Әнес Сарайдың тарихи көзқарасы
Ханкелді Әбжанов,
тарих ғылымының докторы, профессор
Жер бетінде мыңдаған халықтар өмір сүріп жатыр. Оларды нәсіліне, дініне, тіліне, даму деңгейіне қарай түрлі топтарға, сыныптарға жіктейтініміз бар. Бірақ бір де біреуін отандық тарихқа көзқарасы бойынша жіктемейтініміз түсініксіз. Түптеп келгенде, тарихына құрмет немесе немқұрайдылық сол халықтың тағдыр анықтағыш таңдауы екеніне күмән жоқ.
Айталық, үш ғасырға жуық созылған отарлау мен тоталитарлық өктемдік қазақты мың өлтірсе де, оны мың тірілткен құдіреттің бірегейі – ұлтымыздың төл тарихы, төл тарихының ұрпақтан ұрпаққа ауызша, жазбаша аманатталуы, төл тарихына қызығушылықтың бәсеңдемеуі, төл тарихын зерделеген ой иелерінің сиремегені. Сондықтан да болар,
А.Байтұрсынұлы тарихты «ұлы дерек», «айғақты әуез», сөздің ең ұлысы, ең сипаттысы қатарына қойыпты.
Демек, бар саналы ғұмырын, шығармашылық әлеуетін халқына арнаған Әнес ағаның атақ-абыройға бөлеген прозадан тарихи зерттеуге ден қоюы әсте кездейсоқтық емес. Повестерінде, әңгімелерінде, романдарында, кеңестік жылдары жазылған еңбектерінде ұлттық ұстаным мен мүддені эвфемистік тіл-тәсілмен жеткізген ізденімпаз жан тәуелсіздік тұсында еркін көсіліп, тарихи тақырыпқа бес кітап жазды. Бұлардың әрқайсысына тоқталып жатуды кейінгі күннің еншісіне қалдырып, сөзімізді «Ноғайлы» зерттеуіндегі пайым-тұжырымдар мен таным төңірегінде түзгенді жөн санадық.
Әнес Сарай тарихқа әдебиет арқылы келгенін айттық. Осынау әлеуметтік-кәсіби эволюция тарихи зерттеулерінде тайға таңба басқандай менмұндалап тұр. Мәселенің мәнісі мынада: кәсіби тарихшылардың тілі көбінесе қасаң, оқуға қиын яки жойдасыз күрделі келеді. Ә.Марғұлан, Х.Арғынбаев, М.Қозыбаев, К.Нұрпейіс тәрізді жатық та жарқын жазатындары сирек. Олқылықтың орнын Әнес ағаның қаламынан туған зерттеулер толтыруда десек еш қателеспейміз. Тарих үдерісін, ондағы тұлғалардың, бұқараның миссиясын ашуы бай да әсерлі әдеби тілмен жүзеге асырылған. Толғауы тоқсан қызыл тілге ерік берген. Ал соған елтіген оқырман автордың жетегінде кетуі мүмкін екенін ескерсе керек, Әнес Сарай ақиқаттың соңғы нүктесін қоюға тырыспайтынын ауық-ауық еске салып отырады. «Менікі – бұлдыр тұман көмкеріп, сағым шайған өлкеге із салу, олқы-кемін кейінгі ұрпақ толықтыра жатар деген үміт», — дейді ол кітаптың «Сөз басында». Кітаптың ортасынан аса бере: «Төбеден тас құлатқандай үлкен жаңалық ашуымыз неғайбыл. Кейбір пайымдауларымызда құжаттылық негіз солқылдақ болғандықтан
үстірттік орын алуы да мүмкін», – дейтіні және бар.
Бүгінгі мерейтой иесінің тарихи көзқарасына тән келесі бір ерекшелік – зерттеу тақырыбының хронологиялық шеңберін мейлінше кең пішуі. Мәселен, Ноғайлы мен Ноғай ордасының тарихын талдағанда XIV-XVII ғасырлармен шектелмейді. Б.д.д. III-II мыңжылдықтарға бойлап кете барады. Әрине, бұл әрқашан өзін ақтай беретін әдіс емес. Тақырыптан ауытқып кетуге ұрындыратын қаупі бар. Бұған айғақ-дәлел ретінде «Ноғайлыдағы» жетінші тарау «Кіші Азия көшпелілері және Гомер» талқылауын айтар едік. Мұнда Ұлы даладан алыста орналасқан Хат, Хет патшалықтары, «Иллиада» мен «Алпамыс» жырларының композициялық ұқсастықтары мен дереккөздік қасиеттері сөз болған, Ноғайлы ауызға алынбайды. Ол мүмкін де емес еді.
Тарихты зерттеу оқиғалар тізбегін түгендеу емес. А.Байтұрсынұлы «Тарихшылардың мақсаты – уақиғаның уақытын ғана көрсету, яки не түрде болған тысқы сиқын ғана көрсету емес, ол уақиғаның болуына қандай нәрселер, нендей уақиғалар себеп болғанын көрсетіп, ішкі мәнісімен де таныстыру» депті.
Әнес Сарай үшін тарихтың «ішкі мәнісімен таныстыру» адам факторын дәйектеумен шешіледі. Бұл ұстанымын жасырмайды да. «Хандардың тарихын моншақтап тізіп, біздің хан, сіздің хан деп таласып, босқа қиқылдасып жатқанымыз да жоқ емес… Қазақ тарихы ана хан, мына ханның қайраткерлік іс-әрекет, өмірбаянында емес, солар жетекшілік еткен тайпалардың тарихында жатыр» — дейді қаламгер.
Осынау теориялық-методологиялық ұстаным «Ноғайлы» зерттеуінің құрылымын анықтаған екен. Мұндағы жеті тараудың бесеуі тұлғалар мен тайпаларға, яғни тарих субъектісіне арналған, 30 баспа табақ көлемнің 90 пайызы адам факторын алға тартқан. Есесіне ноғайлының тегі, жері мен елі, басқару жүйесі, кәсібі, тұрмысы, ләшкері, қалалары, рухани өмірі қысқа да нұсқа баяндалып отырады.
Әнес ағамыздың тарихи көзқарасында халықшылдық, тұлғатанулық басымдыққа ие болғанмен мемлекеттілікті ұлықтауы көзге түсе бермейді. Заң, билік, мемлекеттік мүдде мен қауіпсіздік, тарихи өркендеу, бәсекеге қабілеттілік мәселелерін зерделегеннен гөрі билеушілер мен батырлардың, жыраулар мен ойшылдардың тағдыр-тәлейін, қақтығыстарын, жорықтарын, мұрасын таразылағанды, салдары мен нәтижесін, тапқаны мен жоғалтқандарын ашқанды құп көреді. Ноғай ордасының ақырын анықтаған да осы субъективті себептер деп пайымдайды. «Миларына өшпендіктің қарабас құрты еніп алған Ноғайлының билеуші тобы бір-бірін өлтіруден жалықпады… Баспалап еніп, ата қоныстарын меншіктеп жатқан қалмаққа мойын бұрып қарауға мұршалары болмады… Қырым бетке түгелдей түріліп тасталды… Ноғайлының саяси билігі біржола жойылды», – дейді автор.
Сөйте тұра ол тарихтан, соның ішінде қуанышынан қасіреті көп Ноғайлы тарихынан да адамгершілік, ізгілік, жасампаздық құндылықтарын тауып, қағазға түсіріп, солар арқылы оқырманын жақсылыққа, оптимизмге, гуманизмге, отансүйгіштікке жетелегісі келеді.
Әнес Сарайдың тарихи көзқарасын өзіне ғана тән тұжырымдары, интеллектуалдық әлемі, баяндау қисыны, өмір тәжірибесі айшықтады. Ол – жалқы, бірақ жалғыз емес. Жалғыз болмайтыны – Ноғайлыны зерттеген ғалымдардың иығында, солар ғылыми айналымға қосқан, өзі де тапқан деректердің үстінде тұр. Демек, алысты көруге мүмкіндігі бар. Ең бастысы – туған халқын қалай сүйсе, Ноғайлыны да солай сүйеді. «Кеше, бүгін боп өткен жағдай болса, бұл оқиғаны жаза алмас едім. Қолым қалтырап, қалам тербеуге дәтім де бармас еді. Арада 350 жылдай уақыт өтіп, ол күндердің ыстық-суығы басылған соң ғана салқын ақылмен өзіме тоқтау айтып отырғандаймын», – деген жолдарды жазу ағамызға жеңіл тимегенін ешкім терістей алмас.
«Не жазып кетсе – жайы сол», – деген екен ұлы Абай. Әнес ағамыз бір сұхбатында былай деген екен: «…Менің жазғандарым туралы әзірше теріс пікір бола қойған жоқ. Бола қалғанның өзінде одан үрке шошынудың қажеті шамалы. Әйтеуір, «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп, беталды топырақ шашу болмай, дәлелді, салауатты сын өрбісе, ондай пікірталастың пайдасы болмаса, зияны болмайды».
Тоқсан сөздің тобықтай түйіні – тарихшылар қауымы сізге сенеді, жаңа еңбектеріңізді асыға күтуде.