«БАЛАСАҒҰН ЖҰМБАҒЫ» ҚАЛАЙ ЖАЗЫЛҒАН?
11.11.2024
287
0

Қазақ әдебиеті мен мәдениетінде Шерхан Мұртазаның әрбір көркем туындысы, оның ішінде, публицистикасы мен эссе мақалалары ерекше құнды әрі мағынасын жоймайтын рухани мұра болып қалды. Халық жазушысының әрбір шығармасының өз тарихы бар.

 Өмір бойы ел аузынан түспеген көрнекті суреткер қат-қарбалас, арпалысы бітпейтін лауазымды қызмет­те жүрсе де күнделік жазуға уақыт тауып, әр жылдар бойынша ең маңызды оқиғалар мен естен шықпайтын сәт­терді қысқа күйінде түйіндеп қағазға түсіріп отырған. Жеке жан сыры мен ашық айтыла бермейтін, бірақ ұмытуға болмайтын ойлары мен өзіндік пікірлері де аз емес.
Әсіресе абыройы дүрілдеп шыға бастаған жазушының өзі бас редактор болып отырған «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген мақалары мен эссе-жазбаларының бірде-біреуі қоғам мен сол кезеңдегі биліктің назарынан тыс қалмаған екен. Жүз мың мөлшерінен асып тарайтын тарихи әдеби газет­тің оқырмандары жазушының көкейкесті тақырыптарды қазып, қопарып зерт­теп, төгілтіп жазған деректі дүниелеріне дән риза болып қолдап жатса, екінші жағынан, тырнақша ішіндегі достары болса, биліктің атына қаратып айтылған оқшау пікірлерінен қате-кемшілік іздеп, жан-жағын өрт шалғандай байбалам салып, арыз-шағымды бұрқыратып отырған. Бұл болған жағдайды бірге қызмет еткен әріптес аға­йындар аңызға бергісіз қылып айтатынын да жақсы білеміз. Қайсыбір жылдары ортаңқол басылымда небәрі екі жыл редактор болған кісі, сол өмір кезеңінен екі том кітап жазып шығарғанын естіген Шер-аға сол жақ қасын қабағымен қоса тартып: «Не дейт?! Әр жылында бір кітапқа жүк боларлықтай не істеп қойыпты, сонда? Ендеше, мен қанша том кітап жазуым керек,ә?!» – деп таңданысын жасырмаған-ды.
Елімізде «Баспасөздегі бас редакторлар» тарихын жасаған қаламгер тұлға бұл сөз-сауалында көркемдік талғам мен ардың ісін меңзеп отырғаны анық еді.

Қазақ әдебиеті мен мәдениетінде Шерхан Мұртазаның әрбір көркем туындысы, оның ішінде, публицистикасы мен эссе мақалалары ерекше құнды әрі мағынасын жоймайтын рухани мұра болып қалды. Халық жазушысының әрбір шығармасының өз тарихы бар.

Өмір бойы ел аузынан түспеген көрнекті суреткер қат-қарбалас, арпалысы бітпейтін лауазымды қызмет­те жүрсе де күнделік жазуға уақыт тауып, әр жылдар бойынша ең маңызды оқиғалар мен естен шықпайтын сәт­терді қысқа күйінде түйіндеп қағазға түсіріп отырған. Жеке жан сыры мен ашық айтыла бермейтін, бірақ ұмытуға болмайтын ойлары мен өзіндік пікірлері де аз емес.
Әсіресе абыройы дүрілдеп шыға бастаған жазушының өзі бас редактор болып отырған «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген мақалары мен эссе-жазбаларының бірде-біреуі қоғам мен сол кезеңдегі биліктің назарынан тыс қалмаған екен. Жүз мың мөлшерінен асып тарайтын тарихи әдеби газет­тің оқырмандары жазушының көкейкесті тақырыптарды қазып, қопарып зерт­теп, төгілтіп жазған деректі дүниелеріне дән риза болып қолдап жатса, екінші жағынан, тырнақша ішіндегі достары болса, биліктің атына қаратып айтылған оқшау пікірлерінен қате-кемшілік іздеп, жан-жағын өрт шалғандай байбалам салып, арыз-шағымды бұрқыратып отырған. Бұл болған жағдайды бірге қызмет еткен әріптес аға­йындар аңызға бергісіз қылып айтатынын да жақсы білеміз. Қайсыбір жылдары ортаңқол басылымда небәрі екі жыл редактор болған кісі, сол өмір кезеңінен екі том кітап жазып шығарғанын естіген Шер-аға сол жақ қасын қабағымен қоса тартып: «Не дейт?! Әр жылында бір кітапқа жүк боларлықтай не істеп қойыпты, сонда? Ендеше, мен қанша том кітап жазуым керек,ә?!» – деп таңданысын жасырмаған-ды.
Елімізде «Баспасөздегі бас редакторлар» тарихын жасаған қаламгер тұлға бұл сөз-сауалында көркемдік талғам мен ардың ісін меңзеп отырғаны анық еді.
Жақында Алматыда атақты археолог-тарихшы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университетінің профессоры Уахит Шәлекеновтің туғанына 100 жыл толуына байланысты өткен іс-шарада ғалымдардың аузынан « Қазақ жеріндегі Баласағұн қаласының орнын қырық жыл бойы зерт­теу жұмысында Уахит Шәлекеновтің еңбегі зор болды.

Құмда көмілген қаланың ізі мен архелогтер еңбегін алғаш және одан ке­йін де Шерхан Мұртаза баспасөзде ашық жазып, жария етпегенде қандай болар еді?» – деп айтылған ыстық лебізді көп естідік. Ұлы ойшылдардың: «Бір шағын шығармамен де әдебиет тарихында қалуға болады» дейтіні бекер емес. Ал мына жерде бір ғана жазбаның жаңғырығы туралы болып отыр.
Өзінің «Қазақ өркениеті» деген іргелі зерт­теу кітабының сыртқы мұқабасына «Уахит Шәлекенов-Баласағұни» деп жазған автор да, соноу өткен ғасырдың 80-жылдарының ортасында Алматыдан қаламгерлер Шерхан Мұртаза мен Әбіш Кекілбайұлының Шу өлкесіне, Ақтөбе жеріне келіп, көне ғасырдан сұлбасы жеткен Баласағұн қаласының орнын қатпар-қатпар топырақтан аршып жатқан археологтердің жұмысымен танысып қайт­қанын жазғанын оқығанбыз.
Басқасын былай қойғанда, қазақ­стандық белгілі ғалым Орталық Азия халықтарының тарихын жазуда үлкен үлес қосқан белгілі шығыстанушы академик В.Бартольдтан бастап кеңестік тарихшылар мен археологтер Қазақ­станның оңтүстігіндегі ортағасырлық қалалар жөнінде жазған кезінде ерте заманнан бері талай өркениет­ті өткерген Самарқанд, Бұқара, Испиджаб, Баласағұн, Отырар, Сауран, Сығанақ және басқа да шаһарлар саяси, экономикалық және мәдениет­тің дамыған орталығы болғанын ашық мәлімдегенін жеткізеді.
Дегенмен осы оңтүстік аймақтағы ертедегі ескерткіштердің орны мен тарихына ХХ ғасырдың басында қызығушылық пайда болғанымен, тек 1940 жылдардан ке­йін ғана арнайы зерт­телгенін де ескеру керек дейді. Баяғы Баласағұн (Ақтөбе) қаласы Шу өзені атырабында, қазақ жерінде болған деген пікірін өз нұсқаларымен кесіп, пішкен ғалымның ізденістері де тарих үшін қымбат және құрмет­ті болуы заңдылық.
Бұ­ған айғақ, дәлел ме? Тіпті кө­не қала аумағында ұзындығы 56 шақырым­ға созылған бекіністі тұрғызғанда жергілікті адамдардың саны ондаған мың деп болжам жасайды. Ал енді қазбалар барысында, су жүйесінің дамығанына көз жеткізген ғалымдар қат­ты таңданыстарын білдірген. Су диірмендерінің қалдықтары көмбеде осы уақытқа де­йін бойларына талай сыр-жұмбақты, әлемдік су құбырларына тән жоба-жүйелердің схемаларын жасырып жатқаны белгілі болды.

Сурет­те (солдан оңға қарай): Әбіш Кекілбаев, Шерхан Мұртаза, Қыстаубай ақсақал және Уаһит Шәлекенов. (Ортағасырлық Баласағұн қалашығында. 1985)

Атақты академик Әлкей Марғұланның өзі арнайы келіп, Баласағұн қаласының орны туралы «зерт­тей түсу керек» деген сөзі де себеп болды ма, біздің елімізде 1974 жылдан бастап, Шу өңіріндегі ортағасырлық Ақтөбе қаласындағы зерт­теулерді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің археологиялық экспедициясы жүргізуді біржолата қолға алды.
Жыл сайын алажаздай болашақ архео­лог-тарихшы судент­тер қазба жұмыстарына шәкірт­тік себептермен және кәсіби тәжірибеден өту мақсатымен қатысу дәстүрге айналды.
Бұл ғылыми жүкті ұзақ жыл бойы абыроймен арқалап өткен археолог-ғалым, академик, «баяғы Баласағұн қаласын тапқан» деген атаққа ие болған У.Шәлекеновтің жетекшілігімен ортағасырлық қаланың тарихи құ­ры­лымы, топографиялық құрамы анық­талды. Бұл – аса қажет­ті және ауқымды жұмыстардың нәтижесінде ғана болатын іс. Есте жоқ заманда салынып, ежелгі ғасырлар сұлбасын және мұраларын жеткізген мәдени ескерткіштердің көне тіршілік сипатын ашуда жас археологтер мен сарапшы тарихшы ғалымдар да көп еңбек сіңірді.
Қазақ­стандық танымал ғалымдар өз жазбаларында «Ақтөбеде шахристаннан ғана Қарахан дәуіріне жататын 5 мыңға жуық қоладан соғылған ақшалары шықты. Күміс теңгелер, қыш құмыралар, мыс теңгелер, есеп тастары, адамдардың қаңқасы, жанған бөренелердің күлі және тағы басқа зат­тар кең жер аумағынан үзбей табылды. Ал жерасты су құбырларының тартылу схемасында су айыру құмырасының табылуы сол дәуірде бұл қалада кемінде 10 мыңға жуық адамдардың тұрғанын аңғартады», – деп тағы да ой қосады.
Академик У.Шәлекенов бұл табылған зат­тар және рухани мәдениет­тің қалдықтары біздің жыл санауымыз бойынша V–VІІІ ғасырларға жатады деп ой түйеді. Алайда ІХ–ХІІ ғасырлар бойына түрік тайпасының ең үлкен астанасының бірі болған Баласағұн тарихи санадан шығып, оның орналасқан жері осы күнге де­йін жұмбақ болып келе жатыр деп, Баласағұндағы археологиялық зерт­теулердің аралық кезеңдегі қорытындысын да жасаған. Енді Баласағұн жұмбағы туралы Ш.Мұртазаның әйгілі жазбасы қоғам мен билікте қалай қабылданды?
Мұны жазушының көңіл күнделігінен-ақ талай сыр бүгіп жатқанын аңғаруға болады.
…Жұлдызды шақ.
Ақ қағаз бетінде сиясы төгіліп, әр әрпі бадырайып жазылған күйі түскен. Жазу үстелінде күндіз де, түнде де ой түйіп, қып-қысқа сөйлеммен ғана артына қалдырған.
Мәңгілік… Ай туғанда арманды сәт­те шек болар ма, өзі?! Міне, Шу өзені аспаны астында ай туып, жұлдыздар жамыраған кез­де қаламгер жазғы палаткада жалғыз отырып, «Орта ғасыр қаласының орны… Баласағұн шаһарында жүргендей көңіл. Өр тағдырлы өмір жаратқандай. Әне, архео­логтер, профессор Уахит Шәлекенов және оның жас әріптестері цитадельден шыққандай күбір-күбір етеді. Хан ордасы қандай болған? Қазба жұмыстарын түнде де жүргізе ме, қалай-қалай өздерін баптайды. Жоқты жоқ іздейді.
Түнде көрінген от­тай болып… Домалайды дүние доптай болып…» Бұл алдағы кез­де жазылатын публицис­тикалық шығармасына әзірлік, дерек-дәйек, үзік-созық сурет­тер кейпі.
Тіпті кезінде талай-талай талқылау­лар мен ресми пайымдауға және ғалымдар тарапынан түрлі тарихи, әдеби зерт­теулерге арқау болған әйгілі «Баласағұн жұмбағы» туындысы турасында деректі, көркем очерк жанрындағы дүниесіне негіз болған жазбалары мен қойын дәптерлері туралы дәл осылай айтуға болады.
Қазақ баспасөзінде алғаш рет Баласағұн жайында барлық мәселені толымды жазып, Қазақ­стан аумағынан табылған сан ғасырлық тарихи жәдігерлердің танымдық тағдыры хақында және соған орай туындайтын көкейкесті тақырыптар ашық айтылған мақала еді. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» дегендей, қоғам назарын аударған мақалада биліктің шымбайына бататын сын мен шындық та елеусіз қалмады.
Түрлі замандар болса да жер бетінен желмен бірге жоғалып кетпейтін Баласағұнның қай жерде екенін білмек түгілі, білгісі келмейтін дөкейлермен қатар ғылым саласының кейбір дәулері де доқ көрсетіп, жатып кеп: «Неге қат­ты сынайсыңдар?» – деп тулаған.
…Ақ қарлы Алатау саясында Жетісудан бастау алып әрі Әулиеатаға жалғасып, Қаратауға қарай асып, желмен жарысып жүйткіген мың көлік ағыны таңдандырып, сағындырмай ма, қалай ойлайсың?! Бұл – сіз бен біз таныған ұлы жолдың бойы. Талай рет жүріп өткен жол. Бірақ байқамайтынымыз көп… Бұл күндері төрт қатарлы Алматы-Қордай-Шу магистральді жолдың Шу өзені көпірінен өткеннен соң көп ұзамай жол сілтемесінде оңға қарай «Баласағұн» деген жазуға көзің түседі. Сол, сол жер, Шу бойындағы Ақтөбе. Алыстан, жасыл дүние арасынан елеусіз ғана ағараңдап бір қырат көрінер. Анау – цитадель, хан ордасы болған. Әне, шеңберленіп жатқан шахиристан. Шахиристан дегені, сірә, уәзірлер, қазіргі тілмен айт­қанда, министрлер тұрған ғимарат­тар шығар. Дәл осы жерде 1985 жылы маусым айында археолог-профессор Уахит Шалекенов пен арнайы сапарлап келген белгілі жазушы Шерхан Мұртаза тағдырлы тарихы мен ашылмаған сыры көп Баласағұн жөнінде сөз ағытып, көне қаланың тарихи мәнін тереңдете, байыта түсіп, өңірдің бойтұмары Шу өзені жағалауы кешінде алыс-алыс жылдарға ой жіберіп, шартарапқа саяхат шеккен. «Күншығыста осы өлкенің күміс белдігіндей жарқырап Шу ағып жат­ты» деп Шер-ағаға де­йін қаншама мың жыл бұрын немесе одан ке­йін қаншама сая­хатшы жазды екен?! Кешегі кеңестік заманда «талайғы шетелдік тарихшылар мен география қоғамының жиһанкез­дері өз шама-шарқынша зерт­теп, қағазға түсірген ғылыми болжамдарын» місе тұтып жүргені болмаса, ғалым аға­йындардың ұзақ жыл ат ізін салмағаны таңғалдырмайды ма? Бұған қазақ­стандық бірде-бір журналист, не жазушының қызығушылық танытпағаны қалай?! Білдей «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторының бұл жаққа қарай тап өзінің арнайы ат басын бұруының осындай мән-мағынасы бар. Оның үстіне түркі әлеміне ортақ Баласағұн қаласының тарихына қатысты талас та бар-тұғын. «Қазақ­станның ғасырлар бойы қатпар-қатпар болып тас-топыраққа айналған тарихын зерт­теу үшін тарихшылар мен археологтер әлі талай тер төгуі керек», міне, қазылмаған қорғандар мен оқылмаған тас-топырақтар туралы мәселені ашып айт­қан Шерхан Мұртазадан ке­йін, енді 40 жылға жуық бойы көне қаланың қазба жұмыстары мен зерт­теу нәтижелері жайында ешкім мандытып қалам тартпаған дегенімізге және сенесіз бе? Жамбылдық әуесқой тарихшы Амантай Айзахметовтің «Тайна города Баласагун или версия профессора Шалекенова» деген көлемді мақаласы (2002) ғана көзге түседі. Себебі неде? Қазақ кеңестік энциклопедиясындағы «Зерт­теушілер қанша іздесе де Баласағұнның орны дәл қай жерде екені әлі беймәлім», – деп жазылған ақпарат та әлі күнге де­йін өзгерген жоқ. Аясы тар заман кезінде қытымыр қоғамға қозғау салып, жоғары билікте дүрбелең туғызған бір «Баласағұн жұмбағы» деректі жазбасының ұзына бойынан екі мәселені ерекше бөліп қарауға болады. Автор археолог профессордың: «Әне, оқылмай жатқан кітаптар!» – деп жап-жазық далада сағым толқынындай мұнартып, қаз-қатар түзіліп, бұғып жатқан жеті төбені көрсетуіне байланысты мынадай ой айтады: «Алматыдан алпыс шақырым Есік қаласының түбіндегі дәл осындай төбелердің бірінен «Алтын адам» табылған. Дәл осындай қазба байлық Египет­тен табылып еді бүкіл дүниежүзі шулады. Ал біздің «Алтын адам» табылғанда әуелі бір дүрлік те осының өзі рас па, өтірік пе дегендей саябырсып қалдық. Археолог ғалымдарға мың рақмет, олар істерін істеді, әлемде теңдесі сирек қазына тапты. Ал енді сол «Алтын адамды» жұртшылыққа кеңінен танытуға жазушылар, ақындар, суретшілер, жалпы, әдебиет пен өнер қайраткерлері онша құлшына қойған жоқ. Ал Египет­тен табылған Тутанхамон перғауынның алтын табыты туралы қаншама кітап жазылды. Мүмкін, біз «Алтын адамның» қадір-қасиетін әлі жете сезініп болмадық па?» Бұл «көшпенділерде мәдениет жоқ, болған емес», – деген жаны сірі, «итжанды»психологияның салдары емес пе деп сөзді сүйектен өткізіп жібереді. Екіншіден, атақты Омар Хайямның тұстасы, замандасы,ХІ ғасырдың перзенті Жүсіп Баласағұни – түркі тілінде тұңғыш рет көркем дүние жазған керемет ақын. «Құтадғу біліг» ат­ты поэзиялық кітап жазып, оны Қарахандар әулетінің екінші астанасы Қашқарда тамамдап,Қарахандар әулетінің сол кез­дегі бүкіл Шығыс түркілерді билеп тұрған «хандардың ханы» Тавғаш Қара Бограханға сыйға тартыпты. «Құтадғу біліг», яғни «Құт­ты білік» баспаханасы жоқ сол заманда қолдан көшіріліп, дүние әлемге тарапты. Араб әрпімен көшірілген Каир данасы, Наманған данасы, ұйғыр әрпімен көшірілген Герат данасы деген қолжазбалар бар. Бұл шығарманы орыс тіліне ең алғаш атақты ғалым В. Радлов аударған. Тіпті соңғы он екі жылдың ішінде «Құт­ты білік» орыс тілінде екі рет басылып шығыпты. Өзбектер әлдеқашан тәржімалап алды. Сөздің атасын айт­қан Шерхан Мұртаза осы тарихи деректерді алға тарта отырып: « Жайбасар десең, өзіңе тиеді. Айтпайын десең, есең кетіп барады. Есесіне айырылу естілік те емес…Жүсіп Баласағұн метрлеп, сантиметрлеп есептегенде, дәл қазір шекарасында тумаған күннің өзінде ( ал тумады деп айту қиын) түркі тілінде жататын қазақ халқына да ортақ емес пе?! Ендеше, біз неге аудармаймыз?» – деп мәселені төтесінен қояды. «Әлде ХІ ғасырдан қалған Жүсіптей ақындарға мелдектеп, оқып тауыса алмай жатырмыз ба? Әлде «Құт­ты білік» біз менсінбейтіндей ортақол дүние ме? Онда неге орыстар қайта-қайта жарысып аударады? Жүсіп Баласағұни «Құт­ты білікті» оқырманға таныстыру бөлімінде өз кітабы туралы: «Надан адам түсінбес, назар салмас, Дана адам бір оқыса, ажырамас», – депті. Бұдан ке­йін не болды дейсіз ғой. Академияның Тіл институы, Әдебиет институты, Госкомиздат осынау асыл қазынаны ортақ игілікке айналдыра алмай, кешігіп жатқаны шынын айт­қанда, ұятқа қалдырған мәселе болып судың бетіне шыға келді. Айқай, ат­тан басталады. Дәл сол арада қырғыздың ұлы жазушысы Шыңғыс Айтматовпен болған екеуара сұхбат­та «Жүсіп Баласағұн – түркітілдес халықтардың әлі жігі онша бөліне қоймаған дәуірдің перзенті. Сондықтан оған қырғыздың ақ қалпағын да , өзбек пен ұйғырдың ала тақиясын да, қазақтың құндыз бөркін де кигізудің керегі жоқ. Ол – бәріміздің ұлы бабамыз» деген пікірі «сонда бұған кім мұрагер?» деген сауал­ға тура жауап болып жаңғырады. Бұл сөз жоқ, тарихи мақала деңге­йінде дүр сілкіндіргендей болды. «Баласағұн жұмбағы» – қазақ әдебиетінің және ұлт­тық журналистика тарихында жан-жақты талдауға арқау болатын даусыз құнды эссе. Бәлкім, жанр жағынан жай-жапсары очерк, тарихи тақырыптағы жолжазбаға табиғатынан жақын болар. Көркем әңгімеге бергісіз елтану жазбасы десек те болады. Ең негізгісі сонда неде? Ежелгі ел тарихының куәгері мен айғақтарына мемлекет мойын бұрып та қарап жатқан жоқ деген пікір. Қазақ даласынан табылған «Алтын адам» дақпырты дүрлігіп барып баяулап қалғаны несі. Көшпелілер мәдениетіне оң көзқарастың болмауының салдары мен көлеңкесі емес пе? Түркі дүние­сінің ортақ ойшылы Жүсіп Баласағұнның адамзат­тық ақыл кітабын осы заманғы қазақ тіліне аудармай жүргеніміз нені білдіреді? Ең бастысы, сол кез­дегі Республика басшылығының арғы-бергі рухани-мәдени, тарихи құндылықтарға жете мән бермей отырғанын астарлап, орағытып, жетесіне жеткізіп, қақ маңдайдан соққандай етіп жазғанын бәрі де әдемі түсінді. Сол себепті құлақ түрілді, ел естіді. Дәл сол кез­дегі империялық үстемдікке қаратып және республика дөкейлеріне осындай ауқымды қалыпта сын айтудың қандай қаһарлы болғанын айтып жатудың өзі артық. Жазушының өз күнделігінде: « Баласағұн жұмбағы»басылды. («Қ.Ә»-28.VІ. 85.#26). Біраз мәселе айтылды. Әрине, жау үстіне жау жамадым. Госкомиздат, әдебиет институты т.б. Мұндай соққыға олардың әлі еті үйренбеген. «Жиhанкез­ден» ке­йінгі бір жарылыс. Өктем дүние үнсіз. Тістенді, бірақ тістемейді. Шындыққа шыдамасқа лаж жоқ. Жәлеқорлар, бәлеқорлар: «Ә, бәлем, мойның астыңа қайырылды ма?» –деп жалақтап қалады. Бірақ менен қан да, жан да шықпағанын көріп, іштерін тырналайды. Бұл – күрес!» – деп жазғанына қарап, әрине, бұлтсыз күні найзаға­й ойнағандай болғанын сезінесің. Бірақ «шындыққа шыдамасқа лаж жоқ». Ежелгі Баласағұн қалашығы орнына жүргізілген тынымсыз археологиялық жұмыстарға тиісті ұйымдар мен жергілікті билік тарапынан қолдау өте мардымсыз екені тіптен түсінбестік туғызғандай еді. Сілкініс болды, сең қозғалды. Рухани қазынамыздың тұнық қайнары, көне де құдірет­тісі – Баласағұнның мұрасын қазақ тілінде сөйлету мәселесі де жедел қолға алынды. Белгілі ақын, ежелгі түркі әдебиетін зерт­теуші ғалым Асқар Егеубаевтың тарихта Қараханит­тер дәуірі деген атпен белгілі бұл кезең (840–1212)туралы ілгері-ке­йінді жазылған еңбектерге сүйене отырып түйген ойлары баспа, баспасөз бет­терінде жариялағанын адалдық үшін айтуға тиіспіз. Ежелгі дәуірдің бір белесі Х–ХІ ғасырлар тұсындағы әйгілі еңбекке байланысты көрнекті ғалым­ның «Жүсіп Баласағұн «Құт­ты білік» монографиясы арада он үш жыл өткен соң 1998 жылы «Кісілік кітабында» жарық көрді. Есіктен табылған «Алтын адамның» ғылыми тұрғыда зерт­теліп, түрлі халықаралық көрмелерде кеңінен танылуына байланысты қандай пәрменді қадамдар жасалғаны көзі ашық оқырмандарға мәлім болар. Тағы бір таңғаларлығы, енді бұл қаламгерлер мен жас журналистер үшін тағлымды әрі қызықты: автор эссесінің арқауы жер атауының аумақтық географиялық картаға түспеген, әлі шешуі табыла қоймаған күйінде былайша келтіреді: «Шу бойындағы Ақтөбе, бәлкім, Баласағұн. 1985». Ежелгі, көне жер мен ел атауларын мөр басқандай осылай бедерлепті. Әдет­те, мұндай жазбаларға уақыт пен мекенжайдың таңбалануы бірсыдырғы болып келетіні белгілі. Бұл жолы шежірелі тарихтан шер тарқатқан публицист-қаламгер олай етпеген, тарихи жер атауларының өзінен этнографиялық-археологиялық мәнісін ой астарымен аңғартып қойған. «Шу бойындағы Ақтөбе» дейді. Оған үтір белгісімен жалғастырып « бәлкім, Баласағұн» деп тұр. Дәл осылай жазу былай қарағанда, жай ғана ескертпе секілді. Бірақ ол талайымыздың ойымызға келе бермейтін оқшау сөзді қолданады. Тегінде, журналистикада да, көркем туындыларда да ертеректен бері біршама жазылған және жазыла қоймаған өзіндік ереже бар. Әрі барғанда әдетімізше мақала соңында «Жамбыл облысы, Шу ауданы» деп қоя салатын сияқтымыз. Екіншіден, басылым редакциясы сол жылы әрбір жарияланған мақала соңына жыл мерзімін, мәселен, «1985» деп көрсете бермейді. Бұл сөз бен ойдың ұштасуы жағынан Шер-ағаның соқпағынан сол замандағы суреткерлік шеберлігі, ғылыми дәлдіктің қажет­ін сезінуі және келешекте талай талқылауға жататын тұстары мен ішкі иірімдерін ірікпей іргелі зерт­теулерге жүктеу екенін түсінуге болады. Тіпті, осылайша, «мекенжайды» ерекшелеп, екіұшты етудің өзінен құнды мақаланың мазмұны мен мағынасын, түпкі мақсатын меңзеп, ашып беріп отырғанын аңғаруға болады. Ең керектісін түзу үшін, екі ауыз сөзбен-ақ бергісі жер атауы – Ақтөбе, арғысы қала атауы – Баласағұн дейтін тарихшы ғалымдардың талайғы жылдардан бері жалғасып, бірде талас тудырып, бірде ортақ тұжырымға келген пайымдауларынан да хабар береді. Тарихты тану мен тарихты таңдауды үйлестірудің жолы жеңіл жол емес. Сөз басында айт­қанымыздай, тағдыр жолы, өмір соқпақтары ұлы тарихтың бір көшіндей көз алдымызда өтіп жатыр. Тарихи деректер – мәнді, қызықты құбылыс. Өте ерте, ықылым замандардан бізге жеткен ескерткіштердің ерекше қасиеті де сол құбылыс жұмбақтарын ұрпақтар санасына жеткізетіні. Иә, биыл «Академик тарихшы Уахит Шәлекенов-100» ғылыми-тәжірибелік конференциясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университет­тің танымал ғалым-тарихшылары Баласағұн қалашы­ғында археологиялық қазба жұ­мыс­тарын жүргізуді одан әрі жалғастырамыз деп мәлімдеді. Ғұлама, өзінің шындығына шаң жұқтырмай өткен У.Шәлекеновтің шәкірт­тері көнеден көкжиек тартқан тарихи таңбалары көмескі емес, іздей берсең, іздері айқын деп отыр. Ал ұлт перзенті
Шер-ағаның сол замандағы өткір ойлары мен сөздері қайнатары жоқ, қоспасы жоқ, таза жанашырлықтың шыңынан айтылған еді. Жұлдызды суреткердің осыдан 40 жылға жуық бұрын жазған «Баласағұнның жұмбағы» туындысы­ның қоғамда алатын орны мен тарихы, міне, осылай болған.

 

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,
Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір