Әбітайдың баласы – Иран-Ғайып
Қызылорда қаласында Иран-Ғайып ақынның мерейтойына арналған бірқатар шара өтті. Ақынның әкесі – төрт колхоздың төрағасы болған Әбітай ақсақалдың есімі Қызылорда қаласының іргесіндегі Абай ауылындағы күре даңғылға берілді. Әбекеңнің көзін көрген кісілер, ақынның замандастары Әбітай Оразбайұлының еңбектегі ерлік істерін еске алды. Осы шараға арналған салтанатты жиында Қызылорда облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек Шаухаманов сөз сөйледі. Қашаннан қарасөзге ұста Сейілбек Шаухаманұлы Әбітай мен Иран-Ғайып өмірінен тағылымды сыр шертті.
Иранбек ақын туған ауылына ешқашан қонақ болып келмегенін айтты: «1976 жылы КСРО Жазушылар одағының мүшесі болдым. Асқар Тоқмағамбетов, Зейнолла Шүкіров, Иранбек Оразбаев – үш-ақ адам едік… Желпініп ауылға келгенімде әкем айтты: «Балам, ақынмын деп ауылға ат ойнақтатпа! Өз еліңе өзің қонақ болма!». Осы сөз өмірбақи есімнен шыққан емес. Өз ауылыма келіп, ақын, жазушы ретінде ауылдастарыммен бес минут кездескен жан емеспін. Келсем, елеусіз ғана келемін. Кетсем, елеусіз ғана кетемін… Жетпіске келген жасымда жеті жастағы баладай елжірей-егіліп келіп тұрмын, Туған жеріме – Ұжымақ-мекеніме! – деді.
«Әкем мені жастайымнан бастық болуға тәрбиеледі, сол бағытқа баулыды. 23 жасымда үлкен бір мекеменің тізгінін ұстадым. Бірақ өнер жолы өзіне тартып, ақыры менен бастық шықпады. Әкемнің аманатын орындай алмадым-ау деген ой бертінге дейін көкейімнен кетпейтін», – деген ақын үлкен тебіреніспен туған жерге арнаған өлеңдерін оқыды.
Нартай Бекежанов атындағы облыстық драма театрында «Бұ дүниенің ғайыбы» атты шығармашылық кеш өтті. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев ақын, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері Иранбек Оразбаевтың 70 жасқа толуымен құттықтап, сөз сөйледі.
– Сыр жері қашан да дарындыларға, тума таланттарға кенде болмаған. Әрісі Қорқыт Атадан бастау алатын, берісі Тәуелсіздік тарландарына ұласқан рухани салада есімі елге танылған тұлғалар жетерлік. Сырдың төл тумасы, ақын-драматург, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Иранбек Оразбаевтың шығармашылық кешіне жиналып отырмыз, – деді өңір басшысы. – Соғыстан соң дүниеге келген, Жеңістің жемісі саналатын өткен ғасырдың екінші жартысындағы ұрпақ қазақ әдебиетіне жаңа серпіліс әкелді. Жас толқын тегеурінді талантымен танылды. Сондай саңлақ ақындардың қатарында от ауызды, орақ тілді, адуын ақын, жыр жампозы Иран-Ғайып өзінше жарқырай көрінді. Иран-Ғайыптың жақұт жырлары, өлмес өлеңдері мен поэмалары, аудармалары қазақ поэзиясының алтын қорына өз ерекшелігімен қосылды. Біз Иранбек Әбітайұлының мерейтойын Астана төрінде, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің аясында өткен Қызылорда облысының мәдени күндерінің алғашқы шарасы ретінде өткізіп, Астана халқына «Қорқыттың көрі» спектаклін ұсындық. Сол шарада ақынды құрметтеп, Сыр өңірінің жоғары наградасы – «Құрмет грамотасымен» марапаттадық. Сіздің жақұт жырларыңыз әрі қарай да қазақ поэзиясының Алтын қорын молайта беретініне кәміл сенеміз.
Белгілі ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Ғалым Жайлыбай өзінің мақаласында: «Қазақтың қара өлеңіне қара нардай жүк теңдеп, мәңгіліктің өлмес күйін шертіп, бірде қобыз болып күңіреніп, бірде көктем болып көгеріп, бірде теңіз боп тасып, бірде шөл боп қуарып жүріп азап арқалап, қызыл-жасыл дүниенің қызығына арбалып, шыжығына күйіп келе жатқан бір ақын болса, ол – Иран-Ғайып», – деп өте дәл және әділ баға берген екен. Әрине, нағыз ақын өз заманының жырын айтып, сөзін сөйлейді. Иран ақынның шығармашылығын зерттеушілердің пікіріне құлақ түрсек, Иран-Ғайып та сол өзгерген заман, алмасқан қоғамның кескін-келбетін жүрегі жарыла, ақиқатын ақтарыла жырлаудан жаңылған емес. Оның жалындатып, жарқырата, күркіретіп, күлімдете жазған өлеңдері – өмірдің жанды бейнесі. Оның ойсыз, мұңсыз, сезімсіз бірде бір шумағы жоқ. Өлең-жырымен бірге драматургия жанрында да жеке-дара мойындалған дара талант екендігі белгілі. Иран-Ғайыптың қазақ әдебиетінің драмалық-поэзия қорына рухани асыл қазына болып қосылған отызға тарта драмалық дастандары бар. Соның ішінде ақынның атын асқақтатып, есімін ел-жұртқа кеңінен танытқан, өзге елдерде де көпшілік көрермендер қошеметпен қабылдап, жоғары бағасын алған драмалық шығармалары сіз бен бізге белгілі. Атап айтсақ, «Мен ішпеген у бар ма?..», «Батқан кеменің бейбақтары», «Хайуандық комедия», «Шыңғыс хан», «Күшігінен таланған», «Хан Абылай», «Қорқыттың көрі»…
Иранбек Әбітайұлы 2002 жылы «Қорқыттың көрі» атты жыр кітабы үшін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Тәуелсіз Қазақстан Республикасының тұңғыш өткен жазба ақындар жыр мүшәйрасының Бас жүлдесін иеленді.
Ақынның орыс тілінде «Глаза ночи» (1983), «Царь слова»(1984), «Наследник» (1988) атты кітаптары жарық көрді. 1990 жылы үш томдық, 2006 жылы 13 томдық таңдамалы, 2009 жылы өңірімізде қолға алынған «Сырдария кітапханасы» сериясымен үш томдық жыр жинағы жарық көрді.
Әкім қазақы салт-дәстүрімізге лайықты ретпен ақынның иығына шапан жауып, астына ақ боз ат мінгізді.
Қызылорда қаласында ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, ақын-драматург Иран–Ғайыптың 70 жылдығына арналған «Жан жұмбағын жария еткен құдірет» атты шығармашылық кеш өтті.
Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы директорының орынбасары Бақытнұр Мырзахметованың айтуынша, таланттың алтын тағын мінген Сыр перзенті өзінің туындыларына жаратылыстың ұлы феномені – адамды басты нысана ете отырып, оның бүкіл болмысындағы күйініші мен сүйінішін, қуанышы мен мұңын өзіне ғана тән сезімталдықпен жеткізе білген. Алғашқы «Жүрек жырлайды» атты жинағы 1974 жылы жарық көрді. 1990 жылы үш томдық, ал 2006 жылы 13 томдық таңдамалы жыр жинақтары жарық көрді. 2002 жылы «Қорқыттың көрі» атты жыр кітабы үшін ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Тәуелсіз Қазақстан Республикасының тұңғыш өткен жазба ақындар жыр-мүшәйрасының бас жүлдегері.
«Айтулы шараны Мәншүк Мәметова атындағы гуманитарлық колледж қызметкерлерімен бірлесе ұйымдастырып отырмыз. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында бүгінгі ұрпақ өз өңірінің тарихы мен мәдениетін, әдебиеті мен ұлы перзенттерін білуі, тануы керектігі айтылған. Сондықтан ақын шығармаларын түйсінуге, талдауға арналған кеш те сол мақсаттан туындап отыр», – дейді Бақытнұр Мырзахметова. – Иран-Ғайып – өнердегі тазалықты, ақиқатты қалайтын ақын. Өзіне қойған талапты өзге де ақындарда болса деп армандайды, Ол…
«Иран-Ғайыптың поэзиясының көркемдік жүйесінен тақырыбының әр алуандығы, ізденіс мұраттары, өлең өрісі мен ондағы өмір өнегелері, кеңінен көрініс береді. Яғни, ақынның тыныс-тіршілігі, арман-тілегі әр өлеңінде көрініс табады», – деді колледж оқытушысы М.Меңдібаева.
М.Мәметова атындағы гуманитарлық колледжінің кітапхана меңгерушісі З.Пазылова болса, ақынның адами болмысты бейнелеуден, ізгілікке құштарлықтан өмір мен уақыт тынысын сездіретін шығармаларына тоқталды. Сондай-ақ, ақынның шығармашылығына арналған бейне-ролик көрсетті.
Жиналған жастар Иран-Ғайып шығармаларынан «Қадыр мен Тұманбайға», «Тәуелсіздік толғауы», «Абайға арнау», «Ақын ағаға», « Күн тұншыққан кеудемде» өлеңдерін оқыды. Шараға қатысушылар ақынның сөзіне жазылған «Аман бол» әнін хормен орындады. Кеш соңында «Жан жұмбағын жария еткен құдірет» атты кітап көрмесімен танысты.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.