Алаш рухты азамат еді
15.12.2017
1969
0

Рахманқұл Бердібай!
Замандастары секілді Рахманқұл Бердібай үлкен өмір жолынан өткен, өмір жолы өнегелі жан. Ашаршылық, жоқшылық, соғыс, қиналып оқу, қуғын-сүргін… Міне, ғалым өмір жолы. Осы қиындықты өмірге құштарлыққа жеңдіріп, өмірлік қызыққа айналдырып, қазақ елінің іші-тысына бірдей танымал айтулы азаматқа, көрнекті ғалымға айналып өтті мынау өмірден.


Құлбек ЕРГӨБЕК,
филология ғылымының докторы, профессор


1927 жылы 2 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан облысы Түр­кістан ауданының Ихан ша­һарының маңында Көкіш ауылында дүниеге келген Рахманқұл Бердібай отызыншы жылдары Ащысай кеніндегі мектепте оқып, 1943-44 жылдары Түркіс­тан педучилищесін бітіреді. Ащысай кенінде еңбек жолын бастайды. 1945 жылдан бастап облыстық газеттерде өлеңдері жариялана бастайды.
1945 жылы Қазақ мемлекет­тік университетінің филология факультетіне оқуға түскен ол тұрмыс ауыртпалығына байланысты аз уақыттан соң сырттай оқу бөліміне ауысады, ақыры 1948 жылы Қызылорда педагог­тік институтын бітіріп шығады. 1949–53 жылдары Р.Бердібай жас маман ретінде Оңтүстік Қа­зақс­тан облысының Мақтарал ауданында орта мектеп директоры, аудандық оқу бөлімінің инспекторы қызметтерін атқа­рады.
1953 жылы ҚазМУ-дің аспирантурасына түсуге Бейсембай Кенжебайұлына келеді. Б.Кен­же­байұлы ұлтшылдық пиғы­лына байланысты М.О.Әуезов екеуі Қаз МУ-дан қуылып, партиядан шығарылып айдауға, бәлкім атуға дайындалып, үй қамағында отырған тұсы.
(М.Әуе­зов Москваға бой тасалап қашып кеткен.) Бейсекең қанат­тасы Мәулен Балақаевқа телефондайды. «Көріп, біліп отырсың менің халімді. Елден бір шәкіртім келіп еді. Сол баланы тілге аспирантураға сен ала тұр. Мына жағдайдан аман-есен құтылсам, өзіме алармын. Әде­биетші болатын бала». Солай болады да.
1955 жылдан қайта ашылған «Қазақ әдебиеті» газеті редакциясына қызметке шақырыла­ды. Әдеби қызметкер, сын бөлімінің меңгерушісі қызмет­терінде болады. Сын жанрында еркін көрінген ол осы жылдары қазақ тілі, терминология, ана тілін оқыту, әдеби мұра тағдыры жайында мейлінше өткір ма­қа­ла­­лар жазып, мәселелер көтере­ді. Бөлімде ұйымдастыру­шы ұлттық болмысы мықты Рах­манқ­ұл Бердібай. Обалы не, бас редактор Сырбай Мәуленов, орынбасары Жұбан Молдағалиев та қазақ ұлтының мәселесін көтеруде тартынып қалмайды, Рахаңның қолын қақпайды. Нәтижесінде ҚКП Орталық Комитетінің тіл, әдебиет, әдеби мұра жөніндегі 1956-57 жылдар­дағы бірсыпыра қаулылары алынады.
Бейсембай Кенжебайұлы Смағұл Садуақасовты бас етіп Алашорда және оған жантартушыларды ақтау, кітаптарын шы­ғару жөнінде мақаласын әке­леді редакцияға. Бас қаны­шер И.В.Сталин өліп, әупірім-тәңірмен аман қалып, іздене жүріп ақталған адамның қайта бастаған қайсар шабуылы. Бөлім редакторы Рахаң «Өтел­мек парыз» деген атпен мақа­ланы «Қазақ әдебиеті» газетіне қысқарта дайындап ұсынып жібереді. Сырбай Мәуленов Бейсекеңе келеді:
– Смағұл ұлттың көсемі атан­ған Әлихан Бөкейхановтың күйеу баласы ғой… – дейді сыбырлап.
– Болса ше? Ленин айтқан «Әкесі үшін баласы жауап бер­мейді», – деп. Оның үстіне Смағұл Садуақасов коммунист. Коммунистік партия тапсырмасымен Донбас темір жолында инженер болып істеп жүрген жерінде екі өкпесі бірдей қабы­нып өз ажалынан қайтыс болды.
– Иә, Сәбит Мұқанов Сма­ғұл­ды криматорияда өртегенде қаралы сәтке қатысыпты. Сә­беңнің бір романының кейіп­кері… құрып кетпейміз бе, Бейсеке?
– Осыны айтып тұрған ұлт көсемі Ахмет Байтұрсыновтың күйеу баласы ма?
Сырбай Мәуленов орнынан тұрып жүре береді…
Мақала «Қазақ әдебиеті» газеті бетінде жарияланды.
Жариялану бойында «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы С.Мәуленов, орынбасары Ж.Молдағалиев, жауапты хатшы Т.Абдрахманов, Р.Бердібай ұлтшыл ретінде қызметтен алас­талды. Рахаңның ұлттық план­дағы қоғамдық қызметі, қай­раткерлік ой жүйесінің қа­лып­­таса бастауы осы кезең болатын.
1959 жылдан Р.Бердібай Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясында ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқар­ды. Алғаш ұйымдас­тырылған жылдары Қазақ энци­к­­лопедия­сының жауапты хатшысы болып істегені бар.
1992 жылы профессор Мекемтас Мырзахметовтің ша­қыр­уымен Қ.А.Иассауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік уни­верситетіне қызметке ауыстым. Б.Байтанаев екеуіміз Рахаңның райын байқап Түркіс­танға шақырдық. Ол «Қазақ әдебиеті» кафедрасы меңгеру­шісі болып қызмет атқарды.
Р.Бердібай 1961 жылы «Қазір­гі қазақ романындағы сюжет проблемасы» деген тақырыпта кандидаттық, 1970 жылы қазақ романының теориялық проблемалары бойынша докторлық диссертация қорғады, профессор, Қазақстан ғылымына еңбек сіңірген қайраткер, Республи­каға еңбегі сіңген мәдениет қызметкері атағына ие болды. Ол Ш.Уәлиханов атындағы ғылым саласындағы сыйлықтың иегері, Қазақстан Ғылым ака­демиясының академигі, Ха­-
лы­қаралық Ш.Айтматов ака­де­мия­сының құрметті акаде­мигі, Түрік тіл құрылымының құр­мет­ті мүшесі секілді абырой­лы атақ­тар­ға ие болды.
Р.Бердібай қазақ кеңес әде­биетінің әр жанрдағы көптеген туындылары туралы сын ма­қа­ла­лар жазды, проблема көтерді, соның ішінде әсіресе қазақ романын тереңдеп тексерді, қазақ әдебиеті мен әлем әдебиеті байланыстарын, көне қазақ әдебиеті тақырыбына да белсенді қалам тартты. Ол 1973 жылдан бері қарай фольклор саласында іргелі зерттеулер жүргізіп фольклорист атанды. Эпос, ақындар айтысы, жыршылық дәстүрге арнап тұтас-тұтас монографиялар жазды. Қазақ эпосы жайын­дағы маңызды монографиялары оны эпостанудың көрнекті өкілі қатарына көтерді. Ол соңғы ширек ғасырда қазақ ауыз әде­бие­тін зерттеуге жетекшілік етіп, қазақ фольклористерінің көшбасшысына айналды. Оның сан-сала еңбектерінің кейбірі ағылшын, орыс, түрік, өзбек, қырғыз, түркімен, татар, ноғай тілдеріне аударылып басылды.
Қазақ әдебиеті мен фольк­лоры­ның жетекші маманы ретін­де ол Мәскеу, Қазан, Анкара, Измир, Сиэтл /АҚШ/, Баку, Ашхабад, Ташкент, Тбилиси, Элиста қалаларында ғылыми-теориялық конференцияларда бағдарлы баяндама жасап, қазақ ұлты атын шыға­рып, даңқын көтеріп жүрді. Ра­қаңды төрткүл дүниенің бір­сы­пыра елі, бірқыдыру жері біле­ді дейтініміз де міне, осыдан!
Р.Бердібай отыз жылдан ас­там уақыт қоғамдық негізде Алматы қалалық қазақ әдебиеті мен өнері халық университетінің ректоры қызметін атқарып жүр­ді. Өркениет үлгісі, ұлтшылдық сабағы еді. Өкініші – жабылып қалды-ау! Халық университе­тінде сол уақыт ішінде қазақ халқы­ның соңғы екі мың жыл­дық тарихының аса көрнекті ескерткіштері мен қайраткерлері хақында бес жүзден артық дәріс өткізілді. Қазақтың төкпе ақындық, жыршылық дәстүрін, күйшілік өнерін, көне музыка­лық аспаптарын дамыту, халық таланттарын табу жөнінде халық университеті аса пайдалы, игілікті іс атқарды. Халық университетінде өткізілген са­бақтардың магнитофон тас­пасына жазылып алынғанда­ры­ның өзі бірнеше томды құрай­тын асыл қазына деуге болады. Р.Бердібай халыққа ғылым, білімді насихаттау жолындағы аса көрнекті еңбегі үшін Вавилов атындағы алтын медальмен ардақталған.
Сыншы, әдебиетші, фольклорист, тюрколог, публицист Р.Бердібай «Абай», «Жұлдыз», «Ислам әлемі» журналдарының, «Ана тілі» газетінің ақылдастар алқасының мүшесі болды. Оның жете­к­шілігімен жиырмадан астам адам докторлық, канди­дат­тық диссертация қорғады, ондаған еңбек редакция басқа­руымен жарық көрді.
Бел суытпай, қалам құрғат­пай еңбектенетін ғалым жайында ойлағанда менің есіме поляк халқының ардақты перзенті, ұлы жазушысы Ярослав Ивашкеевич түседі. Күрделі эпопея берген жазушы поляк халқының әлеуметтік, қоғамдық өмірін, ұлттық бүкіл тыныс-тіршілігін жіті бақылап, өз жүрегінен өт­кізіп, талдау жасап кешкілік шығатын /«Алматы ақшамы» секілді/ газетке шолу мақала жазып беріп отыруға уақыт тапқан. Журналистер газеттен арнайы бағананы бос ұстап, жазушы шолуын күтіп отырады. Я.Ивашкеевич аптаның әлеуметтік, саяи, мәдени ахуалын шолып, өз көзқарасын біл­діріп мақала жазып беріп үлге­реді. Газет ол күні жазушы шол­уын­сыз шықпауға тырысады. Оқырман газеттен жазушы шолуын ұдайы іздеп отырады. Ол шолулар көркем сөз шебері­нің шығармашылық активіне қосылмасы анық. Бәрібір, халықтың тағдыры дегенде жазушы тыныш жата алмайды, көркем шығарма жазатын алтын уақытын әлгіндей шолу ма­қа­лаға арнайды. Өзі үшін емес, халқы үшін! Бұл – ұлтын сүйген шынайы патриот жазушы, ой-қайраткерінің әрекеті…
Рахманқұл Бердібай да ха­лық тағдырына ара түсіп, қазақ есесі кетпесін деп «жоға­ры» жақ­қа хат жазады да жатады, мерзімді баспасөзге ұлт тілі, ұлт­тық қорды сақтау, дін бірлігі жөнінде толайым публицис­ти­калық мақала жариялап, қазақ радио, теледидарынан, тіпті алыс жатқан «Азаттықтан» дамылсыз сөйлейтін де жататын. Кейбірі өзіне пайда бермейді, кірпияз шенеуніктер Рақаңның тыным бермей хат жазатынын, ақы-пұлсыз беретін идеясын ақыл айтқыштыққа санап ұнат­пайды. Ұнайын деп жүрген Ра­қаң көрінбейді. Жайшылықта халықшыл болып, мансап алдында «маймыл» болатын кісің Рақаң емес-ті. Тоқсан түрлі сөй­леп, торғай бұттанып жүрген кісімектер Рақаңсыз да жететін. Олардың асқынған типін Рахаң «КӨЗҚАМАН» атады. «Көзқа­ман» – Ш.Айтматовтың «МӘҢ­ГҮР­ТІНЕН» кейінгі орайымен табылған үлкен олжа-термин. Қызметтес болған соң білеміз, күні бүгін өз ұлтына қарсы қыз­мет ететін ұлттың ру­хани азғын­даған жалмауыздарын бауырлас Түркияда сауса­ғын шошайтып «көзқаман» атай­ды екен. Міне, Рахманқұл Бердібай тілімізге әкелген бір сәтті тер­мин­нің таралу аясы, қолдану ауаны.
Біздің кей желікпас журналистер қызмет-мансабы министр, әйтпесе одан сәл-пәл асып барып жығылған, халық үшін ештеңе тындыра қоймаған жандарды добалдай қылып «қоғам қайраткері» атандырып, жазып жатады. Ең болмаса «мем­лекет қайраткері» десе бір жөн-ау. Дүниеден өткен жандар­дың кейбіріне де осындай «жомарт жазулы» мәрмар тақталар ілініп жүр. «Әлі күнге кешегі коммунистерге көше атын беріп, көше басына ескерткішін соғу­дан тиылар емеспіз» (Д.Қыды­р­әлі) Бәлкім өресіздік, бәлкім пендешілік. Қайраткер болмақ – ойдан! Кісінің ойы қайраткер болмай тұрып, «бойы» қайдан қайраткер болсын?! Мемлекет­тік мансапты иеленді ме, жоқ па, бі­рақ қазақ ұлты деп тіршілік ет­кен әрісі Ақаң, Жақаңдар, бе­рісі ұлы М.Әуезов бастаған шо­ғыр топ жазушы, туған әде­бие­ті үшін жазықты болып жәбірлен­ген, айдалған Бейсембай Кенжебаев, Есмағамбет Ысмайылов, Қ.Жұмалиев сынды қайтпас ғалымдар алдымен қоғамдық ой қайраткері еді ғой. Р.Бердібай да осы дәстүрде тәрбиеленген тұл­ға, тұнба ой қайраткері еді.
Бұл – халқының алған әрбір асуына жанымен қуанып, кем соққан әрбір қадамына жүрегі сыздай ренжіген, жас мемлекет­тің өсу жолын тамыршыдай жіті қадағалаған қоғамдық ой қай­рат­керінің өмір жолы.
Қасиетті Түркістан өңірінде дүниеге келген Рахманқұл Бер­ді­бай үлкен өмір өткелдерінен өтіп халық ұлы, Алаш азаматына айналып өтті өмірден. Ағымдағы баспасөзде 1945 жылдан жариялана бастаған оның қаламынан отыз кітап, жарты мыңнан астам мақала туды. Әр деңгейде жазылып, әралуан адресатқа жолдан­ған хаттар бір том болған шығар-ау…
Бір кісіге аздық етпейтін осы биігіне Рахманқұл Бердібай қы­зыл империяның қызылкөз итар­шыларымен таласа-тартыса жүріп жетті. Елуінші жылдары, жоғарыда айтқанымыздай, «Қазақ әдебиеті» газеті жабылып қалып, қайта жарық көрген тұста қатарға тұра қалып /Сын бөлімінің меңгерушісі/ қазақ қасиеті мен қасіреті, ана тілінің ары мен бары туралы тартынбай қалам сілтеп, жазықты болып жапа шеккен, одақтық, рес­пу­б­ли­­калық газеттерде «жас ұлт­шыл» атанып, әшкереленген де осы Р.Бердібай. Қанша теперіш көрсе де талапшылықтан танбай, ұлт мүддесі үшін табан­ды­лықтан бір елі ажырамай еңбек етіп, бүгінгі қазақ жұрты сүйген тұлғаға айналып өтті өмірден.
Р.Бердібай жан-жақты дарын иесі еді. Оның қаламынан туған дүниелер сан-салалы. Ал­дымен әдебиет тарихшысы. Қазақ әдебиеті тарихын зерттеу мектебін қалыптастырған, әри­не, профессор Бейсембай Кен­же­­бай­ұлы. Сол жаңалықты жарғақ құлағы жастыққа тимей насихаттай жүріп, әдебиет тарихшысына қалай айналып кеткенін білмей қалған кісіңіз – Р.Бердібай. Әдебиетіміздің көне дәуірлерінен ғасыры­мыз­дың отызыншы жылдарына де­йінгі кезең-кезеңді бірде проб­лема етіп көтеріп, бірде шо­лып, кейбір әдеби белеңдерді арнайы зерттеп, арнаулы монография деңгейіне көтере жазды.
Р.Бердібай – көрнекті фольк­лорист. Жастықта қазіргі әде­биет сыншысы, зерттеуші ретінде қалыптасқан Рахман­құл­дың буыны қатып, қырық­тың қырқасына шығып сақа жігіт атанғанда фольклорға бет­­бұрып, ден қоюы – сын сәт, сыншыл шешім, көзсіз ерлік еді. Абырой бергенде, ғалым еңбек­қорлығы, дүниетаным кеңдігі, ізденімпаздығы жабыла демеп, әдебиет, тіл, тарих, этнография қоспасынан тұратын, дербес ғылым дерлік – фольклористиканы игеріп әкетті. Р.Бердібай­дың бұл саладағы еңбектері өз ішімізде де, сырт елде де үлкен абыройға ие. Тынымсыз ізденіс­тен туған «Қазақ эпосы», «Эпос – ел қазынасы», «Эпос мұраты» аталатын монографиялары ар­қылы түйілген концепциясы оны эпостану негізін салушы дәрежесіне көтерді. Түрік дү­ние­сінде мойындалды. Демек, ғылымдағы халықаралық дәре­же­дегі тұлға! «Қазақ фо­льк­ло­рының типологиясы», «Фольклор шындығы», «Қазақ фо­льк­лорының тарихилығы» проблемаларының шешім табуы – тікелей Рахманқұл Бердібай есімімен байланысты.
Атап өткеніміздей, Р.Берді­бай – роман зерттеушісі. Фольклорда – эпос қандай жетекші жанр болса, жазба әдебиетте ро­ман сондай жетекші жанр бол­ды уақытында. Кеңестік кезең романдары, қазақ тарихи романының зерттелуі осы ға­лым-сыншы еңбегімен тығыз байланысты. «Қазақ романы», «Роман және заман», «Қазақ тарихи романы» – аталатын сү­бе­лі-сүбелі монографиялар – про­блемалығымен, талдау жүй­ріктігімен әлі күнге актуальды. Ол еңбектер студенттер, оқу­шы­ларға үлкен қолқабыс – оқулық.
Осыған жалғай әңгімелесек, Р.Бердібай – мұхтартанушы. Ұлы адаммен замандас тіршілік кешкен, шәкірт болып дәрісін тыңдағаны бар, әйтеуір Әуезов әдеби әлеміне қызығушылар, ден қоюшылар бірқыдыру. Бірі дана кісіні мақтайды, бірі дана кісі атымен мақтанады. Ғалым­ның «Мұхтар шыңы» монографиясы мұхтартануда орны бар еңбек.
Шығармашылық көрігі – сын­нан өсіп шыққан жандар осы бір ыстық-суығы аралас жанрды қимайды-ақ. Сондай жанның бірі – тағы да Рақаң. Қазақ әдебиетіндегі жылт еткен жаңалық, шығармашылық же­тістік сыншы Р.Бердібай назарынан тыс қалып көрген жоқ, қашан көз жұмғанынша.
Кезінде КСРО Ғылым академиясы мамандандырылған фо­льклор кеңесінің мүшесі, «Со­ветская тюркология» жур­налы­ның редколлегия мүшесі ретінде «Бүкілодақтық аренаға» шыққан Р.Бердібай қазақ әде­бие­тінің көп мәселесін биік-биік деңгейлерге шығара на­си­хат­таған ғалым. Ол көп томдық «Совет әдебиеті» тарихи еңбек­тің авторларының бірі. Ал, өзімізде жарық көрген үш том, алты кітаптан тұратын «Қазақ әдебиетінің тарихы» аталатын кәделі еңбектің негізгі автор­ла­рының бірі.
Әдебиеттану мен фольклористика ғылымының әр саласында еңбектеніп, бар саласында жеміс беріп келе жатқан Рахманқұл Бердібайдың шашырап кетпей, шашылып қалмай, қаламын қайда салса да кәнігі мамандарша сөйлеп, жарып шы­ғып, жорға жазып кете алуы­ның сыры неде? Ол – ізденім­паздық. Ол – методология!
Р.Бер­дібай – ең соны методологияны меңгерген ғалым. Методология – ғылым кілті. Сол кілт – Р.Бердібай қолында. Әрі методологияны жетілдіріп отырды. Өзі де жастарға жетекші болар­лық методолгиялық мақалалар жазып, көшбасшылық жасап өтті өмірден.
Рахманқұл Бердібай азамат­тығы жайында аз айтылмайды. Бір ғажабы – замандастары
өза­ра ақылдасып алғандай Рақаң азаматтығын бір ауыздан, бар дауыспен айтады. Ой қай­таланса – ақиқат белгісі. Расында, Р.Бер­дібай халық деген мәселеде тартынып көрген жан емес, «жан пидалап» – алда жүреді. То­лар-толмас мансап иеленіп, болар-болмас іс істеген кейбір жандар «мен сөйттім» деп мін­дет­ті ісін міндетсіп болады, жұ­рт­ты мезі қылады. Ал, Рақаң халық үшін атқарылған әрбір ісін – міндетім деп қарайды. Мұның жарқын бір мысалы – Алматы қалалық Ха­лық универ­сите­тін ақы-пұлсыз отыз жылдан астам басқаруы.
Ізгілік бастауы – даналық! Даналық қайнары – ұстаздар өнегесі. Р.Бердібай ұстаздар өне­гесін мықтап тұтынған, шәкірт­тігіне шәк келтірмейтін кісі. Өзі ұстаз дәрежесіндегі аға ғалым алдындағы ұстаздары – Ә.Мар­ғұланның «Ежелгі жыр-аңыз­дар» /1985/, Б.Кенжебаевтың «Әде­биет белестері» /1987/,
Ә.Қоңырат­баевтың «Қазақ эпосы және тюркология» /1987/ аталатын еңбектерін өз зерт­теуінен әрі мәпелеп, сарашылық сүзгі­ден өткізіп, үлкен жана­шыр­­лықпен жарыққа шыға­рысты. Міне, бұл кісілік!
Күллі түріктік деңгейде тұл­ғал­анған көрнекті ғалым Рах­манқұл Бердібай жайында кісі бір мақалада айтып тауысу мүм­кін емес. Біз айтқан жайлар – ғалымның кейбір шығарма­шылық, кісілік қыры ғана.

Түркістан.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір