«Тәуелсіздік – тұмарым»
08.12.2017
2775
0

Қоғамның әрбір мүшесі өздеріне қажетті әлеуметтік және кәсіби ақпарат алу үшін ең алдымен газет, журнал материалдары, радио және теледидар бағдарламаларына сүйенетіні жасырын емес. Бұқаралық ақпарат құралдарынан отандық ғана емес, әлемдегі мәдени, саяси, әлеуметтік, экономикалық және басқа оқиғаларға қатысты хабар аламыз. Қазіргі кезеңде ғаламтор – жаһандық байланыстар желісіне айналып отыр. Оған қоса, қоғамдық пікірді жеткізуде журналистердің шығармашылық шеберлігіне талап та күшеюде. Егер тәуелсіздіктің негізі – ұлттық идея құрайтынын ескеретін болсақ, оның рухани негіздерінің мазмұны болмыстық және әлеуметтік қырынан қарастырылатыны заңды. Осындай тарихи ақтаңдақтар, ұлттық мәселелер, демократиялық қоғамның негізгі қағидалары, тәуелсіздік және жеке тұлға және басқа да мәселелерге бей-жай қарамайтын журналистер қатарында, Төлен Тілеубай есімін атау лайықты. Танымал журналистің «Тәуелсіздік – тұмарым» атты жинағына соңғы ширек ғасырдағы шығармашылық жұмыстарының өзегі алынған. Жинақтың өзектілігі – қазіргі біз өмір сүріп отырған кезеңдегі жеке тұлғалардың ой-тұжырымы, адам және қоғамдық қатынастарға қатысты сараптамалық көзқарастары, публицистикалық шығармаларын бір арнаға тоғыстырғанында.

Автор өзінің негізгі мақсаты – сұхбат кейіпкерлерінің өткір пі­кір­лерін, тұшымды ойларын, олардың парасатты сындары мен тілектерін тарихтың парағында қалдыру екенін ашық көрсетеді. Бұл автордың туған елінің ширек ғасырлық тәуелсіздік салтанатына қосқан үлесі екендігі даусыз.
Автордың бағы болар, ол елі­міз­дегі зиялы деген топтың бел ор­та­сын­да жүрді. Сол сәттерді бағалай біл­ді. Оған қоса, оның мамандығына адал болып, азат ойды қастер тұтуы – халықтың мұңын мұңдауына және жоғын жоқтауына жол ашқаны, заңды.
Жинақтың «Алаштың аңсағаны – азаттық» атты бірінші бөлімін «Көң­ге көмілген кек» тақырыбымен бас­тауы, автордың ұтымды ойы ғана емес, оны халықтың ұлттық сана­сы­ның дамуына философиялық тұр­ғыда баға беруі деп атап өткен жөн. Кеңестік кезеңдегі сананы «мәңгүрт­тен­діру», зиялы қауымды қорлау сал­д­арынан, өкінішке орай адамның өзін-өзі сақтау, өзін-өзі аман алып қалу сезімі жеңген кезеңде, «көбі өзі­нің ғана емес, халықтың да, Отан­ның да намысы мен абыройын үнсіз сатып, бетпердесі шіркеулі және екі-үш түрлі моральмен өмір сүрді. Жүйенің өзі адамның көңілінде тұ­рақ­сыздық пен сатқындықты тәр­биеледі. Соның нәтижесінде біздің хал­қымызда, бірінші кезекте зиялы қауым мен шенеуніктерде түйсіну өт­кірлігі мұқалды, жаппай саяси күрес­ті басынан бастап аяғына дейін жет­кізу қабілеті дамымады». Осын­дай кесірден ұлттық намыс қана алып шыққандығы жөнінде, журна­лис­тің белгілі саясаттанушы, заңгер Сабыр Ахметжанұлы Қасымовпен болған сұқбатында жан-жақты ой қозғалады. Сұхбат беруші тарихи кезеңнің куәгері ретінде ғана емес, өзінің азаматтық ұжданымен уақыт өткен сайын ақиқатқа жол ашы­ла­тынын дәйектей түседі. Оның жел­тоқ­санға түпкілікті саяси баға берілу қа­жеттігі, көтерілістің ұйымдас­тыру­шылары бойынша пайымдары оқырмандар үшін өте құнды. Оның «Желтоқсан көтерілісіне» қатысты ақтаңдақтар мен ақиқаттарын ашуда ерен еңбек жасағағанына қанығасыз. Ал түпкілікті негіздеу уақыт еншісін­де қалып отыр. Десе де, заңгер мы­на­дай тоқтам жасайды: «біздің Пре­зи­дентіміз Н.Назарбаев Горбачевті ша­қырып, дұрыс істеді. Горбачев мәж­бүрлікпен болса да, солғын-құр­ғақ болса да, әйтеуір жария түрде ке­шірім сұрады, сондай-ақ жаңадан тұрғызылған Кенесары ескерткішіне барды».
Сол сияқты кеңестік жүйенің қа­сіреттері мен оған қарсы рух күші ауқымындағы тақырыпта Қайрат Бай­босынов, Мұхтар Шаханов, Нұр­тай Сабильяновпен болған сұқ­баттар, тәуелсіз кезеңнің алғашқы ха­лық қалаулылары Ермек Аман­шаев, Амангелді Айталы, Әбіш Ке­кіл­байұлы, Серік Ақсұңқарұлы, Бе­рік Әбдіғалиев сияқты тұлға­лар­дың орамды да мағыналы ойлары та­ғылым береді. Қазақстанның дү­ниежүзі мемлекеттерімен үйлесімді қа­тынасы аясындағы жетістіктер мен сын-қатерлер бағытындағы мә­селелер де назардан тыс қалмаған. Мә­дени дамудағы әлеуметтік мә­се­лелердің алдын алу (хиджап, қа­тер­лі ісік, науқаншылдық және басқа) және патриоттық тәрбиеге қатысты Таласбек Әсемқұлов, Қайрат Лама-Ша­риф, Кеннат Әлібек, Ерлан Қарин, Мәулен Әшімбаев, Мырзатай Жол­дасбеков, Айдын Айымбетов, Ольга Шишигина, Дариға Назарбаева, Ер­жан Ұзақ, Омархан Өксікбаев, Сұл­тан Хан Аққұлымен болған сұқ­бат­тардан оқырмандар қауымы қо­ғам­дағы ащы шындықтар мен түйіткіл мәселелерге қатысты ақ­па­рат алады әрі оған қарсы мем­лекеттік шаралардың бағытымен танысады. Мысалы, Дариға Назарбаевамен болған сұқбатта білім және ғылым саласының кемшіл тұстары мен оның сапасы жөнінде баяндай келе, оқулықтардың мазмұнын бәсе­ке­лестік нарықтық ортаға сеніп тап­сыруға болмайтындығына көз жет­кізілгені айқындалады. Маңызын жоғалтқан нәрселерді дәріптеуден арылу сияқты пікірлер оқырман­дар­ды жаңаша ойларға жетелейтіні мә­лім.
«Тәңірдің тартуы – Тәуелсіздік» атты жинақтың екінші бөлімі, Қа­зақ­стан Республикасы мем­ле­кет­тілігінің қалыптасу кезеңіндегі мә­дени, рухани, саяси, экономикалық дамудың сан қырлы жолдары қам­тылады. Әсіресе ел өмірінің әлеу­мет­тік қатынастары адами құнды­лық­тар, мансап пен ар, неке, намыс, татулық, туған жер, жас ұрпақ тәр­биесі мен талғамға байланысты әң­гіме өрбиді. Десе де, «Менің Қа­зақ­станым» ән ұраны, «Астана ажары», «Әлем жүрегі Астанада соқты» деген тақырыптары автор майда болса да, майын тамызып, Елбасы ЕҚЫҰ-ның «ағзасын» айықтыратын бір­неше «рецепттерді» ұсынғанын жа­рия­лайды. Шындығында Қа­­зақ­станның сыртқы саяси дипломатиялық да­муы­на Астана қаласында 2010 жылы өткізілген Еуропадағы Қауіпсіздік Ын­тымақтастық Ұйымы Саммиті тиім­ді ықпал етіп қана қойған жоқ, мұ­ны өзінің ұтымды ұсыныстарын жа­риялайтын алаңға айналдырғаны бел­гілі.
«Қазақтың бақыты – Бостандық» атты үшінші бөлімде автор тіпті өзін­дік ой түкпіріндегі дүниесін фе­лье­тон және памфлет негізінде ұғын­дыруға талпыныс жасайды. Қо­ғамдағы сандаған «измдердің» қа­тарына қағазизм ұғымын әкеліп қоса­ды да, оны дара жіктей жөнеледі. Әрине, бұл сөзсіз автордың бірінші­ден, шеберлігі. Екіншіден оқырман­да­рының назарын аудару құралы ре­тінде мысқыл болса да, «Қағаз­стан­ның» Қазақстандағы орнының жоқ екендігін шеберлікпен көрсете білуі деп есептейміз.
Жалпы жинақ авторының қас­терлі тәуелсіздікті – тұмар етуі, оның Отанға деген сүйіспеншілігінен туын­дап отырғаны айдан-анық. Ав­тор үнемі ізденісте, дара тұлғалармен бірге, халқының ортасындағы келелі мә­селелерді қозғайды. Ертеңіне алаң­дайды. Ұлт мүддесі үшін қажыр­лы еңбек қажеттілігіне қалың жұрт­шылықтың көзін жеткізуге ынтық.
«Тәуелсіздік – тұмарым» жи­на­ғы­ның өзектілігі де осында. Жинақ оқыр­манды жасампаздық пен жақ­сылыққа, адалдық пен шыдам­ды­лық­қа, қажет болғанда намысқа да же­телейді. Алаш аңсаған азаттық жо­лында тәңірдің жарылқауымен тәуел­сіздікке қол жеткізген қазақ, бос­тандық туын көтере алды. Қазақ – бақытты! Қазақ емес-ау оның ай­наласындағы сан этностың өкіл­дері бақыттың бал дәмін татып отыр. Бұл – алаш арыстарының ғасырлық арманы болатын. Аманат орындалды. Оқырман ретінде бұл кітаптан осын­дай тағылым алуға болатынын шын жү­ректен жеткізгіміз келеді және ав­торға шығармашылық табыс ті­лейміз.
Қаламыңыз ұштала берсін, бауы­рым!

Зиябек Кабылдинов,
ҚР БҒМ Ғылым комитеті
Ш.Ш. Уәлиханов атындағы
Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір