатқа қол қойды. Қаламгерлерге қаламақы төлету қажеттігіне түрлі деңгейдегі ведомстволардың көзін жеткізу үшін 10 жылдан астам уақытымды сарп еттім… Енді бір қызығы, «Мәдениет туралы» Заңға сәйкес ақын-жазушылар көз майын тауысып жазған туындысы 70 жылға дейін мемлекет меншігіне өтетін боп шешіліпті. Бұл туралы Ұлттық кітапханада арнайы жиын болды, мен оған қатыса алмадым, қатысқандарыңыз бар шығар. Бірақ біз осы Жазушылар одағындағы басқосуда арнайы құжат әзірлеп, министрлікке жолдағанбыз. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жауабы да келген. Мемлекет шығарманы қаламгерден сатып алады да, екі-үш жылдан кейін қайтадан жазушының меншігіне өтіп, аудара ма, сата ма, о жағын өзі шешетін болып келіскен. Алайда… қаламақы төлеу мәселесінің аяғы осындай боп тұрған жайы бар. Енді, бұл мәселені бөлек қарап, арнайы қаулы-қарар қабылдаймыз ба, мұны қатты ойлану керек… Бұл мәселеге қайыра оралуымыз керек, жазушы еңбегі өтеулі болуы қажет. Және өзінен өзге ешкімнің меншігіне айналмауы тиіс. Төрткүл дүние осы прициппен жұмыс істеуде.
Бұдан бөлек, үстіміздегі жылы ұлттық әліпби тағдыры таразы басына түскен сәтте Жазушылар одағында кеңейтілген секретариат өтті, сонда мазалаған ойларыңызды ортаға салып, латын қарпіне өту маңыздылығын, «бір дыбыс – бір таңба» нұсқасын қолдайтындарыңызды білдірдіңіздер. Оған тиісті орындар құлақ аспай қалған жоқ.
Өтіп бара жатқан жыл мерейтой, еске алу кештеріне толы жыл болды. Қазақтың айтулы қаламгерлерінің торқалы тойлары тойланды. Айталық, Мұхтар Әуезовтің 120 жылдығы, Халифа Алтай, Қапан Сатыбалдин, Сағынғали Сейітовтердің 100 жылдықтары, Зейнолла Қабдолов, Тұрсынбек Кәкішевтің, Рахманқұл Бердібаев, Нығмет Ғабуллиннің 90 жылдығы, сол қатарда Серік Қирабаев ағамыздың 90 жасқа толған торқалы тойы лайықты аталып өтті. Астанада көрнекті қаламгер Әнес Сарайдың 80 жасқа толған мерейтойы болды. Марқұм Сағат Әшімбаев пен Әшірбек Сығайдың, көзі тірі әріптестерімнің 70 жылдықтары, өзге әріптестеріміздің 50, 60 жылдық мерейтойлары Алматы мен Астана, өзге өңірлерде қалай аталып өткенін білесіздер.
Той-томалағымыз, пенде болған соң өлім-жітіміміз бар, оның үстіне көптеген шаралар Алматы қаласында өтті. Біраз әріптестерімізден айырылдық… Осы жағдайларда негізі ауыртпалықты иығына салып көтеріскен, қолдаған Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбекке, өңірлерден қолдау көрсеткен Алматы облысының әкімі Амандық Баталовқа, Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевқа барша қаламгерлер атынан айрықша ықылас білдіргім келеді. Осы орайда, Одақтың іргелі шараларының басым көпшілігіне бар ынта-ықыласымен қолдаған қара шаңырақ – ҚазҰУ-дың ректоры, академик Ғалым-Қайыр Мұтанов мырзаға ерекше рахмет айтқым келеді.
2017 жылы тамызда «Қазақ әдебиеті» газетінің Бас редакторы, жазушы Жұмабай Шаштайұлы өз еркімен қызметінен кетіп, орнына Одақтың ақпарат құралдары жөніндегі орынбасары Жанарбек Әшімжан келді. Кезінде «Жұлдыз», «Простор», «Сын» журналдары мен «Қазақ әдебиеті» газетінің жұмысын үйлестіру үшін Төрағаның арнайы Қаулысымен «Қаламгер-Медиа» орталығы құрылған болатын. Редакторлар ауысқаннан кейін ол орталық таратылып, қызметі әр редакторға жүктеліп берілді.
Қазір өздеріңіз білесіздер, қаржылық қиындық бәрімізді қос бүйірден қысып барады. Жасыратыны жоқ, 2014-тен бері қаржылық қиындықты қатты сезіндік. Дүниеде болып жатқан қаржы дағдарысы бізді де айналып өткен жоқ. Қоғамдық ұйым болғандықтан мемлекеттен ақша алмаймыз, өзімізді өзіміз қаржыландырып келеміз. «Жинақталған қарыз-құрыздан қалай құтыламыз» деп жол іздедік. Жасыратын түгі жоқ, қаржылық қиыншылық қазан айында өтуі тиіс Құрылтайға қолбайлау болды.
Ақыры тиісті қарыздардың жетпіс пайызын жаптық. Мұнымен қатар, көптеген іс-шара атқарылғанын да білесіздер. Біраз қаламгерлерімізден айырылып қалдық…
Осынау атқарылған іс-шаралар Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының 2017 жылдағы белсенділігін көрсетеді. Қарап отырсақ, мен төраға болып сайланған тоқсаныншы жылдардан бері көптеген жұмыстар жүзеге асыпты. Бүлінгенді бүтіндеу, жыртылғанды жамау, реттеу, жинау, қалпына келтіру, тазалау, бәрі-бәрі бізге оңай соққан жоқ. Құдайға тәубә, Одақ орнында, үш басылым орнында, Әдебиетшілер үйі де орнында. Осы күндері жұмысы жүйелі жүріп келе жатқан еліміздегі жалғыз шығармашылық ұйым – Жазушылар одағы. Қолдан келгенше Одаққа еңбек еттім, тер төктім, аянып қалған жерім жоқ. Мен қос иыққа түскен міндетті абыроймен атқардым. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев барлық кезде өзінің қолдауын аяп қалған жоқ. Шашылған дүниені жинап бердік. Осыншама қыруар шаруаларды жалғыз жүріп атқарғам жоқ. Бұл күндері арамыздан кетіп қалған атағынан ат үркетін әйгілі ағаларым, әдебиеттің даңқты ақсақалдары, қатар-құрбы достарым, әріптестерім, кейінгі інілерім және осы отырған өздеріңіз бар, Одаққа тілеулес өзге де әріптестерім бар, бәріміз бірігіп жүріп атқардық. Ең бастысы, Елбасының өзіме жүктеген тапсырмасын тап-тұйнақтай орындадым. Енді өздеріңізбен келісе отырып, алдағы Пленумның күнін бекітуіміз керек. Сол Пленум Құрылтайдың мерзімін белгілеуі қажет. Сол жиын осы Одақтың болашағына, мызғымастығына қызмет ететін, дүниесі «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетуіне жол бермейтін жаңа басшысын сайлап алуы тиіс. Және, келешекте Одақты кім басқарса да, ардан аттамай, адал, әділ болып, қара шаңырақ – Қазақстан Жазушылар одағын сақтап қалуы тиіс. Одақ тағдыры бір адамның ғана емес, барша қаламгердің қолында.
Сондықтан ойларыңызды ортаға салыңыздар, ұсыныстарыңызды айтыңыздар!
Смағұл ЕЛУБАЕВ,
жазушы:
– Бәрін жан-жақты қарастыруымыз керек. Ортақ шешімге келіп, ұрыс-талассыз Пленумның мезгілін бекітейік. Дайындығымызды жасайық. Бірақ Қазақстан Жазушылар одағы басқарма мүшелері, барша қаламгерлер бірінші кезекте «Қазақстан Жазушылар одағының ендігі тағдыры қалай болады?» деген мәселе төңірегінде терең ойлануы керек. Әрине, айқай-шу шығару оңай, әркімнің ішінде бір-бір қапшық жын жатыр. Соның жартысын шығарғанның өзінде дүние дүркіреп кетеді. Өйткені, жазушылардың беделі бар, сөзі ықпалды дегендей… Көп іс тындырған, бүгінгі Одақтың сақталып қалуына көп күш жұмсаған қазіргі төраға кете қалған жағдайда келесі басшы бірінші кезекте Жазушылар одағын сақтап қалуын қамтамасыз етуі тиіс.
Дай-дай болып дүрлігу мен айқай-шудан, топ-топ болып жаға жыртысудан, «мен бастық болам» деуден басқа емес, жазушылардың өздері ұтылады, әдебиет жетімсірейді, оның арғы жағында қазақ деген халықтың сөзі күйрейді. Осындай қауіп бар, ағайын. Міне, осы жерде азаматтық позицияны нық ұстануымыз керек. Бұдан ары қарай қалай өмір сүреміз? Қазақстан Жазушылар одағының алдағы тағдыры қалай болмақ? Осы жағын ойлануға тиіспіз. Біздің жеңген тұсымыз – билік пен Жазушылар Одағының бірлесіп, қоян-қолтық жұмыс істей білгенінің арқасында қарашаңырағымызды аман сақтап қалдық. Ал кейін келетін жаңа басшы билікпен тіл табысып, барлық мәселенің шешімін таба ала ма? Осы жағын да таразының басына салғанымыз жөн. Ар алдында әрқайсымыз жеке-жеке жауап береміз. Сондықтан ертеңгі күні өкінбес үшін, алдағы үш айда бәріміз өз ойымызды, ең соңғы сөзімізді айтуға тиіспіз. Жазушылар Одағын сақтаудың бірнеше бағыты бар. Соның ішіндегі ең оңтайлысын таңдап алуымыз керек. Бұл жерде мәселе менің, сенің, оның емес – Одақтың тағдыры жайлы болуға тиіс.
Бүгінгі таңда қаламгерлерді алаңдатып отырған тағы бір маңызды мәселе – кітаптардың болашағының дәл осылай шешілуі өте қауіпті нәрсе. Менің ойымша, жазылған шығарма мемлекеттің меншігіне еш уақытта өтуге тиіс емес. Ондай шартты әдебиетке қатысы жоқ адамдар жасап отыр. Біз мұндай нәрсеге жол бермеуіміз керек. Сол себепті, осы мәселе жөніндегі ойымызды ашық білдірсек. Кешегі социализм заманында керек болғанымыз, компартияға идеологиялық шоқпар болдық. Бүгінгі капитализм заманында бірінші кезекте жазушылар қауымы өздерін сақтауы керек. Батыста әдеби агент деген институт бар. Бүкіл жазушылардың құқығын, олардың шығармаларының әр елдерден шығуы секілді шаруамен әдеби агент айналысады. Жазушы заңгер емес, ол өзінің жазатын кітабын ғана біледі.
Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ, драматург:
– Меніңше, Пленумның мезгілін ақпанның орта шеніне белгілеген дұрыс. Мәселен, мен 2018 жылдың 12 ақпаны, дүйсенбіні ұсынар едім. Және сол Пленум өзімізге де, өзгеге де үлгі боларлық деңгейде болғаны жөн. Бұл Жазушылар одағы ең алдымен болашақ жастарға керек. Біздер бүгін бар, ертең жоқ адамдармыз. Сондықтан жастар Одақты сақтап қалуға мықтап күш салуға тиіс. Болашақта жағдай бұдан да қиындайды. Әдебиеттің басына түсетін қауіп-қатер енді келе жатыр. Өкінішке қарай, біздің жазушыларымыз оны әлі сезінетін емес. Әр әкімге барып, анауымды істеп бер, мынауыма көмектес деп жеке басын күйттеп жүр. Қаламақыға байланысты түзілген заңды әлі көп қаламгер түсініп отырған жоқ. Биылғы министрліктің қаламақыға байланысты жасап отырған келісімшартында жазушылардың құқығы ескерілмеген. Біз осы мәселеге қатысты ойымызды ашық айтып, өз мүддемізді қорғауға тиіспіз. Тіпті қажет болса, Жазушылар одағының жанынан қаламгерлердің құқығын қорғайтын ұйым ашуымыз керек деп ойлаймын. Жаңа Төрағамыз өз сөзінде айтып кеткендей, бұл мәселеге қайта оралуымыз керек. Оралмасақ әділетсіздікке жол беріп аламыз…
Бауыржан ЖАҚЫП, ақын:
– Смағұл ағамыз өте орынды сөз айтты. Бұл – Пленумда айтылатын сөз. Ел жиналған кезде бүгінгі сөзіңізді күшейтіп, осындай мәселені ашық айтуға тиіспіз. Ел ішкі жағдайдың қалай болып жатқанын білуі, түсінуі керек. Ғимаратты сақтаудың оңай емес екені, күнделікті қаржы тапшылығы қажытып отырғаны, одан басқа да толып жатқан қиындықтар бары жасырын емес. Бұл – өте күрделі әрі өзекті мәселе. Турасын айту керек, 20 жылдан аса уақыт бойы Нұрлан ағамыз осы мәселелердің тиянақты шешілуіне аз тер төккен жоқ. Мұны қазақ қауымы жақсы біледі және бағалап та келеді. Сондықтан Жазушылар одағын сол биігінен төмен түсіріп алмауымыз керек.
Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ, ақын:
– Қазақстан Жазушылар одағының тағдыры – ұлт тағдыры!.. Нұреке, сізге рахмет! Қолыңыздан келгенше барлық жұмысты жасадыңыз, көріп жүрміз. Ал бағана талқыланған қаламақы мәселесіне арнайы жиын өткізіп, онда ақын-жазушыларға барлық жай-жапсарды түсіндірсек, ұғындырсақ деген тілегім бар. Қаламгерлер жазған шығармалары үшін гонорар алып, еңбегі еленсе нұр үстіне нұр болар еді.
Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ, ақын:
– Пленумның өткізетін күніне орай Сұлтанәлі ағамыз ақпанның 12 жұлдызын ұсынып отыр, меніңше сол өте дұрыс. Ал енді осы ұйым басшыларының бірі ретінде өз ойымды ортаға сала кетейін. Соңғы жылдарда қоғамның руханиятқа деген көзқарасының бұрынғыдай еместігін анық сезіндік. Дәл осындай қиын уақытта Жазушылар одағының ғимаратын сақтап, ұстап тұру да оңайға түсіп отырған жоқ. Бұл ғимарат біздікі дегенімізбен, ол да үкіметтің меншігіндегі дүние. Ал үкіметтің мүлкін пайдаланудың өз шарты бар. Жыл сайын жөндеуден өткізіп отыруға тиіспіз. Жылумен, жарықпен қамтамасыз етудің өзі де оңай шаруа емес екенін білесіздер. Осының барлығы да қыруар қаражатты талап етеді. Әсіресе, соңғы үш-төрт жылда қаржы мәселесі төңірегінде көптеген қиындықтар болып жатыр. Біз соған қарамастан, өз міндетімізді қалтқысыз атқаруға бар күшімізді салып келеміз. Әлгінде Одақтың белшеден қарыз болғаны туралы айтылды ғой. Сол қарыз-құрыздан құтылуға Төрағамыз үлкен күш жұмсап, пәрмен көрсеткенін айрықша айтқым келеді.
Сұлтан ҚАЛИҰЛЫ, ақын:
– Жаңа Смағұл: «Ғимараттан айырылып қалу қаупі бар», – деп өте дұрыс айтты. Мәселен, Абай даңғылындағы әп-әсем ғимарат, бүкіл газет-журналдар отырған «Баспалар үйі» Ай мен Күннің аманында көмескіленді де кетті ғой. Сол секілді, Жазушылар одағының ғимараты да талан-таражға түсіп кетуі әбден мүмкін. Осы жағын қатаң бақылауымыз керек, бас қосатын келелі жиындарымызды, кеңесетін кештерімізді өткізетін шаңырағы болған кезде ғана әдебиеттің әңгімесі қозғалады. Ал әрқайсымыз жеке-жеке өз үйімізде отырып алып түк бітіре алмаймыз.
Бақыт
САРБАЛАҰЛЫ,
сыншы:
– Жиын барысында айтылып жатқан пікірлер мен ұсыныс-тілектерге алып-қосарым жоқ. Менің де көкейімде жатқан сол нәрселер.
Маралтай РАЙЫМБЕКҰЛЫ, ақын:
– Менің осы Одақта жүргеніме ширек ғасыр болды. Қазақтың қолына қалам ұстаған әрбір азаматы осы қарашаңыраққа бас сұқпай кеткен емес. Әкеміздің үйіндей болған бұл шаңырақ бәрімізге ыстық. Сондықтан кім отырса да, қандай жағдайда болса да Одақты аман сақтап қалуға тиіспіз. Қазақстан Жазушылар одағы – ақын-жазушылардың басын біріктіретін жалғыз Қоғамдық ұйым. Әрі сонау жылдардан бері Қыз Жібектің күймесіндей болып, өз салтанатымен жол түзеп келе жатыр. Қашанда сол сүрлеуінен жаңылмасын дегім келеді. Пленумның өткізілетін күніне байланысты алып-қосарым жоқ, 12 ақпанға белгіленгені дұрыс, дайындыққа да аз уақыт кетпейді. Сол үшін бәріміз жұдырықтай жұмылып, күшімізді бір бағытқа жұмсауымыз керек.
