Салафизм – қоғам дерті
Салафилік – бұл деген Ислам дінін «ас-Салаф ас-Салих» яғни, «біздің заманымыздан алдын өмір сүрген ізгі бабалар» ұғым-түсінігімен түсініп, олардың еткен амалдарын сол қалпында қабылдауды мақсат тұтқан діни-саяси бағыт. Алғашқы салафилік идеяны уағыздаушы – Абул-Аббас Тақиаддин Ахмад ибн Абдулхалим ибн Мадждиддин ибн Абдуссәләм ибн Тәймия. Ол адам Харран қаласында дүние есігін ашқан. Абул-Аббас Тақиаддин Ахмад ибн Абдулхалим ибн Мадждиддин ибн Абдуссәләм ибн Тәймия – салафиттік әрекеттің философиялық және құқықтық дүниетанымының негізін қалаушы. Ибн Таймия бірқатар мұсылман мемлекеттерін жеңіп, оларға өктемдік көрсеткен моңғолдар шабуылдаған кезеңінде өмір сүрді.
Бұл – ислам өркениетінің біршама тоқырауға ұшыраған кезеңі еді. Ибн Таймия бұл тоқыраудың себептерін қарастыра, сондай-ақ исламның басымдығын қайта жаңғырту жолында тынымсыз іздене отыра, өзінің салафилік идеясына негізделген доктринасын түзді. Алайда, Ибн Таймия философиясы өз дәуірінде ешбір қолдау көрмейді. Соған қарамастан, соңғы кездері Ибн Таймия тәлімінің барлық идеологиялық және методологиялық принциптері Исламдағы түрлі реформаторлық мектептер жағынан қолдауға ие екені белгілі. Солардың бірі – XVIII ғасырдың бірінші жартысында Сауд Арабиясының Нежд өлкесіндегі Рияд кенті маңында дүниеге келген Мұхаммед ибн АбдулУаһһаб ибн Сүлеймен. Ол ханбали мазһабының негізінде алғашқы діни білімді өз әкесінен алып, Құран Кәрімді жаттап алады. Кейін Мекке, Мәдине, Басра, Бағдадта ілім алды. Өмірінің көп уақытын ел арасында саяхаттап, бірқатар елдерді аралап: «Мұсылмандар шектен тыс зираттарға, ескерткіштерге, ағаштарға табынып, негізгі ислам дінінен алыста жатыр» деген ұранмен үгіт-насихат жүргізе бастайды. Жиырма жасы шамасында Басрада ол мұсылман жұртшылығына исламдағы «тек бір Құдайға» сыйыну нормасына қайтуға үгітін жүргізе бастайды. Бірақ оның үгітін құптамастан, оны қаладан қудалайды. Ибн Абдул Уаһһаб өзінің саяси қолдауын Бани Ханифа тайпасынан шыққан жергілікті ад-Дарияның ханзадасы – Сауда ұлы Мұхаммедтен және оның өлімінен кейін оның ұлы Абдул-Азиз ибн Мұхаммед ибн Сауда тарапынан табады. Өз идеологиялық және методологиялық принциптерін уағыздай келе, оны қолдаушылары мен қарсылас дұшпандары да арта түседі. Теолог Абдул Уаһһаб пен саудид тегінің «одақтастығы» осы идеяларды іске асыруға негізделді.
Кейінірек саяси қуат алған Абдул Уаһһаб пен саудид тегінің «одақтастығы» Араб түбегінде біртұтас араб мемлекетін құру мақсатында жікке бөлінген араб тайпаларын олардың үстінен өктемдік жүргізіп отырған Осман империясынан азат ету мақсатында күресу туына айналады. Османдық империядан азат етіп, Сауд Араб мемлекетін құру мақсатымен Араб жазирасында суфилік пен уаһабиліктің жақтастары арасында үлкен қан төгіс орын алады. Өйткені, суфилік идея Осман империясы мұсылмандары өмірінде кең таралған еді.
