ЭЛЕКТРОНДЫ ДАУЫС БЕРУДІҢ ТИІМДІЛІГІ
25 сәуірде ҚР ОСК жанындағы Сарапшылық кеңестің төртінші отырысы өтті. ҚР Орталық сайлау комиссиясының сайтындағы мәліметке сүйенсек, жиында сарапшылар сайлауда дауыс берудің баламалы нысандарын, кандидаттардың ел аумағында тұрақты тұру дерегін анықтау бөлігінде отырықшылық цензі, дауыс беру күні толтырылған бюллетеньді фото-бейне тіркеуге тыйым салуды енгізудің орындылығы туралы мәселелерді зерделеген.
Бұл туралы конституциялық және басқа да құқық салаларының ғалымдары, сайлау саласының сарапшылары, практиктер, ОСК жанындағы Жас сайлаушылар клубының мүшелері, мемлекеттік органдардың өкілдері жан-жақты саралап, ойларын ортаға салды.
ОСК Төрағасы Нұрлан Әбдіров кеңеске қатысушыларға ҚР ОСК жанындағы Сарапшылық кеңестің жаңа мүшелерін – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрайымы Снежанна Имашева мен Қазақстанның Азаматтық Альянсының Президенті Бану Нұрғазиеваны таныстырды.
ҚР ОСК басшысы күн тәртібінің бірінші мәселесін талқылау Қазақстан Президенті Қ.К.Тоқаевтың 2022 жылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңару және жаңғырту жолы» Жолдауында сайлау үдерісін ұйымдастырудың, сондай-ақ дауыс берудің баламалы түрлерін, оның ішінде электрондық, мерзімінен бұрын, қашықтан, көпкүндік дауыс беру тәсілдерінің үздік әлемдік тәжірибесін зерделеу аясында өтіп жатқанын атады. Мұнда ол қағаз бюллетеньдерді пайдалану арқылы қолданылатын көпкүндік және мерзімінен бұрын дауыс беруге назар аударуды ұсынды.
Аталған тақырыпта ҚР Әділет министрлігінің Заңнама және құқықтық ақпарат институтының қызметкері, заң ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының жанындағы ғылыми-консультативтік кеңестің мүшесі, 2023 жылғы «ҚР-дағы сайлау туралы» Конституциялық заңға түсініктеменің бірлескен авторы Николай Турецкий мерзімінен бұрын дауыс беру институты Австралия, Канада, Жаңа Зеландия, Норвегия, Ресей, АҚШ, Түрікменстан, Түркия, Финляндия, Швейцария және Швеция сияқты елдерде жұмыс істейтінін айтты. Олардың кейбіреулерінде дауыс беру қашықтан – пошта немесе интернет арқылы өткізіледі. Италияда, Лихтенштейнде, Норвегияда, Чехияда көпкүндік дауыс беру тұрақты негізде қолданылады. Сонымен қатар ғалым отырысқа қатысушылардың назарын ықтимал тәуекелдерге, оның ішінде, ең алдымен, дауыстарды санау рәсімінің қауіпсіздігі мен ашықтығын қамтамасыз етуге аударды.
Осы мәселе бойынша ҚР ОСК жанындағы Сарапшылық кеңестің мүшесі, профессор, заң ғылымдарының докторы Марат Қоғамов елдік және өңірлік деңгейдегі сайлауда дауыс беру үшін түрлі мерзімдерді көздей отырып, сайлау субъектісіне байланысты көпкүндік дауыс беруді жіктеу мүмкіндігі туралы пікір білдірді, сондай-ақ мұндай жаңалықтар алдын-ала сынақтан өткізуді талап ететінін нақтылады.
ҚР ОСК жанындағы Сарапшылық кеңестің мүшесі Ерлан Бұзырбаев пікірсайыс барысында көпкүндік дауыс беру нысандарын референдумдарда қолдануды ұсынды. Сонымен қатар ол отырысқа қатысушылардың назарын кері әсер ету тәуекелдеріне аударып, уақытты созу электоралды оқиға маңыздылығының төмендеуіне әкелуі мүмкін екенін баса ескертті.
Электоралдық мәдениет тақырыбы бойынша магистрлік диссертациямен шұғылданатын ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының магистранты Айсана Рақымова сайлауға, әсіресе, жастардың көптеп қатысуын жүйелеу үшін ішінара қашықтықтан электронды дауыс берумен бірге көпкүндік дауыс беруді енгізудің дұрыс қадам екенін тілге тиек етсе, саясаттану магистрі Әмірлан Нұрғазин электронды дауыс беруді пайдалану туралы шешім қабылдағанға дейін ақпараттық қауіпсіздік пен оны қорғауды күшейту тақырыбын қозғады.