«ТОСҚАУЫЛ» ДИЛОГИЯСЫ ТУРАЛЫ
Қалтай МҰХАМЕДЖАНОВ,
Қазақстанның Халық жазушысы
Бұдан бұрынғы повесть-әңгімелерімен «оқушы назарын өзіне аударды» деген баға-байламның меже-мерзімінен әлдеқашан өткен талантты топтың қатарынан орын алған жас жазушының бірі – Әнес Сараев. Ол әдебиет ахуалының үрдіс-үлгісі, бүгінгі сапа-салмағын, бағдар-бағытын тереңірек сезінсе керек, оған біз оқып шыққан «Тосқауыл» дилогиясы дәлел.
Дилогия арқауы – кешегі Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ел өмірі. Ел өмірі болғанда аты қазаққа кеңінен таныс қыр тұрмысы емес, өзіндік ерекшелік, өзіндік мұң-мұқтаж, қуаныш-күлкісі бар, тіпті мал бағып, егін еккен жұртқа тосын, бейтаныс жайлар көп – Атырау теңізшілерінің өмірі, халық тағдыры, қиын сынға түскен қиянат соғыстың төрт жылының ірілі-уақты қасірет-қайғысы, азап ауыртпашылығы, қиын-қыстау күндері талай кітапқа арқау болғанмен әлі айтылар сыры мол кең дүние. Бұл тақырып жалғыз біздің ұрпақ емес келешектің де қайырыла соғар кезеңі. Бұндайға 1812 жылғы бірінші Отан соғысынан он алты жыл кейін туған Л.Толстойдың «Соғыс және бейбітшілігі» мың дәлелдің бірі.
Біз оқыған «Тосқауылда» жазушы оқиға желісін жақсы ұйқастыра білген екен. Дилогияның мезгіл жағынан етек-жеңі жинақы, өзекті бір арқауға құрылған. Роман соғыс басталып, азаматтар әскерге алынғаннан кейінгі ауыл тұрмысының бір көрінісімен басталады да, Сталинград түбіндегі жеңіс күндерімен аяқталады. Жыл жарым мезгіл ішіне автор қан майданның бөлінбес бір бөлігі тіпті жеңістің күре тамыр аш өзегі болған – тыл тіршілігі жайлы өзінің айтпақ ойының мұрат-мүддесін сыйғыза білген.
Соғысты кезең-кезеңге бөлер болсақ, Сталинград шайқасына дейінгі мерзім бір бөлек. Бұл Қызыл Армияның төтенше тиген мықты жаудың алғашқы тегеурініне төтеп бере алмай, күн сайын бір қаланы қалдырып, кері шегінген елдің «апыр-ай, қалай боп кетер екенбіз» деп абыржыған жылдары. Автор өз шығармасын осы бір шытырман драмалық күй, психологиялық қиын кезеңге құрған. Осы жағдайдың өзі характерлер қақтығысына, образдардың дамуына құнарлы топырақ, яғни, көркем шығарманың жасалуына қолайлы ситуация. Романның бас кейіпкері Абзалдың «осы бір азын-аулақ жылдар ішінде жақсының жамандығын, ердің ездігін, момынның асаулығын, қорқақтың батырлығын көрдім» деуінің тамыры осында жатыр. Демек, автор тыл өмірін жалпы алмау, ұрымтал тұсын, күрделі шығармаға жұлынды жота болар тұсын ұтымды таңдай білген.
Дилогияның мақсаты не? Автор не айтпақ? Бұл сауалға шығарма аты нақты жауап беріп тұр. «Тосқауыл» суды бөгеп, егін егу үшін салынып жатқан тосқауыл бөгет ғана емес, ұлы дауылдың адуын күшіне тосқауыл болған ел рухы, халық кегі. Жауды жеңген жалғыз ғана қызыл әскер емес, бүкіл халық. «Болу, болмау» тағдыры майданда ғана емес, тылда да шешілді. Міне, автор тылдағы адамдардың, қатын-қалаш, кәрі-құртаң, бала-шағалардың жан кешерлік еңбегі, табандылығы, көмбістігі, отанға деген шексіз адалдығын көрсетуі арқылы бұл соғыста совет халқы не себепті жеңіске жетті деген сұраққа майдан мен тылдағыларды тілек-мұратының, бірлік-ынтымағы деп жауап қайтарады.
Романда кең тынысты, ауқымды шығармаға тән көп салалы қасиет бар. Шартты түрде негізгі үш саланы айтуға болады. Бірінші – майданға аттанған азаматтардың орнын қатын-қалаш, шал-кемпірлер басуға мәжбүр болуына байланысты туған қиыншылық. Соғыстың алғашқы жылдарында тыл өміріндегі басты проблема осы болғаны даусыз. Екінші – Мұқтасын – Бөбек тағдыры, үшінші – Дауыл трагедиясы. Осы үш сала бір-бірімен жарыса дамып, шығарма аясында шешімдерін табады.
Бірінші кітаптан – біз бас ие табылмай жар астында қаңтарулы тұрған он шақты кемені, соларды теңізге аттандыру қамымен басы қатып отырған басқарманы, теңіз кәсібіне шыққан әйелдердің бастан кешкен қиыншылықтарын, бөгет салу науқанын, ақыры қаншама бейнетпен тұрғызылған бөгетті ішкі жаудың бұзып ел еңбегін зая ететінін көреміз.
Роман оқиғасы теңіз бен теңіз жағалауындағы Қаратас ауылында өтеді. Ауыл тірлігі ерекшелеу. Сталинград түбінде болып жатқан қиян-кескі, шайқастың, бомбаланған Астраханның, таяп келген майдан шебінің сыз-сарыны сезіледі. Ауылдың екі басы окоп, төбе бауырында блиндаж бар. Учаскелік милиция ара-тұра әйелдерге әскери ойын үйретіп сапқа тұрғызып, «солай боп кетсе» деген қауіпті күннің қамын да естен шығармайды. Әйелдерді майдан шебіне окоп қазу жұмысына алады. Мұның бәрі майданнан шалғай жатқан қазақтың көп өлкелері үшін тылда тосын жай. Ал, Сталинград майданы түбінде Еділдің бергі жағалауынан басталатын қазақ жері соғыс плацдармы болғаны ақиқат. Шығарманың ұзын бойында Қаратас соғыс түтінімен тыныстап, дүбірімен елеңдеп отырады. Күнделікті жайшылық өмірдің өзінде алапат шайқас жүріп жатқаны бір сәт естен шықпайды. Мұны романның сырт фоны десе де болғандай.
Дилогияда қырыққа жуық адам аты аталады. Олардың біразы эпизодтық кейіпкерлер де, енді бір бөлігі романның жетекші қаһармандары. Қазіргі сын-мақалаларда «басты кейіпкер», «орталық кейіпкер» деген терминдер пайда болды. Бірсыпыра сыншылар шығармада негізгі идеялық көркемдік жүкті арқалайтын «басты кейіпкер» болуы шарт десе, екіншілері «орталық кейіпкер» яғни, бірнеше басты кейіпкер болмаса бір-бірінен олқы емес бірнеше кейіпкер болуды ықтимал дегенге қарай бұрады. Бұл пікір таласының таразысының қай басын қасиетті деп ұстауды профессионал сыншылардың сыбағасына қоя тұрарлық. Өзімізше бақсақ Сараев романына осы «орталық кейіпкер» тұрғысынан келуге болады. Оларды санап айтсақ Абзал, Ақкемпір, Баршын, Мұхтасын, Бөбек, Дауыл, Абыралы.
Басқарма Абзал – сәтті шыққан бейнелердің бірі. Тылға арналған күрделі шығармалар есімде жоқ, ал біраз повесть, әңгімелер баршылық. Солардың көпшілігіне тән ортақ сарын қара қағаз алып көз жасын бұлаған ата-ана, қыз-келіншектерге қырындаған сақа басқарма, нәпсі жетегіндегі есірген келіншектер. Осы рәуіштес оқиғалар тыл өмірі жайлы шығармалардың қаңқа-қалыбына айналған-ды. Ал, Әнес романынан біз автордың осы бір күйден бойын барынша аулақ салғанын, жүрінді ізден безіне өз соқпағын табуға бет алғанын байқадық. Кей сәттері сол көз үйреніп, құлақ қаныққан жауға қарама-қарсы іс-әрекетті көрдік. Романның ұзына бойында қара қағаз естірту рәсімі бірде-бір рет кездеспейді. Басқарма да бұрынғы басқармалар сияқты емес. Абзал қиын-қыстау заманда елге қорған болған нағыз ауыл ағасы. Мінезі жұмсақ, ізгі жүректі басқарма халықтың зарыққанда да, торыққан да ығынан пана табатын адамы. Соғыс жылдары қанша ауыр болса да ел іргесі сөгілген жоқ, жұрт ынтымақ бірліктен айырылмады. Ал ел басын құраған негізінен осындай ізгі адамдар. Сол бір ауыр жылдары әр ауылдың осындай Абзалы болғаны анық.
Дауылдың тағдыры шытырман, қызық образ. Ел арасына сыймай жол таба алмай жүрген бір бейбақ. Тегі адал, жаны жақсы жан. Адасуы да адал. Аңқаулығынан колхоздастыру кезінде Мұхтасын жетегіне ерсем деп оңай сүрініп тұралап қалған. Содан бойын жаза алмай жүр. Түптеп келгенде кінәсы жоқ – күнәкар. Отызыншы жылғы дүрбелең кезінде басқарманы өлтірген Мұхтасын айласын асырып құтылып кетеді де, бар қарғыс, қылмыс Дауылдың мойнында қалады. Үйіріне қайтып қосылар бар жолы кесілген Дауыл ақыры Абыралы бандасына қосылуға мәжбүр болады. Бірақ жан жүрегі адал адам адаса келіп енді жаңа жолын таңдай бергенде қаза табады.
Мұхтасын, Абыралы өлімі де заңды. Мұхтасын ажалдан қашып жүріп жер құшса, Абыралы өз басын өзі өлімге тігеді. Қазір қазақ әдебиетінде кейбір шығармалардағы өлімге үрке қарау, оны шығарманың міні деп санау пікірі бар. Бұл шығарма болмысын түсінбегендіктен туған ұшқары ой. Революция не Отан соғысы жайлы шығарма жаза отырып өлімнен қашар болсаң шындықтан шалғай кеткендік болмай ма? Қай күрес, қай жеңіс қаза-қасіретсіз келіп еді. Сондықтан өмір мен өлім, жеңілу мен жеңіс сияқты бір-бірімен бітіспес ұғым таразы басына түсіп жатқанда бұл мәселеге тек шындық көзімен қарағанға не жетсін.
Бөбек те өзіне күрделі бейне. Жеңіл етек, суық жүрісті әйел – мына бір қиыншылық кезеңде мүлде құлдырауы керек-ті. Өмір логикасы осы бағытқа көбірек бүйрек бұрар еді. Бірақ, өмірде логикаға сыймайтын нәрселер де аз болмайды екен. Ел басына түскен ауыртпалық Бөбекті ширықтырып біраз тәлкекке ұрындырғанымен, дұрыс соқпаққа бейімдейді. Мұны характерден туған қайшылық десек те болар еді. Өмірден көп таяқ жеген, оңбай адасқан Бөбек басқа жерде сол адасқан бетімен өтер еді, ал адамның ащы терін, адал болмысын талап еткен ауыртпалық – оған бір кезде өзі жоғалтқан әділет соқпағын қайта табуға жәрдемдеседі. Бұл образдың өмірлік өзегінің мықтылығы осында жатса керек.
Ал Ақкемпір шығыс әдебиетінде баяғыдан бар тұрақты бейне. Автор бұған әдейі барды ма, әлде білмей барды ма деген сұрау қоюдан гөрі, тап осы шығарма, осы ситуацияның тұсында дәл барды демекпіз. Керек десеңіз ауылдың бір ұйтқысы Абзалдың әрі тілеуқор, әрі тірегіндей көрінеді. Романында бұлардан басқа Жәпен, Тілеуліш, Аңқылдақ, Айғай бейнелері бар. Олар шығармаға әзіл-юморлық бояу беретін халықтық қасиеттерімен өріліп сіңісіп жатады. Ал автордың табиғат құбылысын, теңіз стихиясын баяндаулары жанды суреттерді көзіңе елестетеді. Осыған орай тіл жомарттығы да сүйсіндіреді.
Орайлы сөз
Нығмет Ғабдуллин, әдебиет зерттеушісі:
– Әнес Сараевтың «Бозқырау» повесінде өзінің өмірдегі орнына жауапсыз қараған жас жігіттің көп шырғалаңға ұшырағаны сипатталады. Білімінің шалалығынан жоғарғы оқу орнына түсе алмаған Баймырза, ауылға қайтып баруды ұят көріп, орайы келген бір жұмысқа кіріп кетеді. Дені сау жігіт жұрт қатарлы жұмыс істейді, әп-әдемі ақша табады. Жұмысына ертемен барады, тиісті тапсырмасын орындайды, кешке қайтады. Тамағын мезгілінде ішіп, уақытымен тұрып, уақытымен ұйықтайды. Бірақ, көңілі бір серпілмейді. Өзі де қуанбайды, өзгені де қуанта алмайды. Себебі: мына жұмысы оны қызықтырмайды, шаттандырмайды. Құштарлығы жоқ, тек амалсыздан жүр.
Өмірдің қыры да, сыры да көп. Қаһарманның ішкі күйінің алуан ағысын сол жайлардан туындатып, жан-жақты терең суреттеу арқылы, жазушы белгілі бір адамгершілік норманы уағыздамақ. Біздің прозаиктеріміз адамның биік рухани сапаларын бейнелеуді өздеріне ең басты парыз тұтатындығына ешкім шәк келтірмесе керек. Қазіргі қазақ прозасында моральдық-эстетикалық тақырыптың ерекше орын алып отырғанын байқаймыз. Соңғы жылдардағы шығармаларда адамның жан-дүние қасиетін танытатын этикалық категорияларға терең бойлау бар. Мұның өзі, біріншіден, советтік көркемөнерде этикалық қалыптар мен эстетикалық күйлердің біте қайнасып кеткендігіне айғақ болса, екіншіден, қазіргі прозамыздың жаңа сапасын, яғни, адам өмірінің келелі мәселелерін жаңаша пайымдаудағы жақсы беталысын танытады.