Шахзаданы бұл қоғам неге ұмытты?
08.06.2022
632
0

 Шахзада! Қазақтың ату жазасына кесілген үш қызының бірі.  Шахзада Аронқызы Қаратаева-Шонанова (05.04.1903 – 09.03.1938) – оқыған, алғыр һәм жоғары мәдениетті қазақ қызы. Сүйегі – Төре тұқымынан,  Әбілхайыр ханның ұрпағы. Әкесі Арон Қаратайұлы да өз заманының көзі ашық азаматы. Кіші әкесі атақты заңгер, тұңғыш қазақ коммунисті Бақытжан Қаратаев.

Шахзада Шонанова Орта Азия мемлекеттік университетінің (Ташкент) медицина факультетіне, кейіннен Алматы медицина институтына түскен. Бірақ «тап жауының қызы» деген айып тағылып, екі оқудан да шығарылған.

1928 жылы Қызылордаға ауысып, Халық ағарту комиссариатының мектепке дейінгі балалар тәрбиесінің нұсқаушысы болған. Педагогикалық ғылыми-зерттеу институтында жауапты хатшы (А. Байтұрсынұлы ашқан институт), Ұлттық мәдениет ғылыми-зерттеу институтында кіші ғылыми қызметкер, Халық ағарту комиссариатында ғылыми қызметкер, бастауыш және орта мектеп бөлімінің ғылыми хатшысы, кейіннен әдіскер-кеңесші болып қызмет атқарған.

Шахзаданың жолдасы қазаққа белгілі тілші-ғалым, Алаш қайраткері Телжан Шонанұлы. Телжан – Ахмет Байтұрсынның бас шәкірті, ұстазымен бірлесе методикалық кітап жазған азамат.  

Шахзада 1936 жылдан бастап қуғын-сүргінге ұшыраған. Не жұмысқа алынбаған, не қарапайым адам ретінде дұрыс өмір сүре алмаған.

Шахзаданың тағдыры тым ауыр болған. 1938 жылғы 27 ақпанда күйеуі Телжан ату жазасына кесіледі. Араға 10 күн салып, бейбақ қыздың өзі де атылады (9 наурыз). Е, қайырсыз ғұмыр!

Абай хакім: «Екі күймек бір жанға әділет пе?» деген екен. Ақиқатында, Шахзада қашанғы «күймек»?! Шахзаданы бұл қоғам неге ұмытты?!. 

Қазақ баласы, ату жазасына кесілген 25 мың арысымыздың арасында үш қазақ қызы бар, олар – Шахзада және Торғай Сүлейменова, Мәмилә Таңатова екенін ұмытпай, біле жүр!

Елдос Тоқтарбай, алаштанушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір