Сазды сапар
Туғанына 200 жыл толуы Түркия жерінде, оның астанасы Анкарада аталып өтілген Сүйінбай бабамыздың әруағы тағы бір аунап жатқан шығар. Түркі әлемінің өнері мен мәдениетінің үйлестіруші орталығы ТҮРКСОЙ ұйымын әуелі ойластырып, сонан соң ашылуына Қазақстан тарапынан ұсыныс жасалғаны сәтімен жалғасын тауып, жұмысын өміршеңдікпен бастап та кеткені белгілі. Үш дүркін өткен сайлауында қаны қандас, жері жерлес бауырымыз Дүйсен Қасейіновтің төрге озуы да көңіл марқайтатын жай. Міне, осы ұйымның шаңырағының астында қилы-қилы оң-түстерді кезіктірсек те, түркі тектес қас-қабақтың жылылығын аңдап, сыртқа көп жайылмауға тиіс бауырмалдық сезім ахуалының шарапатын малданатыныңды несіне жасырасың. Шығыс пен Батыс ендігі мен бойлығының бел ортасына дейін дендей мекендеген түркілік тіл мен діл тура осы арада тұтаса бірігіп тұрғандай, осы бірлікке сұм көздің сұғы қадалмаса екен деп іштен тілейсің де. Бас хатшының орынбасары түрік Фырат Пурташқа, қырғыз ақыны Қожагелді Құлиевке, татар қызы Лилия Саттароваға, әзірбайжандық Элчин Ғафарлыға, хақасиялық Тимур Далетовке бұрыннан таныс-білістей емен-жарқын қарайсың. Х ғасырда Енесайдан дүрк қозғалып хақас Саяннан бір-ақ шықса, қырғыздар Тянь-Шаньнан мекен тапқанын сыр етіп шерткен Тимур әңгімесі он ғасыр өткеннен кейін тарихи қазығын айналып, көркемдік шындыққа кенелгені Шыңғыс Айтматовтың қолтаңбасынан сезетініміз хақ.
Көп дауысты ұлттық аспаптардың әлденеше түрінен құралған «Сүйінбай сазы» ансамблі – қоңсылас жұрттың әпенде шалыс біреуінің таңырқағаны кебіне салсақ – кішкентайлығы болмаса құдды оркестр. Орындаушылардың қарасы да жеткілікті, аспаптарының сазы да жүрек қозғайтындай.
Жүздесулердің бәрі ресмиліктен гөрі танысып-білісудің ағайындық шарасы шынайы да шырайлы.
Сүйінбай атына берілген саябақтың аумағы шағын. Бұл қаланың біртұтам жері алтынға баланатынын елші алдында айтып өткен еді. Бақсақ, бір қапталды тұтас алып жатқан кішкене жазық алаңына Сүйінбай атындағы саябақ деген түрікше жазылған көрнекі тақтай ілінді. Оны ашуға ТҮРКСОЙ, елшілік, Алматы облысының басшылары қатысты. «Сүйінбай сазының» концертінің беташары осы жерден басталды. Жергілікті тұрғындардың қазақ сазын ықылас қоя тыңдағанын байқадық.
Алғашқы күні түрік ағайындар саябақты аралатты. Панфилов паркін таңертең шарлап, ақтиінге жем беретін Алматыда туып-өскен орыс адамы: «Каштан ағашы көшетін алғаш әкеліп отырғызғанда, қаланың қай түкпірінде тұрсақ та соның гүлдегенін көруге келетінбіз» деп еді. Бұл түрігің де ағаштың тілін білетін жұрт-ау, шамасы. Әр бұтақтың сабағына дейін бүршік жаруға жұтынып тұрғандай. Бейне әрбір ошақтың жалғыз баласындай әздек, үлпілдеген көркімен көз тартады. Қазақтың бағбан қариялары да осындай күтім жасайтыны есімізде. Демек, бақтың өзінен мейірге толы түркілік сипатты аңдаудың ғанибеті өзгеше екен.
ТҮРКСОЙ ғимаратында Сүйінбай бабамызға арналған ғылыми конференцияға осы ұйымның Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов ашып, жалпы түркілік сипат алған мерейтой иесі туралы әңгіме қозғады. Алматы облысының әкімі Амандық Баталов бастаған делегация құрамында Аманкелді Дәуренбеков, Жандарбек Далабаев, Әлібек Жаңбырбаев секілді аудан әкімдері болды. Қазақстанның осы елдегі Төтенше және өкілетті елшісі Жансейіт Түймебаев мырза рухани саланың білгірі, сөйлеген кезде азаматтың саясын сезінбей тұрмайсыз. Бұл жолдарды жағынып, жарамсақтанудың лебіне ұйғара көрмеңіз, құрметті оқушы. Мәмлегер болмысында өзіне деген сенім мен өтімді қалпы арқылы қадірін сездіретін ерекшелік байқалады. Оның үстіне тура осы кезде Түркияның бұрынғы Президенті Сүлеймен Демирелдің қазасы алаңдатып, мәдени шара тоқтап қала ма деп толқығанымыз да рас. Алматы облысының әкімі Амандық Ғаббасұлы жұрт алдындағы кішік қалпы арқылы жиналғандарды жатырқатпай жақын тұтқызатын ерекшелік иесі екен. Конференцияда сөйлеген қазақстандықтардың ойларының тігісін жатқызып жеткізуге ТҮРКСОЙ өкілі Мәлік Отарбаев та әбден шеберленіп алыпты.
Конференцияда қазақстандықтардан Бақтияр Сманов, Нұрдәулет Ақыш, Жұмабай Шаштайұлы сөйлесе, Анкара және Памуккале қалалары университеттерінің ғалымдары Нергис Бирай мен Жәмилә Кенажы Сүйінбай өлеңдерін өз ақындарының шығармашылығымен салыстыра айтқандары көкейге қонатындай. Қырғыздың ТҮРКСОЙ-дағы өкілі, әрі шайыр Қожагелді Құлиев Қатаған деген ақынды естімегенін, оның Сүйінбаймен айтысын білмейтінін, тек соңғы кезде атына қанық бола бастағанын мойындады. Қырғыз ғалымы Батыма Кебекова көп жылдардан бері зерттеп Қатаған тұлғасы өмірде болғанын дәлелдеген. Өкініштісі, ол кісі жақында қайтыс болып кетті. Қазақтар бейне Қатағанды ойдан шығарып, Сүйінбаймен айтыстырып қойғандай көрінетін сөздің түбінде не жатқанын кім білсін. Әйтеуір мұнда ұлттық намыстың белгісі барын байқайсыз. Сүйінбаймен айтысуға алдын-ала дайындап, сөзге тұтқиылдан киліктірсе де, ақырында жеңіліп тынған Қатағанды бұл ағайындар қатарға қоспай, санаттан шығарып тастағандарын қазақ зерттеушілері дәлелдеген сыңайлы. Сол уақытқа тағдыры жақын адамдардың ауыздарынан естіген жағдайды ашып айтуға осы күнге дейін дәтіміз бармағанның себебіне тоқталып жатпай-ақ қоялық. Қырғыздар Қатағанды Сүйінбаймен айтыстыруды аса құпия күйі сақтаған. Қазақ меймандар мамыржай шақтағыдай жайма-шуақ отырып, шаңырақ иелерінің тілектеріне орай жағалай отырғандарға Сүйінбай жырын арнаған. Алаңсыз орнаған ахуалдың үстінде «Тоқтат Сүйінбай сөзіңді» деп Қатаған ақырып шыға келіп, уытты өлеңін іркілместен үсті-үстіне төпей жөнеледі. Жалғыз Сүйінбай емес, қазақтың бүкіл игі жақсылары құлаққа ұрған танадай орнаған тыныштықта аса ыңғайсыз жағдайда томырылған күйлері тым-тырыс қалады. Зерттеушілердің кейбірі бірінші болып Бөлтірік тіл қатты деседі. Тұла бойы тырсия булығып қалған Сүйінбайдың қақ маңдайынан қамшы сілтемек болып Тезек төре ұмтылғанда – ақын орнынан атып тұрып: «Қашырма төрем қаныңды, кіргіземін жаныңды, ит қырғыздан жеңілсем талап алып малымды», – деп ағыта жөнеледі. «Атаң гөрі мына қасақ ақын тұрбай ма», – депті қырғыздардың арасынан біреу. Міне, бұл сөздің астарында айтыста жеңудің тактикасын алдын-ала жасалғанын аңдаусызда байқатып қойған-ау деп еріксіз ойлайсыз. Жалпы, бұл айтыстың тарихын Жамбылға жақын жүрген адамдардың өз аузынан естіген соң тарихи драматизмнің әсерін солғындатпай жеткізген дұрыс еді. Реті келіп тұрған соң айтқан бұл жағдай мұқият талдауды әлі де қажет етеді. Әңгіменің желісі осы шегініс арқылы үзіліп қалғанына кешірім өтіне отырып, ТҮРКСОЙ конференциясының үстінде Алматы облысының әкімі Амандық Баталов осы ұйымның 70 жылдық мерекелік медалімен марапатталса, жазушы Ж.Шаштайұлы Халдун Танер, ғалымдар Б.Сманов пен Н.Ақыш Семен Қадышев, талантты жыршы-термеші Ақан Әбдуалиев Мұқан Төлебаев медальдарын төстеріне қадады. Осынау шараның аяғына қарай Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және өкілетті елшісі делегацияны өз резиденциясында қабылдап, қазақ шаңырағының астында отырғандай жағымды әсерге бөледі. Түркия жұртының қарышты экономикасынан хабардар боп, өндіріс жөніндегі өрісті әңгіменің барысында Қазақстанның мүмкіндігіне деген сенім кернеп тұрғандай елшілік үйінен көтеріңкі көңіл-күйде шықтық.
«Сүйінбай сазының» концерті ораза айының салты бойынша түннің бір уағында басталып, сәресіге таман аяқталды. Ән кешін жақсылар мен жайсаңдар сөз сөйлеп ашып, екі туысқан ел ынтымақтастарының жорасына жүретін сапардың маңызын тағы бір сезіндіре түсті.
Келесі күні Кыршеһир (қазақша – Қыршаһар) қаласына жол тарттық. Қыршеһир қаласының мэрі Яшар Бахчежи делегацияның ресми мүшелерін қабылдады.
Қала мэрі жап-жас жігіт. Магистрлік диссертациясын Қазақстанның сыртқы саясаты жөнінде қорғаған білімді азамат болып шықты. Бір қызығы, бұ жұрттың билік өкілдері өзі ғана сөйлеп, білімі мен бағының жүріп тұрғанын көрсетіп қалуға құмар емес. Қыршеһирде Нұрсұлтан Назарбаев атында бульвардың бар екенін хабарлап, Жажабей алаңында «Сүйінбай сазы» ансамблінің өнерпаздары қазақтың ұлттық әуендерімен көрермен жұртты тәнті етті. ТҮРКСОЙ ұйымының атынан Қыршеһир қаласының мэріне алғысын білдірген Мәлік Отарбаев естелік сыйлығын табыстаса, Алматы облысы Мәдениет басқармасының басшысы Рахмет Есдәулетов шапан жапты.
Ендігі бағыт шығыс, шығыс-оңтүстік. Алдымен тоқтағанымыз – Қажы Бекташ Уәли кенті. Қажы Бекташ Уәли Қожа Ахмет Иассауидің шәкірті.
Невшеһир қаласына таяп қалған бір кенттің аумағында жерасты үңгірінің кіретін есігі – жазықтау көшенің бұрышындағы елеусіздеу ғана жер. Қаусырмалы есіктен кіріп, төмен түскеннен бетте өзара жалғасқан үңгірлер көне дүние қойнауына сүңгітіп бара жатқандай.
Тоқтамастан жүріп отырып, Кападокия уәлаятының орталығы Невшеһир қаласына ат басын тірегенде – табиғи көріністерімен де, тарихи орындарын таңырқай тамашаладық. Сай-саласы, қыраттары сүйірленіп шығып, түрлі бейнеде қалыптасқан жұмыр да шошақ жартастар.
Бастапқыда бір жерде ғана ма деп қалсақ, ерекше бітімді мұндай тастар алдымыздан жамырап шыға бастады. Ертедегі адамдар тау беткейлерін тұтас алып жатқан кейбір жартастарды ойып, баспана жасап алыпты. Кейбіреулері бір қапталы таумен тұтаса кірігіп жатқан кәдімгідей екі-үш қабатты үйлер. Жалпы, Түркия тарихи ескерткіштер мен түрлі мұражайларға бай. Ал Кападокия аталатын бұл уәлаят сонымен бірге табиғи ескерткіштерімен де ерекшеленеді екен.
Әрі консул, әрі кәсіпкер Халил Улуер мырза мен елші Жансейіт Түймебаев арнайы жолығып, сапарымыздың сәтті жалғасуына тілектестерін білдірді.
Ертеңінде Ақсарай қаласын аралап, ескі ғимараттарды тамашаладық. xiv ғасырдың бас кезінде тұрғызылған. Кешкі астан соң қашанғысындай өз өнерпаздарымыз орталық алаңда өнер көрсетпекші.
Кешкі концертке қатысқан Ақсарай қаласының мэрі Хаяти Язгы ТҮРКСОЙ ұйымына ризашылдығын білдіріп, ТҮРКСОЙ-дың өкілі Мәлік Отарбаев пен Алматы облысы Мәдениет басқармасының басшысы Рахмет Есдәулетовке сый-сыяпат жасады. Концерт аяқталысымен қазақ делегациясын шайға шақырып, екі ел арасындағы қарым-қатынас жөнінде сөз етті. Негізінен Түркиядағы қай басшымен әңгіме құрып отырсаңыз, барлығы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты мақтайды әрі мақтан етеді.
Ақсарай қаласынан көп ұзамай оң жақ қабатымыздан тақтайдай тегіс кең жазықтың көріне кеткендігі. Айналаның барлық бұрышын аласа таулар қамашау қылып тұрған елдің ішінде де осындай мидай даланың ұшырасуы бір түрлі таңсық та. Сол жазықтың бір жақ шетіне Кония қаласы орналасқан екен. 2011 жылдың наурыз айында келгенімізде, Түркиядағы жазық далада тұрған жалғыз қала осы Кония екен деп таң қалғанымыз бар.
Сөйтіп, Сүйінбай бабамыздың 200 жылдығына арналған Түркиядағы іс-шаралар сәтімен өтіп, елге көңілді оралдық.
Жұмабай Шаштайұлы,
Нұрдәулет Ақыш.