ҚҰБЫЛЫС
08.12.2017
1242
0

Нұрлан Оразалин,
Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты


Қолыма қалам ұстап, ақ қағаз алдында ұзақ үнсіз отырдым.
Көз алдыма өткен ғасырдың оттай ыстық суреттері келді… Маңдайы кереқарыс, көзінен нұр тараған ұстаздың – қара орман қазақ жұртына Зекең, Зейнеғаң атанып, сана төрінде ізгілік пен ізеттің, кішілік пен кісіліктің, тереңдік пен кеңдіктің, сұлулық пен сырбаздықтың, кемелдік пен кемеңгерліктің қайталанбас үлгісін қалыптастырған осы бір жаны жайсаң, жаратылысы бөлек жанның кескіні келді…

Құлағыма ағаның майда қоңыр дауы­сы жетті.
Кез келген мінбенің биігіне кө­те­рі­ліп, кез келген ұрпақтың ойын тер­беп, санасын ұйытар әлгі қоңыр дауыс жү­регімнің әлдебір нәзік қылын қоз­ғағандай күйге түстім. Жылдар құ­ша­ғы­нан жадымды қайыра жаңғыртып, боз арман қуған бозбала шағыма же­те­леген қоңыр дауыс неткен сұлу еді, нет­кен көркем еді?! Бірде «қараңғы түн­ді қалғытқан» ұлы Абайдың си­қыр­лы, сырлы жұмбақ әлемімен тілдес­кен­дей, енді бірде төркінінде ереуілді күн­дердің еркін сезімі аңыраған Ма­хам­бет-жырдың сарыны делебемді қоз­дыра жөнелгендей бір тылсым ахуал құшағындамын…
Баяғыда, алпысыншы жылдардың ба­­сында, Сағат марқұм жиі айтатын «Алм­­атыға арман қуып келген» бір топ қыз-жігіт осы күнгі өнер академиясы ор­наласқан қаланың қақ ортасындағы ескі Үкімет Үйінің (КазГУ ғима­ра­ты­ның) екінші қабатындағы үлкен залда ал­ғаш рет ұстаздың әлгі қоңыр үніне ар­бала еліткен сәт, сағаттар есіме түс­ті.
Пән аты – әдебиет теориясына кі­ріс­пе.
Лектор – филология ғы­лым­ы­ның кандидаты, доцент Зейнолла Қаб­­долов.
Аудитория мінберіне асықпай кө­терілген аққұба жүзді, қою қара шашты сұлу кісі өзіне үнсіз қадалған жүз елу жа­нарға жылу шаша қарады да:
– Иә, шырақтарым! Әуелі танысып алайық. Менің аты-жөнім… – дей бер­ге­ні сол екен, студенттердің бірі:
– Ағай, Сіз Зейнолла Қабдоловсыз ғой… – деді.
– Рахмет, айналайын, менің бір жү­гімді жеңілдетіп тастадың-ау… – де­ді ағайымыз ақсия күліп.
Сөзі де, күлкісі де жарасып тұр.
Иә, Зекеңмен таныстығымыз осы­лай басталып еді…
Ұстаз бен шәкірт арасына көзге кө­рінбейтін жұмақ үнді жұмбақ бай­ла­ныс орнатқан ағайдың әр жаңа лек­ция­сын асыға күткен сол бір әдебиеттен өзге ештеңені білмейтін, ештеңемен ісі жоқ ессіз күндерге ойша оралып отыр­мын. Бүгінде ескі үйлері мен ескі алаң­дарының көбі көңіл төрінде қалғаны бол­маса, уақыт шіркін орнын сипатып қой­ған, өткен ғасырдың өрісінде қал­ған ескі Алматыны қалай сағынсам, сту­денттік дәуірімді де, көбі бақиға ер­те аттанып кеткен достарымды да, қоңыр дауысы алпыс екі тамырымды ке­зіп, тұла бойымды баураған Зекеңді де солай сағынып отырмын.
Зекең лекция оқығандағы жетпіс бес студенттің алған демі мен сөз дей­тін киелі дүниенің арбауына түскен жет­піс бес жүректің тең соққан лүпілі әлі күнге қаз-қалпы құлағымда тұр­ған­дай. Өмірде де, өнерде де өзгеше сөй­леп, ойын да өзгеше өруге бейімделген жан­ның сезімге қанат бітіріп, жаныңды жа­дыратар, талғамыңды тамырлатып, та­нымың­ды байытар сәттері қандай мол еді?!
Жаратылысынан біткен сабыр мен сал­мағын сақтай отырып, кез келген қоғамдық ортада әзіл мен қалжыңның қа­ра көрігін үрлеуде дәл Зекеңдей адам­ды сирек ұшыратыппын… Зекең­нің әр тауып айтқан әзілі мен әр тауып айтқан ойларының төркінінен үлкен білік пен білімділіктің, парасат пен пайымдылықтың нышаны есіп тұра­тын. Ол кісі сөз дейтін сиқырлы өнер­дің қолданыстағы әр бояу, реңіне ерек­ше мән беретін. Ойы сөзіне қалай нәр берсе, сөзі де ойына солай әр беріп тұратын. Зекең табиғатынан адамдар ара­сын кетістіруге емес, бітістіруге, алыс­тыруға емес, табыстыруға, жақ­сы­ны танып қана қоймай, танытуға, тара­тып, талдауға, байыбына жеткізіп, ба­ғалауға жаралған тумысы бөлек, тұ­ғыры биік тұлға еді. Шешендік пен кө­семдік бойына қатар қонған данагөй адам­мен өмір, қоғам, адамдар жайлы сыр­ласу мен ой бөлісудің өзі бір ғанибет еді ғой…
Жас кезімізде маңдайымыздан си­пап, арқамыздан қағып, таралғымызды тұңғыш тартқан бапкерлеріміздің бірі, бірегейі болғандықтан ба, ұстаз алдын көріп өскен шәкірттердің дені Зекеңнің тұр­ған жері мен отырған орнын төр санап өстік. Бетіне келмедік. Айтқанын бұл­жытпадық. Емеурінінен біліп, қа­ба­ғынан тануға тырыстық… Өз ке­зін­де Зекең де назарын тоқтатып, ойы мен сөзі ұнаған шәкірттерін бауырына тар­тып, алыстатпай ұстайтын. Жақ­сы­лы­ғымызды көрсе, ағадай қуанып, кем­шілігімізді байқаса, данадай қуаратын. Кей­де тіпті өзіміз ұмытып қалған қай­дағы бір жайларды еске салып, кейде қуан­тып, кейде ұялтып та отыратын.
Ақ қағаз алдында ұзақ үнсіз отыр­ған сәтте соның бір-екеуі жады төрінде жаң­ғырды.
1972 жылы балалар газетінен қыз­мет ауыстырып, Мәдениет министр­лігі­нің репертуарлық-редакциялық кол­легиясына редактор болып келдім. Ме­ні іздеп жүріп, тауып алып, қызмет­ке шақырған кісі – Бас редактор Сафуан Шаймерденов. Шақыртқан, бұйрық берген адам – министр Мүсілім Базарбаев. Көркемдік ой мен кемел сөздің батпандай жүгін иықтарымен көтеріп, әдебиет пен өнердің тағдырын анықтаған дарынды буынның бір-бір дарабоздары! Жаны жайсаң, мінезге бай, қайран ағаларым-ай!
Ол тұста Мәдениет министрлігінің ре­пертуарлық-редакциялық коллегия­сы қолына қалам ұстап, драматургия жан­рында бағын сынап жүргендердің жиі бас қосатын, пікір­сайыстар да жиі бо­лып тұратын орын еді. Күллі Қа­зақ­стан театрларының репертуары жасақ­та­лып, жаңа пьесалардың тұсауы ке­сі­ліп жататын. Турасын айтсам, ме­нің театр әлемімен қоян-қолтық араласуы­ма да, үлкен әдебиеттің босағасын ат­тап, есімдері елге танымал біраз тұл­ғалармен танысуыма да коллегияның ық­палы зор болды. Зекең, Мұсекең, Сафекең үшеуі – бірге бір курста қатар оқыған дос-жар адамдар. Зекең мені минис­трліктен алғаш көргенде таңыр­қай қарады. «Оу, Нұрлан, айналдым! Мұн­да қайдан жүрсің?» – болды ал­ғаш­қы сұрағы. Жай-жапсарды біл­ген­нен соң, жадырай күліп, Сафекеңе қа­рата сөйлеп: «Талантты шәкірттерім­нің бірі. Менен «Әдебиеттің эстетика­лық мәні» дейтін тақырыпта курс жұ­мы­сын жазып еді, ұмытпасам… Түбі театр өнеріне баратынын білген ғой… Дұ­рыс болған… Дұрыс… Өлең қалай?» – деп еді сөз соңында сұраулы жүз­бен.
Иә. Өмір мен өнердің жолы – бұ­ра­лаң. Бәрі адамның ойлағанындай бо­ла бермейді. Зекеңнің әлгі көпма­ғы­налы сипатта айтқан «Өлең қалайы?» ме­нің ең бір жанды жеріме тигендей әсер етті. Әредік әр жерде жарық көр­гені­мен, әлі жеке жинақ шығара алмай жүр­генім есіме түсті. «Жазылып жүр, ағай» дегеннен өзге ештеңе айта алма­дым. «Жинағың шықты ма?..» «Жоқ..» «Сафеке, Нұрланның жинағын шығар­туы­мыз керек…», – деді Зекең.
Ұстаздың айтқаны қамшы болды ма, араға көп уақыт салмай, баспада жат­қан «Сырнайлы шақ» дейтін жи­на­ғымды қайтып алып, қайыра өңдеуге, то­лықтыруға отырдым… «Лениншіл жас­та» бір топ топтамам жарық көрді. Зекең телефон соғып, құттықтады. «Нұрлан шырағым, өлеңдерің ориги­на­льно! Сәуле апайыңа да ұнады. Тоқ­тат­па! Жаз! Көп жаз! Нағыз жазатын ке­зің ғой…. Жақсы өлең жазу аз… Жаңа өлең жазу керек! Жаңа! Сенің мы­на жырларыңнан жаңалық аңғар­ған­дай болдым… Сенің жасыңда… Ақын­дық дейтін өнердің өршеленіп, өр­ге шабар кезі», – деді Зекең шәкір­тінің көңілін көтере сөйлеп.
Сол күнгі менің қуанышымда шек бол­мады. Зекеңнен естіген әлгі мақтау сөз­ді қайыра-қайыра есіме ала бердім. Асылы өзін жазуға арнаған адам үшін «Шығармаңды оқыдым. Жақсы екен…» дегеннен артық сый болушы ма еді?! Оның үстіне ондай баға-сыйды басқадан емес, Зекеңнен – Зейнолла Қабдоловтан естуден артық қандай қуаныш болсын?!
Есіме студенттік кездің мына бір үзі­гі түсті.
1965 жыл. КазГУ-дің «Виноградова, 88» дейтін адрестегі жатақханасы. Бі­рінші қабат. 40 бөлме. Бөлмеде сегіз бал­а тұрамыз. Қиял дейтін шіркінде шар­шау болушы ма еді?! Ауылдан қала­ға келгеніне 3-4 ай болып қалған кіл «мен атайын, сен тұр» дейтін мықтылар. Жарысып жыр жазамыз. Қап-қап кітап көтеріп, кітапхана залдарынан шық­паймыз… Осындай аяққа, ойға ты­ным жоқ күндердің бірінде, екі кештің арасында, ескі жатақхананың көнетоз коридорын «Қабдолов келіпті. Фи­ло­ло­гия факультетінің студенттерін тү­ген­деп, тексеріп жүр екен» дескен сөз гу етіп, кезді…
Апы-күпі болып, бөлмемізді тәр­тіп­ке келтірдік… Ұзынқұлақ рас болды. Араға аз-кем уақыт салып, Зекеңнің өзі де келді. Айналасына нұры мен шуа­ғын шашып, жайдары қалыпта жы­лы сөздерін айта келді…
– Ау, шырақтарым! Мына бөлменің ке­ре­гесі кең бе? Әлде… Басқалардан гө­рі тұратын адамның саны аз ба?!
– Стандартты бөлме ғой, Зеке, – де­ді ертіп жүрген жатақхана комен­дан­ты: – Бұл бөлменің кеңейіп көрінгені, міне, мына төсекке-төсекті міңгестіріп қой­ғаны.
– Е-е… Двухяростный койкалар екен ғой…
Ұстаз жымия күліп, бірінің үстіне бірі шандып байланған екі қанаттағы екі қабатты төсектерге күлімсірей қа­ра­ды.
– Мына арада қайсысың жатасың? – деді тұсында Айвазовскийдің «Тоғы­зын­шы вал» дейтін суреті ілулі тұрған екін­ші қабаттағы менің төсегімді иегі­мен нұсқап.
– Нұрлан жатады, ағай, – деді қай кез­дегідей бұрын сөйлеп үйренген Са­ғат Әшімбаев.
– Нұрекең нағыз эстет болды ғой он­да… – деді Зекең суретке ойлана қа­рап. – Сұрапыл! Неткен сұрапыл өмір! Лермонтов «Белеет парус оди­но­кий…» десе, мына Нұрланжанның Ай­вазовскийі бұлқан-талқан мөңкіп, теңіз­дің көбігін аспанға атып жатқан сияқты. Сұрапыл өмір… Қиын тағдыр… Осы­дан соң, «Өмір – күрес» дейтін бел­гілі қағидаға қалай сенбеуге бола­ды?! – деді бәрімізге барлай көз жүгір­тіп.
Зекеңнің мына жұлын-жүйкені кезіп кетер терең талдауынан соң, бірі­мен-бірі иінтіресіп сегіз адам жатқан алакөлеңкелі тар бөлмеге әп сәтте ұлы теңіздің лебі лап бергендей күй кеш­тік… Дүние кеңейіп сала бергендей бол­ды.
Ойлап отырсам, жалпы Зекең жүр­ген жердің бәрі кеңейіп, Зекең сөз сөй­леген мінбенің бәрі биіктеп кететін еді.
Жаратылысынан жаны жұмсақ, ойы сергек, жан баласына «болма­сын­ды» айтпайтын, тіпті көңілін құлазы­тып, жанын жабырқатып кеткендердің өзіне ажырая қарағаны болмаса, Зекең­нің артық сөз айтып, біреуге бө­тен мінез көрсеткені есімде жоқ. Жан дүниесі бай, жүрегі жомарт адамның ішкі мәдениеті сұлу қамшының өрі­мін­дей мықты келетінін де біз Зекеңнің бойынан аңғарушы едік. Мәдениеті мықты адам қашанда кешірім дейтін ұлы қазынаны есінен екі елі шығар­май­ды. Біз білетін Зекеңнің бойында осы бір қасиет тасқа түскен таңбадай анық әрі бедерлі еді. Кешірімнің қа­діріне жетпейтіндерді көргенде Зекең ал­мас қылыштай өткір болатын. Көн­се, көнді, көнбесе, тіліп айтып, кесіп тү­сетін… Шынайы ұлыларға тән кеңдік пен кірпияздық бойына жарасып тұра­тын.
«Жақсының жақсылығын айт, нұ­ры тасысын» дейтін принцип – Зекең­нің өмірлік ұстанымы болды.
«Кең болсаң, кем болмайсың» де­ген ежелгінің есті сөзін де ара-тұра ұс­таз аузынан естуші едік.
Қатарларына қалжың мен әзілді қар­дай боратып, артына зіл қалдыр­май­тын қайран Зекеңнің ынтымақты – ырыс, достықты – дұрыс, ініні – ты­ныс көретіні де сол жанының жайсаң­ды­ғы мен көңілінің кеңдігінен болуы тиіс деп ойлаймын.
Сондықтан да болар…
Астана Алматыдан Арқаға көштің бетін бұрғанда күллі Алаш жұртының атынан жаңа дәуір босағасын аттағалы тұр­ған еліне, елінің тағдырын мойнына тұмар қып іліп, жұмбағы мен сыры мол, құндағы мен жыры мол жаһанға қа­рап, тұңғыш қазақ Президентіне ағы­нан жарылып, ағыл-тегіл ақ бата­сын беру міндеті де осынау нар бітімді кісінің пешенесіне жазылыпты.
Сондықтан да болар…
Әлемнің арғы-бергі дәуірлерінің тарихи міндетін арқалаған түркі дү­ниесінің тұғыры биік ойшылы, ұлы су­реткер – Шыңғыс Айтматовпен қар­ша­дай кезінен дос болып, ұстазы Мұ­хаң­нан қалған дәстүрді әдемі жалғаған, тамыры бір, тарихы ортақ қазақ-қырғыздың әдеби, мәдени байланысын күшейтудің алғашқы алқалы парызы да осы Зекеңе бұйырыпты.
Сондықтан да болар…
Соңынан ерген іні буынның ара­сынан қазіргі Астана қаласының әкі­мі Иманғали Тасмағамбетовке ықы­ласы айырықша құлап, ағалық ақ ті­легінен жаңылмау бақыты да Зе­кеңнің маң­дайына жазылыпты.
Бұл мысалдарды соза түсуге де бо­лар еді. Өйткені халқының қамын жеп, ұлтының үлкен биіктерден көрінуін тілеп, ғұмыр кешкен ғұлама жанның өмірі өрісті, өркенді болды. Сөз ар­қы­лы халқын танып, сөзімен халқын та­ныған үстіне таныта түсуге арналған Зейнолла Қабдолов феномені – қазақ мәдениеті мен руханиятындағы аса ірі ұлттық құбылыс екені даусыз.
«Әдебиет – ардың ісі» дегенді ау­зынан тастамайтын ғұлама жанның ұлы Абайға әркез ат басын бұрып, Ма­хам­бет мәңгілігімен тілдесіп, жалыны­мен ойын суарып, Әуезовтей алаш ке­меңгерімен соңғы демі үзілгенше сыр­ласуын тоқтатпауы бекер ме? Әри­не, бекер емес. Өйткені Зекең – ака­демик Зейнолла Қабдолов ұлттың ұлы мұраттарына өлшеусіз қызмет етіп, Өзі де сол ұлы ұстаздары туған құнарлы то­пырақтан нәр алған, халқымыздың қа­пысыз махаббатынан жаралған сиректер санатынан еді…
Ақ қағаз алдында отырып, қалам ұшы­нан құйылған ұстаз хақындағы ша­шылып түскен шәкірт сөзі осы бол­ды.
Көз алдымда өрісі кең өткен ғасыр мен сол ғасыр тудырған кереқарыс маң­дайлы көзінен – нұр, сөзінен – сыр тара­ған қара орман қазақ жұртының Зекеңі тұрды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір