Ұлы хандықтың рухты жырлары
29.10.2021
3461
0

«АЛТЫН ОРДА – ҚАЗАҚТЫҢ БАБА ТАРИХЫ»

Қазан айының 27-29 күндері Атырау қаласында «Ұлық Ұлыс – Алтын Орда» атты халықаралық ғылыми конференция  өтті. Конференцияға Алтын Орда дәуірін зертеуші қазақстандық тарихшылар мен археологтар, этнографтар мен фольклортанушылар және шетелдік ғалымдар қатысты. Конференция барысында Алтын Орда империясының құдіретін танып-білуге деген үлкен құлшыныс пен түбегейлі бетбұрыс байқалды. Алтын Орданың тарихы – біздің төл тарихымыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзімен айтсақ: «Алтын Орда – қазақтың баба тарихы».

Алтын Орда. Бұл – екі ғасырлық Ұлылық тарихы…

Алтын Орда. Бұл – Шығыста Алтай таулары мен Батыста Дунай өзені арасындағы алып шекара. Уысына Батыс Сібір, Хорезм, Еділ Бұлғарлары, Солтүстік Кавказ, Қырым сияқты ұшы-қиыры жоқ аймақты сыйдырған көшпелі халықтың теңдессіз империясы.

Алтын Орда. Бұл – қатал тәртіпке, әскери машыққа үйренген баһадүрлер туралы батырлық дастаны. Бес қаруды жетік меңгерген, тақымындағы тұлпарымен тұтасып кентавр кейпінде атқан оқ пен шапқан қылышқа қарамай, қасарысқан жауына қарсы шапқан рухты әскер. Орта ғасырдағы әлемнің жартысынан көбін жаулап алған жойқын күш.

Алтын Орда. Бұл – Еуропа мен Азияның арасында еш кедергісіз жүрген сауда керуендері, дала экономикасының тұрақты қалыптасуы мен дамуы.

Алтын Орда. Бұл – тілі мен діні сан алуан халықтарды теңдей біріктірген көпұлтты, ғалымдар, ақындар мен қолөнершілерге шексіз шекара ашқан, әр тараптан келген мәдениетті біріктіре алған мемлекет. Бұл – нағыз жаһандана жаңғырудың, біріге дамудың озық үлгісі. Алтын Орда – қала мәдениеті мен көшпенділер мәдениеті тоғысқан алтын орта.

Алтын Орда – Ұлы дала империясы!

«Ұлық Ұлыс – Алтын Орда» атты халықарлық ғылыми конференцияға арналған материалдарды газетіміздің оқи аласыздар.


Көктегі күн сәулесінің белін талдырып сағымға айналдыратын, жер үстінде желіккен желдің өкпесін қабындыратын Еуразияның сайын даласындағы Алтай мен Балқан таулары аралығындағы ұлан-ғайыр кеңістік Шыңғыс ханның батысқа қарай жасаған жорығынан кейін оның үлкен ұлы Жошының еншісіне тиеді. Моңғол-түркілерде «Ұлық Ұлыс немесе Жошы Ұлысы», ал орыс жазба деректерінде «Алтын Орда» деп атанып кеткен бұл алып мемлекет ХІІІ ғасырда пайда болып,  ХҮ ғасырдың басында терең құлдырау, күйреу күйін кешеді. Азат өмірді, еркінділікті ардақ тұтатын далалық мәдениеттің, жауынгершілік рухтың, түркілік руханияттың мұрагері ретінде Қазақ Ордасы ғасырлар қойнауынан жалғасы жеткен бабалар мұратын жаңа мазмұнмен байытып, жаңғырта дамытуға мәжбүр болды. Оның ішінде Ұлық ұлыстан жеткен рухани мұралардың да  қалың көмбесі бар.  Шыңғыс заманынан нәр алатын, Жошы ұлысының тарихымен өріліп Қазақ хандығының тыныс-тіршілігінен, тарихи танабынан хабар беретін, тағылымы терең  рухани қазынының бірі – фольклор. Ол туындылардың мазмұнына тарихи-салыстырмалы, типологиялық сараптама жасағанда оның тарихи негізі бар екендігін, халықтың танымал тұлғалар мен айтулы оқиғаларға берген бағасын, дүниетанымдық көзқарастарын, арман-аңсарын айқын көруге болады. Мұндай аңыздар шоғырын жекелеп, жіліктеп зерттеу – халықтық мұраның  мән-маңызын, бағасын тануға септігін тигізері анық. Бұл мақаламызда біз Жошы ұлысынан жеткен фольклорлық туындылардың арасынан атақты үш тұлғаға – Шыңғыс, Жошы, Әз-Жәнібек хандарға қатысты  аңыз-әпсаналарды қысқаша талдауға ұмтылдық.

 

ҚАН ШЕҢГЕЛДЕГЕН ШЫҢҒЫС ХАН

Ұлы Даланың төскейінде алыстан мұнарланса да жақындай болған, сағымдай бұлдыраса да анықтай болып жеткен фольклорлық туындылардың бір шоғыры – Шыңғыс хан туралы аңыз-әпсаналар. Шыңғыс хан туралы аңыздардың сайын далада аңызақ желдей есіп, ел есінде сақталуына екі түрлі жол себеп болған. Біріншісі – Шыңғысты хан сайлап, қаһарлы қаһан құрған көшпелі империяның құрамында ру-тайпалар арасындағы және сол ру-тайпаларға билік еткен Шыңғыс тұқымдарының отбасылық аңыз-әңгімелері, екіншісі – Шыңғыстан мұра болып қалған өлкелерде төре ұрпақтарының бастамасымен немесе соларға арнайы жазылған тарихи-шежірелік, яғни нарративтік шығармалардағы деректік баяндар.

Шыңғыс хан туралы Дала аңыздарын шартты түрде екі үлкен топқа бөлуге болады. Бірі – кейбір үлкен ру-тайпалардың Шыңғыс билігіне қатыстылығы туралы аңыздар, екіншісі – Шыңғыстың дүниеге келуі, жазықсыз қудалануы, әділетті хандық құруы. Бірінші топтағы аңыздардың тарихилық, танымдық сипаты басым болса, екінші топтағы әңгімелерде уақыт тегеуріні мен фольклорлық шығармаға тән көркемдіктің артуына байланысты тарихилығы әлсіреп, оның орнын қиял мен әсірелеуден құралатын мифтік, ертегілік, хикаялық мазмұндар басымдылыққа ие болған.

Тарихилық, танымдық сипаты басым қазақ аңыз-әпсаналары Шыңғыстың хан болған сайлануына қазақ жұртынан билер барғандығын, оларға хан тарапынан таңба, ұран, ағаш белгіленгенін және жер-су атауларының пайда болуы хан сайлау, сан түрлі жүргізілген жорықтарға байланысты туындаған оқиғаларды баяндайды.

Шыңғыс хан Еуразия кеңістігінің басым бөлігін жаулап алады. Ол өз билігін мойындауды көнгендерге келіссөз шарты арқылы ымырамен, көнбегенін қылыштың жүзі, найзаның күшімен бағындырды. Күшпен бағындырылған елдерде көп қан төгілді, қалалар қирады, жұрт босқынға ұшырады. Тарихи-шежірелік әңгімелер ұлы жиһангердің әлемді бағындырудағы іс-әрекеті оның дүниеге келгенінде тағдырына жазылған миссия еді деген ойды алға тартады.

«Моңғолдың құпия шежіресінде» «Шыңғыс қаһан туғанда оң қолымен асықтай қан шеңгелдеп туыпты» дейтін дерек бар. Сол дерек Хиуа ханы Әбілғазының «Түрік шежіресінде» былайша тәпсірленеді:  «Шыңыс хан хижраның 559-ншы доңыз жылында Білұн йылдық деген жерде дүнияға келді. Туғанда бір қолын жұмып туды. Кіндік шеше болған әйел қолын ашып қарап еді, бір уыс ұйыған қан көреді. Мұны келіп әкесіне айтты, отырған кісілердің еш қайсысы бұл ненің нышаны екенін айта алмады, тек бір кісі ғана: «Бұл бала дүние жүзіне патша болар, көп елдер мен уәлаяттарды қаталдықпен өзіне бағындырар, бұл – соның нышаны», – дейді. Сол кісінің айтқаны келді».

«Сол кісінің айтқаны келді» деген сөзде Шыңғыстың әлемді жаулаған іс-әрекетінің танымы жатқаны сөзсіз. Бір қолын жұмып туған Шыңғыстың екінші алақаны ашық болғаны анық. Ашық алақанды – оның келіссөз бен мәмілегерлік іс әрекетінің кескін-келбеті деп бағамдауға әбден болады.

Түркі кеңестігіндегі тарихи еңбектермен жақсы таныс болған, Қазақ оқымыстыларының арасынан алғаш рет хандар тарихы туралы зерттеу еңбек жазған Шәкәрім Құдайбердіұлы «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі» атты туындысында Шыңғыстың «қан шеңгелдеп» туған оқиғасын және бейбіт жолмен елдерді бағындырып әділетті билік құрған  бейнесін жыр кестесіне былайша өрнектейді:

Қолына туып еді қан уыстап,

Әлемді билейтұғын үлгі нұсқап.

…Мейрімді алған елге әділетті,

Кетеді қарсыласса қанға малып.

Ал жалпы «қан уыстап» туған Шыңғыстың қаһарлы бейнесі жыр-аңыздарда тұрақты көркемдік штрих, әсірелеу құралы ретінде кері пайдаланылады. Қазақ жұртын билеген ұрпақтары туралы эпостық мұралар мен жыр-аңыздарда кейіпкердің ата-тегін мадақтауда немесе оның жеке қасиетін жеткізуде пайдаланып отырады. Мысалы, Абылай хан туралы жырда ханның арғы атасы Шыңғысты:

Шығыста бір хан өткен Шыңғыс деген,

Қаһармен қан қақсатып ел билеген.

«Аспанның астын түгел аламын» деп,

Қан уыстап, жынын бүркіп дүрілдеген, – деп жырласа, «Еңсегей бойлы ер Есім» жырында:

 

Дүниеге бір күн бала пайда болды,

«Ділікүнболдық» деген жерінде еді.

Қатындар кіндік кескен назар салса,

Оң қолы қан уыстап жұмулы еді.

«Зілінде» үлкен патша болар» – десіп,

Аттарын Темушин деп қойыпты енді.

Жұрт сұрап даражаға жеткеннен соң,

Лақабын сонан кейін Шыңғыс дейді.

Абылайдың өзі «қанішер» деген батырлық құрметке ие болған. Ал Абылайдың баласы Қасым хан анадан туғанда арғы атасы Шыңғыс сынды қолына қан шеңгелдеп туады.

 

АҚСАҚ ҚҰЛАН – ЖОШЫ ХАН, ЖОҚТАУ АЙТАМ ОСЫҒАН

Шыңғыстың көзі тірісінде аңызға айналған оқиғаның бірі – Жошының өлімі. Тарихи зертеулердің жазуынша, ол жұмбақ жағдайда қайтыс болады. Жұмбақ жағдайдағы өлім неше түрлі қауесет тудыратыны – өмірдің шындығы. Халық шығармашылығының қайнар көзі ретінде фольклорда бұл үрдістен шет қалмаған: жұмбақ өлімінің себебі туралы көркем туындылар дүниеге келген. Ол туындылардың бірі жыр, екінші бірі – күй  үлгісінде ел арасына кең тараған.

Жошының өлімі туралы аңыздың алғашқы көркем үлгілерінің бірі ХҮІ ғасырда жазылған «Шаджарат аль-атрак» («Түрік шежіресі») деген шежірелік туындыға тіркелген. Оның мазмұны Шыңғыс ханға баласы Жошының өлімін дүние құбылысын жұмбақтай отырып тұспалдап естіртуге құрылған. Естіртуші – Ұлық Түрік атты жыршы. Тарихи-шежірелік туындының авторы Жошының өлімі туралы аңызды баяндау алдында Шыңғыстың үлкен ұлының өмірге келген тарихын, оған бауырлары Шағатай мен Үгедейдің Жошының тегі туралы жапқан жала айыптарын, қағанның Жошыға деген сүйіспеншілігі мен құрметі ерекше болғанын жазады. «Шыңғыс хан өзінен тараған ұл-қыздар арасында Жошының аса қатты жақсы көрді. Оның көзінше Жошы туралы жаман сөз айтуға ешкімнің батылы бармайтын еді» дей келе, қайғылы қазаның қағанға қалай жеткізілгенін баяндайды:

«…В то время когда известие о смерти Джучи-хана пришло в орду, никто не мог сообщить это Чингиз-хану. В конце концов все эмиры решили, что Улуг-Джирчи, который был приближенным и одним из великих эмиров, сообщит об этом, когда получит приказание о джире. Затем Улуг-Джирчи, когда Чингиз-хан отдал приказание о джире, найдя время удобным, сказал тюркский джир:

Тенгиз баштын булганды ким тондурур, а ханым?

Терек тубтын джыгалды ким тургузур, а ханым?

Чингиз-хан в ответ Джирчи сказал тюрский джир:

Тенгиз баштын булганса тондурур олум Джучи дур,

Терек тубтын джыгылса тургузур олум Джучи дур.

Смысл слов Джирчи был таков: «Море до основания загрязнилось, кто (его) очистит, о царь мой? Белый тополь покатился с основания, кто (его)поставит, о царь мой?».  В ответ Чингиз-хан говорит Джирчи: «Если море загрязнилось до основания, тот, кто очистит (его), — сын мой Джучи; если ствол белого тополя покатился с основания, тот, кто поставит, — сын мой Джучи!». Когда Улуг-Джирчи повторил свои слова, слезы потекли из его глаз.

Чингиз-хан сказал тюрский джир:

Козунг йашын чокуртур конглунг голды балгаймы?

Джиринг конгуль бкуртур Джучи ольди болгаймы?

В ответ Чингиз-хану Джирчи сказал тюрский джир:

Сойлемекке эрким йок сен сойлединг, а ханым!

Оз йарлыгынг озге джаб айу ойлединг, а ханым!

Когда Джирчи повторял свой джир и при этом слезы стали видны на (его) глазах, Чингиз-хан говорит: «Твой глаз проливает слезы, разве сердце твое наполнилось? Речь твоя заставляет рыдать сердце, разве Джучи умер?».

Так как в то время вышло повеление Чингиз-хана, что каждый, кто скажет слово о смерти Джучи, подвергается наказанию Чингиз-хана, то вследствие этого Джирчи в ответ Чингиз-хану говорит: «Говорить об этом не имею силы и воли, ты сам сказал, о царь мой, указ твой над тобой самим пусть будет, ты хорошо подумал, о царь мой, так как это — так».

Тогда Чингиз-хан сказал тюрский джир:

Кулун алган куландай кулунумдин айрылдым,

Айрылышкан анкаудай эр олумдин айрылдым,

то есть: «Подобно лосю, которого на охоте гонят, чтобы убить, сам он убегает, а детеныш его остается, также я отделился от своего ребенка и подобно простаку, который из-за простоты попал в среду врагов в расчете на дружбу и отделился от спутников, так я отделился от мужественного сына моего». Когда от Чингиз-хана изошли такие слова, все эмиры и нойоны встали, выполнили обычай соболезнования и стали причитать».

Тизенгаузеннің жинағына еніп, мәтіннің мағынасына орысша түсіндірме беріп ұсынылған аңызбен мұқият танысқанда, Шыңғыстың сүйікті ұлының қайтыс болған  қайғысында үлкен опық жегендігі байқалады. Ол опық жеу жырдың шумағындағы «Кулун алган куландай кулунумдин айрылдым//Айрылышкан анкаудай эр олумдин айрылдым» деген жолдарда көрініс тапқан. «Айырылышкан анкаудай» деген жыр жолдарында «жаудың арандату, қаңқу сөзіне сенген аңқау кісідей аңырап қалдым», яғни, қазіргі ұғыммен айтсақ, интрига құрбаны болдым деген мағына жатыр. Мұны шағатай тілінен орысшаға аударған шығыстанушылар дәл аңғарған: «также я отделился от своего ребенка и подобно простаку, который из-за простоты попал в среду врагов в расчете на дружбу и отделился от спутников,так я отделился от мужественного сына моего».

Жошының өлімі туралы аңыздардың шындық сарынын айқындап тұрған тұсы – тарихи жазбаларда айтылатындай, Жошының тауда аң аулауы, сонымен қатар оның аң аулаған кеңістігінің Ұлытау деп белгіленуі. Ал Ұлытауда Жошының бейіті бар. Бұл штрихтар қазақ аңыздарының тарихилығын күшейтеді.

Қайғылы оқиғаның орын алуына арқау болып тұрған басты сюжет – кейіпкердің аңшылық құрып жүріп, тосыннан қайтыс болуы. Аңшылық көшпелілер тіршілігіндегі маңызды орын алды. Көшпелілер кәсіп, тіршілік көзі және соғысқа дайындық ретінде аңшылықпен айналысқан. Шыңғыс пен оның балалары да осы ата кәсіпті-аңшылықты машық еткен еді. Дала аңыздары Жошының өлімін шындыққа жанасатын оқиға арқылы жеткізуге ұмтылады. Ол көрініс – аң аулау. Бұл сарын фольклорлық шығармаларда, эпостық жырларда, ертегілерде тұрақты кездеседі. Бұл – бір.

Екіншіден, тұрақты сюжетке таңылған кейіпкерлер қатары бірнешеу. Олар: Шыңғыс, Алаша, Темірлан. Әр заманда, әр кезеңде өмір сүрген бұл тарихи тұлғалардың бір оқиғаның маңына шоғырлануы, соған қатысуы – фольклорлық анахронизмнің белгісі. Анахронизм, яғни оқиғаның хронологиялық тұрғыдан ала-құлалығы, түрлі жамау, қоспалар қосылуы – фольклорлық шығарманың басты сипаттарының бірі.

Үшіншіден, құлан аулап жүрген Жошының ғайып болып кетуі. Көне мифтік түсінікке негізделген бұл сарында жұмбақ жағдайда қайтыс болған Жошы оқиғасы тылсым құдіретке бағаланады. Тылсымның сыры – Тәңірге ғана аян. Тәңірінің бұйрығы – талданбайды,  «жазымыштан озымыш жоқ» дейді халық танымы.

Жошы ханның өлімі туралы фольклорлық туындылар негізінен аңшылық үстінде орын алған оқиғаны баяндауға емес, ол сол оқиғадан алатын ғибраттық тағылымды, өнегені насихаттауға құрылған. Мұнда болған оқиғаның дерегін жеткізуден гөрі, өнер иесінің құдіреті мен өмірде орын алатын мәңгілік сұрақтарға жауап беру және тағдырдың жазғанына көнбеген Шыңғыстың қатал мінезін сынау сынды сарындар орын алған. Жошы өлімін сезген қаһарлы ханның басқа түскен жазымыш ісіне мойымай, баласының өлімі туралы жаманат хабарды жеткізген кісіні жазаламақ болуы – «жазымыштан озымыш жоқ» деп ұғынатын мұсылмандық діни танымға қайшы келетін әрекет.

Мұсылмандық діни таным бойынша Алладан бұйрық болған ажалға хан да, қараша да мойынұсынуы қажет, яғни қаза – ханға да, қарашаға да ортақ. Қазаның қалауына жер бетінде кедергi келтiрер күш жоқ. Қазақ арасында бұл таным «әкесі өлгенде де естіртеді» деген мәтел сөзбен сақталған. Ал шексiз билiк иесi ханға халық қиялындағы ықпал етер оңтайлы тұс – қаза естiрту. Естірту ғұрпы арқылы халық қиялы өзінің билікке тигізер ықпалын да білдіргісі келеді. Абсолюттік билік иесі ханды қарапайым өнер иесінің тапқырлықпен жеңіп шығуы – билік тұтқасын ұстаған кісілер халықпен санасуы тиіс деген саяси танымға арқау болған халықтың аңсары.

Жошы өлімін естірткен жыршы бейнесі кейінгі дәуірлерде өмір сүрген жыршы-жыраулардың бейнелерінде де орын алған. Билік иесінің туған баласы немесе сүйікті батырының қайтыс болуын жеткізу жырауларға жүктеліп отырады. Мысалға Абылай ханға атақты Қанжығалы Бөгенбай батырдың өлімін бірнеше жыраудың естірткенін атауға болады.

Ұлы Дала аңыздарының ішінде Жошы өлімін естіртудің шоқтығы биік үлгісі – күй. Мұнда ханға баласының өлімін күй тілімен жеткізіледі. Күйдің сазына қатысты айтылатын аңыз «Ақсақ құлан-Жошы хан» деп аталады. Аталмыш өнер туындысының басты  бір ерекшелігі – әуен сазымен аңыз оқиғасының желісін жеткізу және тағдырдың салғанына көнбей отырған қатал Шыңғысты жырдың немесе күйдің құдіреті арқылы өз шешімін өзіне қарама-қарсы келтіруге мәжбүрлеген өнерпаздың бейнесінің ардақталуы. Халыққа әлемді жаулап алған тағдырдың салғанына көнгісі келмейтін қаһарлы әміршінің бейнесі емес, ел басына ауыр сын түскенде (бұл тұста Шыңғыстың Жошы өлімін естіртпеуі туралы жарлығы) тығырықтан шығар жол тапқан қарапайым өнер иесінің (жыршы, күйші) бейнесі ыстық.

 

АЙ, ХАН, МЕН АЙТПАСАМ, БІЛМЕЙСІҢ

Алтын Орда дәуірінен сағым жетегіне еріп жеткен аңыздық мұралардың бірі – Әз-Жәнібек хан туралы әңгімелер. Ел аузында  Әз-Жәнібек билік құрған кезең ноғай мен қазақтың бірлігі жарасқан «алтын ғасыры» деп аңыздалады. «Қазақ жырларында, – деп жазады Ш. Уәлиханов, – Жәнібектің билеген уақыты бірге өмір сүрген туысқан екі орданың – ноғай мен қазақтардың алтын ғасыры болып жырланады. Бүгінгі күнге дейін далалықтар арасында айтылатын Жиренше шешен, Әз Жәнібек, Асан Қайғының адамгершілік жайында айтылған өсиет сөздері, аңыздары сол кезеңмен байланыстырылады».

Орта Азияны мекендеген түркі халықтарының тарихында Жәнібек есімді бірнеше кісі хандық құрған. Солардың ішінде ең атақтылары – ХІҮ ғасырда Алтын Орданы билеген Өзбекұлы Жәнібек хан, ХҮ ғасырдың орта шенінде Қазақ хандығының негізін қалаушылардың бірі – Барақұлы Жәнібек және ХҮІ ғасырда Астраханьда хандық құрған Кішік-Мұхаммед ханның ұрпағы – Махмұдұлы Жәнібек хан.

Аталмыш билеушілердің арасында «әз» (әзіз) деген құрметті лақапқа ие болған кім? Алдымен Жошы ұлысы тарағаннан кейін билік құрған екі Жәнібектің тарихи қызметінің қысқаша мазмұнына назар аударайық. Тарихи деректер бойынша, Астрахань хандығын билеген, яғни отырықшылыққа (бір қала – бір хан) ден қойған Махмұдұлы Жәнібек – көшпелі Ноғай Ордасымен жауласып өткен хан. Далалық көшпелілерден қолдау болмаған Астрахань хандығын орыс патшалығы жаулап алады.

Ал қазақ ханы Барақұлы Жәнібек тарихи шежірелерде «Кіші Жәнібек» деп аталады. Ол немере ағасы Кереймен бірге қазақ руларын Өзбек ұлысынан (Жошы ұлысынан) бөліп алып, Шағатай ұлысына (Моғолстанға) кетіп, Қазақ хандығының негізін қалаған.

Осы тұста «Жәнібек» атауының этимологиясына назар аудара кеткен жөн деп есептейміз. Оны екі түрлі жолмен түіндіруге болады. Бірі – жаны+бек = Жаныбек, екіншісі – Жаңа+ бек = Жаңабек. Біздіңше, «Жаңабек» мұсылмандық түсінікке де, оған дейінгі түркі-моңғолдық танымға да сай келеді. Бұл дүниеге келген адам – жаңа кісі. Мысалы, Шыңғыстың баласы «Жошы» есімінің бір мағынасы «жаңа келген қонақ» дегенді білдіреді.

Мұсылмандық түсінікте де адам – бұл өмірдің уақытша қонағы. Сондықтан Жәнібек ханның есімінде «жаңа келген кісі (бек)» деген ұғым белгіленеген деп санаймыз. Түркі тілдеріндегі сингорманизм заңының кейінгі ықпалы арқылы «жаңа» деген жуан дыбысты алдыңғы бөлік, «бек» деген жіңішке дауысты буынның әсерінен жіңішкеленіп айтылып, сол үлгімен жазылып кеткен. «Жаңабектің» синонимдері қазіргі қазақ есімдерінде «Жаңабай», «Жаңаберген», Жанай (Жаңа+ ай), Жанайдар (Жаңа+ айдар) сынды есімдерде сақталған. Түптеп келгенде,  «жаңа» деген сыңарды алып, кісі есімін құрау түркі әлемінде өте көп. Айталық, «Жанмұхаммед» (Жаңа + мұхаммед), «Жансұлтан» (Жаңа + сұлтан), «Жанәбіл» (Жаңа +әбіл), «Жанқабыл» (Жаңа+ қабыл).

Ел тарихындағы ерекше кезеңнің халық санасында сақталуы фольклорлық шығармалардың көркемдік әлеміне тән нәрсе. Түркі халықтарының аңыздары үшін Өзбекұлы Жәнібек ханның билігі – ел тарихындағы елеулі кезең, айтулы уақыт. Мұны кезінде заңғар ғалым М.Әуезов дәл бағамдап, Алтын Орда ханы Әз-Жәнібектің тұсы түркі жұртының ерекше дәуірі ретінде бағаланатынын жазып, оның ғылыми негіздемесіне де сипаттама берген болатын: «…Көп жұрттың ескілікті әңгімелері, – деп жазады М. Әуезов, – белгілі бір хан мен патшаның айналасына жиналады. Кейде бір үлкен тарихи дәуірге әкеліп жиып қояды. Орыс жұртының батырлар ескілігінің барлығы «қызыл күндей Владимирдың» айналасына жиналған сияқты. Араб жұртының ескіліктегі әңгіме ертегісінің Арон Рашит айналасына жиналғаны сияқты. Бергі заманда көп елдікке бөлінген түрік жұрттарының сондай дәуірі Алтын Орданың кезі болады. Өзге елдерден іргесін бөлек қылып алып шыққанда қазақ ескілігінің көбі әз Жәнібек ханның тұсында болады. Міне, осы сияқты жалпы тарих шеңберінен бөлініп, үзіліп шыққан бір мезгіл. Өзінің тұсында бұрынғы-соңғы замандардан болған ірі уақиғаларды, ірі батыр–бағыландарды түгелімен жинап алатын болады. Оны жинайтын ел қиялы».

Мәшһүр ғалымның сипаттап отырғаны – фольклордағы тұтастану құбылысы. Тұтастану құбылысы белгілі бір дәуірлерге немесе атақты тұлғалардың жанына халықтың сүйікті кейіпкерлерін, белгілі тарихи оқиғаларды жинайды. Осы құбылыстың қазақ жыр-аңыздарындағы анық көрінісі – Әз-Жәнібекке қатысты әңгімелер. Түркілік жыр-аңыздарда Әз-Жәнібек билеген тұс – айрықша кезең. Сол ортақ кезеңнен қазақ аңыздары да «өз үлесін» алған. Сөйтіп, ел қиялындағы «Әз-Жәнібек» бейнесіне Астрахань қаласын орысқа алдырған Махмұдұлы Жәнібектің, Қазақ хандығының негізін қалаушылардың бірі Барақұлы Жәнібектің іс-әрекеті кірігіп, бірігіп, тарихтың әр кезеңінде өмір сүрген екі тұлға бір кісіге айналған.  Демек,  аңыздағы Әз-Жәнібек – Жошы ұлысында әр дәуірде билік құрған, белгілі бір тарихи оқиғаларға қатыстылығы арқылы ел есінде сақталған хандардың жиынтық (типтік) бейнесі. Жиынтық бейне сомдау – фольклордың басты белгілерінің бірі.

Өзбекұлы Жәнібек пен Барақұлы Кішік Жәнібек, Астраханьдық билеуші Махмұдұлы Жәнібек ханның біріккен бейнесіне, яғни «қоспа» Әз-Жәнібектің жанына түркі тектес халықтар арасында аса танымал Асан Қайғы, Жиренше шешен, Қарақыпшақ Қобыланды батыр сынды атақты кейіпкерлер жиналады. Олардың бірі Әз-Жәнібектің іс-әрекетін сынаса, енді бірі ақыл сөзі мен шешендігі арқылы ханды сөзден тосылдырады, енді бірімен хан араздасып, елден көшіп кетеді.

Түйіндей келгенде, Жошы ұлысы тұсында туындаған фольклорлық мұралар тарихи тамырластық өзегінен айырылмай ғасырдан-ғасырға ұласып, Қазақ Ордасы тұсында жаңаша мазмұнмен, таным-түсініктермен байытылған бай көмбе мұра. Ол мұра халықтың асыл қазынасы ретінде алдағы уақытта да ғасырлар көшінің керуенінен қалмайтыны анық.

Алмасбек ӘБСАДЫҚ,

филология ғылымдарының докторы, А.Байтұрсынұлы атындағы

Қостанай мемлекеттік университетінің профессоры

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір