Білім – бақыт бастауы
Мектеп – үлкен өмірге жол бастайтын киелі шаңырақ. Сондықтан да халқымыз қашан да білімнің парқын жоғары бағалаған. Ұлттық құндылықтарымыздың ұлы мұратын қалыптастыруда алтын діңгек болып отырған А.Байтұрсынов атындағы №139 мектеп-гимназиясы да білім күні мерекесін әсерлі өткізді. 26 жыл аясына талай түлектерді қанаттандырған білім ордасынан әлі де көптеген шәкірттердің біліммен сусындайтынын мектеп ауласында өткен жиын дәлелдей түскендей.
Шаттыққа толы мерекеде мектеп-гимназия директоры Ерік Қуатбеков:
– «2016-2017 оқу жылында басталған білім саласындағы ізгі жұмыстарды жалғастыру, дамыту және «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясы негізінде қазақстандық патриотизм мен көпмәдениеттілік үйлесімділікті қалыптастыру және отбасы әлеуметтік жұмыстарын, ҚР президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Бес институционалдық реформаларды жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» Ұлт жоспары мен ҚР Білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған бағдарламасы аясында алға қойған міндеттерді орындау мақсатында жұмыс жүргіземіз. Баршамызға білім беру сапасын арттыруға үлкен міндеттер жүктелді.
Мектептегі білім сапасының басты көрсеткіштерінің бірі – бұл мектеп түлектерінің ҰБТ-дегі көрсеткен білім деңгейі. Оқу жылында 11 сыныптағы 38 оқушы ҰБТ-де 108,4 ұпай көрсетіп,
5 оқушы «Үздік аттестатпен» бітірді, 23 оқушы білім грантының иегері атанса, қалғандары ақылы ЖОО түсті. Жаз айларында «Өрлеу» БАҰО педагогикалық шебер орталығында 19 мұғалім «ҚР орта білім мазмұнын жаңарту шеңберінде қазақ тілінде оқытатын мектептеріндегі педагог мамандардың біліктілігін арттыру» және «Тәжірибедегі рефлексия» тренерлік курстарынан дәріс алып, сертификатталды.
Мемлекет тарапынан тегін жазғы демалыс «Тау-жанашыры» лагеріне 16 оқушы , ал мектепте 1-4 сынып оқушыларына ұйымдастырылған «Балдәурен» лагеріне 150 оқушы демалды. 5-6 сынып оқушыларына ағылшын тілінен дайындық курстары ұйымдастырылды. Мектепте мемлекет тарапынан бөлінген 3,4 млн., теңгеге ағымдық жөндеу жұмыстары жүргізілді. Физика, лингофон кабинеттері жасақталды.
Мектеп-гимназияда жыл бойы атқарылып жатқан игі істер ұстаздар мен ата-аналар қауымының жемісті еңбегінің нәтижесі дер едім», – деді.
Салтанатты жиында мектеп өнерпаздары ән шырқап, күміс қоңырау үні сыңғырлап, «Мен – өз Отанымның патриотымын!» атты алғашқы тәрбие сабағымен жалғасын тапты.
Қайрат САЙДНАСИМОВ,
А.Байтұрсынов атындағы №139 мектеп-гимназия директорының
тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары.