Рахманқұл рухына тағзым
Белгілі әдебиеттанушы, түркітанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА-ның, Түрік тіл құрылымының (Түркия), Халықаралық Айтматов академияларының академигі Рахманқұл Бердібайдың туғанына 90 жыл толу мерейтойы республика көлемінде кеңінен аталып өтілуде. Осы оқиға туысқан түрік елінде де сырт қалмады.
Қазақстанның Түркиядағы елшілігі мен Еуразия Жазушылар одағының қолдауымен Рахманқұлдың «Ел боламыз десек…» атты кітабын Түркияда түрік тіліне аударып, «Бенгу» баспасынан бастырып шығарды. Анкара қаласында өткен салтанатты жиынның аясында түріктің белгілі жазушылары мен ғалымдары қатысқан осы кітаптың таныстырылымы өтті.
Салтанатты мәжіліске Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы, Түркияның бұрынғы Мәдениет министрі Намык Кемал Зейбек, қазақтың белгілі түрколог-ғалымы Шәкір Ыбыраев, Еуразия Жазушылар одағының төрағасы Якуб Омароғлы, Р.Бердібайдың туысы кәсіпкер Бектас Шірікбаев қатысты.
Кітапқа түркі әлеміне танымал ғалымның жаһандану дәуіріндегі қазақ тілінің, әдебиетінің, жалпы руханиятының зәру мәселелері жайлы құнды пікірлер айтқан еңбектері енген. Сондай-ақ ұлт болашағы, түркі бірлігі хақындағы ордалы ойлары да түрік оқырмандарының ойынан шығары анық.
Рахманқұлдың «Ел боламыз десек…» кітабы Ферах Түркер мен Якуб Өмерұлының алғысөзімен ашылған. Сондай-ақ, профессор Дандай Ысқақұлының «Рахманқұл Бердібай: түркі дүниесінің жаңа дәуірдегі Қорқыт Атасы» атты көлемді мақаласы түрік оқырмандарына қазақ ғалымының шығармашылық өмір жолымен таныстырады. Кітапты түрік тіліне Гүлжазира Аманбайқызы мен Ұфық Тузман аударған.
Жиынға зиялы қауым өкілдері, журналистер мен осы елде оқып жүрген қазақстандық студенттер қатысты.