«Айнам қалды»… Аңызын да, әуезін де талай тыңдағансың. Сонда да әр айтушының, ол әсіресе тілінен бал тамған әңгімеші болса, әсері басқа. Күйші Нұржан Сертеков те, Ақбикеш сұлудың басынан өткен оқиғасын төгілдіре тарқатып отыр:
– «Он тоғызыншы ғасырда, Қазақстанның батыс өңірінде Ақбикеш атты мықты домбырашы қыз өмір сүрген. Сол Ақбикешпен көрші ауылда Есжан деген атақты күйші болыпты. Бірде жол түсіп, Ақбикеш пен Есжан кездесіп, домбыра тартысып, күй туралы, өнер туралы әңгімесі жарасып, бірте-бірте бір-бірін ұнатып қалады. Бірақ тағдыр солай болар, Есжанға жала жабылып, оны екі жылдай түрмеге қамап тастайды. Оралдың түрмесінен екі жылдан кейін босап, үйіне қайтар жолда жолай көңілі сүйген Ақбикештің ауылына соға кетуді жөн көреді. Ақбикештің ауылына барса, үлкен тойдың үстінен шығады. Кездескен адамынан жөн сұрап, Ақбикештің ұзатылмақшы хабарын естиді. Ауыл адамдары, Ақбикештің жолдас-жоралары ұзатылар қызбен ана бір тұрған ақ отауда қоштасып жатыр деген соң, Есжан да сол отауға қарай аяңдайды. Ақ үйге кірсе, босаға жақта бос орын бар екен. Есжан сонда отыра кетеді. Жиналған жұрттың бәрі Ақбикешті қаумалап: «Арамыздан кетіп барасың, күйіңді сағынатын боламыз, күй тартып кет», – деген қолқа салады. Ақбикеш үлкен үйден өз домбырасын алдырып, құлақ күйін келтіріп алып, басын көтеріп, айнала қоршаған адамдармен қоштасып қалғысы келгендей жан-жағына қарайды. Босағада отырған, жүдеген, көнетоз киімді Есжанға көзі түседі. Бір кезгі сүйгеніне ет бауыры езіле қарап алып, ойланып отырып, бір күйді тартады. Қаумалаған ел: «Мынау біз естімеген күй, жаңа саз болды ғой, аты қалай?», – деп сұрастыра бастайды. «Айнам қалды деп сөйлеп тұрған жоқ па домбыра? Күйдің аты «Айнам қалды» болсын», – деп тағы біреулері дуылдай жөнеледі. Ақбикештің: «Жүрегімнің айнасы осында қалып барады-ау», – деп домбыраға салған арман зарын ұққан жора-жолдас, қызға жұбату күйін тартыса бастайды. Жағалай айналған үкілі домбыра ақырында Есжанның қолына тиеді. Есжан тартқан әуенде де ешкім естімеген бір мұң байқалады. Барлығы таң қалып, күйшіге көз тастайды: бұл кім, қандай күй? Ақбикештің Есжанмен қоштасып, жүрегімнің айнасы осында қалып барады дегенін түсініп отырып, Есжан менің қолым енді саған жетпейді «Қош, аман бол, Ақбикеш» деп тартқан екен дейді. Соңыра, күйші кім, неге олай күй тартты деген әңгіме кетеді. Бұл сөз Ақбиештің әкесіне жетеді: «Осындай бір тосын жігіт келді, күй тартты, күйінің үні бізге ұнамайды», – дейді. Содан, шу шығып кетпей тұрғанда, құдалардың құлағына ештеме жетпей тұрғанда бейтаныс жігітті жеке алып кету керек болады. Есжан да ел мақтаған өнерлі жігіт, «Сен бар» дегенге кете қоя ма, сөйтіп анау-мынауға келіспей қалғанда, ауылдың өзімен шамалас жігіттерінің біреуінің қамшысы жаңсақ тиіп, Есжанның көзі жазым болады.
Содан Есжан ауылына келеді. Тар қапастан, түрмеден шығып келе жатыр, сүйген қызы тұрмысқа шығып барады, бір көзінен айрылған, жаны жаралы. Ал туған-туыстары жиналып, қуанып, шешесі мен қарындасы бар екен, бір ешкісін сойып, ауыл-үйді қонақ қылады. Есжанның амандығын, саулығын білген соң: «Сенің өнеріңді, домбыраңды сағындық, бірнеше күй тартып бер», – деп қолқа салады. Есжан: «Мынау менің бір күйім, тыңдап көріңдер», – дейді. Барлығы тыңдап, керемет күй екенін айтып, күйдің атын сұрайды. Сонда Есжан: «Бұл күйдің аты – «Соқыр Есжан» деген екен. Барлығы біртүрлі болып, ыңғайсызданып қалады. «Қой, олай деме», – деп басу айтқандар да табылады. Сонда Есжан: «Осы ауылда екі Есжан болып, оның біреуі ақсақ болса, оны «Ақсақ Есжан» дер едіңіздер. Ертең менің атыма да «Соқыр» деген сөз қосылады. Тағдырым солай болған шығар. Сондықтан мынау менің басымнан кешкен оқиғаға арнаған күйім – «Соқыр Есжан» деп аталсын», – деген екен айтқанынан қайтпай…
– Ол кезде күйді екінің бірі түсінетін. Оны өзіңіз де айтып отырсыз. Ақбикешті айнала қоршаған жұрт күйде жасырынған сезімді, Есжанның қоштасудағы жүрек мұңын қалай сезді? Өнер немесе музыкатанушы деген арнайы дипломы жоқ жандар домбыра шанағында жасырынған саздың сөзін қалай оқыды? Кезінде көзі ашық, білімді деген Еуропа өз музыканттарының сырлы сазын уағында дұрыс түсіне алмағаны туралы өкініп жазады. Нотаның не екенін білмек түгілі естімеген қазақ – күйшілердің сазын сол уақытта бірден түсінген. Ал қазір күйді түсінетіндердің қатары кеміп, тыңдайтындардың өзі сиреп қалғандай. Неліктен?
– ХХ ғасырдың 50 жылдарына дейін Дина шешеміз Алматыда күй тартқан кезде, сахнаға көрпе төсеп, алдымен күй тарихын айтып алатын. Қазіргі заманда концерттердің барлығы уақытқа бағынады. Бірнеше сағат көлемінде бірнеше номер орындалып бітуі керек. Мәселен, бір күй тартылатын болса, оған 3-5 минут уақыт беріледі. Сондықтан күй тарихы қазір айтылмайды. Аңызын естімеген соң халық күбір, сыбырлап көп тыңдай бермейді. Халық көп тыңдамаған соң, күйші шығармасын тез орындап бітіруге тырысады. Соның салдарынан Құрманғазының да, өзге халық композиторларының да күйлері он есе, жүз есе жылдам тартылып кетті. Оны айтасыз, түрлі эстарадалық жанрларға қосудың есебінен күй қағыстары да өзгерді.
Рас, күй аңызын айтпай-ақ, оны бірден түсінетін де жандар болады. Енді өзіңіз ойлап қараңыз: қазір он қазақтың екеуінде ғана домбыра болуы мүмкін. Немесе он адамның ішінде оның бірнешеуі ғана домбыраны біледі. Қалғаны домбыраның атын естігенімен, қолына ұстап көрмеген.
Бұрындары қазақ шаңырағының барлығында күй тартылатын. Әр қазақ күймен көзін ашатын. Ананың әлдиі – қазақы әуенмен айтылатын. Мен қырықтан астым. Қатарластарымның отбасында сәбиін бесік жырымен тербетіп жатқандарды көрген емеспін өз басым. Ал қазақы әуенмен тербелмегендер қазақтың өнеріне бүйрегі қалай бұрады. Сол түсінбеген соң, «қойшы домбыраны» дейді де жүре береді. Күй – қазақтың жанындағы нәрсе, қанында бар. Түсінгісі келген кез-келген адам оны түсіне алмақ. Атүсті қарап: «Ой, мен түсінбеймін, түсінбеймін» десе, түсінбейді, әрине. Қазақ үшін күй жат емес. Сондықтан әр қазақ баласы күйді түсінгісі келіп шын ниеттенсе, сол күйді бір емес, екі емес, жүз қайтара тыңдаса, күй сөйлей бастайды.
Күй бір ойдан, үлкен оқиғадан туындайды, ақындар сол оқиғаға байланысты өлең жазса, күйшілерден күй қалады. Лықсып келген сезім күй болып төгіледі. Мысалы, «Ақсақ құлан», Құрманғазы бабамыздың «Кішкентай» күйі. Қай күй болсын, олардың барлығының тарихы, аңызы бар. Күйді тартып отырып, бір жерінде күй сөйлеп тұр деп ескертіп кетсеңіз, мысалы «Аман бол шешем, аман бол» деп нақты көрсетсеңіз, ол да күйдің сол жерде «Аман бол, шешем аман бол» деп бебеулей жөнелгенін ұғады.
– Өзіңіз күйді бірден түсініп кеттіңіз бе, жоқ әлде әсер еткен жағдайлар болды ма?
– Бала кезімдегі сүйікті ісім – қазақтың дәстүрлі әні мен күйінің күйтабақтарын жинау болды. Үйдің кенжесімін. Қаладан келген ағаларымның маған базарлығы – күйтабақтар әкелетін. Шертпе күй, төкпе күй деп бөлмейді. Әкем соны тыңдайды. Бізді жинап алып тыңдатады, аңызын айтады. Сол тәрбиемен өстік қой. Қазір есіме алсам, күй тыңдап отырып кейде қалғып кетесің. Бірінен соң бірі тартылып жатқасын, көзбен көріп отырған жоқсың, әрине шаршайсың. Бірақ, күй осылайша білдіртпей, буыныңды босатып отырып, шым-шымдап бойыңа сіңе береді екен. Әкем пластинканы жіберіп, біздерге сұрақ қоятын: «Нұржан, мынау қандай күй», – дейді. Айтсаң – арқаңнан қағады. Айтпасаң: «Мен сендерге не үйретіп жүрмін», – деп ренжиді. Сонда неше түрлі қулыққа баратын едік. Әсіресе, апам екеуіміз. Күйтабаққа білдіртпей күйдің атын жазып қоямыз. Әкем сұрағанда апам күйдің атын оқып алады да, ақырын сыбырлайды. Бірақ пластинкаларды араластырып жібергенде, тағы да шатасып кетесің.
Мысалы Мәкәрім Қойшыбаевтің «Жастық» деген күйі сол күйінше жатталып қалды. Ойланып отырсам да ыңылдап сол күйді айтамын. Содан бастап менің домбыраға деген қызығушылығым оянды. Күйлерді домбырада тарту қалай болар екен деп армандай бастадым.
– Батыс өңірдегі дәстүрлі күйшілік мектептің ірі-ірі өкілдерімен кездесіп, дастархандас, пікірлес болған, олардан күйді тікелей үйренген жандардың өзі болмаса да, көзі қалған шығар. Олардан уағында күй үйрену дәстүрі қалыптасты ма?
– «Құрманғазы Дәулеткерейді іздеп барған» деген дерек бар. Құрманғазы – айдауда болған, қуғын көрген жан. Ал Дәулеткерей – ел басқарған, былайша айтсақ, әлеуметтік жіктелім тұрғысынан екеуі бір-біріне тең емес. Сонысына қарамай екеуі бірнеше күн күй тартысқан екен. Содан бір-бірін байқасып болған соң, Айжан атты домбырашы қыз бар дегенді естіп, Айжанның өнерін тамашалау үшін, арнайы іздеп барып, күйге кезек береді. Бізге, мысалы, Айжаның «Айжан қыз» деген күйі жетті. Сол кезде Дәулеткерейдің «Бұлбұл» күйі шыққан. Құрманғазы «Айда, бұлбұл Айжан-ай» деген күй шығарған. Құрманғазы Дәулеткерейдің «Бұлбұлын» тыңдап болған соң: «Мынау менің бұлбұлым» деп тартыпты. Бертін келе Нақыш күйші «Айжан апай» деген күй қалдырған. Нақыштың «Айжан апайдан» басқа бірнеше күйлері болған. Мәселен, «Ақжалаң» күйі. Сол Нақыштан күй үйренген Қожақ күйші 1960 жылдары өмірден өткен. Өзі мықты домбырашы, әнші, сынықшы болған. «Ақсақ кер ат» деген күйі бар. Оны бізге Өтеген Жұмашев жеткізген. Мүсірәлінің де кейбір күйлерін Ө.Жұмашев ағамыздың насихаттауымен таныс. Сейтектің, Динаның, Мәкеннің көзін көрген адамдар арамызда қазір де кездеседі. Өтеген Жұмашев – Сейтектің қасында еріп жүрген адамның күйеу баласы. Сейтек атамыздың мықтылығы – Сейтекті аттан ешкім аударып көрмеген. Мергендігі өз алдына бір әңгіме. Мылтықты екі қолмен қатар атқан дейді. Аттың басын жібереді екен де, бөркін әуеге лақтырып, 12 өрімді қамшысымен соққан кезде, ұшып келе жатқан бөрік парша-парша болып, жан-жаққа ұшып кетсе – аттың басын тартпаған, алған бағытынан таймаған деседі. Егер бөркі бәз қалпында түссе – қайтып келеді екен. «Сейтектің бір тартары» деген бар. Домбыраның пернесінде ең жоғарғы пернені «Сейтек пернесі» дейді. Оны «Түркімен пернесі» деп те атайды.
Сейтек – түркімендердің арасында да, қалмақтардың арасында айлап қонақ болған. Оның күйлерінде қалмақ әуендері кездеседі. «Бес қыз» деген күйін қалмақтың қыздарына арнаған дейді. Сейтектің «Қалмақ биі» деген күйі бар. Сейтек бабамыз жолаушылап келе жатып, «Құдайы қонақпын» деп бір үйге түседі ғой. Түскен үйі ауылдағы беделді, тұрмысы жақсы отбасы екен. Сейтек секілді белді азамат Құдайы қонақ боп келген соң, таңға дейін ән шырқап, күйі тартысып отырып, енді жатуға ыңғайланған кезде үй дүрліге бастайды. Қалмақтың бір мықты ұрысының аты шығып тұрған кез болса керек. Ал, Сейтек түскен үйдің бәйге аты бар екен. Әлгі баукеспе соны ұрлауға келіпті. Ұры қазаққа да, қалмаққа да ұстатпайтын көрінеді. Сондықтан, елін көрмегелі бірнеше айдың жүзі болыпты дегенді естіген соң Сейтек : «Менің де елден безіп, далада жүрген кездерім болды. Сонда еліңді сағынасың, шалқытып салған әнді сағынасың, төгілтіп тартатын күйді сағынасың», – деп іргені түргізіп қойып домбырамен күй тартқан екен дейді. «Мен қазір күй тартамын. Елінің әуенін сағынған қалмақ, жақындап келіп күй тыңдайды. Көзі сонда ештемені көрмей қалады. Күйге елтіген, бойы еріген кезде сендер ұстаңдар», – дейді. Содан қалмақтың әуенімен «Қалмақ күйі» деп тартқан. Айдалада арып-ашып, елін сағынып жүрген барымташы ұлтының сазына елтіп, еріп кетіп, іргеге жақындағанда, қолға түсіпті.
Сол күйді Сейтектің Саркенже деген шәкірті үйренген екен, сол Саркенженің жиенінен мен жазып алдым. Саркенженің жиені – 70-тен асқан Роза деген апамыз.
Батыс өңірінде күйшілік дәстүр әлі жақсы қалпында сақталып келеді. Құрманғазының шәкірттері Дина, Сейтек, Мәкендерді айтсақ, оның бер жағында Айжан апай, Нақыш, Қайыржан Айтбаев, Досым Мақсотов, Асылғаным Құсмағамбетова, Есел Қазиев, Ермек Молдабеков деген бірнеше азаматтарды атауға болады. Шоман Сертеков, Өтеген Жұмашев, Асылхан Қазиев, Ермек Қазиевтер де сол қара домбыраны шебер меңгерген. Құрманғазы атындағы әлемге танылған академиялық музыкалық оркестр бар. Соның бас домбырашылары, Қали Жантілеуов, Рүстембек Омаров, кейінгі Қаршымбай Ахмедияров, консертмейсер болған Тұяқ Шаменовтер, кейінгі жас буын Батыржан Мықтыбаев деп ұзағынан көсілуге болады.
– Батыс күйшілік мектебі туралы өнер зерттеушілері жетерліктей еңбек қалдырды. Ал сол батыс мектебінің өзі іштей қалай жіктеледі?
– Қазақ жерінде күйшілік дәстүр ұстағандарды Ахмет аға Жұбанов бірнеше дәстүрлі мектептерге бөлді. Соның бірі «Батыс күйшілік мектебі» десек, оның өзі де іштей түрлі мектептерге жіктеледі. «Құрманғазы мектебі» – адуындылығымен, төкпе, қара шертіс қағыстары кездесетінімен ерекшеленеді. Ал, «Төре мектебінің» күйлері тез тартылғанымен, Құрманғазының «Адайындай», «Сарыарқасындай» мәнер жоқ, төгілген лирика. Мысалы, Дәулеткерейдің «Түркімен» күйінде немесе «Көроғлыда» қара қағыстар көп кездеспейді. Қолмен көрсету – Маңғыстау мектебінде мықты дамыған. Мықты домбырашы Сержан Шәкіратовтің «Бөгелегін», тағы басқа күйлерін қалай керемет көрсетеді. Мысалы, Құрманғазының «Жима» күйін мойынға да қойып тартады, иыққа іліп тартады. Қолмен де көрсетеді. Сондай тез тартылатын күй – Жантөренің «Шалқымасы». Сейтектің «Шәрипа» деген күйі бар. Сонда сол қолмен домбыраны іліп тартып отырғанда оң қолымен шашты қайырып кетіп, бетті сипап өтіп дегендей қимылдар жасауға болады. Ол – домбырашының шеберлігіне байланысты.
– Күйлерді өңдеуге көзқарасыңыз қалай?
– Кезінде күйлер құйма құлақтықпен таралды ғой. Әмен, Дина, Сейтек үшеуі отырып алып, Құрманғазының «Қайран шешемін» тыңдайды да, үшеуі үш жаққа кетеді. «Қайран шешем» деп Әмен тартады. Дина тартады, Сейтек тартады. Сөйтіп үш нұсқасы шыға келеді. Үшеуі де керемет.
Башқұрттарда саз аспаптарынан қурай жақсы дамыған. Бізше – сыбызғы. Нотасы түсірілген күйді дәл сондай қылып орындасаң, сіздікі дұрыс емес дейді. Олар үшін күйдің тақырыбынан ауытқымай, өзіңіздің фантазияңызды қосып ойнау керек екен.
Ата-бабамыздың күйін бойымызға сіңіріп өскен соң, ол дәстүр бұзылмайды, қазақ күйлері жөнсіз өзгеріске ұшырамауы тиіс деп ойлаймын.
Әңгімелескен Қарагөз Серікқызы.