БІЗДІҢ ЗЕКЕҢ
Серік ҚИРАБАЕВ,
сыншы, ҚР Мемлекеттік
сыйлығының иегері
…1947 жылы Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақстан Комсомолының Орталық Комитеті бірлесіп өткізген соғыстан кейінгі алғашқы жас жазушылардың республикалық кеңесінде, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының сол кездегі төрағасы Сәбит Мұқанов пен Қазақстан Комсомолы Орталық Комитетінің хатшысы Қайнекей Жармағанбетовтің баяндамаларында да оның аты аталып, шығармалары жақсы баға алды. Кеңес қорытындысында тәуір деген 3-4 жас ақынды Жазушылар одағына мүшелікке өткізгенде де, соның бірі Зейнолла болған-ды.
Бұл кезде бәріміз де студентпіз. Шығармаларын оқып жүргенмен, таныстығымыз болған жоқ. Ол – Қазақ университетінде, мен Абай атындағы педагогикалық институтта оқимын. Алғаш рет оны жас жазушылардың кеңесінде көрдім. Әскерден жаңа келіп, осы кеңеске қатысқан Әбдіжәміл Нұрпейісов, Тахауи Ахтановтармен бірге жүрді. Университеттің соңғы курсында оқып жүріп, ол жаңа ашылған оқупедагогикалық баспасында (қазіргі «Мектеп») редактор болып қызмет істеді. Оны мен ұстазым Қажым Жұмалиевтің жұмсауымен баспа директоры Әбу Сәрсенбаевқа барғанда білдік. Мен барғанда Зейнолла директордың алдында отыр екен. Әбекең мені қабылдап, шаруамды бітірді де:
– Сен Зейнолла Қабдоловты білесің бе? Таныс емессіңдер ме? – деп сұрады.
Мен сырттай білетінімді, бірақ кездеспегенімді айттым. Ол да менің өзімді көрмегенмен, газеттерде шыға бастаған мақалаларымды оқып жүреді екен. Жылы тілдесіп тарастық.
Оқу бітіргеннен кейін Зейнолла баспадағы жұмысын жалғастыра жүріп, университеттің қазақ әдебиеті кафедрасында мұғалім болып қалды. Осыдан кейінгі екеуміздің кездесуіміз Қазақстан Оқу министрлігінің орынбасары Әди Шәріповтің алдында болды. 40-жылдардың соңы мен 50-жылдардың бас кезінде Қазақстан тарихы мен әдебиетінен ұлтшылдық пікірлер ізделіп, саяси науқан жүргені елге белгілі. Біраз ақындар мен жазушылар осымен байланысты сынға ұшырады. Әдебиетте көркем шығармалармен қоса әдебиеттік зерттеулер де қопарыла тексеріліп, ұлтшылдықты дәлелдейтін материалдар ізделді. Ондай мысалдардың бір тобы мектеп оқулықтарынан «табылды». Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті мектеп оқулықтары жөнінде арнайы қаулы қабылдады. Оқулық авторлары Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайыловтар сотталып кетті де, олармен бірге оқулық жазуға қатысқан С.Мұқанов, Б.Кенжебаевтар жұмыстарынан босап, сын астында жүрді. Сондай күндердің бірінде бізді, бір топ жас әдебиетшілерді, Әди Шәріпов шақыртыпты. Олардың ішінде
З.Қабдолов, А.Нұрқатов, М.Базарбаев, Б.Сахариев, Қ.Тұрғанбаев, мен, тағы да бір-екі мектеп мұғалімдері болды.
Әдекең әңгімені созған жоқ. Қысқа ғана қазіргі жағдайды сипаттап, мектептің оқулықсыз қалғанын, олай отыра беруге болмайтынын, жаңа оқулықтар жазуды жастарға тапсыруды дұрыс көріп отырғандары жайлы айтты.
– Сендерді ұлтшыл деп ешкім айыптай қоймас. Кеңес заманында туып, білім алған адамсыңдар, – деп күлді. Сөйтіп, Оқу министрі Ә.Сембаевақа алып барды. Ол кісі қысқаша танысып, Әдидің айтқанын мақұлдап (сірә, алдын ала келіскен болуы керек), бізге сәттілік тіледі. Әдиге қайтып келіп, екі топқа бөлініп, орта мектептің 9,10-сыныптарына оқулық жазатын болып келістік. З.Қабдолов, А.Нұрқатов, бір мектеп мұғалімі (аты-жөнін ұмыттым), мен – төртеуіміз 9-сыныптың «Қазақ әдебиеті» оқулығын жазуға кірістік. Осы тұста біз жиі кездесіп, белгілі мәселелер жөнінде ақылдасып, кеңесіп дегендей, жақынырақ таныстық. Мен де институтты бітіретін жылы «Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет» баспасында (қазіргі «Жазушы») жұмыс істеп, кейін «Әдебиет және искусство» журналына ауысқам.
«Ұлтшылдық» науқаны Комсомолдың Орталық Комитетінің балаларға арнап шығаратын журналы «Пионерге» де соқпай кетпеді. Оның редакторы Төкен Әбдірахманов орнынан алынды. Орнына жаңа адам іздеп жатты. Бір күні Қазақстан Комсомол Орталық Комитетінің хатшысы С.Кенжебаевтан маған шақырту келді. Қазіргі науқанға қынжылысын білдірді.
– Елдің бәрін, тіпті жастарды да былғап бітті… – деп ренжіді. Ренжуінің себебін өзі түсіндірді. – Сенен бұрын бұл қызметке Зейнолла Қабдоловты шақырғанбыз. Жақсы, білімді әдебиетші, жазушы, жоғары мектептің мұғалімі. Мәскеуге жіберіп, Орталық Комитет хатшысының қабылдауынан да өткіздік. Соның артынша үстінен арыз түсіп, Мәскеуден қайта телефон соғылып, тоқтатып қойды. Сылтауы – мектеп оқулықтарында ұлтшылдық қателер кеткен екен. Сол кітаптардың редакторы болып Зейнолла Қабдолов қол қойыпты, – деді ренішін жасырмай. Енді мені ұсынып отырғанын және Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бюросы арқылы бекіттіріп алып барып, Мәскеуге жіберуді шешкенін айтты.
Сөйтіп, Зекеңнің орнына мен «Пионерге» редактор боп бардым. Бұл кезде мен аспирантурада оқитынмын және «Әдебиет және искусство» журналында бөлім меңгерушісі қызметін қабат атқарам… Зейнолланы да арыздан кейін «Мектеп» баспасы жұмыстан босатқан. Зекең мен кеткен соң «Әдебиет пен искусство» журналына жауапты хатшы болып келді де, жағдай жөнделген кезде редактор болып бекіді. Содан Орталық Комитетке жауапты қызметке ауысты. Одан «Қазақ әдебиеті» газетіне редактор әрі Жазушылар одағына хатшы болып оралды. «Пионерден» мен «Социалистік Қазақстан» газетіне, одан Орталық Комитетке жұмысқа бардым. Осы кезде Зекеңмен бірге қызмет істеуге тура келді. Осы сияқты қатар жүріп жұмыс істеу де, біздің оқулықты бірге жазған шығармашылық қызметімізге қоса, қарым-қатынасымыздың жиілеуіне, көңіліміздің жақындауына жағдай туғызды.
Мұқан Иманжанов деген бәріміз ұстаз тұтқан, қадірлі бір ағамыз болып еді. Соның маңына көп үйірілетінбіз. Мұқанның ауырған кездерінде оның достары сол үйдің маңында араласып жататын едік. Оның үстіне Зейнолла екеуміз Орталық Комитеттен бірге үй алып, көрші боп кірдік. Әдебиетте де, өмірде де ұзақ жылдарға созылған сыйластығымыз, достығымыз басталды. Сол қалпымыздан өле-өлгенше жаңылған емеспіз. Көрші боп араласа бастаған тұста біз оның отбасымен таныстық. Анасы біздің анамызбен тіл табысып әңгіме құратын еді. Қарындасы Қалимаш пен інісі Орын көз алдымызда ержетті. Қоңыр деген апасы елде тұратын, жиі келіп-кетіп жүретін. Бақыт, Серік, Дарын, Абзалдардың туғанын көрдік. Бәрі де жақты тәрбие алып өсті. Отбасының ұйытқысы Сәуле №12 қазақ мектебінде сабақ беріп, қадірлі ұстаздардың бірі саналды. Біздің кіші ұлымыз қазақша оқыған кезінде Сәуледен тәрбие алған. Анасы қайтқанда да қайғысын бөлістік. Дарын деген ұлы менің Әділ деген баламмен бірге ойнап, дос болып өскен еді. Екеуі де бір мезгілде қайтыс болып, соларды еске салдық. Сөйтіп, ынтымақты көңілмен өмірімізді өткіздік. Зекең мені «Сері аға» деуші еді, мен «Зеке» дейтінмін. Сәуле мен Әлия да жарастықты сыйласты. Шығармашылық қызметте әрқайсымыздың өз жолымыз болғанмен, біз бір-бірімізге қарап отырдық. Тілектестік танытып, керекті жерінде үн қосып, пікір айтудан да тартынған емеспіз.
Жас кезінде өлең жазған Зейнолла елуінші жылдардан бастап прозаға бет бұрды. Әуелі «Өмір ұшқындары» (1956) атты хикая жазды. Одан кейін оның жалғасы есебінде «Жалын» атты роман жазуға отырды. Әуелде журналдық нұсқасы «Жұлдыз» журналында басылған (1963) романды біраз ұстап, қайта қарап, 1970 жылы ғана жариялады… Зейнолла әдебиетке өзіндік бетімен, ізденістерімен келді. Ол таптаурын жолдармен жүрмей, кейіпкер таңдауда да, өмір шындығы деген ұғымды жалпыламай, жеке адам тағдырын танудағы тың ойларымен, стильдік өзгешелігімен көзге түсті. Өмірге деген құштарлықтың сыры, романтикалық әсем саз, адам көңілін танымпаз жұмсақ мінез – бәрі де жазушы шығармалырының басқаға ұқсамайтын ерекшеліктеріне жатады. Жазушы тілі де соған орай төгіліп, майда, сыпайы. Сыршылдығымен өзіне тартады. Оның романтикалық бояуы қанық. Ол адам арасындағы қатынастың әсемдігін, сыпайылығын, адалдықты, жан сұлулығын жырлады.
Зейнолланың ғылымдағы жолы оның сыншылық қызметімен, университет қабырғасындағы ұстаздық еңбегімен тікелей байланысты. Ол алғашқы шығармашылық қадамынан бастап, ақындығы, жазушылығымен қоса сыншы есебінде көрініп, әдеби процеске араласты, әдебиеттің жаңа туындылары пікірлер айтып, мақалалар жазды. Онымен біздің (Айқын Нұрқатов үшеуміздің) жазған оқулығымыз 12 рет басылып, кезінде мектеп оқушыларының әдебиетке деген ынта-ықыласын оятуға көмектескенін бүгін біз ризалықпен еске аламыз. Осы істе ол өзінің іскер, ойшыл педагог ғалым екенін танытты. Еліміз тәуелсіздік алып, оқу бағдарламалары өзгеріп, жаңа оқулықтар жазу тұсында Зейнолламен қайта қосылып, оқулық жазу мүмкіндігі туған еді. Біз – Хасен Әдібаев үшеуміз жазған 11-сыныптың оқулығы әуелде байқау оқулығы ретінде басылып, мектеп тәжірибесінде мақұлданғаннан кейін жөнделіп, жаңа оқулық болып бекітілді.
Зейнолланың ғылыми бағыттағы іргелі зерттеулерін атасақ, оның қазақ әңгімесінің дамуы мен шеберлену жолына арнаған кандидаттық («Жанр сыры» деген атпен 1964 жылы басылған), қазақ әдебиеттану ғылымының теориялық негіздері жайлы докторлық («Әдебиет теориясының негіздері», 1970) диссертацияларын алдымен атау парыз. Диссертацияны кейін толықтырып, жөндеп, автор жоғары мектепке арналған оқулық ретінде ұсынды. Ол «Сөз өнері» деген атпен бірнеше рет басылды. Бұлардан кейінгі жылдары жазған «Жебе» (1977), «Әуезовтің әсемдік әлемі» (1986), «Арна» (1988), «Көзқарас» (1996) атты кітаптарында да Зейнолла көркем әдебиет пен әдебиеттану ғылымындағы жаңалықтарға сүйеніп, өзінің эстетикалық ой-пікірлерін жариялады.
Зейнолла бүкіл өмірін өзі оқыған университетте сабақ беру, ұстаздық жасаумен өткізді. Жас ұрпақты әдебиеттің теориясымен қаруландырды. Оның алдынан лекция тыңдағандарға оқулықтарын пайдаланған ұрпақты қоссақ, қазақтың әдебиетші жастарының бәрі де оның шәкірті саналады. Бұл қауым тұтастай әдеби-теориялық сауатын Зейнолла еңбектерімен ашты деуге әбден болады. Ғалым үшін, ұстаз үшін бұл – үлкен бақыт. Өлшеуге келмейтін, тек әке мен баланың сезіміне ұқсас қуаныш.
Зейнолланың соңғы еңбегі, оның шығармашылық өмірінің қорытындысы деп саналуға лайық туынды – «Менің Әуезовім» романы мен «Мұхтар Әуезов» атты зерттеуі. Екеуі бір кітап болып 1997 жылы жарияланды. Бұл М.Әуезовтің 100 жылдығы аталып өтетін жыл еді. Жас кезінен ұстаз тұтып қасына ерген, көп үлгі-өнеге үйренген ұлы қаламгерлермен бірге өткен күндердің тағылымы сияқты шығарма. Осы туындыны ол өмір бойы ойланған сияқты. «Әуезовтің әсемдік әлемі» деген шағын еңбегі оның барлауы тәрізді көрінеді. Әуезовті тану, оны өзінше түсіну – әркімнің-ақ талабы. Бірақ Зейнолланың тануы басқаша. Студент болып лекциясын тыңдау, оның сөз сөйлеу мәнері, тіпті әрбір қимыл-қозғалысына дейін көз айырмай аңғарып, бақылай білу, лекциядан тыс уақытта қасына еріп, көп нәрсенің куәсі болу, ұлы жазушының қуанышты-ренішті сәттерін көру, оның оқырманы болып, образ жасауын, өмір шындығын типтендіру жолын, Абай өмірінің қалтарысты сипаттарына шейін біліп, соны роман желісіне пайдалана білу өнерін игеруі, көркемдік бейнелілік пен шеберлік, тағы басқа сырларын аңғару Зейнолланың ғана қолынан келе алды.
Зейнолла біздің ұрпақтың есімі еліне кең тараған, ең қадір тұтар өкілі болды. Оны біз де білетінбіз, сыйлайтынбыз. Өзіміз жиналып қалғанда төр ұсынар қасиетіміз де, дуалы ауыз шешеніміз де сол болатын. Мүсілім Базарбаев, Зәки Ахметов, Рахманқұл Бердібаев, Нығмет Ғабудллин, Мұқаш Сәрсекеев, Тұрсынбек Кәкішев, Аманжол Шәмкенов – бәріміз бір жылдың төлі едік. Жылдың басына таман туғандықтан бәрі мені «төлбасы», «Сері аға» атандырды.