Туризмді дамытудың тиімділігі
Соңғы жылдары Қазақстандағы туризм саласын дамытудың маңызы жылдан жылға артып келеді. Бұған елімізде тарихи-мәдени ошақтардың және табиғаты көрікті жерлердің мол болуы да қолайлы жағдай туғызып отыр. Әрі экономикалық әлеуетімізді жақсартудың тиімді жолы екені белгілі. Осыған орай, «Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы» бекітілді. Жаңа тұжырымдамада көрсетілген бағыттар бойынша атқарылатын жұмыстар төңірегінде Ғалымжан Дүйсен мырзамен әңгімелескен едік.
Ғалымжан ДҮЙСЕН,
Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты директорының орынбасары
– Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы бекітілді. Бұл жобаға мемлекет тарапынан қолдау жасалғаны көңіл қуантады. Себебі, туризм дамыса, халықтың әлеуметтік жағдайына да, елімізді әлемге таныту жағынан да үлкен әсер беретіні белгілі. Осы бағдарламаны іске асыру үшін сіздер тарапынан қандай жұмыстар атқарылуда?
– Бұл тұжырымдамада туризмді дамытудың бірнеше негізгі бағыттары көрсетілген. Біріншіден, мәдени туризм, екіншіден, табиғатқа сай ұйымдастырылған экологиялық туризм, үшіншіден, бизнес пен іскерлік қатынастарды дамыту туризмі.
Бұл айтылған үш бағыт бойынша жеке-жеке талдап айтар болсақ, мәдени туризм үшін Қазақстанның әлеуеті өте зор. Өйткені территориямызда көптеген археологиялық, архитектуралық жәдігерлермен қоса кейіннен салынған мәдени ошақтар көп кездеседі. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысындағы көне Түркістан қаласы – ең үлкен мәдени ошақтардың бірі болып саналады. Ол жерлерге тек жергілікті халық қана емес, алыс-жақын шетелдерден де арнайы келіп, зиярат етіп жатады. Олардың саны шамамен жылына миллионға дейін жетеді екен. Алайда ұйымдастырылмаған, нақты тіркелмеген туризм болғандықтан, одан түскен қаржы мемлекет есебіне кірмейді. Жалпы, мәдени туризмнің танымдық жақтары көп. Елбасының «Рухани жаңғыру» атты мақаласында еліміздегі туризмді дамыту тұжырымдамасына орай тарихи-мәдени ошақтарды қайта жаңғырту және оларды туризм индустриясына тарту керек екендігі нақты айтылады. Қазақстан басқа елдермен салыстырғанда географиялық жағынан да туризмге өте қолайлы жерде орналасқан. Қарлы мұздықтардан бастап, құмды шөлейттер мен таулы шыңдарына дейін бар. Қазақстанның жеке аймақтарында таңқалдыратын түрлі табиғи ландшафттар мен адам қолы тимеген жабайы табиғат, бай тарихи және мәдени мұрасы, белсенді демалудың таусылмайтын мүмкіндіктері бар. Ал мұндай қолайлы жағдай көп мемлекеттерде жоқ. Осының бәрі Қазақстанда ішкі туризмді дамытудың және шетелдік туристерді қабылдаудың үлкен әлеуеті бар екенін көрсетеді. Қазірдің өзінде Қазақстанда он екі Ұлттық мемлекеттік табиғи паркі мен оннан аса табиғи қорықтар бар. Дүниежүзіндегі туризмнің дамуына көз жүгіртсек, туристердің бұрынғыдай қалаларды аралап, әртүрлі архитектуралық ғимараттарды тамашалаудан жалыққан. Сондықтан біздегі табиғи қорықтарды туризмің баға жетпес бренді десек те болады. Шетелдіктер көбіне бұрын өздері көрмеген, жаңа ашылған ерлерге саяхаттауды ұнатады. Сол себепті, біз оларды бай табиғатымыз арқылы тамсандыра аламыз. Әрине, ол үшін осы бағытқа көбірек мән беріп, табиғи игіліктерімізді барынша пайдалана білуіміз қажет. Бизнес іскерлік туризмді дамытуға да еш кедергі жоқ. Бізде шағын және орта бизнес қалыптасқан. Жақында ғана «ЭКСПО – 2017», оның алдында «VII Қысқы Азия ойындары» өтті. Елімізде бұдан басқа да халықаралық деңгейдегі конференциялар, бизнес семинарлар, фестивальдар және т.б. шаралар өтіп жатыр. Осы жиындарға әр тараптан шетелдік меймандар келіп қатысады. Бұл да еліміздегі туризмді дамытудың басты көздерінің бірі саналады. Аталған тұжырымдамада осы жағынан да туризмді тиімді ұйымдастыру мәселесі қамтылған.
Туризм бағыттарымен қоса аймақтарды дамыту да көрсетілген. Ұлы Жібек Жолының бойында үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Соның бір дәлелі Батыс Қытай үлкен тас жолының бойында инфрақұрылымдық жұмыстар атқарылып жатыр. Қонақ үйлер салу, тамақтану орталықтарын жасау, авто жөндеу және т.б. қажетті жабдықтау жұмыстары жасалуда. Жібек жолы бағыты бойынша Қазақстанның бес облысын қамтиды. Шығыс Қазақстаннан бастап, Оңтүстік Қазақстанға дейін созылып жатыр. Солтүстікте орналасқан Бурабай, Қарқаралы, Баянауыл, Ерейментау, Қорғалжың және т.б. қасиетті, табиғаты тартымды жерлерге негізгі туристік ағымдарды тарту жоспарланып отыр. Шығыс Қазақстанда Түркі мәдениетінің бесігі іспетті Алтай тауы бар. Сол жақтағы Қатонқарағай, Марқакөл, Берел қорықтарын дамыту мақсатында археологиялық, табиғатты зерттеу жұмыстары жүруде. Каспий теңізінің маңындағы Кендірліні де туризм саласында өте тиімді пайдалануға болады. Ол Маңғыстау облысындағы Ақтау қаласынан үш шақырым жерде орналасқан. Ал Каспий теңізі Араб әмірліктерінен ешбір кем емес. Ол жақтың табиғатының бір ерекшелігі жылда 365 күн болса 125-130 күнінде жазғы маусымдағыдай жағажайда демалуға болады. Орталық аймағымыз Қарағанды облыснда мәдени ошақтар аз емес. Бұл жерде де туризмнің мәдени және табиғи секілді екі бағытында дамытуға болады. Қарқаралы, қасиетті Ұлытау, Бектау ата және т.б. да көрікті таулар бар. Осы негізгі үш бағыттағы туризмді бес аймақ бойынша дамыту көзделіп отыр. Бұл жобалардың іске асуы үшін мемлекет тарапынан қаржы бөлінуге тиіс.
– Жоғары халықаралық бәсекелестік дәуірінде туристік сұраныс қарқынды өзгерістерге ұшырауда. Ал біздегі кейбір туристік қызметтердің сапасы сын көтермейтіні жасырын емес. Осыған байланысты көптеген мәселелер туындайды. Бұл жөнінде не айтар едіңіз? Жалпы, ішкі және халықаралық келуші үшін анағұрлым тиімді туристік «тәжірибе» жүйесін құрудың жолы қандай?
– Дүниежүзінде экономикалық ауытқулар яғни қаржылық дағдарыстар болып жатқандықтан, өз күшімізге ғана сенуіміз керек. Дегенмен, ірі шетелдік компаниялардың кейбірі Қазақстанды қаржыландыруға дайын. Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы, Солтүстік шығыс Азиядағы Сингапур, Малайзия мемлекеттері, Қиыр Шығыстағы Жапония, Оңтүстік Кореядағылар осы туризмді дамыту тұжырымдамасы бойынша біраз жобаларға қатысуға дайын тұр.
Қазіргі туризм бойынша қабылданған заң 2001 жылы бекітілген. Ал одан бері он алты жыл уақыт өтті. Сол себепті, біраз өзгертулер жасалды. Алайда жаңа тұжырымдамаға сәйкес жаңа заң қабылдаудың да орайы бар еді. Мемлекеттік жеке серіктестікті қолдану арқылы Қазақстандағы үлкен компаниялар, жеке кәсіпкерлер мен кәсіпорындардың қаржысына осы туристік обьектілерді қалыптастыруға жұмылдыру қажет. Өйткені Мемлекет өзі барлық шығынды көтере алмайды. Әлеуметтік жобалар көп атқарылғандықтан шетелде туризм негізінен өзін-өзі ақтайтын сала болып есептеледі. Жаңа қалыптасып келе жатқан мемлекетпіз ғой, сондықтан Қазақстанда туризм әлі де болса өз тұғырына шыққан жоқ.
– Қазақстанның табиғаты бай, көрікті жерлері көп болғандықтан, туристік қызығушылық тудыратын жерлер аз емес. Соған қарамастан еліміздегі туристік кешендердің көбі назардан тыс қалуда? Бұған не себеп?
– Туризмді дамытамыз десек, сапалы жарнама жұмысын жасайтын орталықтар құру керек. Оны жүйелі түрде іске асыру үшін «Қазақстан» телеарнасын, соңғы уақытта шығып жүрген «National Geographic» журналының қазақша нұсқасын да және басқа баспасөз қызметтерін, интернет желілерін пайдалануға болады. Бұл туралы тұжырымдамада айтылған. Әйтсе де бүкіл аймақ бойынша туристік әлеуетімізді көрсетіп, барынша насихаттау жұмыстарын алдымен өзімізден бастауға тиіспіз. Себебі, сырттан келетін меймандар түгілі жергілікті халық та өздері тұратын аймақта қандай көрікті жерлер бар екенінен хабарсыз. Өзіміз танымаған жерді қалай басқаларға көрсетіп, мақтана аламыз?. Жалпы, облыс, аудан бойынша туристік зоналардың тізімін жасап, сол жерлерді насихаттайтын шағын кітапшаларды ағылшын, орыс, қазақ тілінде шығарып, балабақшаларда, мектептерде оқытылуға тиіс. Жергілікті халыққа да таратып, өз еліміздегі байлығымыздың қадіріне жетуге, соны игеруге тәрбиелеуіміз қажет. Сонымен қатар, кадр дайындау, оларды туризм саласы бойынша жұмысқа тарту жағын да ойлағанымыз жөн. Біздегі ірі оқу орындарының біразында туризм саласы бойынша мамандар даярланады. Алайда, олардың көбі басқа салада жүр. Өйткені біздің елімізде бұл мамандықтарға сұраныс жоқтың қасы. Бірен-саран кәсіпкерлер демалыс орындарын ашатын болса, өздерінің таныс-тамырын ғана жұмысқа қабылдайды. Ал оқыған жоғары дәрежелі мамандар жұмыссыз қалады. Сол себепті, осы саладағы мамандарға да мемлекет тарапынан қолдау қажет деп ойлаймын. Жаңа тұжырымдамаға қоса, барлық облыстарға өздеріне қарасты аймақтарда туризмді дамытуды міндеттеу керек. Туристік нысандарға баратын жолдарды жөндеуден өткізу, туристік нысандарды көгалдандыру, көркейту жұмыстарын қарастыру керек. Көбіне шалғайда орналасқандықтан көп жерлерге қатынау қиын. Бұл мәселелерді шешу үшін тағы да жеке кәсіпкерлер мен мемлекеттің өзара ынтымақтастықта болғаны дұрыс болар еді.
– XVIII-ХІХ ғасырлардағы атақты ғалымдар В.Жуковский, В.Даль және М.Потаниндер халқымыздың қонақжайлылығына таңдана әрі қызығып қарағанын аңғарамыз. Демек, сол қонақжайлылық мінезімізді қайта жаңғырту да туризмнің өркендеуіне өз септігін тигізуі мүмкін ғой?.. Сіз осымен келісесіз бе?
– Иә, Қазақ қонақжайлылығы мәңгілік. Ол біздің қанымызға сіңген қасиет. Өзге ұлттардан бізді ерекшелейтін де осы қонақжайлылығымыз. Тек сол дәстүрімізді қайта жаңғыртуға тиіспіз. Біз Жер көлемі бойынша дүниежүзі бойынша тоғызыншы орындамыз. Ал туризмнің даму көрсеткіші бойынша елу мемлекеттің ішіне де кіре алмаймыз. Бұл әрине өкінішті жағдай. Сондықтан ерекше салт-дәстүрімізді, бай табиғатымызды үндестіре отырып, алға қарай қадам жасасақ, болашақта алдыңғы қатардан көрінуіміз бек мүмкін.
– Еліміздегі туризм индустриясын дамытудан күтілетін алдағы нәтижелері қандай?
– Женева қаласында жыл сайын «Дүниежүзілік экономикалық форум» өтеді. Онда барлық мемлекеттер экономикаларын және әр сала бойынша көрсеткіштерін бағалайды. Соның ішінде туризм және саяхат деген индекс бар. Сол индексте Қазақстан 2016 жылы 140 мемлекеттің арасында 89-шы орынға ие болды. Бұл өте төмен көрсеткіш. Сондықтан біз алдағы уақытта жетістікке жету үшін аянбай жұмыс жасауға тиіспіз. Әрине, бұл жоба қыруар қаржыны, қажырлы еңбекті талап етеді.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Гүлім СЫДЫҚОВА
ПІКІРЛЕР1