Ұстазға деген сағыныш
Мектеп қабырғасында осынау бір алып ұстазым – Сейітжан (Сейтмұхамет) Тәбәрікұлынан сабақ алғаныма 63 жылдан асыпты. Ал ол кісі мені етене жақын тұтып, енді оқушы емес, сырлас досы, тіпті туған інісіндей болып кеткеніме 30 жылдан асты. Екі бірдей жоғары дәрежелі білімі бар (Владивостоктың педагогикалық институтын, Семей зооветеринарлық институтын), орыс-қазақ тілдерін таза білетін, қылшылдап тұрған жас жігіт аудандық партия, кеңес қызметтеріне хатшылық, төрағалық қызметтерін атқарды. Семей облысының Абай, Ақсуат, Аягөз, Шұбартау, Бородулиха, Ново-Щульба аудандарында жан аямай еңбек етті. Иә, көре алмағандар күндеп, сүріндіргісі келген кездері де болды. Бірақ Сейітжан ұстаз мойымай, еңсесі түспей, қиындықтарды да жеңіп, халық сыйлаған құрметті қайраткер дәрежесіне көтерілді. Бір бойына бірнеше маманның қасиетін қондырған, энциклопедист, оқымысты болудың өзі екі есе бақыт болса керек. Кейбір адам бойындағы ғажап қасиеттерінің қадірін түсінбей, өз өміріне өзі зиянкестік жасайды. Сол себепті таланты бола тұра, ұзаққа шаба алмайды. Себебі, ізденбейді, оқымайды. Мақтаннан, қолпаштан қашпайды. Содан да өрісі тарылады. Ұстазым осы жағдайларды әр кездескен сайын айта беруші еді. Ұстазым Абай, Шәкәрім, Мағжан, тағы басқа да алыптардың кітаптарын жастанып жатып оқитын. Одан алған әсерлерін әр жиындарда нақыл сөз ретінде айтып отыратын. Мәселен, Шәкәрім атамыздың «Алты әңгіме» деген тарауын жатқа айтатын… Ұстазым Толстой мен Шәкәрімнің өмір бойы дос болып, хат жазысып тұрғанын мақтан ететін. Солардың адамгершілік, мейірім туралы ғибратты әңгімелерін талмай әңгімелейтін. Сол әңгімелер арқылы Сейітжан ұстаз біздерді ізгілікке тәрбиеледі. Өзі адал, таза адам болды.
Сейітжан ұстаз ақын-жазушылардың жазғандарын бақылап, зерттеп, оқып отыратын. Ұстазымыз жауапты қызметтерін атқара жүріп, жергілікті газеттерге әртүрлі тақырыптарда мақалалар беріп тұратын. Ол әдеби, көркемсөзге шешен болды. Көркем, тарихи мазмұндағы кітаптар қолынан түспейтін. Кейде таң қалып: «Ойпырым-ай, ұстазым партия, кеңес қызметтерінде уақытын бекер өткізген екен. Сол кезде тарихи зерттеулермен шұғылданса, тауды қопарар еді-ау», – деген ойға келемін. Шындығында, ұстаздың білімі терең еді. Терең зерттеулермен шұғылданды. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін, Семей қаласындағы мұрағаттарда талмай отырып, бұрын белгісіз болып келген көп деректерді тапты.
Жастайынан жүрегі таза, білімді азамат енді әртүрлі тақырыптарға зерттеулер жүргізе бастады. Аты ұмытыла бастаған қайраткерлерді, ақын-жазушыларды еске алып, олардың еңбектерін жарыққа шығару ниетімен 20 жылда 14 кітапты тасқа басты. Жасы 89-ға аяқ басқанда да қажымай, өмірден озарынан 1,5 ай бұрын соңғы кітабын аяқтап, флешкаға түсіргенін айтып еді.
Жасыратыны жоқ, ұстазым жазған кітаптардың ішіндегі кейбір көрнекті тұлғалар жөнінде республикаға белгілі тарихшылар, жазушылар біле бермейтін тың деректер аз емес. Ұстаздың 30 жылдан аса өмірі ізденумен өтті. Қашан көрсең де, үнемі жұмыс үстінде болды. Түске дейін жазғанын түстен кейін түзетіп, кешке дейін оны тағы да басқа ойлармен ауыстырып, еңбектеніп отыратын. Осы жылдар ішінде ұстаздың қаламынан мынадай кітаптар жарық көрді: «Жанақ ақын», «Замана ағысы», «Мәннан Тұрғанбаев», «Қайран Мәннан», «Алаш арыстары», «Жүрегім неге тулайсың?», «Жүрек сөйлейді», «Тауқымет», «Судьба», «Тұлпардың ізі өшпейді», «Алаштың алтын көпірлері», т.б. Ұстаздың бір еңбегі республика көлемінде аса ірі қайраткер – Мәннан Тұрғанбаевқа арналды. Ел өміріне ерте араласқан Мәннан қазақ халқының тума талант, қайраткер ұлдары Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Әуезовтермен тізе қосып еңбек етті. 1937 ж. сотсыз, үкімсіз, үштіктің айыптауымен атылды.
Ұстазымның тағы бір еңбегі «Жүрегім неге тулайды?» деп аталады. Алғысөзін жазған сатирик, журналистер сыйлығының лауреаты Қазыхан Әшенов былай депті: «Сізді кейде Ақан сері, Біржан сал дегендей, Сәкен шежіре дегім келеді…». «Тауқымет» атты кітабы Мағауия Абайұлының отбасы, тағдыры жайлы деректі роман десе болады. Бұл кітапқа Құнанбай қажы ұрпақтарының зұлмат жылдардағы тағдыр талайларын паш етерлік деректер, зерделі зерттеулер енген. Ұстаздың тағы бір көрнекті еңбегі «Жүрек сөйлейді». Бұл кітапта өзімен бірге Қайнар орта мектебін үздік бітірген, Мәскеудің университетін Сталиннің қызы Светланамен бірге оқыған ардақты досы, әрі ірі ғалым Бақтажар Мекішов, Рамазанов Аманолла, Сағидолла Құбашев, ашаршылық кезінде жоғалып кеткен жалғыз апасының орнына апа болған, Социалистік еңбек ері Гүлсім апайы туралы аса құнды деректер берілген. Осы кітаптың «Кемелдік» атты тарауында Жанақ Сағындықұлы туралы көп ғалым біле білмейтін тың деректер берілген. Жанақ ақын 1770 жылы Сарыарқа төсінде Абралы жері, Кент бойында дүниеге келген. Жанақтың ақындық қуатын, оның айтыс өлеңдерінің дүлдүлі, көкдауыл ақын екенін айтып, толғау дастандарын ғылыми түрде жұртшылыққа жария еткен білгір білімділердің алды Шоқан Уалиханов, Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан, Сәкен Сейфуллин, бертінде Мұхтар Мағауин, ғалымдар Ахмади Ысқақов, Х.Сүйіншалиев, Серік Қирабаев, Рахманқұл Бердібаев,Тұрсын Жұртбай сияқты бірнеше талантты қаламгерлер еді. Мұхтар Әуезов: «Жанақ, Сүйінбай, Шөже,Түбек, Майкөт, Құлмағанбет, Жамбыл сияқты талай елдерге атақтары жайылған ақындарды алсақ, солардың өмір бойы қолданған негізгі ақындық жанры көбінесе айтыс екенін білемін», – депті. Жанақ Сағындықұлының тапқырлық, сыншылдық, турашылдық қасиеттері кейінгі көп адамдарға үлгі болған. «Жанақ жақсылықты дәріптеп, кемшілікті сынаушы, тарыққанда ақылшысы, қуанғанда сайраушысы болыпты халқының», – деп қазақ әдебиетінің өткен ғасырдағы классигі Сәбит Мұқановтың жазуы тегіннен болмас. Жанақ ақын жайлы В.В, Радлов пен дауылпаз ақын Сәкен Сейфуллин де бейтарап қала алмаған. Жанақты: «желсе жеңіс, шапса шабыс бермеген кәрі тарланның бірегейі» деп жоғары бағалаған екен. «Түркі ақындарының халық әдебиетінің нұсқалары» деген атпен Петербургте басылған В.В.Радлов еңбектерінің 111 томына енгізілген жазбада былай дейді: «Жанақ ұлттық айтыс жанрының дүлдүл ақыны. Казақи салт-әдет айтысының бастаушысы. Жанақ пен Түбек айтыстарының кейбір үлгілері 1879 жылы шыққан Ыбырай Алтынсариннің «Киргизская хрестоматия» деген кітабына енген. Бұл екі ақын айтысы Сәкен Сейфуллиннің 1931 жылғы шыққан «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары» атты кітабында басылды. КАЗ.ССР ҒА Орталық ғылыми кітапханасының фондасында сақтаулы болатын. 1-111 томдары. (іс №1396,П-256 )». Филология ғылымының докторы, профессор Бауыржан Ерденбеков: «Өзі күшті болғанмен, сөзі кесек болғанмен, артында жоқтаушысын қалдырмаған талай дүлдүл мен бұлбұл уақыт қорытысында қалып бара жатқандай ма? Әйтпесе бүгін 240 жылдығы тойланбақ түгілі, ескерілмей қалып бара жатқан Жанақ ақын кімнен кем еді?» («Семей таңы» №1 05.06.2011 ж.). Әлкей Марғұлан Шоқан, Қаракесектің кішкентай тымағын киіп алып, қобызын тартып отырған Жанақ ақынға бар ықыласын аударып, зейін қоятындығын кейін жазып алған. Ұлы күйші, шертпе күйдің атасы Тәттімбет Қазанқапұлы Қоянды жәрменкесінің жанында әкесіне арнап үлкен ас береді. Оған ақындардан Жанақты бас қылып, Шөжені, домбырашы Дүйсенбайды шақырады.
Сейітжан ұстаз Жанақ ақын туралы мынадай әңгімені кітабында жазыпты: «Бірде Бәкі төре Жанаққа: «Жанақ, сен нағыз дарынды ақынсың, әрі ақылдысың. Алайда екі мінезіңді жоятын бол, бойыңда оңбайтын қыңыр мінезің бар», – депті. Сонда Жанақ: «Тақсыр, өлең деген – сөз. Мен сіздің тапсырмаңызды айтсам, ол менің емес, сіздің өлеңіңіз болып табылады. Ал мен кісіден өлең үйреніп айтар жайым жоқ. Бас билігімді берсем де сөз билігімді бере алмаймын», – десе керек. Сонда Бәкі төре ашу шақырып: «Кет ондай болса», – депті. Жанақ бұған асып-саспай: «Құп, тақсыр», – деп, төре сыйлаған ат пен шапанын алдына қалдырып, ерін арқалап, қобызын қолына ұстап, жаяу жүре береді».
Ұстазымның «Тауқымет» атты кітабында Абай ұрпағы бастан кешкен азаптарын мұрағат деректері арқылы терең үңіліп, зерттеп, оқырмандарға түсінікті, жатық тілмен жеткізе білді.
«Тұлпардың ізі өшпейді» атты еңбегіндегі әрбір хикаят, әрбір мақала көнекөз қарияның көрген білгендері, өз құлағымен естігендері, көңілге түйгендерімен шегеленіп, қарапайым оқырманға түсінікті тілмен өріледі. Автор Абыралы өңірінің тумасы ретінде сол өңірдің тарихы туралы, атауының қайдан шыққаны, Абыралы ауданының құрылуы, таратылуы, 1931 жылғы ақпан-наурызда, Қазақстандағы ең тұңғыш ең ірі «Абыралы көтерілісі» туралы, Семей полигонының зардаптары туралы толғанады.
«Абылайдың ақ туы» «Қайнардағы қай Қобыланды?», «Еңсегей бойлы Есім хан», «Тәукенің тәубесі» сияқты шығармалар, ертедегі қазақ тарихы туралы сөз қозғалады. Аса қадірлі ұстазымның еңбектерін осылайша тізбектей беруге болар еді, оны газет беті көтермейді ғой.
Әрине, Сейітжан ағамыз туралы әңгімелегенде ақкөңіл, тап-таза Күнтай шешемізді атай кетпеуге болмас. Шешеміз де педагог. Бүкіл өмірін оқу ісіне арнай жүріп, жанындай жақсы көрген өмірлік жарына нағыз серік бола білді. Қуанышында қуанды, ренішіне күйінді. Олар 5 бала тәрбиелеп өсірді. Барлығы да жоғары дәрежелі білім алды. Бүгінде шешеміз де 90 жасты алқымдап қалды. Енді бұл ананы күтіп-бағу балаларының міндеті. Күнтай шешеміздің бес баласының атынан барлық ауыртпашылықты бір өзіне көтеруді мойнына міндет қылған ортаншы қызы Тоғжанға деген ризашылық сезім мол. Тоғжанның мінезі жұмсақ, ақкөңіл, кімге болсын жақсылық жасасам деп тұратын, тым нәзік жан. Ақындық та бойына дарыған сияқты. Ұстазым Сейітжан да балаларының ішінде осы баласына ерекше көңілі ауғанын байқайтынмын. Тоғжан өлеңдерін ұялшақтығынан жарыққа шығармай жүр. Оның мына бір «Иман» атты өлеңін айта кеткенді дұрыс көрдім:
Адамға ең алдымен иман керек,
Иманды жүрегіне жинау керек
Алла берген иманнан айырылмай,
Көзінің қарасындай қорғау керек…
Бүгінде Сейітжан ұстазымның 11 немере, 5 шөбересі бар. Соңында мәдениетті, өнегелі, қамқор, халқына адал қызмет атқарып жүрген ұрпақ қалдырған ата-ана бақытты. Сейітжан ұстаз бен Күнтай шешеміздің тамаша тәрбиесі ертеңге үлгі-өнеге. Ұстазым Тоғжан баласының атынан барлық ұрпағына деген өсиетін жазбаша қалдырыпты:
Жолың болсын Тоғжаным!
Б……….ң болсын қанатың
Тірегің болсын Б……….Ң,
Отбасы бол ордалы.
Ағайын іздеп баратын
Қадырлы бол анаңдай,
Сабырлы бол бабаңдай
Жарқын болсын ғұмырың
Шамшырақ боп жанардай
Қасиетті ана бол,
Байсалды әділ дана бол,
Мейірманды туысқа,
Бауырмалды пана бол.
Әрине бір мақаламен ұстазымның елімізге, Отанына сіңірген еңбегін толық жеткізу мүмкін емес. Ағаның ортамыздан кеткеніне бір жыл толды. Бала-шағасы қалай сағынса, менің сағынышым да олардан кем емес. Әкемдей болған асыл, ақ жарқын, жүрегі әппақ арманшыл, қайраткер ұстазымнан айырылып, жетім қалған сәбидей болып жүрмін.
Болатбек НӘСЕНОВ,
тарих ғылымының докторы, профессор.
ПІКІРЛЕР1