Қайрат
БАҚБЕРГЕН,
аудармашы:
– Менің сөзім қысқа, осы жиындағы айтылған ой-пікірлерді қолдаймын.
Жанарбек ӘШІМЖАН, ақын:
– Менің замандастарым – Тәуелсіздік жылдары көзін тырнап ашып өмірге араласқан әріптестерім әлеуметтік тауқымет тартып жүрсе де әдебиеттің дамуы үшін барын салып, еңбек етуде, шығармаларын жазуда. Олар Одақтың келешегінен гөрі, әдебиеттің болашағына қатты алаңдайды. Ал Одақтың болашағына алаңдамайтын себебі – олар осы ұйым алдағы кезеңдерде де дәл осылай өз орнында тұра беретіндей, жұмысы ырғақты жүре беретіндей көреді… Аға буынның арасындағы әдебиеттен ада түрлі мүдделі топтардың «ойындарының», жеке бас араздықтарының кесірінен талай шығармашылық ұйымдардың шаңырағы ортасына түскенін сезінсе деймін.
Президент Нұрсұлтан Әбішұлы: «Бірінші кезекте жастарға сенім артуымыз керек, ел болашағы жастарда», – дегенді әр жиын сайын айтып келеді ғой. Расында, қандай жағдайда, қандай кезеңде болсын, буын алмасу үдерісін сызатсыз өткізгеніміз абзал. Мәселен, 2000 жылдары менің қатарластарымның ымыра-бірлігі, ынтымағы өте жақсы еді, қазір де бір-біріне деген құрметі жоғала қойған жоқ. Дегенмен, кейбір ағаларымыздың санасы былғана қоймаған замандастарымды Одақ төңірегінде ойдан туындатқан алып-қашпа қаңқу әңгімелерге иландырғысы келіп, қамқорсығансып жылы сөзін айтып, жекелеген ықпалын жүргізгісі келетін жағдайларға аракідік куә болып қаламын. Ең бастысы көшімізді бастайды деп сенім артқан қаламгер ағаларымыздың кейінгі буынды бөлшектеп, «тас дәуіріндегі» тарамыс-өкпенің өкпек желіне менің замандастырымды қалқан етпеуін қалаймын. Керісінше, менің замандастарымда және кейінгі буында отаншылдыққа, мемлекетшілдікке деген жауапкершілік басым. Осы жауапкершілікке сызат түспесе екен деймін… Осы Одақта қызмет етіп жатқаныма он жылға жуықтады. Түрлі жағдайларға куә болып келемін… Есім-сойы елге мәлім, шығармаларын жата-жастана оқитын айтулы ағаларымыздың ала-құла мінездерін көргенде жанымызды қоярға жер таппай кететініміз рас. Менің қатарластарымның ойлау жүйесі де, білім-пайымы да, болашаққа деген сенімі де бөлек. Олар абың-күбің әңгіме, талас-тартыстан гөрі, нақты іспен айналысқанды және сол сүйікті ісінің жемісін жегенді жандары қалайды.
Қорытынды сөз
Нұрлан ОРАЗАЛИН:
– Ұсыныс-тілектеріңіз бен ой-пікірлеріңізге рахмет! Бәріңіздің ойларыңыз бір арнада тоғысып отырған сияқты. Сұлтанәлі Балғабаев Пленум күнін 2018 жылдың 12 ақпанына белгілеу туралы ұсыныс берді. Кейбір әріптестеріміз де осы ойда секілді. Егер осы бұл ұсынысты қолдасаңыздар, ашық дауысқа салайық.
(Дауысқа салынды). Қарсы жоқ, қалыс жоқ, бірауыздан қабылданды. Енді, осы жиынымыздың қорытындысы ретінде арнайы Қаулы қабылданды. Пленум мен Құрылтайды жеделдетіп өткізуге қажетті қаржы сұрап тиісті орындарға мәселе қоямыз.
Ең бастысы, ұлт әдебиетін, көркем сөздің келешегі үшін аянбауымыз керек. Шығармашылық, сөз өнері – барша қаламгердің тағдыры. Мен де сол әріптестерімнің бірімін. Қадірлі әріптестер, қандай жағдайда болсын ұлт әдебиеті үшін әркез адал сөзімізді айта білейік. Ұлт әдебиеті қарашаңырақтан басталады, осыны ұмытпаңыздар. Баршаңызға рахмет!
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.