«ЖАСТАР КІРПІК ҚАҚПАЙ ТЫҢДАДЫ…»
27.04.2012
1655
0
Дәстүрлі ән өнерінде өзіндік өрнегі бар Қатимолла Бердіғалиевті көпшілікке таныстырып жатудың өзі артық болар. Қабиса жылы өмірге келген әнші биыл алпыс атты асқарға көтерілді.
Батыс Қазақстан облыстық филармония өнерпаздары: Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, домбырашы, күйші Ермек Қазиев, әнші, продюсер Серік Әбдірахманов, филармония­ның белді әншілері Күләш Қуанышқалиева, Ернар Өмірәлі, Жаңылсын Хасанова, Дастан Есентеміров, Еркін Өтегенов, Елмира Таудаева, күйші Ақылбек Бектасов сынды өнерпаздар легін бастап, рухани астананың көрермендерін ән-жырларымен тәнті етті. Оған қоса, Құрманғазы атындағы концерт залында «Айман-Шолпан» жырын жатқа айтып, тыңдармандарын тағы бір серпілтіп тастады.
Орайы келіп тұрғанда халықтық өнерді насихаттап жүрген әншіні сөзге тартқанды жөн көрдік…


Қатимолла БЕРДІҒАЛИЕВ,
айтыс ақыны, дәстүрлі әнші,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері


– «Бұл жасқа келгенше жақсы өт­кіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бір­талай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық – әурешілікті көре-көре келдік», – дейді Абай. Сіз не дейсіз?
– Абайдан асып қайда барамыз? Осы жасқа келгенше біз де қолдан келген біраз шаруаларды атқардық деп ойлаймын. Дұрысы бар, бұрысы да бар шығар. Өзім ата-әжемнің қолында өскенмін. Сол кісілердің берген тәрбиесі – ешкімнің ала жібін аттама, өтірік айтпа деді. Кейін мектеп көрдік. Ұс­таздарымыз патриоттыққа тәрбиеледі. Отанды сүй деді, сүйдік. Ұлтшылдық рух бойымда бұрыннан бар еді. Мектепте жүргенде Қазақ КСР және КСРО тарихы оқулығы жеке-жеке болды. Қазақ КСР тарихы – жұқа ғана кітап, КСРО тарихы – жұп-жуан еді, шіркін. Неге олай деуші едік. Мынау қазақтың жері, мынау Ресейдікі дейтін. Осы орыстардың ықпалы неге күшті екен деп ойлай бастадық. Бұл енді 5-6 клас­тардағы пікір ғой. Бертін келе көзің кішкене ашылғандай болды. Әйтсе де, күні кешеге дейін, яғни 1986-дағы Желтоқсанға дейін «осы біз отар­шылдықта отырмыз-ау» деп ойлаған жоқ едік. 86-да санамыз жарқ етті. «Баяғыдағы Ленин, Партия, Ұлттар теңдігі» жай ғана сөз екен ғой дестік. Одақ керек пе, жоқ па деген айтыс-тартыс болды ғой. Бірінші болып, «жоқ!» деп жауап бергендердің қата­рында мен де бар едім.
– Жас күніңізде сіз де тау қопарып, тас жарамын деген шығарсыз. Арман, мақсаттарыңыз орындалды ма?
– Жалпы, мен қоғамда өзгеріс жасаймын деп армандаған жоқ едім. Кеш те болса, өзім армандаған өнер жолында көріндім. Мамандығым – әншілігім. Мектепте әдебиеттен Фаузия Ғайсина деген ұстазым сабақ берді. Сол кісі қызықтырып, бізді әдебиетке жақын тартты, соның буымен өлең жаза бастадық. Кейін айтысқа қатыстық. Әншілікті бітірсем де, сахнаға алғаш әнші ретінде емес, айтыскер ақын есебінде шықтым. Кейін радиоға әндерімді жаздырдым.
– Дәстүрлі ән өнері сізге не берді?
– Бәрін берді. Әуелі ата-бабамның сазын жүрегіме тоқыды. Халқыма, еліме, ұлтыма деген сүйіспеншілік берді.
– Ал сіз ән өнеріне қандай еңбек сіңірдіңіз?
– 1991 жылы Мұхит Мералыұлының 150 жылдығына байланысты Оралдағы Құрманғазы атындағы Саз колледжінің жанынан дәстүрлі ән класы ашылды. Сол оқу орнында 18 жыл ұстаздық еттім, шәкірт тәрбиеледім. Оларға мен жан-жақты болуды үйреттім. Ән өнеріне қайтарымым – шәкірт тәрбиелеп, ата-баба аманатын соларға жеткіздім.
– Адуынды айтыскер ақынсыз, жезтаңдай әншісіз, оған қоса «Айман- Шолпанды» жырлап жүрсіз. Алда басқа қандай жоспарыңыз бар?
– Алпысқа келгеннің алдында қандай жоспар болуы керек? Кей-кейде алпыс дейтін жасқа Қатимолланы қимай қаламын. Қисаң да, қимасаң да төрт жылда бір келетін 29-ақпанда алпысқа келіп қойдық. Қырық жасымда домбырамен халық әндері, халық композиторларының әндерін орындап, концерт бердім. Елу жасымда, ба­ғымызға қарай Ғарифолла Құр­ман­ғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясында Дәу­леткерей атындағы үлкен оркестр ашылды, сол оркестрмен дәстүрлі, классикалық шығармаларды орындап, концерт бердім. Алпыста халыққа не көрсетсем екен дедім. Бұрын айтпаған шығармаларды халық алдына шығар­сам да болар еді, оным қайталау болып ке­тетін секілді болып көрінді. Сек­се­нін­ші жылдардың басында Сәбит Ораз­баев ағамыздың орындауында «Ай­ман-Шолпан» жыры күйтабаққа басылып шықты. Маған өте ұнады. Сәбеңнің айтуы бір кісілік опера сияқты. Ішінде қанша мақам бар. Диалогтар, мақам ауысып тұрады. Мен өзімше, әншілігімді пайдаланып, Батыс дәстүрлі мектебінің мақамдарын қосып, негізгі лейтмотиві ретінде Сәбеңнің мақамдарын алып, осыны жырламаққа бекідім. Жырды жаттау қиын болар ма деп едім, жоқ жаттап алдым. Дәстүрде жыр бастау деген болады ғой. Соны қосқанда бір жарым сағат жырлаймын.
– Бұрынырақта жыршылар таңды таңға ұрып жыр айтысқанда тыңдау­шы­лар киіз үйдің іргесінде отырып, тыңдай беретін еді дейді. Жырларыңызды соңы­на дейін тыңдауға қазіргі жастардың шыдамы жете ме?
– Мен де осыдан қорқып едім. Бірақ Оралда үлкені бар, жасы бар, залға көрермен лық толды. Наурыздың басында «Орал өңірі» газетінде бір мақала басылды. Журналистер өтірік айтпайтын шығар, «Әншейінде телефонмен арпалысып отыратын жастар кірпік қақпай тыңдады», – деп жазды. Рухани астананың жастары да оралдық жастар секілді рухшыл болғанын тілеймін.
– Рух демекші, «Айман-Шолпан» негізі лирикалық жырға жатады ғой, болашақта батырлық жырларды жырлау ойыңызда бар ма?
– Алпысқа келгеннен кейін бір­демені қақыратып жіберемін деп жос-
пар жасау қиын. Көрерміз. Көзімнің нашарлығы да бар. Оның үстіне ән­шілігім бар, бірнеше жылдық репертуарым бар, тың шығармалар шығару керек дегендей… Өзімнің бұрынғы жолыммен жүре берсем бе деп ойлаймын. Өнерге көзі нашар адам қызмет істесе, соның бірі мен шығармын. Басындағы тағдырына қарамай, өнерге қызмет еткен адамдардан өзіммен қосқанда төрт кісіні білемін. Олар – Садық Кәрімбаев, Мәкен Әлиасқаров, Жақсыгелді Сейілов, төртіншісі – мен. Жағдайына байланысты ауылынан алысқа шыға алмай жатқан талантты әншілер болуы да мүмкін, менің білетінім – осылар.
– Осы күні көңілі де соқыр адамдар көбейген секілді. Сіздің жас күніңізде де сондай жайлар бар ма еді? Әлде бұл бүгінгі заманның бір көрінісі ме?
– Ол адамына байланысты. Қай заман да ақ пен қарадан құр емес.
– Батыс Қазақстан дәстүрлі мектебіне тән ерекшеліктер мен мәселелерді айта отырсаңыз.
– Ерекшеліктерді кешегі концерттен көрдіңіз – бұл мектептің әндері қызу, екпінді. Ал мәселеге келсек, ол жетіп артылады. Он сегіз жыл шәкірт тәрбиеледім дедім ғой. Олардың біразы танылып, айтулы әнші атанды. Кейбірі музыка мектебінде сабақ беріп жүр. Сахналарда ән айта алмай, ішқұса болып жүргендері де бар. Оқытып-оқытып шығардық, араларында тым жақсы әншілер жетерлік. Бірақ әнші сахнада жүрмесе, қарайып қалады. Біздің жақтың әншілерінің жарнамасы, орталықтарға келуі, орталық телевидениеге түсуі, орталықтардағы концерттерге шақырылуы – кемшін. Осы күні «жоқ» деген ауруға ұшырап алдық қой. Тоқсаныншы жылдардағы «жоқ» әлі де жоқ, әсіресе, өнерге – жоқ!
– Ел ішінде Мұхиттың «Айдайын» әншінің әншісі ғана айтады дейді. Шә­кірттеріңіз «Айдайды» орындай ала ма?
– Орындай алады. Кешегі концертте «Кіші Айдайды» тыңдадыңыз. «Кіші Айдай» «Үлкен Айдайға» қарағанда аты кіші болғанымен, затында жоғарғы нотаны біраз ұстап тұрады. Соны балалар орындап жүр. Кейде асығып кететін жерлері бар, кейде жеткізбей қалатын тұстары болады. Оның өзі оқуының шалалығынан емес, сахна ғой қанша дегенмен. Әнші сахнаға шыға-шыға шеберлік шыңына көтеріледі. Өнер адамын өсіретін – гастролдік сапарлар. Бұрын Еуропадағы Шопен, Бет­ховендердің өздері бір қалада отырып қалса, шығарма жаза алмай қалады екен. Басқа қалаларға ауысып-ауысып тұратын. Қазіргі адамның да психологиясы солай, бір қалада отырып қалсаң: «Өй, анау ғой, білеміз ғой», – дейді. Концерт берсең: «Баяғы оркестр, баяғы Қатимолла, солар шыға береді», – дейді қолдарын бір сілтеп. Сен басқа ән дайындап, жаңаша бағдарлама жасап жатқаныңда жұрттың шаруасы жоқ. Олар сенің суретіңді көреді де: «Баяғы Қатимолла ма», – дей салады.
– Жастар әнді бұзып айтады, созбайтын жерін созып, қысқартпайтын жерін қысқартып айтады деп жатады. Сіздің пікіріңіз қалай?
– Әр әнші өзінің қолтаңбасын қал­дырғысы келеді ғой енді. Әуелі ұс­та­зың­ның бергенін толық меңгеріп, жа­ңа­лық­ты содан кейін қосқан дұрыс. Ұс­та­зыңның бергенін құлағыңа құйып алмай жатып, дәстүрлі әнді сіңіре ал­мағаныңды білдірмеу үшін «мен басқа жолмен жүремін» деп, әнді быт-шыт қылып алатындар болады. Әрине, он­дайлардың қазір қатары азайды. Қазақ әнінің жағдайы түзеліп келеді. Соның тыңдаушысынан қорқамын мен.
– Неге?
– Өйткені, қазір қазақ әндерін тыңдау, қазақтың дәстүрлі әнін тыңдау кейінге ысырылып кеткен. Абай айтады ғой, «Сөз түзелді, тыңдаушым сен де түзел» деп. Ән де, әнші де түзеліп келе жатыр. Сол әншінің мерейін өсірмейтін –тыңдаушының нашарлығы ғой. Гас-
тролге шықсаңыз үш жүз теңгенің билетін қымбатсынып, жұрт концертке келмейді. Ал сол ақшаны еселеп шы­ға­рып, қаздай тізіліп сыра ішіп отыра­ды. Ол аз болғандай, бізді түріктің, корейдің сериалдары мәңгүрт қылып жібере ме деп қорқасың. Ол сериалдар не бітпейді, не қоймайды. Бұрын малын жайғап болмай, жұрт концертке кел­меуші еді. Қазір сериал бітпей мал да саумайды. Осы күні ауыл жақ мәңгүрт­теніп барады.
– Демек, тыңдаушыны тәрбиелеу керек шығар?
– Иә. Дәстүрлі әнге көбірек көңіл бөлу керек. Даңғырлақ өз шегіне жетіп болды. Қашан тұяқ серпитінін Құдай білсін. Осы күні бағдарламаларға төрт-бес әншіні шығарып, дәстүрлі ән шеруі дейтін бір нәрсені ойлап тапты режиссерлер. Бұл – дәстүрлі әнді кемсіту дер едім. Төрт-бес әншіні шығарады да, бір-бір шумақтан сыпыртып айтып шық дейді. Әрбір адамды бір аяғына керемет туфли кигізіп, бір аяғымен жалаңаяқ шығарғанмен бірдей ол. Қамшымен айдап келе жатқандай ән айта ма адам? Күйшілердің жағдайы әншілерден жаман. Жеке күйшілерді концерттен көрмейміз. Көкпар тарт­қандай, «Күй тартыс» деген бірдемені шығарып алды. Күй тартқан адам күйдің мәнін, маңызын жеткізу үшін тартады ғой. «Қайран шешемнің» басын шертеді де, ортасына келгенде «Соқыр Есжанға» ауысады. Басқа елдің рухани жуындысын ішіп алып, соны бізге үлгі еткісі келгендердің бұл қылығын құптамаймын. Күй деген – сурет қой, мұң ғой. Сол суреттің басын сызып, жартысына келгенде басқа суретті сал дейді. Оны бастан-аяқ түсінбегеннен кейін бір кітапты оқып келе жатып, екінші кітапқа күрт ауысып кеткен секілді боласың.
– Осы күні батыс дәстүрлі мектебінің әндері толығымен жинақталып, хатталып бітті ме?
– Затаевич бастаған, Ахаңдар жал­ғастырған, аяғы елуінші-алпысыншы жылдары жиналған сол фольклорлы деректер әрі нақты, әрі шындыққа жа­қын деп есептеймін. Ел аузына қалған өлеңдер, әндер бірен-саран табылып қалуы мүмкін. Бұрынғыдай халық әндерін күреп тауып алады деп ойламаймын. Кейде әннің тарихын зерттеушілер ештеңе таба алмаған соң, Құдайдың жоғын жазатын болды соңғы уақытта. Мен оны құптамаймын.
– Сөз соңында, неге шүкіршілік айтасыз, нендей мәселеге қарныңыз ашады?
– Шүкіршілік ететінім – әлдекімге жалтақтамаймыз. Өз Республикамыз бар. Қинайтыны – өз қолымыз өз аузы­мызға жетіп тұрып, көп дүниені жасауға мойынның жар бермей жүргені. Ең әуелі тілді айтар едім. Әрине, бұрынғыға қарағанда тәуірленіп келеміз, бірақ өте баяу жүріс. Балтық елдерінің өз тіл­деріне жасаған қамқорлығын жасай алмай келеміз. Өз елімізде өзіміздің ба­сылым үшін ақпаратты басқа тілден аударады.
Біздің халық – еліктегіш халық. Әрі­ге бармай-ақ, мысал келтірейін. Концертке әкім барса – барады, бармаса – бармайды. Кейде концерттерге, театрларға баратын жақсы әкімдер болады. Ондай әкіміңіз болса, Құдай берді дей беріңіз! Онда халықтың көзі ашылып қалады, себебі, концертке әкім барған соң, оған еріп орынбасарлары да жүреді. Орынбасарлар барғаннан кейін жалпы жұрт барады театр, концертке. Тілге деген қарым-қатынас та солай.
Алпысқа келдік қой, Құдайдың қан­ша жас бергенін Құдайдың өзі білсін, мәңгүрттенбей тұрғанда қазақы күйде өліп кетсек деген арманым бар.
– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Қарагөз Серікқызы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір