АДАМ САУДАСЫНА ТОСҚАУЫЛ БОЛЫҢЫЗ
03.04.2023
251
0

Елімізде 2012 жылғы Адам саудасына қарсы күрес туралы заңнамаға өзгеріс енгеннен кейін біраз мәселенің тарқауы шешіле бастаған ұқсайды. Заңнаманың солқылдақтығынан көп кедергілер болғаны рас. Елімізде алғаш рет Адам саудасына қарсы күрес туралы заң жобасы әзірленуде. Нақты айтсақ, 2023 жылдың сәуір айында заң жобасы Мәжілістің талқылауына ұсынылмақ.

Заң Мәжіліс депутат­тарының қолдауын алып, іске кіріссе ғана аталған заңның шарапатын көретін боламыз. Адам саудасын анықтау мен жазалауда біршама мүмкіндіктер болады деген үміт бар.
Адам саудасы бүкіл дүниежүзін толғандырып отырған күрделі проблемаға айналған, күрмеуі қиын мәселе боп тұр. Өйткені арзан жұмыс күшін пайдаланғысы келетін елдер де, оны бизнеске айналдырып, адамның күшін арзан, мардымсыз ақшаға саудалап жүрген делдалдар шоғыры да көп.
Адамды саудалаудың түр-түрі бар. Атап айтар болсақ, елімізде жезөкшелік пен жеңгетайлық бизнесі алдыңғы қатарға жайғасыпты. Жеңіл жолмен ақша табуды мақсат тұтқан қыз-келіншектер жеңгетайлармен байланысып, ақша табудың жеңіл жолын таңдап алған. Сондықтан мұндай қылмысты ашу кезінде заңның солқылдақ жерлерін қайта пысықтауға тура келеді. Заң қатал, нақты болса, ондай заңсыз әрекет­тер де тезге салынып, ізі кесіліп, жаза тағайындау­ға көп көмегі тиер деген сенім бар.
Бір жылдары біздің елден заңсыз бала сату фактілерінің көбейгенін естіп, жағамызды ұстаған едік. Нәрестелерді түрлі жолдармен шетел асырып саудалаған жағдайлар айтылып, жазылды. Қазір олардың да жолы кесіліп, нақты фактілер азайып келеді.
Мысалы, былтыр Ішкі істер министрлігінің интерпол қызметкерлері оңтүстіккореялық әріптестерімен бірлесіп, кәмелетке толмағандарды саудалап үйренген, жалған құжат жасауды кәсіп қылған 39 жастағы Шымкент қаласының тұрғынын ұстаған.
Адам өзінің еңбек құрбаны болып жүрген жайын көп жерде ұғына да бермейтін көрінеді. Ол азамат­тардың өз құқықтарын жете білмеуінен туындайды. Оның үстіне құжат мәселесіне де өте сақ болу керек. Танып білмеген адамға сеніп, құжат­тарыңызды бере салуға асықпау ләзім.
Құжаты жоқ адамды зорлықпен ұстап, ақысыз еңбекке жегетіндер бар. Көп жағдайда ондай тегін қызмет­ті мал баққызу мен құрылысқа пайдаланғысы келетіндер басым. Ондай фактілер өте көп.
Алдыңғы жылдардағы деректерге зер салсақ, 2020 жылы мұндай жағдайлар Қарағанды облысының Қарқаралы ауданы, Балқаш, Шу өңірлерінде, Түркістан облысында жиі тіркелген екен. Яғни, құжат­тарын тартып алып, елсіз, айдалада құлдыққа салған, уақтылы тамақ бермей, ауырған жағдайда дәрігерге де көрсетпей, қашып құтылғысы келгендерді қайта ұстап алса, сабап, жәбір көрсеткен арам пиғылды адамдар арамызда бар. Осындай жағдайларды естіп қалсаңыз, бірден полицияға хабарласып, жолын кесуге дайын болған абзал. Немқұрайды қарамай, қасынан өтіп кете бермей, жанашырлық таныту керек. Сонда ғана өркениетке, мәдениет­ті қоғамға айналамыз.

Ж. АХАТ 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір