Ұлттық нақыштағы бұйымдар
Ұлтты сүю – оның тілінде сөйлеп, әдебиетiн оқып, дінін ұстану ғана емес. Сол ұлттың өзіне ғана тән ерекше бұйымдарды тұтыну да өз ұлтыңа деген жанашырлықтан туындайды.
Павлодар өңірінде ұлттық нақыштағы бұйымдарды арнайы сатып алып, күнделікті тұрмыс-тіршілігіне жаратушылардың қатары көбейген. Мысалы, қазақы үлгідегі ою-өрнекпен тігілген киімдер мен сөмкелерге, әмияндар мен белбеулерге әлеуметтік желі арқылы тапсырыс берушілер қатары күн санап артуда. Мұндай ерекше бұйымдарды елге насихаттап жүргендердің бірі – В контакте желісіндегі «Мәдени мұра» тобының әкімшісі Әсет Сейітахмет.
– Ұлттық нақыштағы бұйымдарды көбінесе Моңғолияда тұратын қандастарымыз жасайды. Сапалы теріден тігілген өнімдер. Сол жақтан арнайы алдыртып отырмыз. Ал Қазақстан шеберлерінің қолынан шыққан туындылар одан екі-үш есе қымбат. Оны алуға жұрттың қалтасы көтермейді. Бізге аптасына оншақты әмиянға, бес-алты белбеуге тапсырыс түседі. Тауардың бағасы қолжетімді. Көбісі туған күн иелеріне сыйға тарту үшін алады. Қазір әмияндарды жаңа үлгімен, яғни Қазақ хандығының 550 жылдығына арнап жасап шығарып жатыр. Бұдан бөлек мектеп оқушыларына арналған оюлы сөмкелер де бар. Аламын дегендерге Қазақстанның қай түкпірінде болса да жеткіземіз. Ұлттық нақыштағы тауарларды сатып қана қоймай, әмияндар мен белбеулердің қандай түрін кімге сыйға тартуға болатындығы және қай мезгілде қандай түсін ұстау керектігі жөнінде ақыл-кеңес те бере аламыз, – деді Ә.Сейітахмет.