Сауд Арабиясындағы осындай қатты қантөгіс орын алып жатқан жағдайға қарамастан, көршілес Иемен мемлекетінде сондай-ақ Мысыр, Марокко, Иран, Пакистан, Ауғаныстан мемлекеттерінде суфилік бағыт кең етек алған еді. Өйткені, сол халықтардың психологиялық ерекшеліктерінде, нәсілдік мәдениеттерінде, ұлттық салт-дәстүрлерінде осы суфилік идея негізгі тірек бола тұра тұрғындар жадына сіңіскен еді.
Уаһабиліктің басты белгілерінің бірі – мүташабиһ аят-хадистердің сөздік ұғымын негізге ала отырып, өз қалпында қабылдау болып есептеледі. Яғни, уаһабилік ағымды ұстанушылар Құран мен хадистегі «қол, бет, көз, келу, түсу, Аршыға отыру, ашулану, қуану» және т.б. Алла тағаланың сипаттарын жаратылысқа тән сипаттарға теңеп, қабылдайды. Ал Құрандағы көптеген аяттар Алла тағаланың аталмыш сипаттарын жаратылыстың сипаттарына ұқсатудың орынсыз екенін көрсетіп береді. Сондай-ақ олар қабірлерді зиярат етуден, дұғаларда пайғамбарлардың, әулиелердің, періштелердің есімдерін айтудан, өлгендерге Құран оқып бағыштаудан, мешіттерге садақа тастауға, тәспі қолдану, т.с.с. басқа амалдарды дінге енген жаңалық санап, оларға қатаң тиым салды. Уаһабилік тұрғыда осындай суфилік рәсімдік ерекшеліктер, өзін турашыл санайтын мұсылмандар үшін қабыл етуге рұқсат етілмейтіндей дінге енген жаңалық (бидғат) деп қарастырды. Бұл ағымға ерушілер өздерін «муаххидун», яғни «бірқұдайшылдармыз» деп санайды екен. Олар бидғат (жаңалық енгізу) арқылы исламнан тайған барлық мұсылмандарды мүшрік санап, оларға қарсы қатаң соғыс жүргізу керек деп есептейді. Уаһабилік ағым – салафиліктің ең шегіне жеткен үлгісі деп саналады.
Уаһабилік ағым кәләм мазһабтарын құптамады, олардың әдістемесіне қарсы шығады. Олар дәстүрлі исламдағы ең үлкен кәләм ғалымдары Әбу Мансұр әл-Матуриди мен Әбіл Хасан әл-Әшғариге кәләмдік дәлелдерді қолданып, ақылды Құран мен хадистерден жоғары ұстау арқылы таза Ислам сенімін былғады деп айып тақты. Уаһабилік немесе салафилік доктрина Ислам әлемінде түрлі ағымдардың пайда болуына көп ықпал етті. ХХ ғасырдың басында осы ағымды және бағытты үлгі тұтатын діни реформалық әрекеттер пайда болды. Олар – Суданда «маһдия», Ливанда «мадрасат санусия», Мысырда Мұхаммед Абдоның ағымы, Жамалиддин әл-Ауғанидің медреселері және Үндістандағы бірнеше ағымдар.
Уаһабилік ағымының ханбали мазһабынан адам баласы иман калимасын айтқанымен, ол адамды иманды санамау, Алла атын айтқанда тәспі орнына саусақ буындарын қолдану, мешіттер мұнарасы болуына, оның зейнеттелуіне қарсы тұру, Медине қаласындағы Мұхаммед пайғамбардың қабырының басына баруды көптәңірлікке теңеу, намазды міндетті түрде жамағатпен оқу керектігін айту секілді басты айырмашылықтары бар. Бірақ та Ибн Абдул Уаһһабтың өзі Исламға ешбір жаңалық енгізген жоқ еді. Оған тағылған айыптардың көбісін көзі тірісінде жоққа шығарған екен.
Салафилік бағытты ұстанатындар фиқһ мәселелерінде мүжтаһид имамдардың біріне ілесуді немесе сол имамдардың Ислам ғұламаларының назарында Хақ деп танылған төрт мазһабтың бірін ұстанудан тыяды да оны күпірлік яки адасу деп біледі. Негізінде ол имамдардың мазһабтарының бірін ұстануды харам, адасу деп санау қате пікір. Хадис ғалымдары ижтиһад (аят-хадистерді және онда келтірілмеген мәселелерді терең іліммен жан-жақты талқылап, ұшқыр ой-санамен түйіндей) ете отыра, барлығы бір ауыздан хадистерді сапасы жағынан сахих (дұрыс), хасан (жақсы), дайыф (әлсіз) деп үш топқа бөлген. Хадистерді осы тәріздес классификациялауда сол ғалымдардың ижтиһадтарына сүйенеді. Сол себепті де, кейінгі бір ғалымдар сол имамдардың кітаптарындағы хадистерді дәлел ретінде қолданудан алдын хадистердің сапасын білу үшін олардың көзқарастарын ұстанып, оларға тақлид жасайды.
Қазіргі кезде өздерін «біздің заманымыздан алдын өмір сүрген ізгі бабалар» жолымен жүрушілерміз, салафиміз деп қаншалықты жар салғанымен де, олар мен алдыңғы салафтардың арасындағы айырмашылық жер мен көктей екенін көреміз. Имам Әбу Ханифа табиғин, бұрыңғы салаф ғұламалар қатарына жатады. Ахмад ибн Ханбал салаф әулетінің ең соңғысы деп саналады. Ахмад ибн Ханбал өз дәуіріндегі бірнеше патшалардың зұлымдықтарын көп уақыт бойы көргенмен оларға қарсы ешқандай содырлық іс-әрекет жасаған емес, керісінше жоғары дәрежеде тым сабырлық танытқан. Алайда, қазіргі уақытта оның идеялогиясын ұстанушылардың сабырлықтан жұрдай болып, түрлі конфессияларға деген көзқарасы, діни сезімдері шыдамсыздықты, дөрекілікті үгіттейді. Салафилік бір ғана қоғамға немесе уақытқа тән болмағандықтан, оны уақыт жағынан бір ғасырға белгілеп, оның сырына толық жету әсте мүмкін емес.
Уахабшылар, салафиттер және тәкфиршілер деп әртүрлі аталып жүрген Сауд Арабиясынан шыққан ағымның Исламның негізі мен моральдық құндылықтарына сай келмейтін діни төзімсіздікті арттыру, ширк, күнә, күпірлік, кәпір, жиһад, тек қана Құран мен сунна сөздері арқылы қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрі мен діни тұрақтылығына нұқсан келтіру. Сол арқылы халықты төл мәдениетінен айыру, діни рәсімдердің барлығын Құран мен суннаға негіздейміз деп салт-дәстүрге құрметпен қарайтын қазақ халқының дәстүрлі сунниттік жолы ханафиттік тармақтың күшін әлсірету, біз ешқандай мазхаб ұстанбаймыз деп ханбалиттік мазхат негіздерін уағыздау арқылы ел арасында діни рәсімдердің орындалуында іріткі тудыру, жиһад ұғымын тек күрес мағынасында қолданып, жақтастарына діни білім берудің орнына сыртқы көрініске көбірек мән беруге дәріптеу секілді бірнеше ерекшеліктері бар. Осы орайда айтрымыз, осындай бір кері ағымдардан сақтанып, абай жүргеніміз дұрыс. Өйткені, ұлт болып ұйығымыз келсе, әлгіндей нәрселерден аулақ жүргеніміз абзал…
Азамат ЖАСҚАЙРАТ, дінтанушы.