Дүлдүл туралы толғау
19.08.2015
2190
0

(Ахат Жақсыбаевтың «Иса ақын» романы жайында)

3Абылай хан өз дәргейіндегі ру-тайпаларға баға бергенде «Бес Мейрам балалары» туралы «Бұл қауымнан пайғамбар мен шадияр тумады демесең, бұлбұлдар мен дүлдүлдердің бәрі туды» деген екен. Сол айтқан дүлдүлдердің бірі – суырып-салма ақын, әнші, жыршы, сазгер, алпыс алты салалы Арқаға аты мәшһүр Иса Байзақов. Қысқа өмірі аққан жұлдыздай болған осынау өрен жүйрік дүлдүлге арналған Ахат Жақсыбаевтың «Иса ақын» романының бірінші кітабын оқып тауысып, бұлбұлдар мен дүлдүлдер елінің тағы бір қайталанбас тұлғасымен етене танысып, оның тағдырымен тағдырлас болып отырмын. Бірінші кітап Иса ақынның 20 жылдық өмірін қамтыпты, романның неше кітапқа созыларын әлбетте болжай алмадым. Ахат досымның кібіртіктемей, бауырды жаза шапқанына, шеберлігі, көсемдігі, шешендігі, Арқаның шұрайлы тіліне ден қойғанына таңғалысым мен сүйсінісім әлі сейілген жоқ.

Бес жыл курстас боп бірге оқып, журналистиканың қазанында біте қайнасып, көркем әдебиет деген сырлы әлемнің табалдырығын бірге аттап, қабырға қатаю, қанаттану, қалыптасу кезеңдерін қатар жүріп өткендіктен, оның өмірі мен шығармашылығының бүге-шүгесіне бір кісідей қанықпын десем, ешкім таласа қоймас. Өзгелер біле бермейтін әрі күлкі, әрі түрпі жағдайларды да бастан өткерген кездеріміз де аз емес..
1963 жылы «Қазақ университеті» газетінде ҚазМУ-дың журналистика бөлімі туралы газет жұмыстары мұрындарына бармайтын, жазу-сызудан мақұрым, өндірістен, әскерден келіп оқуға түскен, журналист шықпайтын,бөкселерімен парта қажап күн өткізгендеріне мәз «қабілетсіздің» тізімдері түзіліп, ауыр-ауыр сындар айтылған мақала жарияланды. Оны істеп жүрген өз арамыздағы пысықайлар. Сол «қабілетсіздер» қатарында Ахат Жақсыбаев, Ерсайын Асыләлиев, Қасықбай Асаубаев, Кеңесхан Зәкенов, Ауданбек және осы жолдардың авторы да бар еді. Мәселе университет партия ұйымының кезекті мәжілісінде қаралатын болып, әр сақ әңгіме гуледі. Үшінші курсқа дейін газет-журнал бетінде жарты ауыз сөздері жарық көрмеген «қабілетсіздердің» бастарына қатер төнді. Суденттерді сұрыптауда өрескел қателіктерге жол берген декан Амандосов орнынан алынады-мыс деген қаңқу да гуледі.
Жаратқан жәрдемдесем десе, қиыспасты қиыннан қиыстыратын әдеті емес пе, бізді мұрнымыздан тізіп университет парткомына апаратын жиналыс ертең деп белгіленген күні «Лениншіл жас» газетінің толық бір бетіне менің «Дауылда» атты тұсаукесер тұңғыш әңгімем жарқ ете қалды. Оның ашық күнгі найзағайдан әсері бір кем болмады. Мәселе лезде күн тәртібінен түсіріліп, поездың доңғалағы кері айналды.
Екібастұз өндірісінде лайшы болып келіп университетке түскен сол «қабілетсіз» Ахат оқуды бітіріп, «Лениншіл жас» газетінде қаламгерлік жолын бастағанда, «қабілетсіздік» пен «қабілеттіліктің» қандай болатынына дүйім жұрттың көзін жеткізді. Ахаң саяси-әлеуметтік, шаруашылық-экономикалық, өндіріс проблемаларын жазғанда алдына жан салмады. Ол журналистика саласында ең биік сатыларды бағындырды. «Қазақ әдебиеті», «Ақиқат» журналының бас редакторы дәрежесіне дейін көтеріліп, қазақтың байырғы басылымдары «Ұлан», «Дружные ребята», «Ақ желкен», «Балдырған» журналдарының жабайы капитализмнің аласапыранында жұтылып кетпей, бүгінге жетуіне қамқоршы болған «Жас өркен» акционерлік қоғамының ұзақ жылдар президенті болуы – осы ой-толғамдарымыздың анық айғағы. Ахат Жақсыбаев қазақ журналистикасының көшбасшылары қатарынан орын алды.
Ахаңның 30 жыл өмірі Қазақстан Жазушылар одағында өтті. «Қазақ әдебиетінде» бөлім меңгерушісі, кейін бас редактор. «Жұлдыз» журналының жауапты хатшысы бола жүріп, Кәсіподақ ұйымын басқарып, неше түрлі комиссиялардың жетекшісі, мүшесі бола жүріп, қаламгерлерді баспанамен қамтамасыз ету мәселелеріне ықпал етті. Осынау күрделі, қиын істе Ахаттың бұра тартып, әділеттен айныған кезін көрген де, естіген де емеспін. Біреудің ықпалымен атақ жимай, өмірге өзіндік көзқарасы бар шынайы қаламгер басына тау құласа да адалдықтан айнымайтынын Ахат тағы да дәлелдеп шықты.
Ахаттың атқарған қызметтері ғана емес, шығармашылық жолы да көз алдымда. Оның қаламынан шыққан әдеби дүниелерімен алғаш дендеп танысуым – «Бозаралдан» басталды. Оқып шығып, сүйсініп, таңғалғаным әлі есімде. Мен бұрын іргесінде кен қазатын карьері жатқан, жалпиып жайылған етек-жеңді кең елді-мекеннің бір шалғайында жылу станцияларының зәулім мұржаларынан түтіні будақтап, ұзын-шұбақ көшелі, ығы-жығы қора-қопсылы өндірістік ауыл туралы шығарма оқып көрген жоқ едім. Ауылдың суретіне, тірлік-тынысына қайран қалдым. Сол ығы-жығы көшелердің бірінен дария теңіз үлкен өмірді танып-білуге алғаш қадам жасаған бозбаланың, шындап келгенде, Ахаттың өзінің балалық кейпі бәз-баяғы қалпында көз алдымда тұр. Досымның туып-өскен жылы ошақ, ыстық ұясы Екібасқа барғанымда, көпір үстінде тұрып, қаланың ой-қырын шолғанымда, «Бозаралда» суреттелген Ахат досымның тұрған үйін көзбен іздегенім есімде. Әрине, ол бос әурешілік еді. Ахат суреттеген үлкен ауыл о шеті мен бұ шеті көз жеткісіз далиған қалаға айналып кеткен. Әлде мен мінезімен, қылығымен, жандүниесінің тазалығымен өзіме ұнап қалған «Бозаралдың» аңғал, аңқау, сүйте тұра ынталы, талапты, нені болса қолмен ұстап көріп, тануға құмар бас кейіпкерінің анасына деген шексіз махаббатын, достарына деген адал сәби жүрегінің дірілін тағы бір сезінуді арман еткендіктен іздедім бе екен? Повесть көңілге жылылық орнатып, арманшыл балалық сезімдердің көзін ашатындай сырлы сағынышқа толы лирикалық желіде жазылған еді.
Бұдан кейін автордың «Егес», «Бөгет», «Қорған» романдарының дүниеге келіп, әдеби сыннан жоғары баға алған қызықшылығының ортасында болуға нәсіп етті. Бұл Ахаңның қаламгер ретінде аяққа нық тұрып, құлашты кеңге сермеген бір кездері еді. «Егес», «Бөгет», «Қорған» романдары жұмысшы өмірінен алып жазылғандықтан тақырыптық жағынан өтімді болды. Бұл тақырыпқа Орталық Комитеттен бастап мән беріп, СССР Жазушылар одағы араға екі-үш жыл салып, Одақ көлемінде жұмысшы тақырыбының игерілуін қатаң бақылауға алып, арнайы пленумдар өткізіп отыруды дағдыға айналдырған-ды. Ахаң ол жиын-жиналыстардың төрінен орын алып, орталық баспасөздерден марапат естіп, марқайып оралған кездері аз болмады сірә да.
Қаламдас досымның тасы өрге домалап, төбесі көкке бір елі жетпей жағасы жайлау кездерінің де, күйзеліске бой алдырып жүдеген тұстарына талай куәгер болдым. Үлкен прозаның азапты ауыртпалығы жүйкеңді тоздырып, күш-қуатыңды кемітіп, шалдықтыратын кездері аз болмайды. «Егес» романынан кейін жазудан жүйкесі жауыр болып, бір жылдай үстелге отыра алмай қиналғаны есімде. Мұңын шаққанда, нендей ақыл қосқаным есімде қалмапты. Бұл енді роман жазуға дағдыланған үлкен прозашылардың басында жиі қайталанатын депрессия деген дерт қой. Бар күш-қуатын шығармасына соңғы тамшысына дейін сығып берген қаламгердің ішкі жан-дүниесі желқуықтай қаңғалақтап босап қалады. Ол жаңа сезім, жаңа әсерлерге толғанша біраз уақыт керек. Бірде Әбіш Кекілбаевтың әңгіме үстінде: «Үркерді» жазып бітіргенімде жеті килограмм салмақ жоғалттым» дегені бар-ды. «Бағым-күтімі келісті, үстелде қозғалмай отырған адам салмақ жоғалта ма?» деп таңғалғаным жасырын емес. Ми мен сезімнің азапты ауыр тауқыметі күшке тиіп, қалжырататын кездері болады екен. Оны «Көк түріктерді» жазып бітіргенде сезіндім. Шамадан тыс тауқыметтен тұралап қалып, сең соққандай сенделіп әлі айыға алмай жүрмін. Соңғы барғанымда Ахаң «Басым ауырып, үстелге отыра алмай жүрмін» деп шағынды. «Иса ақыннан» кейін азу шалдырып, шаршағаны шамасы.
Бажайлап көрсек, ертелі-кеш Арқа өңірінен жазушы көп шығыпты. Қазақ әдебиетінің өзекті туындыларының да Арқа өмірінен жазылғаны басы ашық. Сонда да, өмірдің өзі сұрыптап хаттаған, сүбелі шығармаларға сұранған тақырыптарға тұнып тұр. Ереймен, Сілеті, Ақкөл-Жайылма, Ертістің ұзына бойы, сонау Құлынды, Алтай даласы, Барнауыл, Кемероваға қарай созылған қазақ тарихы қалам ұшы тимеген тың өлкелер. Омбы жеріне сүйкеніп жатқан шекаралық аймақтың о жақ, бұ жағы қыпшақтың Құлан, Бұлтың аталарының қонысы, Абылайдың немере ағайыны Сұлтанбетке қараған ел табаны. Сарыарқаның ұзын жота, сары белін жайлаған Алтайдан шыққан Исаның әкесі Байзақ осы елге көшіп келіп, сіңісті болып кетеді. Қыстаулары – орманды тоғайлы Ертіс бойында, жайлаулары қырық шақырым жердегі–Салқынкөлде.
«Иса ақын» романның бірінші тарауы Қазизаның 18-ші ұлына толғатуымен басталады. Әйелінің жан қиналысына шыдай алмай дала кезіп кеткен Байзақтың ішкі толғанысы арқылы бұл өңірге ата-бабаларының келу тарихы баяндалып, күзге беттеген Салқынкөл жайлауының неше түрлі айшықты суреттері кестеленеді. Алып цех, зәулім құрылыстардың арыс-гүріс даңғаза у-шуына көбірек әуес Ахаңның бұрынғы шығармаларында табиғат құбылыстары онша орын ала бермейтін еді. Бұл жолы ол сағынып қалғандай, дала көріністеріне өзінің алабөтен құштарлығын білдіргісі келгендей, Арқа аспанының табиғи құбылыстарына айырықша мән береді. Өзге өңірлердей емес, Арқа аспаны сәт сайын өзгеріп, түрленіп тұратын құбылмалы, ұйтқымалы болып келеді. Түйдек-түйдек бұлттарын жел қуған аспан көз алдыңда неше түрлі әсерлі суреттерге айналып, қиялды жетелейді. Балалар жастайынан аспанға қарап, аспанды барлап, танып өседі. Балалар ғана емес, үлкендер де, жалпы Арқа жұрты өздерін табиғат баласы сезінгендей, күн қабағына шетінен елгезек жандар. Қай жақтан жел соғатынын, қай жерде жауын жауып тұрғанын, аспанның қашан ашылатынын алдын ала аңдайтын шетінен сұңғыла.
Осы жәй әсер етті ме, романда табиғат суреттері дем сайын қайталанып отырады.
Шығармада болашақ суырып-салма ақын, сазгер Исаның 3, 6, 10 жастағы кездеріне айырықша мән берілген. Қаламгер табиғи таланттың тууы, алғаш көрініс беруі, біртіндеп жапырақ жайып, өсіп-даму сырын танып-білуге айырықша мән берген сияқты. Иса үш жасында айнала төңірегіндегі адамдардың жүріс-тұрыс, қабақ шытыс, бет бейнелерінің құбылысын айнытпай салу қабілетімен көзге түседі. «Анау болшы», «Мынау болшы» десе, құйып қойғандай айнытпай келтіреді. 6 жасынан бастап қисса айтуға машықтанып, 10 жасынан нағашы әжесі Жанбала мен нағашы ағасы Рахметтің ән шырқау өнерінен сусындайды. Әсіресе, осы өнер жолында құдасы Нұртазаның ауылында әйгілі өнерпаз Құдайберген Әлсейітұлымен кездесуі оның өміріне мәңгілік азық болады.
Өзі қазақ топырағының сыртында, Барнауыл жағында туып-өскен Құдайберген Ахан сері тобымен салдық құрып, өз жанынан шығарған әндерімен кезінде Арқаны шулатқанмен, қазақ өнерінің тарихында аты көп атала бермейді. Өнер зерттеушілері оны екінші, үшінші қатарлы өнерпаз қатарына жатқызатын сыңайлы. Шындығында, оның «Баласы Әлсейіттің Құдайберген» деп басталатын әні – ән өнерінің мінсіз, озық туындыларының бірі. Ахаң осы Құдайбергенді Исаға ұстаз етіп көрсетіп, оның қайталанбас өнерін сүйсіне жырлап, Арқаның айтулы дүлдүлдерінің қатарына қосады.
Ахаттың жаңа туындысы «Иса ақын» романына келісінде, оны орындауында жаңалық бар. Автор романға ойдан ештеңе қоспай, болғанды болған күйінде баян етеді. Романда әлеуметтік сілкініс, соқталы оқиғалар сирек. Автор аса дарын иесі болып дүние есігін ашқан Исаның мінез құбылыстарын, жан-дүние бұлқынысын қалт жібермей қадағалауды машық еткен. Демек, роман лирико-психологиялық арнада қалыпталған. Ал ол дегенің өзің де үлкен психолог болуды талап ететін аса күрделі тәсіл. Автор осы тәсілдің заңдылықтарына бағынып, романның әр тарауын, әр эпизодын асықпай, үлкен байыптылықпен нақыштаған. Оның еңбегі кестешінің еңбегіне өте ұқсайды. Әр эпизодты иін қандыра келістіре әдемі кестелей отырып, зор полотно романды толық тоқып шыққан.
Романда қазақ даласының тірлігі, кәсібі, дәстүрі, жастардың ен жайлаудағы алтыбақан құрып, ақсүйек ойнаған ғажап сауық кештері, шаруа баққан қарапайым адамдарының галереясы, аракідік қазақ зиялыларының қадау-қадау бейнелері: Қанапия қажы, Уфадағы «Ғалия» медресесінде оқып келіп, Тайсоймастан мектеп ашып, қазақ жастарын сауаттандырған мұғалім Құсайын Күрлеуітов, Жұмат Шанин, Қаныш Сәтбаев кескіндері көркем шығарманың деректілік астарын байыта түсіп тұр.
Романдағы 1916 жылғы майданның қара жұмысына қазақтан солдат алу оқиғасы дүрлігіп барып басылып, Исаның, ағасы Арынның, екі баласынан қалмай 66 жасар Байзақтың да тізімге өз еркімен жазылып, мұғалім Құсайын Күрлеуітовтың Омбы әкімдерімен сөйлесуінің арқасында Қызылағаш болысының адамдары Кемерово шахтасында міндеттерін атқарып, елге қайтып оралулары – Исаның басынан өткен оқиға болғандықтан, роман сюжетіне өріліп, табиғи жымдасып кетеді.
Жұмат Шанин, Қаныш Сәтбаевтың ақылымен 20 жасқа толған Исаның оқу іздеп, Семейге аттануымен романға соңғы нүкте қойылады. «Иса ақын» шығармасының соңғы бетін мен де қуанышты сезіммен жаптым. 75 жасқа толғалы отырған қаламдас досымның қайраты бойында, жүрегінің жалыны әлі суымағанын, тайталасты талай жарыстарға атын қосып, өнер мерекесінің ортасында жүретініне үлкен сеніммен жаптым. Қаламың мұқалмасын, сыралғы досым!

Әнес Сарай.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір