Сәті түскен кездесу
03.11.2017
1697
0

Жуырда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Н.Байғанин атындағы Ақтөбе облыстық балалар кітапханасы жазушы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қажығали Мұханбетқалиұлымен кездесу ұйымдастырды.

Кешке ҚР мәдениет қайрат­кері Еркін Жол­мырзаұлы, ҚР Журналистер одағының мүшесі, айтыскер-ақын Нұрлыбек Қа­ла­уов, Бай­ға­нин аудандық мәсли­ха­тының хат­шысы Бақтыгерей Тұр­лыбаев, Бай­ғанин аудандық мәдениет жә­не тілдерді дамыту бөлімінің бас­шысы Нұрәділ Қолдасбаев, белгілі сурет­ші, ұла­ғат­ты ұстаз Серікбай Қай­дасов және қала мектептерінің мұғалім­дері қатысты.
ҚР мәдениет қайраткері Еркін Жолмырзаұлы Қажығали Мұхан­бет­қалиұлының 2012 жылы шық­қан, Мемлекеттік сыйлыққа ие болған «Тар ке­зең» аталатын романы «Халық тағдыры та­разыға түскен сол қиын кезең­нің оқиғаларын кең тыныспен көр­сете білген көркем туынды, – деп жазу­шы­ шығарма­шылығы туралы ай­та келе, еңбекқорлығы мен адал­дығы және өздерінің ұзақ жыл­ғы достықтары туралы сыр шерт­ті.
Жазушымен кездесуге келген жер­лестері Қажығали Мұ­хан­бет­қалиұлының шығармашылығы ту­ралы ой-пікірлерін ортаға салды.
Қаламгер кешке қа­тысу­шыларға алғыс біл­діре отырып:
– Кез келген қаламгер кітап­ха­на дегенде жүрегінің соғысы бө­лек болуы тиіс. Себебі, бүкіл әлем қазынасы осында жиналып тұр. Бүкіл ақылдың, кеңестің, тәр­биенің бәрі де кітапханада. Та­ныс болсын, бейтаныс болсын әр қаламгер кітапханаға келгенде өзі­нің туған үйі немесе жұмыс бөлмесіне келгендей сезінеді. Бір өкі­ніштісі, менің бұл кітапханаға келмегенім еді, бүгін сәті түскені­не өте қуаныштымын. Бірақ шын­дығында балаларға жазу өте қиын, балалардың ақыл-ойын да­мы­тып, санасына әсер ететін, кіш­кентай кезінен тәрбиелейтін құрал­дың көкесі – ол балаларға ар­нал­ған әдебиет. Ал балалар кі­тап­ханасы – барлық кітапхана­лар­дың негізі, – деп атап өтті.
Өз кезегінде кітапхана бас­шы­сы Сұлушаш Максимқызы жазушымен кездесу кі­тапхана үшін үлкен қуаныш еке­нін айта келе:
– Қажығали Мұқан­бет­қа­ли­ұлы­ның әр жылдары қаламынан туған кітаптарын оқып жүрміз. Со­лардың ішінде қазақ халқының өт­кен тарихына байланысты, әсі­ресе, «Тар кезең» романы жә­не «Қайдасың, сен махаббат?» әң­гімелер жинағын оқырман­да­ры­мызбен жыл бойы оқып, сізбен тілдесіп жатқандай, жан дүниеңізді тереңнен тани түстік. Кітаптарыңыздың әр бетінен рухани нәр алып, сіздің біртуар тұлға, қаламы қарымды жазушы еке­ніңізді мақтан етеміз. Сіз қала­мыңызға арқау ететін негізгі та­қырыбыңыз – тарих, Отан, туған жер. Қаламыңызбен туған же­ріңіз­дің келбетін шынайы бейне­леп, бүкіл әлемге танытып жүрге­ніңіз көңілге қуаныш сыйлайды. Ұзақ жылдық шығармашылық ең­бекпен айналысып, халқына сү­белі шығармалар берген сіз сияқты мықты қаламгер балаларға да арнап шығармалар жазса екен, – деп кітапханашылар мен оқыр­ман­дары атынан тілегін жеткізді.
Өмірдің өзінен алынып, ай­на­ладағы күнде көріп жүрген құ­былыстарды құнарлы да қа­ра­пайым тілімен бейнелеген жа­зу­­шы­­ның шығармаларын жастар оқып, үлгі тұтуы керек және бұл туындылар ке­лер ұрпақ үшін мол мұра болып қалатыны анық.

К.Ідрісова.
Ақтөбе қаласы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір