Жүректі сағыныш сыздатқанда…
20.10.2017
1955
0

Елу екі жыл бір шаңырақтың астында өмір сүрген асыл жарыңнан айырылу – қандай ауыр қайғы десеңізші! Әрине, ағайын, жекжат, бала-немерелердің жүректері сыздайды, қайғырады. Ал мен үшін бұл орны толмас жоғалту болды. Кенжешімнің өмірмен қоштасқанына бір жыл өтсе де, әлі есімді жия алмай, өң мен түстің арасында жүрмін.Осы уақытқа дейін балаларымыздан бөлек тұрып үйренгендіктен, Кенжешімнен айырылып қалған соң, мүлдем жалғыз қалғандай сезімдемін. Архивке барып көңілімді басқа жаққа аударуға тырысамын. Ол да көңілге тыныштық бермейді.

Есіме ертеде әжем айтқан әң­гіме жиі түседі. Әжем: «Сендер Құ­дайсыз­сың­дар. Алланы ауызға ал­майсыңдар. Ертеден қара кеш­ке дейін өз тір­ші­лік­­теріңді ой­лай­сыңдар. Біз шалы­мыз екеуміз жа­тарда қоштасып, бірі­мізден бірі­міз кешірім сұрайтын­быз. «Бі­реуді ренжіткен жоқсың ба? Қа­рызың жоқпа?», – дейтінбіз», – деуші еді жарықтық. Ал біз мәң­гілік тірі жүретіндей, бірімізге бірі­міз ешнәрсе айтпай өмір сүре беріп­піз. Сүйікті Кенжешімнің ішін­де айтыл­маған қандай сыр­лары, ойла­ры, өсиеттері кеткенін біл­меймін. Дұ­рыстап қоштаса да ал­мадым.Тіпті, ол өмірден ерте ке­те қояды деген ой мүл­дем бол­ған емес.
Кенжешіммен танысқан, та­быс­қан, қыз-жігіт болып қол ұс­та­сып жүрген бұрынғының күн­дерін көп еске түсіретін бо­лыппын…
Кемер қаласында туып өскен Кен­жешпен Ташкенттен енді ғана институт бітіріп келген мен Семейде кездестік. Көрген бетте бір-бірімізді бірден ұнаттық. Бір айға толмайтын уақыт кездесіп жүрдік. Оның отбасы Кемерде, өзі Семейдегі ағайындары­ның қолында тұрып жұмыс істейді. Оны үгіттеп, Кемерге жібермей, үйі­ме кіргізіп алғым келді. Кен­жешім сон­да: «Егер мені шын ние­тіңмен сүйсең, Кемерге ба­рып, өз үйімнен алып кетесің. Же­тім, далада жүрген қыз емес­пін», – деді.Семейдің ет ком­би­натының құрылыс монтаж бас­қармасында еңбек есептеу бө­­­­­­лі­мінің аға инженері болып жүр­ген менің еңбекақым керемет де­мес едім. Ауылда әжем, шешем, үш інім, марқұм Әлнасір ағамның бес баласы мен жеңгем бар. Олар­ға көмек көр­сету – міндетім. Ал Кемерге бару үшін ол кезде ең азы 300-400 рубль керек. Оны қай­дан аламын деген ой маза­лады. Содан нағашым Хамза Бай­болатов пен досым Ғабиден Мұ­­са­йынов­пен ақылдастым.Олар көмек­тесетін болып келісті. Осылай­ша, Кемер қаласына бара­тын бол­дым. Ол заманда Кен­жешімді киноға апаратын да қал­тамда ақша жоқ. Бір рет ки­ноға бардық. Бір билетке ғана ақ­шам жетеді. Билет тексеруші қыз­ға шынымды айттым. Жағ­дайым­ды түсініп, билетпен Кен­жешті залға жіберіп, мені де кір­гізіп, орындық ұсын­ды. Қал­тамыз қалың болмаса да, бір­-бірі­мізге деген көңіліміз қым­бат за­ман еді ғой.
Кемерге баруға жиналып жүр­ген уақытта мені Семейдің «Ек­пін» газетіне (Мен барған соң «Семей та­ңы» аталды) 1965 жыл­дың сәуір айында қызметкерлікке шақырды. Бұрын орыс-қазақ газеттеріне ма­қала­лар жазып жүре­тінмін. Жұмысқа кіріскеніме небары он күн өткен соң, басы­лымның бас редакторы Қарқабат Байкеновке кіріп, Кемер қала­сы­на барып, қалыңдығымды алып келуім керегін айтып, рұқсат сұра­дым. Осылайша, нағашым, до­сым Ғабиден үшеуміз жолға дайын­далдық. Бірде Кемерден Кен­же­шім хабарласты. «Мұнда бізді жездем басқарады. Сол кісі сенімен сөй­лескісі келеді», – де­ді. Жүрексіне поштаға бардым. Кемерден таны­майтын адам сөй­лес­пекші, «Не дер екен? «Бол­май­ды!», – деп жүре ме?», – де­-
г­ен сан қилы сұрақ мазалайды.Кен­жешімнің жездесімен теле­фон ар­қылы сөйлесетін күн де жетті. Жез­­десі Дүйсенбек Махам­бе­тов ол кез­де алпыстың айна­ласындағы адам еді. Кенжештің он үш баланы асырап баққан апа­сы ол кісіден 19 жас кіші екен. Жез­десі өте ақылды, әділетті, көпті көрген кісі ғой, телефон ар­­қы­­лы бірталай сұрақ қойды. Емтихан тапсырғандай сұрақ­тарға жауап беріп жатырмын. Сыннан дұрыс өт­кен сияқты бол­дым. Үш күн үш түн хабар күт­тім. Ұйқы да, күлкі де жоқ. «Апыр­май ұнамай қалдым ба? Неге хабарласпады екен?», – де­ген ойлар ойран-топырымды шы­ғарды. Үш күн өткеннен кейін Кенжешімнің жез­десі қоңы­рау соқты: «Қарағым, келің­дер. Өзім қарсы аламын», – деді. Сол сәтті бақытты күнімнің ба­сы болды деп есептедім.Нағашым, до­сым үшеуміз сол кездегі ИЛ-18 ұша­ғымен бардық. Дүйсенбек жез­де ұ­зын бойлы, аққұба, бай тұ­қы­мы­нан шыққан, сері адамдай көрінді. Сөзге шешендігі де бар, әңгімені жақсы біледі екен. Бізді бірден та­нып, амандасқаннан соң, көлікке отырдық. Үйге таяу қалғанда көше­нің екі жағына бөлініп тұрған әйел­дер көрінді. Жасы үлкен апай мені шақырып алып, отқа май құйғызды. Үш күн ойын сауық, тамаша күн­дер­ден кейін Кенжешімді Семейге алып келдік. Бұл 1965 жылғы сәуірдің 23-і еді. Қайнардан 90-дағы әжемді, 60-тан асқан ше­шемді, екі інімді көшіріп алдым. Үйге күніге 4-5 адам қонаққа келіп жатады. Үйіміз сол кезде 2 бөлме дегені болмаса, орыс тілін­де «полуторка» деп аталатын. Кен­­же­шім­­ді жұмысқа орна­лас­тыру да оңай­ға түскен жоқ. От­басының ауырлы­ғына байланыс­ты 6-ақ сыныпты бітіріпті. Үй­ленбес бұ­рын Кенжешіме от­басы жағда­йымның ауырлы­ғы­н айт­қан едім. Кенжеш үйдің жайын бірден ұғып, шеше­лерім­мен тез тіл табы­сып кетті. Нан зауы­тына жұ­мыс­қа орналасты. Бір күні кешкі дәм­ді ішуге дастар­хан­ға отырдық. Орыс жерінде туып-өскен Кен­жеш менімен орыс­ша сөйлесе бастады. Әжем: «Әкет мына кәпіріңді!», – де­ді. Са­сып қалдым. Үндемедім. Кен­жеш, бетін басып, бөлмеден шы­ға жөнелді. Бір-екі минут өт­кен­нен ке­йін әжем төргі үйге барып Кен­жеш­­ті ертіп келді де: «Қара­ғым, жы­ла­ма. Мен мұсылмамын ғой. Кә­пір­дің сөзін түсінбеймін. Қа­зақша сөйле», – деді. Сол күн­нен бастап Кенжеш 2-3 айдай стол басында сөй­лемеді. Аз уа­қыт­та қазақша таза сөйлеуді үй­реніп алды да, үйде­гілер­мен қа­зақша тілдесе бастады. Күндер өт­кен сайын Кенжешім: «Бөке, оқуым керек», – дейтін. Сөйтіп, кеш­­кі мектепке барып, 8 сынып­ты бі­тірді. Әрі аяғы ауыр, әрі жұ­мыс іс­теп жүріп, кешкі мектеп­ті бітіру ер­лікпен пара-пар еді. Одан кейін Семейдің қаржы тех­никумын бітіріп, ма­ман­дығына орай қызметке ор­наласты. Бұл уа­қытта алтындай үш баламыз дү­ниеге келді. Тұрмыс тү­зеле бас­тады. 1975 жылға дейін Се­мейде тұрдық. 1975 жылы мені Қар­жы министрлігіне қызметке жо­ғары­латты. Кенжеш Алматы қа­ла­лық оқу басқармасында ревизор, Мәскеу ауданында бюджет инс­пекторы болып еңбек етті. Алма­ты халық шаруашылығы институ­тына түсіп, 1982 жылы осы оқу орнын бітіріп шықты. Адал еңбек етті. Сол кездегі Совет аудандық қаржы бөлі­міне бас бухгалтер әрі басшының орынбасары етіп қыз­метін жоға­ры­латты. Ол осы орын­да 16 жыл абы­рой­лы қызмет атқарды.
Кейіндеу, ойда жоқ жерден қы­­зым Айгүл: «Папа, мамамды қыз­мет­тен шығарып алып, не­ме­ре­лермен отырғызайықшы», – деп ұсыныс жасады. Шы­­нын­да­ да үш немереміз күндіз өз бет­терімен бақылаусыз қалған еді. Ойлана, ақылдаса келе, Кен­жешті жұмыстан шығаратын болдық. Қалалық қаржы бас­қар­ма­сы­ның басшысы Төлеубек Абдықа­ды­ров: «Бөке, мұның не? Ел орна­лас­тыра алмайды. Ал сен Кенжешті жақсы істеп жүрген жерінен әкетемін дейсің!», – деп реніш білдірді. Ақы­ры Кенжеш зейнеткерлікке төрт жыл қалған­да немере бағатын болды. Бұл шешім де дұрыс болғанға ұқсай­ды. Бүгінде немерелері ерже­тіп, тамаша тәрбие алып, жоғарғы оқу орындарын бітіріп, ойдағы­дай қызметтерін атқаруда.
Кенжешім бақытым еді. Соңғы 20 жыл ішінде кітап жазу­мен шұ­ғыл­данғаннан бері Мәс­кеу, Санкт-Пе­тер­бург, Омбы, Но­восибирск, Се­мей, тағы басқа қалаларда, ар­­­хив­терде, кітап­ха­наларда 10 жыл­дан артық өмірім өтті. Ол қалаларда айлап, ал Мәс­­кеуде бір жылдан артық өмі­рімді өт­кіздім. Қаншама қаржы жұм­садым. Тіпті, балаларым 70, 75 жас­тарымды тойлауға берген қар­жыны да той жасамай, ар­хив­терге жұмсадым. Осы кезде де Кенжешім еш қарсы болмады. Ке­рісінше, қол­дап, демеп отыр­ды. Кенжешімнің ар­қасында
28 том тарихи кітапты Новоси­бирск­тің баспаханасында басты­рып, халқыма тарту еттім.
Амал не?! Сүйікті, ардақты, асыл Кенжешімді ажалдың ара­мыздан алып кеткеніне бір жыл бол­ды. Іші-бауырым езіледі, жү­ре­гім сыздайды. Бейіт басына жиі барып, құран оқытып, дұға жа­саймын.

Болатбек Нәсенов.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір