Сары күз… Сағыныш…
Ол кезде Ұзынағаштағы өнер мектебінің ақындар сыныбында оқып жүргенмін. Ұстазым – ақтаңгер ақын Есенқұл Жақыпбек. Біздер аптасына үш рет Есағаның алдына баруға асығатын едік. Оның әр сабағы ғибрат беріп, зор әсерге бөлеуші еді. Есағаң сары күзді жақсы көретін. Жапырақтардың бірі сары, бірі күлгін, бірі жасылдау, қызғылт, қошқыл, қою, қара, қысқасы сан түске енетін. Шетінен сабағынан үзіліп, қалқып барып жерге қонып жататын. Осындай алтынға малынған өзгеше бір әлемнің арасында шүпірлеген шәкірттерін ертіп, жерде қаудырлап жатқан сап-сары жапырақтарды кешіп жүруші едік. Ұстаз аға осындай кезде ерекше шабыттанатын еді. «Сарғайған сары жапырақтар…Сары жапырақ сағыныштың белгісі. Ақын адамның жүрегінде сағыныш болса ғана әдемі жыр туады» деуші еді, жарықтық.
Жаздың соңы жапырақтар тағдыры,
Ал жапырақ адамдардың тағдыры.
Сары ағаштан түсіп жатқан секілді,
Сау-сау етіп өмірімнің әр күні, –
деген жыр жолдарын бізді сары алтынға оранған саябақта ертіп жүрген кезінде шығарып еді. Күз келген сайын Есенқұл ағаның «сарғайған сағыныш, сары жапырақтар» деген сөзі есіме қайта-қайта оралады. Осы жолдарды іштей белгісіз бір әуенге қосып ыңылдайтын болдым.
Осындай сары алтынға оранған күздің бір шуақты күні еді. Бізді сол саябаққа ертіп барды. Әр нәрсені сұраймыз, Есенқұл аға ерінбей жауап беретін. Бір кезде анау алыстан бір қария келе жатыр, қасында домбыра ұстаған жас жігіт бар. Оларды көре салып Есаға орнынан атып тұрып, «Әкем келе жатыр», – деді. Біз қарияға жалт қарадық. Ақсақалдың қолында таяғы, үстінде көк түсті өрнегі бар шапан, басында ақ қалпақ киген, аппақ сақалы кеудесіне төгіліп тұр. Қарияларды көріп жүрген ауыл баласымыз. Дәл осындай, ертегідегідей ақ сақалды, шапан киген қарияны тұңғыш көруім. Наурыз мейрамы кезінде «Қызыр баба келеді» деуші еді ғой. Көзіме сол «Қызыр баба» елестеді. Жанары жылы, жылтыраған көзі, әдемі күлкісі қарияның жарқ-жұрқ еткен отты жанарына бірден көзім түсті. Ол Есағаммен емен-жарқын амандасты.
– Әй, иттің күшігі, кемпір алып берем деген уәде қайда? – деп жатыр.
Елең ете қалдым. «Кемпірі несі, кемпірі жоқ па бұл атаның деген ой. Шал адамның кемпірі неге жоқ, шалдың үйінде кемпірі болу керек қой» деп қоям ішімнен.
Әлеке, өзің менің әкемдейсің,
Кешегі атам Жамбыл тәтемдейсің.
Егер әкем екенің рас болса, – деп Есағам ар жағын айтпай біраз күліп алды…
Бұл өлеңді Әлімқұл ата бұрын да естіп жүрген болуы керек ептеп езу тартып:
– Есенқұл, сені алыстан қарағанда, тура балапандарын ертіп, мамырлап келе жатқан қаз сияқтысың, – деп қояды. Есағам бізге қарап:
– Балалар, мына ақсақал менің әкем – Әлімқұл. Бұл кісі Жамбыл аталарыңның баласы, – деді. Сол кезде бізге қызыға қарап тұрған қария:
– Ой, сары ауыз балапандарым-ай, көздерің жылт-жылт етеді. Бұлардың жанары тұнық, көңілдері таза ғой. Сәл үнсіздіктен кейін Әлімқұл атаның қасындағы ағай:
– Осындай балалық шаққа қайта оралсақ-ау, шіркін! Сендер Жамбыл атаның қандай өлеңін білесіңдер. Өздерің ақынсыңдар. Ұстаздарың халыққа танымал адам. Қане, кім қандай өлең біледі? Айтыңдаршы, – деді.
– Мен айтайыншы, мен, мен, – деп біз шулап кеттік. Біреуіміз «Алғадайды», енді біреуіміз «Шағымды» айта жөнелдік. Сол кезде Есенқұл аға:
– Мына кісі Әлімқұл аталарыңның баласы Бекмұрат жырау, – деп оның арқасынан қақты. Жамбыл бабаларыңның бүкіл жыр-термелерін біледі, – деді.
– Ал, ауылға келіп қалған екенсің, мына саябақты жаңғыртып «әу» деп жіберші, Бекмұрат, – деп Әлімқұл ата ұлына қолқа салды. Ол домбырасын қорабынан алып, иығына асып, құлақ күйін келтірді де қағып-қағып жіберіп:
Алатаудан, Арқадан,
Ақындарым келіпсің.
Тілдерінен бал тамған,
Жақындарым келіпсің, – деп заулата жөнелді. Бір мүдірмей айтып шықты.
– Ал енді күйден жіберші, – деді Есаға. Бекмұрат ағамыз Нұрғисаның «Әлқиссасын» құйқылжыта орындап берді. Сол сары күзде саябақтағы әуен әлі күнге құлағымда тұр. Осы кезде Әлімқұл атаның көңілі босағандай көрінді маған.
– Менің сендердің жасыңдағы кезім есіме түсіп отыр. Ол кезде қиыншылық заман еді. Ел басында еркіндік жоқ. Қара жұмысқа буынымыз қатпай ерте араластық. Артық айтқан сөзі үшін адамдар түрмеге айдалатын. Киім-тамаққа жарымадық. Жазатын қағаз, қалам да қат еді. Сендер бақытты заманда тудыңдар. Ұйқыларың тыныш. Бірер минут терең тыныстап алды да әңгімесін ары қарай сабақтады.
– Жамбыл атам өмірден өткенде 19 жасар бозбала едім. Біздің үйге неше түрлі танымал адамдар келіп-кетіп жататын. Дина Нұрпейісова, Тайыр Жароков, Сәбит Мұқанов, Ораз Жандосовтар әлі күнге есімде. Соғыс жылдары ешкімге оңай болған жоқ. Жер-жаһанды жалмаған сұрапыл соғыстың зардабын бәріміз тарттық. Кеңес дәуірі. Жан-жақтан ағылып сталиндік репрессияға ұшыраған отбасылар келіп жатты. 1944 жылы Грузиядан 20 отбасы біздің ауылға келді. Атамның 98 жасқа қараған шағы еді. Әлгі 20 отбасын өзі қабылдады. Әйелдер, қариялар мен балалар. Ерлері майданда. Олар біздің үйде, туыстардың үйіне бөлініп, жан сауғалады. Кетер кезінде атама алғыстарын жаудырып жатқаны есімде қалыпты. Бұл әңгімені сендерге сабақ болсын деп айтып тұрмын. «Кең болсаң, кем болмайсың» деген халық даналығы. Әрдайым пейілдерің кең болсын, – деп Әлімқұл ата ағынан жарылды. Әңгімеге Есағам араласты:
– Әлеке, сіздің алдыңызда Жамбыл тәтемнің көптеген ақын шәкірттері болған екен. Солар көбі ұмыт болып бара жатыр…
– Е, қарақтарым-ай, бірнеше ондаған ақындар болған еді ғой.
Мына біздің Екейде Арғынбай ақын болған, әлгі Үмбетәлімен айтысқанда Нұриланың:
– Жеңіп ем былтыр ғана Арғынбайды,
Осы үйде домбырасы даңғырлайды.
Екінші рет көрместей болып еді,
Әйткенмен ақын шіркін ар қылмайды, – деген ақын сол. Қобыз шалатын Бармақ ақын жасында өте жүйрік болыпты. Мына Жартыбай, Мақыш, Қуандық, Өтеп – бәрі шетінен арқалы ақындар болатын. Солардың ішінде Жамбылмен тетелес Қуандық та мықты еді:
«Бір пара жанды алды қып,
Бір пара жанды жалды қып.
Бір пара жанды жоқ қылып,
Бір пара жанды тоқ қылып.
Шернеуіште жазылған,
Арғы атаң болған Жаныстан.
Аузы кере қарыстан,
Дұшпанды жеңген алысқан» –
деген өлеңін жарықтық Үмбетәлі айтып жүрушы еді. Бұлардың соңынан іздеуші, сұраушы керек, – деп аяқтады ақын ата. Сонда менің көз алдыма Сүйінбай бабам бастап, атқа мініп, домбыраларын белбеуге қыстырып, тұтас бір ақындардың көші келе жатқандай елестеді…
Уақыт неткен жүйрік еді десеңші?! Атқан оқтай зымырайды. Әлімқұл ата да, Есағаң да бұл өмірден өтіп кетті. Күні кеше ғана сары күзде Ұзынағаштағы саябақта осы бір әдемі көрініс болып еді. Ол күндер уақыттың дөңгелегіне ілесіп, тарих қойнауына кетіп бара жатыр екен. Көзімді жұмып-ашқандай ғана болып қалдым ғой.
Мынау сағынышқа толы жапырақ жауған сары күз келгенде, сол саябақтың қасынан өткенде Әлімқұл ата мен Есағам – Есенқұл Жақыпбек есіме түсе береді…
Меруерт ОРЫНБАЙ.

ӘЛІМҚҰЛ АТА
(Баллада)
Алмалыда қыран қомдап қанатын,
Аңырақайда аспан биік болатын.
Қараша үйдің түңілігін ашқанда,
Шаңыраққа бозторғай кеп қонатын.
Екпіндеп кеп тартты-дағы ат басын,
Автоклуб қойлы ауылға тоқтасын.
Төбесінде музыкасы мың сайрам,
Тоқтады да босатты айыл-тартпасын.
Шешем кеткен көрші ауылға қыдырып,
Жүгермектер тысқа шықтық жүгіріп.
Әлекеңе «Ассалау» деп айтуға,
Елден бұрын жетсем деген бір үміт.
Жақындап-ақ қалған кезде ақынға,
Аяғымның кеткенін-ай сүрініп.
Шапанының шалғайына жармасып,
Құладым мен екі тізем сырылып.
Бала-шаға жамырадық ақынға,
Жеттім оған алғашқының сапында.
Қырма сақал, қарапайым кісі еді,
Бала айтса да көнетұғын мақұлға.
Ол – Әлімқұл сынығы еді асылдың,
Құшағына ап, өксіп-өксіп басылдым…
Жұрттан бұрын жеткен жерім – жыр сөре,
Жете құлап, аяғына бас ұрдым.
Әлекеңді емін-еркін ортаға ап,
Домбырасын қызықтадық қолқалап.
Көрші ауылдан келгенінше шешеміз,
Жылытпамен біз отырдық «сорпалап».
Ымырт түсе жиылды бар қойшылар,
Қой соңында жүрген жандар тойсырар.
Қарлығыңқы Әлімқұлдың дауысы,
Малшыларға секілді еді бойтұмар.
Шабыт қысып екі иығын қомдаған,
– Ал, не дейсің? — деді сонда, – сен балам.
Тақпақтардан мен де сонда жібердім,
Интернатта бір жыл жаттап таңдаған.
Қойшы қауым көтермелеп жан-жақтан,
«Біздің бала ақын болад» деп жатқан.
«Атаң Жамбыл жолын қу!» деп Әлекең,
Берген бата салмақты екен сан батпан.
Тағдырыма Аңырақай безбен-ді,
Дала гүлдеп қызғалдақты көз көрді.
Жігіт болып Әлекеңнің жанында,
Шарапты да бөліп ішер кез келді.
Бұл қазақтың аузы неткен дуалы,
Нұрланның сан көктеді шынары.
Ауылына алпыстың кеп қалса да,
Арқасының бұрқыраған буы әлі.
***
Жырмен тауып сен де өттің жалған емін,
Қалды артыңда ағайын, арман елің.
Сақалды темір күрек борға малып,
Алақаның күректей палуан едің.
Жарлының көшке мінген түйесі едің,
Арлыға, адалдарға тиесі едің.
Жамбылдан жас келгенде аумай қалып,
Жырда – жүйе, еліңнің киесі едің.
Уайым көп бұл күнде ойлы адамға,
Жылтыраймыз жиналып той болғанда.
Әлеке, әлім құрып жүрмін бүгін,
Сүйенетін пенде жоқ айналамда.
Сен кеттің, сөз сұрайтын адам кәні,
Кер кетіп басқан алға қадамдары.
Есенқұл о да кетті еңіретіп,
Былқ етпей мына дүние, заман кәрі.
Жігіт боп жетілдік біз саған еріп,
Алдыңнан қия өтпеген балаң едік.
Жүруші ең ақындардың бастап көшін,
Қасиет кетті ме, Әле, саған еріп…
***
Жұрттың бәрі осы күнде жалалы,
Жұрттың бәрі жүрегінен жаралы.
Ие бар ма, кие бар ма сапында,
Ақындардың көші кетіп барады…
Домбырамен қаруланған генерал,
Генералдың келді кезі дем алар.
Жалғыз өзі жұлдыздарға жол тартты,
Соңындағы сарбаздары не болар?..
Әлімқұл мен Есенқұлдың соңында,
Құл боп өткен поэзия жолында.
Жамбыл атам қамшысы ойнап жонымда,
Мен де келем сол шоғырдың тобында.
Алдымызда сенен қалған жол, аға,
Апаратын сара жол сол молаға.
Ал әзірге барлығымыз бір-бір Күн,
Аспанда құс көп деп айтып бола ма.
Арамызда жол ұстайтын жөні бар,
Аға да бар, іні де бар соны ұғар.
Бізге осы жетпейтұғын бірдеңе,
Алдыменен Әлімқұлдай болып ал.
Осқырынып, кеудеге нан пісіріп,
Өмір бойы көрмегенбіз кішіріп.
Кімге қонар менмендіктің аулында,
Әлімқұлдан қалған мұра – кісілік.
Күйін кешкен кебім бе әлде кірменің,
Басымда мін толып жатыр бір менің.
Елдің бәрі емес екен Әлімқұл,
Барған жерде ит шулатып жүргенім.
Пенделерге Тәңірінен бақ сұрар,
Өмір деген – эстафета тапсырар.
Тоқсанында түсірді еске ақынды,
Жамбас жеген ел ішінде жақсылар.
Ей, Тәңірім, пенделерге сал назар,
Арты тұйық кездері көп алда жар.
Сен де ақыным Әлекең боп өткейсің,
Сәтті шығар соңғы өлеңге бол да зар.
Ақындарға қай заманда қолқа көп,
Көңіл кейде опық жейді орта кеп.
Жатырсың ба жандай көрген Әлекем,
Тоқсанға кеп, топырағың торқа боп!
Нұрлан
ӘБДІБЕКҰЛЫ.