Алаш… қазақтың азаттыққа ұмтылған, бас болған батырларының ең соңғы тынысындай ыстық. Осыдан ғасыр бұрын қазақтан шыққан үркердей шоғыр Алаш сөзін ту қып көтеріп, елдіктің символы етіпті. Қазақты өзге жұрт қараңғы санап жүргенде сол аз ғана шоғыр осы атпен үкімет құрыпты. Қақпандағы қасқырдай бұғауда жатса да, азат мемлекет болуды армандапты. Бағдарламасын жасап, сол арманын іс жүзіне асыруға тырысыпты. Қарап отырсаңыз, еркіндікті көксеген Шәмілдің мұратын еске түсіреді. Дағыстандықтар үшін Имам Шәміл жалғыз болса, ал бүгін қазақтың жүрегіне бұл үркердей шоғырдың әрбірі бір-бір Шәміл болып орнықты. Алаш зиялыларының аманатын арқалауды өзіне абырой санайтындардың бірі, саясаттанушы Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫМЕН Алаш тақырыбы асында әңгімелескен едік.
Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ,
саясаттанушы, «Қасиетті Қазақстан» өлкетануды дамыту орталығының басшысы
– Алашорданың 100 жылдығына орай еліміздегі мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар, жекелеген тұлғалар тарапынан түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Бірнеше мектептерге Алаш қайраткерлерінің есімі берілгелі жатыр. Осыларға қарап, халқымыз Алаш аманатын ақтады деп айта аламыз ба?
– Алаштың арманы – Елдің егемендігі. Құдайға шүкір, біз соған жеттік.
Ендігі кезектегі мәселе – ол қазақ ұлтының әрі қарайғы дамуы. Бүгінгі азаттықтың ақ таңындағы рәміздеріміз, төл теңгеміз, тарихымыз, әлемдік деңгейдегі мемлекеттілігіміздің орнығуы, осының бәрі Алаштың аманаты. Ал өзіңіз атап өткен Алаш қайраткерлерінің есімін беру мәселесіне келсек, биыл Әлихан Бөкейхан мен Мұстафа Шоқайға ескерткіш қойылды. Қарағанды қаласындағы бір ауданға Әлихан Бөкейхан есімі беріледі деп күтіп отырмыз. Міне, осындай тұлғалардың есімі тарихи әдебиеттерге кіріп, аудандарға, мектептерге берілуі, жер-жерлерде олардың өмірдеректері тұруы қажет. Сондай-ақ, Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов,
Х.Досмұхамедов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, М.Шоқайдың көп томдықтары жарыққа шықты.
– Алашорданың мерейтойына байланысты сіздер тарапынан қандай іс-шаралар атқарылуда?
– Әрине, осыған байланысты әркім шама-шарқынша қолынан келгенін істеуде. Жоғарғы оқу орындары конференциялар өткізсе, мектептерде түрлі оқулар ұйымдастырылуда. Менің де өз тарапымнан Алаш әскеріне байланысты төрт жылдай айналысқан еңбегім Мәдениет министрлігінің қолдауымен жақында жарыққа шықты. Казір бүкіл кітапханаларға таратылды. Алаш әскері тақырыбы әлі де зерттей түсуді қажет етеді. Қазіргі таңда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қасиетті Қазақстан» жобасы бойынша жұмыс істеудеміз. Алаш арыстарына байланысты қасиетті жерлерді анықтаймыз. Мысалы, Алматыдағы Ахмет Байтұрсыновтың музейі, Семейдегі Алашорда үкіметі басшыларының тұрған үйі, Жымпитыдағы Алашорда үкіметінің үйі, жалпы аймақтардағы Алаш арыстарының жатқан жерлері, сол тұлғаларға байланысты кез келген жердің барлығын тізімге кіргізіп, үлкен жұмыстар жүргізілу жоспарда бар. Ертең туризмді дамытып, қасиетті, киелі жерлер дегенде сол жерлерге байланысты, сол тұлғаларға қатысты аңыздарды айтып, олар туралы мәліметтер береміз.
– Алаш қайраткерлерінің арасында аталмай қалғандар немесе әлі де тереңірек зерттеуді қажет ететін тұлғалар деп кімдерді айтар едіңіз?
– Аймақтарда әлі аттары шықпай жатқан тұлғалар өте көп. Облыстарда Қазақ комитеттерінің төрағалары болды. Алғаш осы Қазақ комитеті құрылған. Одан кейін Алаш комитеті келді. Әлі күнге соның басшыларының кейінгі тарихын айтпай, білмей келе жатырмыз. Қостанай өңіріндегі Әскери кеңес басшысы Есболов туралы, Атбасарда Сейілбек Жанайдаров, Сыздық Мешінбаев, Ахмет Баржақсин, Шымкентте Кенесарин, Қызылордадағы Қасымовтар, Жетісуда Жайнақов, Отыншы Әлжановтар және басқа да әлі көпке белгісіз арыстарымызды насихаттай түсуіміз керек.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Нұрлайым ЖАҚЫПҚЫЗЫ.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.