«ТІЛ ӨНЕРІ ДЕРТПЕН ТЕҢ»
16.08.2024
144
0

Қайраткер, тілші-ленгвист Нұртас Оңдасыновтың бізге тапсырған қолжазба-құжаттарының арасынан осы бір мақаланы ұшыраттық. Бұл қайраткердің Үкімет басқарып тұрғанда қазақ тілінің нағыз жанашыры бола білгенін, қазақ мектептерін көптеп ашқызып, жоғары оқу орындарында ауылдан келген қазақ балалары үшін қазақ тілінде дәріс оқығанын тарихтан білеміз. Сол жанашырлығын зейнеткерлікке шыққан кезде де азайтпапты, республиканың баспасөз беттерінде ауық-ауық ана тілінің проблемаларын көтеріп, мақала жазып отырған. Артында қалған «Арабша-парсыша- қазақша түсіндірме сөздіктері» де сол жанашырлықтың, ана тіліне деген құрметтің бір парасы деп білеміз. «Тіл өнері дертпен тең» мақаласын шын мәнінде қазақ тілінің мүшкіл халіне уайым шеге отырып жазыпты… Аталмыш мақаланы «Қазақ әдебиеті» газетіне ұсынуды жөн көрдік.

Гүлсім ОРАЗАЛЫҚЫЗЫ,
нұртастанушы 

Ия, ұлы Абай түсінген, қадір-қасиетін білген, оның соңына түскен адамға тіл өнері, сөз өнері дерт екенін дөп басып айтқан-ау! Алайда, соңғы кезде тіл мәселесі жекенің емес ұлттың, халықтың дертіне айналып кетті ғой. Сол індеттің бетін қайырып, аурудың алдын алу үшін, яғни, жоғалып бара жатқан тіліміздің қайта жандануы үшін Қазақ ССР-нің Тіл туралы заңының қабылдануы қазақ халқы үшін тарихи оқиға. Олай деуімнің себебі бар. Мен 1926 жылдан бастап Коммунистік партияның мүшесімін, содан бері тіл мәселесіне байланысты партиялық құжатты алғаш көріп отырмын. Бұл қайта құрудың үлкен бір жаңару, өркендеу дәрежесіндегі сүбелі оқиғасы деп түсінемін. Ұлы Октябрь революциясынан кейін көптеген ұлт тілдері гүлденді. Бұрын жазу-сызуы дамымаған кейбір халықтар жаппай сауаттылық жолына түсті. Біздің қазақ халқы да Ахмет Байтұрсыновтың араб графикасына негізделген тұңғыш қазақ әліппесі, емлесі арқылы оқып, жаппай сауаттылыққа бет бұрды.
Қайсыбір автономикалық өлкелерде және облыстарда ұлттық бөлімдер ашылды. Мысалы, сол кезде жүз мың халық қазақ тұратын Астрахань облысында қазақша газет, техникум, мектептер болатын. Бірақ отызыншы жылдардан кейін Лениннің ұлт саясаты өрескел бұрмаланып кетті. Дәл осы кезде тек біздің республикада емес, туысқан республикалардың бәрінде ұлттық мектеп, балабақшалар біртіндеп-біртіндеп жабыла бастады. Әрине, оның субъективті, объективті себептері де көп болатын. Соның бірі – Ұлы Отан соғысы. Мәселе қай тілде оқыту емес, қалайда елді жаудан қорғауда болды. Кейіннен «балаларын қай тілде оқыту ата-аналар еркінде» деген пікір етек алып, өрістеп кетті. Оның байыбына бармаған кейбір ата-аналар «жоғары мәдениеттілік деген осы екен» деп өз ана тілінен безініп, балаларын орыс класына бере бастады.
Және сол жылдары «Советтер Одағында ұлт мәселесі түпкілікті шешілді. Былайғы жерде совет халқы жақындасып, бірігеді» деген ұран пайда болды. Ал, сол жақындасу, бірігудің ішкі мағынасын ешкім түсіндірген жоқ. Дүмбілез, елпек басшылар оны жаппай орыс тіліне көшу деп түсінді де, іс-әрекетке кірісіп кетті. Ол ондаған жылдарға созылды. Ақырында халық пен халықты, ұлт пен ұлтты жақындастырамыз деп жүріп, керісінше бір-бірінен қашықтатып алды. Соның нәтижесінде келіп, қазіргі таңда барлық республикаларда тіл мәселесі үлкен проблемаға айналып отыр. Әрине, кемшілікті көріп, оны бірді-екілі кісіге, мысалы Сталин мен Брежневке жаба салу оңай. Олардың қателігі бар, ақтамаймын! Бірақ, Орталық Комитет сол уақыттарда қайда болды, оның мүшелері өз пікірлерін неге білдірмеді, ауруды асқындырмай, неге алдын алмады деп ойлаймын да жүремін…
Ия, үлкен халықты «старшый брат» деп өмір бойы сыйлап келеміз, бірақ, әлі күнге дейін бір рет: «младший брат» деп менің арқамнан ешкім қаққан емес. Мұндай қарым-қатынас тұрған жерде достық, бауырластық жайлы сөз қозғау қиын. Үлкенді сыйлау, кішігі құрмет барша ұлттың бойында болса екен деймін!
Тағы бір таң қалатыным, осы ғұмырымда, қанша уақыт партиялық қызметте болсам да әлі «мына жерде шовинизм бой көтеріпті, соған байланысты қаулы шығыпты» дегенді естіген де, көрген де жоқпын. Менің қарапайым түйіндеуімше, ұлтшылдық шовинизм бар жерде ғана туындайды. Жарқын идеясын іске асырам дейтін партия, беделін көтеремін деген партия, осы жағына аса мән берсе деймін.
Әңгімемді «тіл өнері дертпен тең» деген сөзден текке бастаған жоқпын. Осы өнердің дертіне мен де жиырма бес жылдан бері шалдыққан адаммын. Яғни, өмірімінің соңғы жылдарын «Арабша-қазақша түсіндірме сөздік», «Парсыша-қазақша түсіндірме сөздік» жазуға аранап келемін. Жемісі де жоқ емес. Кітаптарым жарық көрді, оқырман қолында жүр.
Қай халыққа болсын өз ана тілі қадірлі, қастерлі. Қазақ үшін де өз ана тілі ерекше. Себебі, қазақ өз тарихын, шежіресін, сан ғасыр басынан өткізген қуанышы мен күйінішін сөз өнерінде қалдырып, айшықтаған. Алтыннан сарай, алынбас қамал тұрғызбаса да, жүйелі сөз, аталы ойға құлақ түріп, көсегесі көгерген, өркені өскен ел-жұрт болған. Сондықтан да ана тілі – қазақ үшін қасиетті, киелі. Сол тілдің болашағын ойлап, оны заңдастырамыз, яғни, қазақ тілін Қазақ Республикасында мемлекеттік тіл етіп, орыс тілін ұлтаралық тіл деп танып және республикадағы өзге халық, ұлт, ұлыс тілдерінің дами беруіне жағдай туғызамыз деп отырған партиялық идеяға сол партияның ардагері ретінде қуана қол соғып қоштаймын.
Ендігі жерде осы тілдің дамуына, оның жетілуіне жан-жақты назар аударып отыру – бәрімізге ортақ міндет. Ол үшін ана тілімен қатар басқа халықтардың тілдерін де қадірлеу, оларды ерінбей, ықылас қойып үйрену – қасиетті іс. Халықтар, ұлттар бір-бірімен тіл үйрену арқылы ғана достасады, жақындасады. Мысалы, қазақтың өткен дәуірінде оның тіліне едәуір әсерін тигізген араб пен парсы тілдері деуге әбден болады. Бірақ, бұл құбылыс біржақты болмаған. Араб, парсы тілдерінде түркі тілінің де ықпалы аз емес.
Өмірімнің соңғы жиырма бес жылын «Арабша-қазақша, парсыша-қазақша түсіндірме сөздік» жазуға арнап келемін деп жоғарыда айттым. Ондағы мақсатым – қазақ тіліне енген және жұртшылық азды-көпті қолданып жүрген, ескі қазақ жазбаларында жиі кездесетін, әрі сол жазбалардың бетінде тарыдай шашылып жатқан араб, парсы сөздерін мүмкіндігінше бір жерге жинап, түсіндірме беру еді.
Орта ғасырда Шығыс ойшылдары мен ақындары, ғалымдары мен саяхаатшылары араб алфавитімен жазылған дүниежүзілік маңызы бар қаншама құнды шығармалар қалдырып кетті. Олардың ішінде әлемге әйгілі біздің жерлестеріміз Әбунасыр әл-Фараби, Юсуп Баласағұни, Махмут Қашғари, Әбурайхан Бируни және тағы басқалар бар еді. Тіпті алысқа сілтемей-ақ, өзіміздің қазақ халқын ғана алатын болсақ, ол ұзақ уақыт араб алфавитін пайдаланып келді. Демек, араб жазуын білген кісілерге отызыншы жылдарға дейінгі қазақ тілінде шыққан кітаптарға жол ашық. Сауатымды ауыл молдасынан, ескі араб алфавитімен ашқандықтан араб тілі маған қымбат. Халқымыздың небір дастандарын, батырлар жырын осы алфавит арқылы оқып, содан сусындап өстім. Содан сөздіктер қазақ халқына қажет-ау деген ой жетлеп, көп жылдар бойы осы еңбекпен шұғылдандым. Ұзақ уақытымды шаң басқан архивтер мен кітапханаларда өткізгеніме өкінбеймін. Себебі, бұл еңбек қазақ тілін пайдаланушыларға, оны зеттеушілерге, атап айтқанда оқытушылар мен оқушыларға, жазушылар мен журналистерге, тарихшылар мен этнографтарға, жалпы интеллегенцияға, араб тіліне қызығушыларға пайдалы көмекші бола алатынына кәміл сенемін.
Соңғы кезде, заңды талқылау үстінде қазақ тілімен қатар орыс тіліне де мемлекеттік статус беру туралы пікір қылаң берді. Ол қатар тұрған екі заттың орнын ауыстырумен пара-пар. Қазақ тілі мемлекеттік статус берілген жағдайда ғана дамуға мүмкіншілік алады. Өйтпеген жағдайда қазақ тілі бұрынғы жағдайында қала береді. Орыс тілі онсыз да ұлтаралық қатынас міндетін атқарып келеді ғой.
Тағы бір айта кететін жай, жоғарыда айтып өттім, баланың қай тілде оқуын ата-анасы ұйғарған кез болған деп. Өз ана тіліндегі мектепке бергісі келмейтін ата-аналар әлі де баршылық. Сондықтан қостілділік принципі мектеп, мектеп жасына дейінгі балалар мекемелерінде міндетті сипат алмауы тиіс. Баланың өз ана тілінде, бір ғана тілде сөйлеп, қалыптасуының оның санасының жетіліуіне ерекше әсері бар. Тілі енді ғана шыққан балаға екі тілді қатар алып жүру ішкі болмысына кері әсер беруі мүмкін. Бұл ойымды психологтар, педагогтар тұжырымына сүйеніп айтып отырмын. Бүгінгі ана тіліміздің жұтаң тартуы кезінде ата-аналардың төл тіліне енжар қарауынан. Сондықтан, ашығын, анығын айтқанда қазақ балалары қазақ мектебінде оқымайынша, қанша заң қабылданса да, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі базасы молайып, құзыры биіктемейді.
Сөз соңында айтарым, заң бекітілді, тек менің бір қаупім – бізде қаулы-қарарлар қабылданады да, іс жүзіне аспай, аяқсыз қалатыны бар. Тіл туралы заң да сондай кепті кимес пе екен деп, кәрі жүрегім сыздайды. Қашан да жауапкершілікті талап еткен заң- нағыз заң. Сондықтан, ел азаматтарына, ел ағаларына, қолында билігі бар басшыларға жалтақтамай, елпектемей, сабырмен тіл тағдырын қорғаңдар деген аталық тілек айтқым келеді. Сонда ғана біз дертімізден арыламыз, тіліміздің көсегесі көгереді.

Мәскеу. 24 қыркүйек, 1989 жыл.

 

Нұртас ОҢДАСЫНОВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір