ӨМІРІ ДЕ, ӨНЕРІ ДЕ – ӨНЕГЕ
19.01.2024
314
0

Ұлттық бірегейліктің айрықша белгілерін әлемдік кеңістікте көрсететін дүние – өнер. Өнер салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптың сан ерекшеліктерін анықтайтын болмысқа ие. Соның бір үлгісі – бейнелеу өнері.

Алматы қаласы ОКЖ №29 бала­лар кітапханасында суретші, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушы Ә.Қастеевтің туғанына 120 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Өмірі де, өнері де – өнеге» атты портрет кеші өтті.

Жиынға заманауи суретші, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Алпысбай Нағметұлы Қазғулов; ҚР Білім беру ісінің үздігі, «Ерен еңбегі үшін», «Халық алғысы» марапаттарының иегері, суретші, Әбілхан Қастеевтің қызы Гүлназия Қастеева; Әбілхан Қастеевтің қызы Гүлдария Қастеева; Бостандық ауданы Мәдениет бөлімінің бас маманы Әділет Эрлат; Т.Жүргенов атындағы колледж ұстазы Зара Қартанғалиқызы; Алматы қаласы ОКЖ директорының орынбасары Спатаева Ләззат Мұхтарқызы қатысты.

Сурет арқылы өнер әлемін жандандырып, суретті сөйлетіп, жан бітіріп, қазақ халқының бейнелеу өнеріне үлес қосып, көркемдігі жағынан өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған қылқалам иесі – Ә. Қастеев. Бүгінгі бас қосуымызда суретшінің естеліктері мен суретінің сыры жөнінде кеңінен сөз қозғалды.
Сонымен қатар қылқалам шебері хақында қыздары әдемі естеліктерін паш етті. Гүлдария Әбілханқызы: «Әкеміз ашық, жұмсақ, ешқайсымызға ұрысып көрмеген, сондай керемет кісі болды. Сол заманда ойлайтынмын, басқа отбасыларда әкелері ішіп келетін, балаларына ұрысып отыратын. Біздің әкеміз ондай емес қой. Армандаушы едім, әрбір отбасында біздің әкеміз сияқты адам болса қандай жақсы деп».

Гүлназия Қастеева: «Әкеміздің мінезі жұмсақ, жүрегі қандай ашық болса, оның салған әр пейзаждары сондай ашық еді. Еңбекқорлығының арқасында өмірден өз орнын тапты деп ойлаймын», – деп ақтарылды қыздары.

Расымен де, бүгінгі кеште суретші өмірі мен шығармашылығымен танысып қана қоймай, қылқалам шеберінің өмірдегі адамдық кейпін, бойындағы асыл қасиеттерін, әке рөліндегі Әбілханның болмысын тани түстік деп ойлаймын. Жиын соңында кітапхана меңгерушісі Жанар Жайыққызы кеш қатысушылары мен келген қонақтарға арнайы Алғыс хаттар мен сыйлықтар табыс етті.

Әбілхан Қастеев – өнерге өмірден келді, себебі, ол өз өмірінен өнер жасай білді. Сондықтан оның әр шығармалары өмірдің өзіндей шынайы, өң-бояуында жасандылық жоқ. Салған әр суреттері қаншалықты қарапайым болса, соншалықты ой саларлық түйінмен, шындыққа негізделген шешіммен салынған.

Динара БОРАНБАЙ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Журналистика факультеті
4 курс

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір