СОҚЫР ИТТІҢ КҮЙІ
27.07.2023
274
0

Жазушы Асылбек Ихсанның екі жыл бұрын «Қазақ әдебиеті» газетіне шыққан (№9, 28.02.2020 ж.) «Дүңгіршек» атты әңгімесінде, ол әңгіме ғана емес, оның бұдан басқа шығармаларында да өзіміз оқып өскен прозадан бөлек бір ерекшелік байқалады.


Ол қандай ерекшелік? Менің байқағаным, оның әңгімелерін оқыған адам шығарманың ой қазығын бірден тап басып, толық тани алмай, соған еріксіз беріліп, әрі-сәрі күй кешіп қалатыны анық. Солай болса да әңгімеде кездесетін кейбір көріністер санаңда сурет боп қалып қоятын бір пәлесі бар. Бұлай болғаны шығарманың шалағайлығынан емес, керісінше, шағын ғана әңгімеге сан тарау ой сыйғыза алғандығынан шығар. Оқырман ә дегенде алдынан андыздап шыға келген ойлар мен меңзеулердің қайсысын ұстарын білмей қалса, жазушының ол да бір шеберлігі. Санаңды сан саққа салып қоятын сан тарап… Соқпақтың қай-қайсысы да айналып келіп, негізгі күре жолға келіп қосылатынын аңғарғанда сүйсінбей тағы тұра алмайсың.
Жазушы өмір уақиғаларын сол қалпында, көзге қалай көрінсе солай суреттей салмай, оған өз қиялындағы суреттерді де әсірелеп тұздықтай араластырып жіберетіні бар. Сондықтан оның шығармалары қарапайым көпшіліктен гөрі, көркем әдебиетті жан азығы деп түсінетін ойлы оқырманға арналғандай. Ондай шығармалар болашақтың оқырманына да құнарлы азық болмақ.
Жазушы әрбір көріністің мәнін тәптіштеп түсіндіріп жатуға әсте әуес емес, қайта оны оқу барысында оқырманның өзі ойлап табуға икемдейді. Егер оқырман жазушының айтар ойын суреттеуі арқылы өзі шамалай алса, онда оның оқу ләззатына бөленгені. Жазушыға да керегі осы ғой.
«Дүңгіршек» бірінші жақта жазылған. Кейде бірінші жақта жазу үшінші жақпен жазуға қарағанда әлдеқайда оңайырақ па деп қалам. Өйткені жазушы басқаның сезімінен гөрі өз сезімін жақсы ұғады. Дүниеде танығанын, маңайынан көргенін біреудің танып, көргеніне қарағанда жақсы сезінеді. Оқиғаға да өзі араласады. Өзі арқылы оқиға өрбиді. Өз атынан жазу әлдеқайда жеңілірек деуімнің себебі сонда. Басқаларды қайдам, ондай шығармалардың кейбіреуі болмаса, көпшілігі-ақ оқырман ретінде мені көп аса тарта қоймайды. Ал «Дүңгіршек» әңгімесінде жазушының оқиғаға қатысуы тіпті де басқаша. Әңгіме бірінші жақта жазылғанымен, оқиғаға «МЕН» араласпайды. Уақиға «МЕН»-сіз өрбиді. Бірақ оқиға «МЕН»-нің көз алдында, «МЕН»-нің бақылауымен өрбиді. Жәй өрби салмайды, тура өзің көріп тұрғандай көз алдыңнан өтіп жатады. «МЕН» оқырманның көзі сияқты. Сыдыртып баяндап өте шығу атымен жоқ. Десе де, қажетті ұсақ-түйекке дейін түгенделеді. Алайда оны ұсақ-түйек деуге болмайды. Сол ұсақ-түйек арқылы образ сомдалып жатса, оны қалай ұсақ-түйек дерсің. Кейіпкерлері сөйлемейді. Сөйлемесе де, қимыл-әрекеттен, бет-әлпет мимикасынан олардың жан дүниесін танып тұрасың. Бір кезде оқырманның өзі оқиғаны мүлтіксіз бақылаушы «МЕН»-ге айналып бара жататыны қызық.
Стиль – жазушының өзі. Асекеңнің стилін өзгеден іздеудің қажеті аз. Өзгенің стилін де Асекеңе таңа алмайсың. Оның прозасында елден ерек бір ерекшелік байқалса, ол ерекшелікті тек жазу мәнерінің маңайынан ғана іздеуге тағы болмайды. Өйтсек, жазушыға қиянат қылғанымыз.
Жазушының соқыр иті – санаңды серпіп жіберетін соны образ. Басқаны қайдам, әне бір жылдары, Алматыға көшіп келген алғашқы айларда менің өзім де соқыр иттің күйін кешкенім бар, дегенмен ұзаққа созылған жоқ. Ол күйді қазақ баласы басынан әлсін-әлсін кешкенін тарихтан білеміз. Аштыққа ұшыраған қазақтың бір шайнам астан басқаны ойлай алмай қалған кезін еске түсірелікші. Ондайда болашақ туралы ойлау қайда? Соқыр ит сияқтысың, болашақты көре алмайсың. Болашақ мақсат та болмайтыны содан. Бейімбеттің Күлпәшін еске алшы. Бар тілеуі бір асам ас болған аш Күлпәш ше?
Болашағын бағдарлай алмай жүрген шарасыз жандар қазір де толып жатыр. Әсіресе ондайлар қалада көп. Ауылда да жоқ деп айта алмайсың. Олардың бар ойы – бүгінгі тіршілік, ертеңнің қалай болатыны бір Құдайға ғана аян. Ең қорқыныштысы – осы.
Соқыр ит – қалаға келіп, бағыт-бағдарынан айырылып қалған қазақтың образы. Бірде орнай қалатын, енді бірде жоқ болып кететін дүңгіршек те мән берген оқырманды ойға салмай қоймайды. Неге келді, неге кетті? Бұл өзі қазақтың қалт-құлт басқан нарықтық экономикасы емес пе екен? Иә, қалай ойласа да, не түсінсе де оқырманның өз еркі.
Бетон қабырғаға баланың бормен салған төрт бөлмелі үйдің суреті… бұл енді белгілі жағдай, баланың арманы. Әне бір жылы тырнақтай екі ұл баланың әңгімесін кездейсоқ құлағым шалып қалғаны бар еді. Сол әңгіме есімнен кетпей қойған. Екеуі де бірінші сыныпта оқиды екен. Біреуі өз үйінде тұратын бала, екіншісі сол үйдің времянкасын жалдаған жесір келіншектің ұлы. Анадайдан бір мысық өтіп бара жатты. Сонда үйі бар бала:
– Әй, мысық, қайда барасың, ойнауға барасың ба? – деп жырқылдап күлді. Времянка жалдап тұратын бала болса:
– Әй, мысық, қайда барасың, пәтер іздеп жүрсің бе? Мына жақта арзан времянка бар, бері кел, – деп шақырды мүсіркеген дауыспен.
Әне, тіршілік шіркін екеуін екі түрлі ойлайтын етіп қойыпты. Баланың бетон қабырғаға бормен төрт бөлмелі үйдің суретін салуы сол оқиғаны есіме тағы бір салып өтті.
Бір әңгімелерді оқығанда әттеген-айларды көп ұшыратасың. Көп әттеген-айлардың арасында ілеуде бір кездесетін сәттіліктер сол көп әттең-айларды ақтай алмайды. Енді бір әңгімелер кіл сәттіліктермен қуантады, ондайда ілуде бір кездесетін кемшілік тіпті де еленбейді. «Дүңгіршек» – оқырманын ылғи да сәттіліктермен қуантатын осы соңғы топтың әңгімесі.

Нұрлыбек САМАТҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір