Саз өнері туралы сиқырлы кітап
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі «Мәдениет және өнер саласындағы бәсекелестікті жоғарылату, қазақстандық мәдени мұраны сақтау, зерделеу мен насихаттау және мұрағат ісінің іске асырылу тиімділігін арттыру» бағдарламасы «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» кіші бағдарламасы бойынша жарық көрген «Сиқырлы музыка» атты кітап авторы – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, композитор Тілеуғазы Бейсембек.
Бейсембек Тілеуғазы
СИҚЫРЛЫ ҚАЗЫНА. Жыр жинағы.
Астана: Фолиант, 2016. – 208 бет.
Ең алдымен кітаптың өткен жылдардағы өлшем бойынша 2000 данамен ғана шығарылғанын көргенде, әттеген-ай дейсіз.
Біздің білуімізде балаларға арналған танымдық кітаптардың басым бөлігі ағылшын немесе орыс тілдерінде жарық көрген басылымдардың қазақшаланған тәржімалары болып келеді. Ал толығымен ұлттық менталитет тұрпатын қамтитын бірегей дүниелер ілеуде-біреу десек, қателесе қоймаспыз. Осындай алар орны айрықша туындыларға көзқарас та өзгеше болуы керек емес пе?! «Сиқырлы музыка» кітабы дәл сондай ерекше туындының бірегейі екеніне нық сенімдіміз. Сондықтан да мұндай еңбектің таралымы 2000-ақ дана деген аз деуді былай қойғанда, «Сиқырлы музыка» кітабын еліміздегі барлық мектептердегі бастауыш сынып оқушыларына жаппай оқулыққа қосымша ретінде ұсыну мәселесін қолға алса, құба-құп болар еді.
Енді жоғарыда айтылған пікірлерімізге дәлелді себептермен жауап беріп көрейік. Кітап «Дыбыстар сыры», «Нота үйрену мектебі», «Би ырғақтары», «Ән саздары», «Күй күмбірі», «Сезімнен туған саздар» және «Түсініктеме» деп аталған жеті бөлімнен тұрады.
Міне, қараңыз:
Аптада бар жеті күн,
Демалысы соңында.
Білсең нота тетігін,
Жетеу саны оның да.
«До» дегенің – дүйсенбі,
«Ре» – сейсенбі емес пе?
«Ми» дегенің – сәрсенбі,
Сақта мұны сен еске.
«Фа» – бейсенбі, «соль» – жұма,
«Ля» дегенің – сенбі күн.
«Си» – жексенбі, болды ма?
Таласады енді кім?
Расында да, қандай таласыңыз бар? Кез келген жеткіншек аптаның жеті күнін рет-ретімен жатқа біледі емес пе? Олай болса, музыкалық мақам – гамманы апта күндерінің ретімен есте сақтау әлде қайда оңай болары түсінікті ғой. Немесе:
Баурап алар күштіңді,
Сиқырлы еді не деген? –
Домбыраның үстіңгі
Қоңыр шегі – «ре» деген.
Күмбіріне домбыраның
Болсаң егер шөлдеген,
Астыңғы шекті дәл бұрағын,
Нотаға сап «соль» деген.
Тамаша ғой! Қазақтың кез-келген қарадомалақ баласы мына өлеңді жаттап алып, қара домбыраның құлақ күйін ешқандай камертонсыз өзі-ақ келтірері сөзсіз.
Музыкалық терминдерді де тақпақ арқылы есте сақтау әлдеқайда тиімді болары даусыз:
Алмай демін тауысып,
Қалмаса екен тосылып.
Екеуінің дауысы
Дуэт болды қосылып.
Екеуінінің бағы бұл,
Ісімізді мәнді еттік.
Дауыс қосып тағы бір,
Трио болып әндеттік.
Қиын боп па шеберге,
Айтамыз да қайтамыз.
Сен қосылсаң егер де,
Квартет боп айтамыз.
Автор «Би ырғақтары» атты бөлімде «Биші», «Қаражорға», «Вальс», «Испан биі» және «Лезгин биін» балаларға жыр тілімен түсіндіреді. Оқырман «Күй күмбірі» бөлімі арқылы домбыра, қыл қобыз, скрипка, даңғара, сыбызғы, сырнай, керней, дауылпаз сияқты саз аспаптарымен танысып, шертпе күй мен төкпе күйдің ерекшеліктерін ұғынады. Тәттімбет, Құрманғазы, Дина әже сынды күй құдіреттері туралы мағлұматтар алады.
Кітапта ең көлемді «Сезімнен туған саздар» бөлімі аңыз-жырлар мен шағын дастандардан тұрады. Сондай-ақ әрбір дастаннан соң сол шығарма кейіпкерлерін таныстыру мақсатында қара сөзбен беріліп отыратын мәтіндер де оңтайлы пайдаланылған. Мәселен, «Күй туралы аңыз» дастанының соңында күй атасы Қорқыт баба, «Ертең кетемнен» соң – Құрманғазы, «Сылқылдақтан» соң – Тәттімбет, «Киелі домбырадан» кейін – Ахмет Жұбанов, «Сайраның әнінен» соң – Латиф Хамиди, «Ән еркесінен» кейін – Күләш Бәйсейітова, одан кейінгі жыр-дастандар соңынан – Евгений Брусиловский, Еркеғали Рахмадиев, Шамғон Қажығалиев, Ғарифолла Құрманғалиев, Мұқан Төлебаев, Нұрғиса Тілендиев, Айман Мұсақожаева сияқты саз әлемінің дүлділдерін таныстыратын мәтіндер берілген. Бұл бөлімдегі жыр-дастандар мен ақпараттар арқылы өскелең жеткіншек әлем мойындаған әйгілі музыканттар Никколо Паганини, Жан Батист Люлли, Фредерик Шопен, Сергей Рахманинов, Жорж Бизе, Вольфганг Амадей Моцарт шығармашылықтарына байланысты толыққанды мағлұматтар алады.
Өткен жылы «Фолиант» баспасынан жарық көрген осындай тамаша туындының ҚР Білім және ғылым министрлігіндегі музыкант мамандардың назарына ілікпеуі таңдандырады. Табандап жүріп тапсырыс беріп, мұндай дүниені қолға түсіру оп-оңай шаруа емес.
Әрине, кітаптағы материалдардың орналасу реті, музыка әлеміндегі әйгілі тұлғалардың қамтылуы т.с.с. тұрғысында бұл еңбек те төрт аяғын тең басып тұр десек, асылық айтқандық болар. Дегенмен, ықылас білдіріп, жалпыхалықтық игілікке айналдыруға ыңғай танытса, осы дүниені жеткіншектердің музыка сауатын жетілдіру мақсатындағы шынайы танымдық балалар энциклопедиясы деңгейіне дейін көтеруге әбден болады.
Қанат ҚАЙЫМ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.