Сазды сахнаның сиқыршысы
28.08.2022
701
0

Өз замандастары оны тыңдарманын баурап алатын харизмасы, ғажайып болмысы мен дауысы үшін «Маг», яғни «сиқыршы» деп атады. Шынында да, Магомаевта сондай бір ерекше қасиет, талғам мен танымдық ой-сананы баурап алатын құдірет бар сияқты.

Өнертану ғылымы оны Шаляпин, Мария Каллас, Павароти сияқты ән өнерінің серкелерімен бір деңгейге қояды. Тамыз айында ұлы әншінің туғанына сексен жыл толды. Ақпарат құралдары соған байланысты бағдарламалар көрсетуде.
Шын мәнінде Мүсілім Магомаев – посткеңестік дүние ғана емес, тұтас адамзат тарихындағы жаппай мойындалған дарынды әншілердің бірі. Тіпті орыс телеарналары оны «планетаның үздік дауысы» деп те атай бастағанын көріп отырмыз. Бұл – әншіге о дүниелік болғаннан кейін көрсетілген құрмет. Өз заманында посткеңестік дүниеде Магомаевтың алдына түсер әнші болған емес деуге толық негіз бар.
Күнәһар дүниеде белгілі тұлғаларды алған атағына, марапатына сай бағалайтын әдет бар. Көбінің табиғи дарыны, харизмасы, халықтың қолдауы соның тасасында қалып жатады.
Рас, Могамаев Социалистік Еңбек Ері атағын алған жоқ, оған кеңестік дәуірдің ең жоғарғы марапаты Лениндік сыйлық та бұйырмады. Бірақ тыңдарманы, халық оны бірауыздан қолдады, төбесіне көтерді. Біздің жағдайда оны көзінің тірісінде Композиторлар одағының мүшесі бола алмай кеткен Шәмшімен ғана салыстыруға болады. Жеме-жемге келгенде өнер адамы үшін халықтың махаббатынан, мадақтауынан артық құрмет­тің қажеті де жоқ.
КСРО мен Әзербайжанның халық әртісінің ресми марапат­тары жаппай мойындаған қадір-қасиетіне сәйкесе бермейді. Небәрі «Даңқ», «Құрмет белгісі», Еңбек Қызыл Ту ордендерімен марапат­талып­ты. Сонымен тәмат-тәмам.
Алайда ұлы әнші шырқаған, музыкасын өзі жазған «Әзербайжан», итальян партизандарының «Бэлла Чао», Мураделидің «Бухенвальд­ский набат», Полат Бюль-Бюльоглының Ғамзатов сөзіне жазған теңдессіз махаббат лирикасы – «Долалай» әндері кеңестік ән репертуарларының тарихына жазылып қалды.
Әнқұмар қауым «Магты» теңдессіз опера әншісі есебінде де жақсы біледі. Ол орындаған Моцарт­тың «Свадьба Фигаро», «Сиқырлы флейта», Дж.Вердидің «Риголет­то» операларындағы ариялары кеңестік опера өнерінің алтын тарихына жазылды. Әңгіме опера өнеріне қатысты болған тұста қазақ операсына, тақырыпқа өзек болып отырған персонажға қатысты, екінің бірі біле бермейтін бір жайт­ты бүгіп қалуға қақымыз жоқ дер едік.
Фигаро ариясын қазақ опера өнерінің серкесі Ермек Серкебаевтың да орындағанын білеміз. Рет­ті жерінде Магомаевтың соған байланысты ғажайып бір пікірін айта кету – парыз. Әрі дәл осы тұста Мүсілім Магомаев тарапынан айтылған қара қылды қақ жарған әділ пікірдің куәсі боламыз.
Ұлы әншінің кезінде: «Кеңестік опера өнері тарихында, ішінде өзім де бар, Фигаро ариясын дәл Серкебаевтай келістіріп орындаған әнші жоқ», – деп әділдікпен мойындағаны бар. Ол да – «Магтың» шынайы кемеңгерлігін көрсететін жәйт.
Әнші алпыс жеті жыл өмір сүрді. Өзінің айтуынша, оның елу жылын ән өнеріне арнапты. Сексен, тоқсанға келгенше сахнаға біреудің қолтықтауымен сүйретіліп шығып, махаббат әндерін айтып жүрген әншілерді көріп жүрміз. Сексенге келген кемпірдің дүйім елдің алдында «Іңкәрім-ай, іңкәрім!..» деп «махаббат­тан өртеніп» тұрғаны қаншалықты қисынды, ұнамды екенін айта алмаймыз, ал әлемдік тыңдарман әндерін үлкен құштарлықпен күтіп, тыңдайтын Магомаевтың әзірге тұғырдан тайып, өнері мен дарыны сарқылмаған дер шағы дерлік алпыс екі жасында сахнаға шығуды күрт тоқтатқаны да әлемдік ән өнері тарихындағы ерекше оқиға болған.
Оның артында өнер адамының, ішінде ән де бар, барша қасиет­ті өнерге деген құрмет-сыйы жатыр. Мүсілім Магомаевтың осы оқиғаға байланысты: «Ең бастысы – ән шырқаудан рахат­танбайтын болдым. Сахнаға шығу үшін әнге деген махаббат, құлық болуы керек. Ал қазір менде ол жоқ. Анау-мынау емес, елу жыл ән айтыппын», – деуі де көп жайт­тан хабар берсе керек…
Осы жерде махаббат тақырыбы алдыңғы қатарға шығады. Мәселе сахнаға ғана емес,тұтастай ұлы МАХАББАТҚА байланысты. Кереметі сонда, «Магтың» өмірі мен шығармашылығына зер салсақ, сүйік­тісіне «Сен – менің әуенімсің» («Ты – моя мелодия») деп ән бағыштаған әншінің өнер мен әйелге деген махаббат­ты бір-бірінен айырмағанын, алшақтатпағанын аңғару қиын емес. Ақиқатында Магомаевтың ән өнеріндегі дарынына алдымен әйелге деген, ешкімге ұқсамайтын, теңдессіз махаббаты негіз көрсеткен сияқты. Ол аққанат періштенің есімі – Үлкен театр­дың әншісі Тамара Синявская!
Өзі де атақ-даңққа кенде емес, теңдессіз сұлу Синявская М.Магомаевтың досы суретші Сергейдің әйелі болатын. Жалпы, «Сергей – Тамара – Мүсілім» махаббат үштігі туралы дақпырт­ты әңгіме көп. Магомаев атақты Сопот байқауында жеңіске жетіп, министр Фурцева тарапынан Париждегі «Олимпия» концерт залында ән айтуға ұсыныс алады. «Маг» алдымен одан бас тартады. Алайда мәселеге ұлы махаббат әсер еткен.
Себебі Сопот­тағы байқаудың грим бөлмесінде ғайыптан Синявскаямен кездесіп қалып, оған бір көргеннен ғашық болады. Парижге Тамара жұмыс істейтін Үлкен театрдың да баратынын естіген әнші сүйіктісін бір көріп қалу үшін ақыры сол сапарға келісімін береді.
«Қырғи-қабақ соғыс» заманында кеңестік адам үшін шетелге, оның ішінде Батыс елдеріне шығу – үлкен сынақ. Содан біраз бұрын атақты балет әртісі Рудольф Нуриев сол Парижге гастроль­мен барып, қалып қойған болатын. Өзі Парижде жүргенде елде Магомаевты да тексеру басталған. Әйелі Лина оған: «Сені тексеріп жатыр. Сот­талуың мүмкін. Елге оралма. Сонда қал», – деген сыңайда хабар жолдайды.
«Тамара мен Мүсілім арасындағы ыстық қатынастар еуроромантизмнің ордасы осы Парижде басталды», – дегенді айтады әнші ғұмырнамасын зерт­теушілер. Тағы да бір дереккөздері екеуінің алғаш кездесуі Чайковский атындағы байқауда болды дейді.
Сол байқауда Тамара Синявская атақты Елена Образцовамен бірге бірінші орынды бөліседі. Соған орай Мүсілім оған гүл шоғын сыйлайды. Әрине, ол Тамараның күйеуі Сергейдің қызғанышын тудырады. Жобалап алғанда, «Тамара – Сергей – Мүсілім» үштігінің апогейі сол кезеңде болғанға ұқсайды. Әлбет­те, жасырын махаббат – екібастан күнә, некелі қосақтың арын таптау. Ұлы әнші олай жасай алмайтын. Күндердің бір күні Сергей мен Тамараның үйіне өзі келіп, екеуінің көз алдында Тамараны шексіз сүйетінін, онсыз өмір сүре алмайтынын ашық айтады! Міне, шынайы өнер адамдарының арасында осындай да ғажайып оқиға болған. Мүсілімнің дауысы – лирикалық-баритон, ал Свинявская – контральто немесе төменгі меццо-сопрано жанрындағы әнші. Яғни, екеуі – екі қиырдың әншілері. Дәл осы тұрғыдан ғұмырбаян мен өнер зерт­теушілері «екі дауыс – бір махаббат» тылсымды формуласын алға тартады.
Магомаев пен Синявская 1974 жылы қосылып, 2008 жылы әнші көз жұмғанша бақыт­ты, ыстық та адал махаббат құшағында өмір сүрді. Сүйгеніне қосылған Мүсілім өмірінің соңына дейін «Сен – менің әуенімсің» («Ты – моя мелодия») деп ән шырқап өт­ті. Ол да екінің біріне бұйырмайтын бақыт!..
Магомаев сынды дарынды тұлғаның, келісті еркектің ғұмырында ізі қалған оқиғалары кім-кімді де қызықтыра­тыны сөзсіз. Ақиқатында ол – өнерде де, өмірде де, махаббат­та да жолы болған адам.
Ғұмырбаян зерт­теушілері де оның тағдырын, өнердегі қайталанбас сара жолын жүрекжарды махаббатынан (ақиқатында, махаббат­тарынан) бөліп қарастырмайды. Әншінің өзі оны алғаш рет сонау жас кезіндегі Калугадағы концертінде жүздеген әйелзады өзіне жақындауы үшін сахнаға қарай бірін-бірі басып-жаншып ұмтылғанда-ақ сезінген, түйсінген, білген сияқты.
Осы жерде «Магомаев өз өмірінде кімді сүйді, қандай әйелдермен қарым-қатынаста болды?» деген сауалдың туындауы да заңды. Мүсілім махаббаттарының арасында атақты Наталья Кустинская, Наталья Фатеева, тіпті Эдита Пьеха да бар. Дереккөздерінде Магомаевтың анау-мынауды қойып, атағы жер жарған Эдита Пьехаға құда түскені айтылады. Оған Эдитаның қалай қарағаны белгісіз, бірақ оның күйеуі Александр Броневицкийдің өнерін сыйлаған «Маг» ол ойынан бас тартқан деседі. Тағы да бір махаббаты «Веселые ребята» вокалды-аспапты ансамблінің әншісі Светлана Резанова: «Мүсілім сияқты еркектің бетін қайтару мүмкін емес еді…» – деп ағынан жарылады…
Ән мен сезім серісінің ақтық махаббаты Тамара Синявскаяның өзіне келейік. Жақында бір тележурналист оған осы тақырыпқа орай: «Өз күйеуіңіз де ешкімнен кем емес еді, Магомаевты не үшін ұнат­тыңыз?» – деген сыңайда сұрақ қойған-тын. Сыры кетсе де сыны кетпеген сексендегі Синявская тәкаппар кейіппен оған: «Дауысқа ғашық болу дегенді түсінесіз бе? Мен оның дарынына ғашық болдым. Сосын сол бір қызуқанды, намысқой адамның рухани тұрғыда жалғызсырап жүргенін түйсіндім», – деп жауап берді.
Міне, «екі дауыс – бір махаббат» формуласындағы ұлы әншінің өзгеге үйретер сабағы мол тәлімді тағдыры осындай!..

Өмірзақ МҰҚАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір