ҰСТАЗҒА ТАЛАП КҮШЕЙДІ
23.06.2023
891
0

Ағарту, білім беру саласында айтарлықтай тәжірибесі бар, әл-Фараби атындағы университет­тің қ.п., п.ғ.к. педагог Сараш Сахиқызымен білім беруді дамыту реформалары, педагог мамандығының қадір-қасиеті туралы аз-кем әңгімелестік.

– Оқушыларға педагог мамандығының қадір-қасиетін түсіндіру жұмыстарын қалай жүргізесіздер?
– Балаға «туған ата-анаңды жақсы көр» деп ақыл айтудың артықтығы сияқты, өзіне сабақ беретін мұғалімдердің оқу-тәрбие жұмысын жұмысын жүргізудегі кәсіби қызметі оқушының көз алдында. Әрине, білім мен тәрбиенің және мұғалімнің қадір-қасиеті дәріптелетін қоғамнан көп алға кеткенімізбен, қарапайым кейбір сұрақтар ізімізден еріп жүретіні рас.
«Айналайын, мұғалім бол!» – деген батаны алғандардың соңы бүгінде қариялар ортасында ғана қалған шығар. Соңғы кезде ашықтан-ашық баюды мұрат еткендердің көбі білімді құндылықтар қатарынан шығарып тастағысы келгендігінен бе екен, білім алуға көп уақыт жібермеу қажет­тігін, дипломның аса қажетке жарамайтындығын жиі айтып жүр. Мұның да өз шындығы болар.
Соңғы жылдары «құрығанда мұғалім боларсың» деген уәждің ауылы алыс қалып, педагогикалық мамандықтарға көзқарас өзгерді. «Педагог мәртебесі» туралы заң шығып, «Педагогтің кәсіби стандарты» тәжірибеге енгізіліп, білім беру саласында маңызды құжатқа айналды. Сондықтан да педагог-маман болу үшін оқуға түсетін шектік балл жоғарылап келеді. Бұл – мұғалім болуға талап күшейді, мықтылар ғана мұғалім бола алады деген сөз. Педагогикалық оқу орындарында мамандар дайындайтын әріптестеріміз бұрынғымен салыстырғанда айырмашылықты кәдімгідей байқайды.
Қарапайым сабақ барысындағы өз тәжірибемнен бір мысал айтайын. Осыдан оншақты жыл бұрын 1-курсқа қабылданған жүздей студент­тен «Мұғалім болуды бала кезден армандағандар» – бес-алтау, кездейсоқ түскендер жартысына жуық болды. «Бітірсем де мұғалім болмаймын» деген шешіммен отыратындар да болатын. Бірақ сол студент­тердің мектепке педагогикалық практикаға барып келген соң, пікірі кәдімгідей өзгеретін.
Негізі «мұғалім болмаймын» дегендерге «мұғалім болу оңай емес, мүмкін мұғалім бола алмайтын шығарсың» десеңіз, ойланып қалады. Мұғалім болуға білімді болу аздық етеді, оған өнер мамандарынан кем түспейтін қабілет керек. Мұғалімдік – мамандық, ал ұстаз атану – әлеумет­тік мәртебе!
Тұжырымдай келгенде, қандай мамандыққа да әркімнің өз қызығушылығы, ынта-ықыласы болуы маңызды.

– Қазіргі мектепке дейінгі және орта білім беруді дамыту реформасы қалай жүріп жатыр?
Білім беру саласында реформа аз болған жоқ. Бір қарағанда жетістіктеріміз де аз емес секілді. Шетелдің озық тәжірибелерін үлгі ету бастамасы бар, оны білім беру жүйесіне ендіру де бар. Бірақ кемшіліктер де жетерлік. Сонау жылдары 12 жылдық білім беруге көшуге қанша дайындалғанымызбен, қаншама қаражат бөлініп, оқу-әдістемелік кешендер әзірленгенімен көше алмадық.
Әр елдің білім беру саясаты мемлекет­тің дамуына тәуелді. Тәуелсіздік алған уақыт ішінде дамыған елдердің білім беру жүйесін, халықаралық білім беру стандарт­тарын басшылыққа алу қажет­тілік болатын. Осыған орай халықаралық деңгейде білім беру жүйесін көтеретін мықты мамандарды іріктеп, олармен түпкілікті ақырғы нәтижеге дейін жұмыс жасалуы керек еді. Бізде білім мен тәрбиені дербес қарастыратын педагогика деген ғылым бар және оның көрнекті өкілдері бар болғанымен, олардың тұжырымды ұсыныстарынан гөрі саяси шешімдерге басымдылық берілетіндігінен де болар, көңілге қонбайтын мәселелер де жетерлік.
Бір ғана мысал, білім беру саласындағы педагог-мамандардың зейнет жасының ұлғаюы кәдімгідей көп кемшіліктерге себеп болуда. Мұғалімнің «модератор», «сарапшы», «зерт­теуші», «шебер» деген санат­тарына сай болуға, педагогикалық тест тапсыруға бейімделуінің шабандығынан-ақ байқалуда. Тіпті осы санат­тарға өтіп алғанымен, соған сай кәсіби деңгей көрсете алмауы білім сапасының талапқа сай болмауына әкеп соғуда.
Білім сапасын зерт­тейтін халықаралық бағдарламалар бар: PISA – 15-16 жастағы оқушылардың математикалық және оқу сауат­тылықтарын бағалауға, TIMSS – 4-8 сынып оқушыларының математикалық және жаратылыстану білім деңгейін анықтауға, PIRLS – бастауыш сынып оқушыларының мәтінді оқу және түсіну сапасына, ICILS – компьютрлік және ақпарат­тық сауат­тылық, PIAAC – 16-дан 65 жасқа дейінгі ересек халықтың математикалық, оқу және компьютерлік сауат­тылық, TALIS – сабақ беру мен оқытудың деңгейін анықтау сияқты мәселелерді зерт­теп, әлемдегі білім сапасының көрсеткіштерін көрсетеді. Біздің білімнің деңгейі осындай өлшемдермен қарастырғанда әлі де көп еңбек ету керек екендігінен хабар береді. Бұған оқушының ҰБТ-ға дайындағандай дайындай алмайсыз, ол мүмкін де емес. Осындай талаптардың үдесінен шығу үшін білім беру саласына қаншалықты көңіл бөліп, қамқорлық жасаудың, қаражат бөлудің, әдістемелік жағынан көптеп дайындаудың қажет­тігі белгілі ғой.
Мұғалімдердің жалақысын көтергенмен бар мәселе шешіліп кетпейді. Білім беру жүйесіне жасалған реформалар науқаншылдықтан гөрі, ғылыми негізделген тәжірибелерді басшылыққа алғанда дұрысырақ шешілер ме еді деп ойлаймын. Мұғалім оқушының басына білім құйып беруші емес. Негізі білімді жинауға (жат­тап алуға) емес, оны өмірде пайдалануға үйрету маңызды. Мұны ғылым тілінде функционалды сауат­тылық дейді. Қазіргі күннің талабы – осы. Оған білім беру ұйымдары ғана емес, ата-ана да жауапкершілікпен атсалысуы тиіс. Білім беру саласының жетістікке жетуін жаппай қоғам болып жұмылғанда ғана ілгерілете аламыз.

Дайындаған
Айнаш Әлдибек

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір