Әнестің тарихи ізденістері
17.11.2017
1616
0

Марал ЫСҚАҚБАЙ,
Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет орденінің
иегері»


Әнес – даурықпасы жоқ, ұстамды азамат. Бәз біреулерше білімділігін танытқысы келіп, есіп сөйлеп отырған кезін көрмеппін. Тіпті, жазушы ретінде таза әдебиет төңірегіндегі әңгімеге де көп кірісе бермейтін. Тарих жөнінде желпілдей сөйлегенін әсте естімеппін. Сөйтсем, іші толы қазына екен. Тұнық та кең айдыны момақан кейіпте баяу жылжығанымен, астында буырқанған жойқын ағыс жүріп жататын алып өзендерше бұл әріптесім жылдар бойы еш даурықпай-ақ тынымсыз еңбектене беріпті.

Жылдар бойы дейтін себебім, ұмыт­­­пасам – сонау 80-жылдары ол ма­­ған телефон шалып: «Әй, Мәке, сен осы Қасқарау ма едің?», – деп сұ­­рады. «Иә»,– дедім мен. «Мен сенің алыс­­тағы туыстарыңды тауып отыр­мын», – деді ол. «Қайда жүр екен олар?», – деймін ғой оны жай әң­гі­ме­нің біріне балап. «Минусинскіде. Сон­­дағы татарлардың бір руы – сенің Қас­­қарауларың», – деді ол. «Сен ол мә­­ліметті қайдан алып отырсың?», – де­ген сауалыма: – «Советская тюрко­ло­­гия жұрналынан», – деп жауап бер­­ді. Қай жылғы жұрнал деп сұра­мап­­пын. Әнестің ізденістерінің бас­тауы қай жылдарда жатқанын осы оқи­ғаны есіме түсіріп шамалаймын. Сон­­да оның қаламынан соңғы кез­де­рі туған тарихи зерттеулері: «Кө­не­лік­тер», «Ноғайлы» және «Көктүрік­тер хандығына» пайдаланылған ма­­­­те­риалдар ең кемі отыз жылдан ас­­там бұрын жинақтала бастаған дү­ние­лер болып шығады.
Әнесті жалпы жұртшылық жазушы есебінде біледі. Бірақ тарихи та­қы­­рыпқа арнаған туындысы жоқ. Оның ХХ ғасырдың басындағы ау­ма­­лы-төкпелі заманды суреттейтін «Еділ-Жайық» романынан тарихи ке­зеңдегі мәні бар оқиғалардың ор­тақ сыпатын көргенімізбен, оны тарихи туынды деп қабылдамағанымыз бел­­гілі. Өйткені онда кейіпкер ре­тін­де нақты тарихи танымал тұлға алын­­баған-ды. Дегенмен, жазушы­ның аласапыран оқиғалар желісіне та­­рихи көзқараспен үңілетіні мен мұн­­далап тұрған. Оның мәнісі қайда жат­қанын мен осынау тарихи зерт­теулерін оқығаннан кейін байыптадым. Топырақ қатпарынан көне мү­лік­­тер сынықтарын асылдың сы­­­­­ны­ғынша аршып отыратын археологтарша әр түрлі ескі кітәптерде, жаз­ба мұраларда, аңыздар мен жырларда жылт етіп көрініп қалатын кездейсоқ деректердің өзін тәптіштей жинақтап, «құмдай ұсақ» тарихи мә­лі­меттерді жалықпай тізіп, жүйелей са­­раптауға көшкен зерттеушілік мі­нез жазушының стиліне, көзқара­сына әсер етпеуі мүмкін емесі аян еді.
Бір жақсысы, ол соншама мол ол­­­­жасын беллестрикаға айналдырса, әр тапқан шағын дерегінен далиған бір-бір әдеби туынды туатынын, егер оған кірісіп кетсе, малтығып шетіне шыға алмасын ерте аңғарды ма, жоқ, әуелгі қызығушылығы зерттеушінің құнығушылығына айналып, әдеби шығармаға алаңдаса, жаңа тапқан со­рабынан көз жазып қалардай кө­рін­ді ме, әйтеуір, біздің талантты про­­­­зашымыз жазушылық тізгінін те­жеп, алдына тарихшыға тән өзге мақ­сат қойған болып шықты.
Әнесті «тарихшы» деп дәріптесем, қай­­сыбір кәсіби тарихшы бауыр­ла­рым­­ның шамына тиіп аларымды бі­­лем. Ол – жан-жақты білімдәр, шын мәніндегі үлкен суреткер тұлға. Әйт­се де, тарих – оның ермегі (хоб­биі) емес. Әрқайсысы 30 баспа та­бақ­қа таяу тамаша үш кітәп жай бір ер­мек­­тен тумайды. Үлкен мұраттың, көз­­дің майын жеп, қолдың ұшын сүйел­­дейтін ауыр еңбектің жемісі – ол. Мазмұны мұқият ойластырылған ғылыми монографияның сыпатын та­­нытатындай «Көнеліктердің» та­қы­рыптық аясына ғана үңілейікші. Әң­гімені Адам Атаның жаратылуынан бастап, бұл жөнінде «Таурат», «Ін­жіл», «Құран» секілді қасиетті мұ­ра­ларда нендей сырлар барына ға­лымға тән мінезбен тәптіштей тоқ­тала келе, олардың өзара үйлесетін, қай­шыласатын тұстарын ашуға мән бе­реді. Одан кейін біртіндеп жұмыр Жер­дің 1,5-2 миллион жылдық жаралу тарихынан сөз қозғап, көне тас дәуі­рі, топан су тасқыны тәрізді қа­лып­тасқан ғылыми көзқарастарды қо­парады. Одан ары тарихи са­бақ­тас­­тықты жалғастыра, «Тұран жұрты», «Арий­лер дәуірі», сақтар, скифтер, қас тайпалары, шумерлер сияқты та­­­қы­рыптарды сөйлетеді. Ұлан-ғайыр та­­­нымдық дүниелер! Оқырманға ғы­лы­ми мағлұматтарды ғана емес, өзі­нің білім деңгейін, қарым ауқымын да жақсы танытқан. Бұның бәрі тама­ша, әрине. Ал біз үшін ең маңыздысы – қазақ тарихына қатысты зерт­теу­лері. Соның бірі – «Қазақ атауының ізі­мен» деп аталатын мақаласы. «Қа­зақ» атауы мен қазақ халқының шығуына байланысты айтылған пі­кір­лер мен мағлұматтар жөнінде әр­қай­сысымыз-ақ естіп, оқып жүрміз. Сон­дықтан «бәрі де белгілі жәйттер емес пе» деп мұрын шүйіретіндер та­былар. Мен ондайларға: «Мұрын шүйіру әркімнің қолынан келеді, мықты болсаң, осы Әнестің істегенін істе!» дер едім. Ол ғылыми мұраларда ша­шылып жатқан орасан мол мәлі­мет­ті жиып-теріп ұсынған, соған орай өз көзқарастарын ортаға салған. Аталмыш мақалада қамтылмаған деректердің әлі де біраз табылатыны бел­­гілі, әйтсе де, осында қам­тыл­ға­ны­ның өзі аз дүние емес. Мәселен, осы мақаланы жазу барысында ақ­тар­ған дүниелерін қоя тұрып, есімі атал­ған ғалымдар мен авторларды ес­ке алып көрейікші: Ш.Уәлиханов, А.Левшин, И.Березин, Румянцев, Абыл­ғазы, О.Сенковский, А.Вамбери, Руз­бихан, М.Дулати, Ш.Иазди, С.Иб­рагимов, Бичурин, Владимиров, Пельо, Рамстатд, Ә.Марғұлан, Нес­тор, Богрянаародный, В.Минорский, Масуди, З.Буниятов, Епифани, И.Гербер, И.Гилденштидт, Реннегс, Бро­невский, Монпаре, Трубецкой, Клапрот, Бернштам, әл-Куфи, Бируни, П.Фалев, Вамбири, Куртейль, Гомбос, П.Бутков, Карамзин, Г.Бла­гова, Радлов… Тере бермейін, осы да жетер, 40 адамның атын атаппын! Ал автор 37 еңбекке 74 сілтеме берген. Сон­да тек «қазақ» атауына қатысты бел­гілі деректер сақталған дүниенің ау­қымын жалпылай шамалап көріңіз. Осынша мәліметтерді жас оқырманға жи­нақтап ұстату – аз еңбек пе?!
Осы мәселеге қатысты қарас­ты­рыл­ған еңбектердегі мәліметтерді жи­нақтай айтсақ, олар – «Қазақ» сө­зінің мағынасы нені білдіреді, бұл атау­дың шығуына қандай жәйттер се­беп болған, қай заманғы қандай ең­бектерде көрініс тапқан дегенге сая­ды. Олардың «мынауы дұрыс, мы­науы қата» дегенді Әнес айтпаған, біз де айтпалық. Әркімнің өз көңілі та­ра­­зы болсын. Анықтай түскісі келе­тін, біле түскісі келетін кісіге автор­лық сілтемелер арқылы әр тарап жол нұс­қалып отыр. Ол деректердің ішін­де қандай-қандай пікірлер ұшы­р­а­сатынын теріп көрсетуді жөн көрме­дім. Қажетсінген кісі өзі тауып оқыр.
Әнес бұдан кейінгі тарауларда қа­зақ халқының негізін құраған бір­не­ше үлкен тайпаларға арналған ма­қалаларға орын берген. Ол зерт­теулерді бастап тұрған Адайлар туралы мақаладағы мол мағлұматтардың ғылыми құндылығын айырықша атап өту керек. Өзі Адай ұрпағы бол­ғ­асын (орынсыз айтсам, ғафу өтінем), Әнес ата-бабасының түп-төркініне, бар­ша ұзын тарихына үлкен қы­зығу­шылықпен үңілген. Ғылым әлемінде бар, бірақ әрқайсымыздың қолымыз­ға түсе бермейтін, түсе қалған күннің өзінде жүйелі мән беріле бермейтін қан­шама көне деректер жүр бұл ең­бекте. Осынау 46 беттік үлкен зерт­теу­де Әнес б.д.д. 1600 жылдар ша­ма­сы­нан бастап атауы хатқа түскен арий, ади, яда т.б. секілді тайпалар мен тайпалық одақтардың, олардан шық­қан көсемдер, патшалар, «құдай» дә­ре­жесіне көтерілген пірлер жөнін­дегі «Регведа», «Махабхарата», «Рамаяна», «Таурат» сияқты кітәптерде ай­тылған өте көне мәліметтердің ба­сын құрап, ерінбей-жалықпай бір жүйеге түсіруге тырысқан. Сонда әңгіменің бір ұшы еврей және Бабыл қауымы тарихында қылаң берсе, бір ұшы бертініректегі араб тарихшылары еңбектерінде бой көрсетеді. Ол ға­на емес, киелі Құранда пұтқа табынушы ад тайпасына арналған сүре­лер­дің осы сөз болып отырған адтарға қатысты екенінен хабардар боламыз. Араб жұртында жойылып кетті деп есеп­телген ад тайпасының жұрнағы ақыры түрік қауымының арасында – Түрік қағандығы мен Тоғыз-оғыз қа­ғындығындағы тартыстарда, кейі­ні­рек қазақ хандығы құрамында адай деген атпен тарих сахнасына шығады. Зерттеуде келтірілген деректердің көнелігі өз алдына, олар алынған бұ­лақ­тардың сыпаты мен автор із­деністерінің бағыты да еріксіз риза ете­ді. Әрине, Әнес ұсынған деректер мен қорытынды пікірдің тарихи шын­дығы мен сабақтастығына баға беру­ге менің шамам жетпейді. Ал маңыз­­дылығы, сонылығы – даусыз. Әнес бұл жерде өзін еңбекқор зерт­теуші ғана емес, батыл пікір ұсына бі­ле­тін зерделеуші ретінде де көрсет­кен. Ол ұсынған ойлар, жасаған сіл­темелер болашақ зерттеушілердің ұзақ ізденістеріне «мұрындық» боларына сенем. Әнес кітәптерін оқу үс­тінде көзім жете түскен бір жәйт – ұлт­тық тарихымызды түгендегіміз кел­се, халқымыздың құрамындағы тай­палар жүріп өткен шырғалаң ұзын жолды түгел барлап өтуге тиіс­піз. Көшпелі әрі жауынгер ол тай­па­лардың атының тұяғы тиген атырапты түгел шарламай, соңынан ілесе жүріп із кеспей, оны тану мүмкін емес. Егер бүгінгі Қазақстан аумағы­мен ғана шектелсек, ата-бабамыз жү­­ріп өткен ұзын тарих оп-оңай қыс­қа­рып қалмақ. Оны Қайролла Ғаб­жалилов шығарып жатқан қазақ тайпалары тарихы да өте жақсы дә­лелдеп жатыр. Осыдан оншақты жыл бұрынырақ Әбдуәли Қайдар ағамыз­дың «Қаңлы» дейтін іргелі үлкен зерт­теу кітәбін оқығаным бар-ды. Ав­тор онда Қаңлы тайпасы атауының қырықтан астам нұсқасын келтіре оты­рып, ол атаулардың топоним, гид­роним ретінде Еуропа мен Азияның қай өңірлерінде сақталға­нын тізіп тұрып көрсететіні бар. Оның бәрі қаңлының табаны тиген жер деген сөз. Ол кісі де Әнес құсап өзі­нің шығу тегіне зерделі де зиялы аза­матқа тән қызығушылықпен кірі­сіп, 600 беттен асатын тамаша зерттеу жариялаған еді. Мен соны оқып шық­қан соң, автормен хабарласып: «Әбеке, кітәбіңізді қызыға оқып шық­тым. Нағыз ғалымның қолынан шық­қан зерттеу екен. Пікіріңізде ар­тық-кем жерлер бар болса бар шы­ғар, бірақ деректеріңізде еш жал­ған­дық жоқ. Егер жалған деректер бар болса, оны айтқан сіз емес, сізге дейін­гілер айтқан» деп риза көңілімді білдіргем. Олай дейтінім, Әбекең – академик қой, сондықтан шынайы ға­лымға тән кәсіби құнттылықпен әр айтқан пікірін нақты деректермен түйіндеп, әр деректің қайдан алын­ғанын, ол қай еңбектің қай бетінде еке­нін кітәптің әр беті сайын жақша іші­не алып, тәптіштей көрсетіп отыр­ған. Бұған қоса, кітәп соңында 27 беттен тұратын пайдаланылған әде­биеттер тізімі берілгені тағы бар. Өз еңбегіне мейілінше адал болуға ты­рыс­қан Әбекең кітәп соңын: «Ес­кер­те кететін бір жәйт: бұлардың бәрі қаңлының өткен тарихына байланысты айтылған сөздер. Және оларды осы жолдардың авторы емес, қаңлы тарихын бізден әлдеқайда бұрын да терең зерттеген ғалымдар айтқан. Қаң­лы ата-бабамыздың түркі әлемі мен қазақ қауымына өзінің үкілі ке­зеңдері мен тарихи сәтті дәуірлерінде қосқан бұл үлестерін бағалау – ең ал­­дымен осы пікірлерді жазып қа­л­дыр­ған ғалымдарға сын, ал оларға сену-сенбеу – әр оқырманның өз ісі. Шын­дық, ақиқат алдында әр қашан бас июге тиіспіз, ғалымдық парыз бар да, оны адал орындау бар, бұл да – әр ға­лымның өз абыройы» — деп түйін­дейді.
Бұл айтылғандардың Әнеске тү­гелдей қатысы бар. Деректерді сөй­лету үстінде ол өзінше білгішсініп, ке­сіп-пішуден бойын аулақ ұстайды. Де­ректерге өзіндік пікір қосқысы кел­се, оны ашып көрсетіп «осылай бол­ған сияқты», «солай болған болу ке­рек» деп қана илану-иланбауды оқыр­манның өзіне қалдырып отырады. Мұндай ұстанымды адалдық деп бағалауға тиіспіз. Әйтсе де, ол бүгінгі тарихи танымымызға сыни көзқарас қажеттігін естен шығармайды. Мәсе­лен, «Үйсіндер және оның төңірегі» дей­тін тарауда: «Біздің зерттеу­ші­лері­міз орыс тарихи ойының жетегін­де болып, қазақтың арғы тарихын сақпен байланыстырып, көкжиегі­міз­ді тарылтып жіберді. Сақтар бер­тіндегі халық. Төменгі шегі б.ж.д. ХІІ ға­сыр. Оған қоса Есік қорғанынан та­былған Алтын Адам мен ыдыстағы көне жазудың – юе-чжи қауымымен байланысты болуы – ежелгі дүние тарихына көзқарасымызды қайта қа­растыруды қажет етеді» (277-бет) дейді ол. Осы ұстаныммен дулаттар, алшындар, қыпшақтар, қоңыраттар туралы жеке-жеке жан-жақты ізде­ніс­тер жасаған. Олардың рулық құ­рам­дарын қарастыра отырып, бәрінің қым-ғуыт араласып кеткен бауырлас тайпалар екенін нақты дәлелдермен жайып салады.

Өз зерттеулері арқа­сында осыған анық көз жеткізген ав­тор «Тарих және ше­жіре» дейтін соңғы тарауда: «Тай­па­лардың тарихы мен тағдыры туған то­пырақтан амалсыз көз жазу, ағайын­нан ажырау, жау мен жатқа бодан болу сияқты көзге жас алдыратын қайғылы да шерлі оқиғаларға толы… Ажырау оңай да, бірігу қиын. Себебі, бірлікке ниет түзеген қауымның алдында же­ке-жеке рудан біртұтас ұлт, бірегей ха­­­лыққа айналу мақсаты, сол мақсат жо­лындағы тар соқпақ, тайғақ кешулер тұрады. Оны амалдап жүріп өте­тін­дер де, орта жолда теріс бағып, тоз-тоз боп кететіндер де аз емес… Ше­­­жіре осындай тұстарда бірліктің пәр­менді насихат құралы ретінде өмір­ге келген… Айналып келіп, алалап бөлетіні жоқ, бәріміз бір атаның ба­ласымыз деген философияға сай­ған… Неше ұрпақ бабаларымыз ақыл-ойын сарп еткен осынау өсиет-мұраны кейінгі жеткіншек буынның бір жақ­ты түсінген сыңайы бар. Шежіре – ру­лар­дың, аталардың таралу кестесі ға­­на емес, керісінше, жеке-жеке ша­шы­раңқы этникалық қауымдардың са­тылық үрдіспен әуелі атаға, одан ру­ға, одан жүзге, ақыры біртұтас ха­лық болып ұйысу желісі. Сондықтан ше­жіренің ең басында алтын айдардай болып ҚАЗАҚ есімі тұрады. Ше­жі­рені жоғарыдан төмен емес, төмен­нен жоғары қарай оқыған абзал» деп түйін­дейді ойын. Бұны бүгінгі заман­дас­тар үшін айтылған аса маңызды өзекті ой десек керек!
Бұл айтылғандарын Әнес «Кө­не­лік­тердің» заңды жалғасы іспетті «Но­ғайлы» атты жеке зерттеуінде де жақ­сы ашқан. Әсілі, бұл еңбек қазақ та­­­рихнамасындағы ноғайлы туралы жа­зылған бірден-бір елеулі де соны дүние дер едік. Осы ұлыстың қазақ та­ри­хына, қазақ ауыз әдебиеті тарихы­на тікелей қатысы бары, тіпті егіздің сыңарындай еншілес мұрагер екені белгілі. Бүгіндері қазақ әдебиеті тарихын шолғанда, оны Шалкиіз, Доспанбет, Қазтуғандарсыз, сол заманның асыл мұралары «Едіге батыр», «Қа­ра­дөң батыр»,«Қарасай-Қазисыз», тағы бас­қа ноғайлы дастандарынсыз елес­те­ту мүлде мүмкін емесін білеміз. Де­­мек, қазақтың ұлттық тарихы – хал­қымыз жүріп өткен ұзын жолдың бел­гілі бір кезеңі – «Ноғайлы дәуі­рін­сіз» түгенделмесі анық. Өйткені ол – Ш.Уәлиханов халқымыздың «алтын ғасыры» атаған елеулі кезең ғой. Ол ту­ралы Ә.Сарай: «Ноғайлы – хал­қы­мы­з­дың тарихи бел-белестерінде жү­ріп өткен бір кезеңі. Ғұн дәуірі, түр­кі дәуірі сияқты, ол да – тари­хы­мыз­дың бір қатпары» дей келіп: «Алай­да, Ноғайлы заманының әдеби мұ­раларынан азды-кемді хабардар бол­ғанымызбен, ол жұрттың тарихынан мүлде хабарсызбыз десек артық айт­қандық емес. Мақсатымыз – осы ақ­таңдақтың орнын толтырып, Но­ғай­лының тарихын зерделей отырып, әдеби мұраларға негіз болған тарихи тұл­ғалардың іс-әрекет, өмір дерек­те­рін саралай келіп, Ноғайлы феноменін те­реңірек түсіну» деп түйеді. Өзі ғана тү­сініп қоймай, жалпымызға түсін­ді­ре­ді. Ескі дастандарды оқығанда, ал­дымыздан атойлап шыға келетін «но­ғайлының» кім екенін, қазаққа қан­дай қатысы барын көрсетіп, көзі­міз­ді ашпақ ниетіне ризамыз. Осы ара­да әлі күнге осыны анық білмей жүр­геніміз үшін кімге кінә артуымыз, кім­ге өкпелеуіміз керек деген сауал ерік­сіз бас көтеретіні рас.
Кітәптің алғашқы бөлімі «Ноғай­лы аужайы» деп аталады. Бұл бөлім «Но­ғайлының тегі», «Ноғайлының же­рі мен елі», «Ноғайлының басқару жүйе­сі», «Кәсібі, тұрмысы», «Ләшкері», «Но­ғайлы қалалары және Сарайшық», «Но­ғайлының рухани өмірі» дейтін та­рауларға бөлініп, ұлыс тіршілігі мейі­лінше жан-жақты қарастырылған. Маз­мұнын таратып жатпай-ақ, тек жо­­ғарыдағы тақырыпшаларға көңіл қой­сақ та, Әнес зерттеуінің мәнісін ұға­мыз. Ал келесі «Ноғайлы билері, ба­­­тырлары, жыраулары» деп аталатын үл­кен бөлім алдыңғы тараулардағы тал­дауларды тереңдете, аша түседі. Осын­дағы Едіге, Асан Қайғы, Орақ, Ма­май, Орманбет секілді есімдер біз­дің құлағымызға дастандар мен аңыз әң­гімелер арқылы сонау бала күні­міз­де-ақ сіңгенімен, бүгіндері бір Асан Қай­ғыдан өзгесінің санамыздың те­рең түкпірінен ғана еміс-еміс қылаң бе­ретіні өтірік емес. Біз бұлай болған­да, жас ұрпақтың жайы қалай? Тари­хы­мыз түгіл дастандарымыз бен ер­те­гі­лерімізді оқымайтын буын өсіп жа­тыр ғой.
Әнес «Ноғайлыны» этникалық бө­­тен ұлыс деп есептемей, саяси-әлеу­­­меттік құрылым ретінде қарауға бейім. Бұл дұрыс ұстаным. Ноғайлы зама­ны­ның рухани-мәдени дәулетінің бүгінгі қазақ үшін өзінің төл мұрасы ретінде та­нылып жүруі содан. Оған біздің «Но­ғайлы тайпалары» тарауын оқы­ған­да көзіміз жете түседі. Олардың құра­мы тұтастай дерлік бүгінгі қазақ ұл­тын құраған белді-белді тайпа­лар­дың бөлшектері: адай, алшын, арғын, байұлы, алтын-жаппас, беріш, қаңлы, ке­те, жалайыр, найман, керей, тоқса­ба (байбақты), шеркеш, т.б. Мұрын жы­рау «99 баулы ноғайлы» деп жыр­ла­ған екен. Әнес орыс зертеушілерінің ең­бектерінде ноғайлының 66 тайпасы мен 140 рудың аты аталатынын атап көр­сетіпті. Бұлардың арасында ептеп қа­зақ құрамында жоқ әртүрлі рулар кез­деседі. Әйтсе де, олардың дені – тү­рік текті ғана емес, қазақ тектілер.
Осы тараптағы Әнес зерттеуле­рі­нің өте маңызды бір тұсы – Доспанбет, Шал­киіз және Қазтуғанға арнал­ған жол­дар. Әдебиет тарихын зерт­теу­ші ағайындардың қаламына ілікпеген өте құнды деректер ұсыныл­ған мұнда. Кезінде әлдекім енгізіп, кейін жаппай қолданысқа кіріп кеткен «Қарға бойлы Қазтуған» деп шұ­бырта, қосарлай айтылатын есім (мә­селен: «Кімі бар бұл қазақтың сенен басқа, қарғам-ай, Қазтуғандай қарға бойлы. Маралтай) шын мәнінде бір адамның есімі емес, үзең­гілес жүрген екі батырдың (Қар­ға­бойлы және Қазтуған) есімі екенін Мұ­рын жыраудың дастаны мен тарихи дерек­терді талдау арқылы өте на­ным­­ды және әдемі жеткізеді. Қос батырдың тарих бұрқасынында тарт­қан тауқы­меті мен Едіге, Орақ, Мамай, Орманбеттер басындағы траге­дия­ны оқып отырып, туған хал­­­қыңның басы­нан өткен зұлматтарды өз басыңнан ке­шіргендей қиналасың. Осы бір жан тол­қынысын «Ноғайлының ақыры» дей­тін тарауша үдете түседі. «Кеше, бү­гін өткен жағдай болса, бұл оқиғаны жа­за алмас едім. Қолым қалтырап, қа­лам тербеуге дәтім де бармас еді. Ара­да 350 жылдай уақыт өтіп, ол күн­дердің ыстық-суығы басылған соң ға­на салқын ақылмен өзіме тоқтау ай­тып отырғандаймын. Сауырына қар­ға қонбаған арқалы жұртты жоғал­тып, оның ғажап тарихының соңғы бетін жабу оңай емес» дей келіп, автор ноғайлының бір-бірімен қырқысқан би­леушілері сырттан төніп келген жау­ға (қалмаққа) мойын бұруға мұрша таппай жүріп, бір соғыста-ақ 40 мың адамынан айырылып, ақыры тоз-то­зы шыға, жан-жаққа ауып, тарих сах­насынан жоғалғанын күйзеле жазады.
Өз басым «Ноғайлы» кітәбін ұлт­тық тарихнамамызға қосылған үлкен үлес, бұрын айтылмаған соны сөз деп ба­ғалар едім. Тарихшыларымыздың на­зарына ілікпеген осындай тұтас бір дәуір­дің қыр-сырын ашу абыройы өзім­нің жазушы әріптесіме бұйыр­ғаны үшін бір жағынан қуанамын, бір жа­ғынан ренжимін.
Осы орайда ойда жүрген бір жәйтті тақырыпқа қатысты болмаса да, айта кет­кім келеді. Тәуелсіздік нәтижесі ре­тінде ұлттық сананың күрт өсуіне бай­ланысты ел тарихына деген қызы­ғу­шылық та қатты өсті. Қазір зиялы қауым тарихи тақырыпқа жазылған ро­маннан гөрі нақты тарихи дерек­тер­ді сөйлететін ғылыми еңбектерді кө­бірек оқуға бейім. Өзімізден тап­па­ғанды өзге жұрттың ғылыми еңбек­те­рінен іздейді. Бұрын тек орыс тіліндегі дүниелерден өзгеге тісі батпай келсе, бү­гіндері қытай, араб және еуропа тіл­де­рін еркін меңгерген жастар өсіп же­тілді. Оралман бауырлар арасында да жоғары білімді, бірнеше тіл мең­герген азаматтар бар. Осындай жағдай та­рихи танымымыздың көкжиегін кеңей­­туге ықпал етіп келеді. Әрине, халық тарихына тереңдете үңіліп, қалам тартып жүргеннің бәрі тарихшы мамандығын игергендер емес: бірі әде­биетші, бірі инженер, бірі мате­матик­ дегендей. Ал осыны мен өз басым кемшілік дегеннен гөрі артық­шы­лық дер едім. Олай дейтінім: бұл кі­сілерді осы іске итермелейтін күш – құштарлық. Бұл ресми міндеттен гө­рі қуаттырақ сезім. Ешқандай
өте­м­ақы, пұл дәметпей, уақытпен, ден­­сау­лықпен санаспай, ата-бабасы­ның өткеніне таза перзенттік парызын өтеп жүргендей сезіммен үңілетін бұл адамдарға қызыға қарап, құрмет көр­сеткеннен өзге айтарым жоқ. Бір дәуір­­дің бір кезеңін, белгілі ағымдар мен тарихи үдерістерді өмір бойы ін­дете зерттеумен айналысатын кәсіби тарихшылардан бұлардың бір айырмасы әрі артықшылығы – ғылыми дог­ма­ларға, қалыптасқан көзқарас­тарға, әртүрлі ресми шектеулерге мүл­дем тәуелсіз ізденеді. Диссертация жазу үшін яки ғылым жасау үшін ізденбейді, өзінің рухани қажетін өтеу үшін ізденеді. Тар ауқымда «байлаулы» жүрмегесін, «керек, керек емес» де­мейді, көп нәрсені қопарады, сон­дықтан көп нәрсе табады. Ол тап­қа­нын көпшілікке жеткізуге тырысады. Сөйтіп жүріп, ойда жоқта жаңа сөз ай­тады. Бірақ ол жаңа сөздің бәрі бір­дей дұрыс бола бермейтіні рас. Ал Әнес­тің «Ежелгі адайлар» мақаласы мен «Ноғайлы» кітәбі біздің тарих­на­ма­мыздағы жаңа сөз деп бағалауға әб­ден лайық. Тарихнамамызға құнды үлес әрі бұрын айтылмаған жаңалық болып қосылатын соны ойлар, тамаша еңбектер бергендіктен жанкешті қа­ламгерді жаңа сөз иесі ретінде баға­лауды жөн шығар деп білдім.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір