Қымбат есім, қадірлі тұлға
Қазақ әдебиеттану ғылымы және оның қайраткерлері өтіп келе жатқан жол – бұралаң соқпақты, өрісінен еңісі көп, табуынан адасуы жиі «тар жол, тайғақ кешу» жолы секілді көрінеді. Тыңнан жол салған Ахмет Байтұрсынұлы бастаған бір шоғыр әдебиетші ғалымдар атылды, Е.Ысмайылов, Қ.Жұмалиев, Т.Нұртазин сотталды, Б.Кенжебаев КОКП қатарынан шығарылып, қызметтен қуылды. Олардан кейінгі буын да «ұлтшыл» атанып, шарпылып барып, «әупірім-тәңірмен» аман қалды, әйтеуір.
Олар атылып бара жатып та айтқанынан қайта қойған жоқ. Олар қазақ әдебиеті тарихы үшін сотталып, жазасын өтеп қайта оралғанда да ғылыми әдістерінен бас тартпай, қайта сол келген жерінен әрі қарай жалғап жүре берді. Қазақ халқына деген осы бір адалдықты, ана тілі үшін алысып, ұлттық мүдде үшін тұрысатын табандылықты мирас етіп алып қалған балауса бір буын ағалар ізімен қазақ әдебиеті тарихын жасауға білегін сыбанып кірісіп кетті. Бұл – елуінші-алпысыншы жылдар еді. Міне, осы буынның көрнекті өкілі – Тұрсынбек Кәкішұлы!
Ұстаз және ғалым. Профессор Тұрсынбек Кәкішұлы осы екі саланы қамшының өріміндей өзара сабақтастыра өрістетіп келе жатқан тұлға!
Ұлтымыздың ардақты ұлы, көрнекті қоғам қайраткері, ғұлама ғалым, филология ғылымының докторы, профессор, Жоғары мектеп академиясының академигі Тұрсынбек Кәкішұлының қазақ әдебиеттану ғылымын тың жаңалықтармен байытып, қазақ әдебиетінде жаңашыл ақын Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен шығармашылығы турасында зерттеу жүргізіп, «Сәкентану» ғылымының негізін қалады. Көркем сөз қадірін зерделеудің ақсақалы атанған Тұрсынбек Кәкішұлы студент-жастарға арнап көптеген оқулықтар мен әдістемелік оқу құралдарын да жазып шығарды. Осынау сан-салалы еңбектерінің арасында ұлағатты ұстаз, ғұлама ғалымның қазақ көркем сынының тарихы мен оның дамуы жөніндегі зерттеу жұмыстары өз алдына бір төбе.
Тау тұлғалы Тұрсекеңдей абыз ағамыз әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіндегі гуманитарлық ғылымның көшбасшысы. Қандай бір әдеби, мәдени іс-шаралар болмасын ол кісінің көшелі ойы мен шалқар ақыл-кеңесіне жүгініп, ардақты ұстаздың кесімді шешіміне тоқтайтынбыз.
Өмірінің соңғы сәтіне дейін қаламы қолынан түспеген ерен еңбеккер, айбынды азамат, ұлағатты ұстаз!
Ғалымқайыр МҰТАНОВ,
әл-Фараби атындағы
Қазақ Ұлттық университетінің ректоры, академик.
Алпысыншы жылдар басында Академияда ғылыми көпшілік ашық сырласқан маңызды әдеби конференция өтті. Әркім білгенін, әдебиетке қажет деп тапқан ой-пікірін қалтарыссыз қырындысымен ортаға салды. Әдебиетте айта білсе, келістіре алса кіші проблема жоққа тән емес пе?! Сол жиынды жас ғалым Т.Кәкішұлы әдебиетіміздің алғашқы адымы – арналану бағытына еңбек сіңірген үлкен тұлғалармен бірге, шама-шарқы, дарын қауметінше еңбектеніп халхадариқал үлес қосқан «кіші таланттардың» да ескеріліп, әдеби мұрасы зерттелуі қажеттілігін еске салды, орынды проблема көтерді. Олардың әрқайсысы әр кезеңде туып, тіршілік кешкен, үлкенді-кішілі әдеби-публицистік, ғылыми мұра қалдырған жандар. Әйтпесе, белгілі бір кезеңде жасаған бір дәуірдің адамдары болса бір сәрі. Бір дәуірден бір дәуірге өтіп, «кіші дарындар» әдеби мұрасын жинақтау, дәуірдің де, дарынның да психологиясына еніп, әлгі дүниелерден рухани құндылық табу, оны жаңа дәуір оқырмандарына ұқсатып жинақтап, кітап қылып құрастырып, ұғынықты етіп ұсыну, тұшымды етіп түсіндіру қайдан оңай болсын?! Тіпті ол дарындар бір дәуірде өмір сүрген күннің өзінде архив ақтарып, ескі газет-жорналдардың шаңын қағып, қара құлып салынған есіктерді еппен ашып, ептестіріп алып шығып, кітап етіп, аруақтарды «тірілту», жұрт кәдесіне жаратып, рухани игілік сыйлау айтарға ғана оңай. Егер, Тұрсекеңнің ыждағатты еңбегі болмаса ұлты татар, қызметін қазаққа жұмсаған, алғашқы елшінің бірі – Сабыр Шариповтың жуан қос томдығы, аз ғұмырда от-жалынға өртеніп кете барған Саттар Ерубаевтың жуан бір томдығы жарық көре қоймас еді-ау деп ойлаймын. Бұған Жиенғали Тілепбергенов, Елжас Бекеновті қосыңыз. Ауқымды дүние! Олардың туған-туыстары, ұрпақтары Тұрсекеңді әкелерінің, бауырының көзіндей көреді.
Сәкен Сейфуллин көп томдығы әуелі Тұрсекеңнің Мәскеу, Санкт-Петербург архивтерінен тірнектеп жинаған бай материалы (әсіресе 4, 5, 6 томдары) негізінде жарыққа жедел шығып, оқырманға дер кезінде жол тартқаны қапысыз шындық.
Соңғы жылдары қазақ диаспорасы жөнінде зиялы қауым арасында профессор Тұрсынбек Кәкішевтің азаматтық, қайраткерлік үні сондай жарқын, пәрменді, әрі қуатты естіліп жүр. Естіліп қана жатқан жоқ, оған өзі тікелей араласып, бұл істің түбегейлі, тиянақты, ыждахатты, жүйелі түрде ұлттық мүдденің мақсат-мұраты болуына атсалысып, оны мемлекеттік шара деп түсініп, соның баянды етуге бар күш-жігерін салып, ықпал жасап жүр.
Өмірде мойымайтын, шегінбейтін, жеңілмейтін Тұрсекең мемлекеттік іс – қазақ диаспорасының мәселесімен шұғылданып, оны әдебиеттегі қыруар ісімен қат-қабат жүргізіп келеді.
Ілия ЖАҚАНОВ,
композитор, өнер зерттеушісі.
Тұрсынбек Кәкішев шын мәнінде Алаштың арысы, қазақтың намысы еді!
Қазақ деген ұлт барда Тұрсынбек Кәкішевті ел-жұрты ұмытпайды!
Тоқтар Әубәкіров,
Қазақтың тұңғыш ұшқышы,
Халық қаһарманы.
Тұрсынбек Кәкішев – қазақтың тұмары,
түріктің шынары.
Асылы Осман,
ҚР Еңбек сіңірген қайраткері.
Т.Кәкішұлының шығармашылық жолындағы жоталы тақырып – әуелі «Қызыл сұңқар» (1968 ж.) деген атпен арнайы еңбекке айналып, ана тілімізде дүниеге келді. Көркем баллетристік, дерегі мол еңбек жазылу формасымен қазақ әдебиетіндегі жаңалыққа баланды. Тағы да ілтипатпен қарап, тосырқаған көпке тойтарыс берген, еңбектің әділ бағасын айтқан адам – Сәбит Мұқанов болды. Ол кітапқа жазған алғысөзінде: «Ең алдымен бұл кітапта Сәкеннің өмір жолында оқырмандарға бұрын мәлімсіз материалдар, деректер көп. Тұрсынбек оларды Сәкенді көрген, істес болған адамдармен жолығысу арқылы, Омбының, Қызылжардың (Петропавл), Ақмоланың (Целиноград) архивтерін ақтару арқылы тапқан. Бұлардың бәрі де оқырмандардың Сәкен туралы бұрын білетін материалдарын байыта түседі», – деп жазды.
Т.Кәкішұлының «Қызыл сұңқары», оған жазылған Сәбеңнің алғысөзі
С.Сейфуллин жөніндегі ағымдағы ағынды бұзды.
Алғашында қиындау жол кешкен еңбек кейін Сәбең айтқан «Өнегелі өмір» сериясына барып қосылды. Орыс тілінде 1972 жылы «Молодая гвардия» баспасы арқылы одақта жарық көрді. Жарық көру арқылы қазақ әдебиеті мерейін биік көтерді дей аламыз. Өйткені, еңбек өз жанры бойынша Орта Азиядағы алғашқы қарлығаштан саналады.
Тұрсекең атқарған тағы бір міндет – арнайы ғылыми конференцияларда мәселе көтеріп, жоғары оқу орындарына «Сын тарихы» деп аталатын арнайы курсты қоймай жүріп енгізді. Жоспар-жоба жасап, «Қазақ әдебиеті сынының тарихы» оқулығы республиканың гуманитарлық оқу орындарының міндетті сабағына айналды. Қазіргі таңда бұл еңбек Т.Кәкішұлының зерттеу мектебін қалыптастырып отыр.
Профессор Тұрсынбек Кәкішұлы зерттеу еңбектері, біріншіден, жан-жақты терең зерттеу нәтижесі. Екіншіден, ол еңбектерін ғылыми концепцияға құрады. Үшіншіден, ғалым еңбектері архивтік деректерге толы келеді. Бұл – еңбектің дәйектілігін, ғылыми маңызын арттырады. Төртіншіден, профессор еңбектері үлкен ғылыми жинақтаулардан тұрады. Оның зерттеу еңбектерінен тұтас-тұтас дәуірдің саяси халі, әлеуметтік ахуалы, әдеби процесі өзара жымдасып, тұтаса көрінеді. Оның еңбектері – өзі зерттеп отырған дәуір келбеті, портреті дәрежесіне жетеді.
Капитаны «шындық» атты кеменің
Сізді көрсем, өмір сүргім келеді,
Аға, оның білесіз бе себебін.
Жүрегіне бар қазақты сыйғызған,
Капитаны «шындық» атты кеменің.
Осал жерге ой қадайсыз сынадай,
Жалтақ қоғам түзелер ме сынамай.
Су түбіне батырар деп талайлар,
Кемеңізден түсіп қалған шыдамай.
Жаныңызды мекен еткен ізгілік,
Сәкен жүрген тар жолменен жүз жүріп.
Дауылдардан, жауындардан өткенсіз,
Ағыстарға қарсы кеме жүздіріп.
Місе тұтпас, ұсынса да алтын тақ,
Атақ үшін көрген емес жалпылдап.
Адастырмас, шындық атты кемесін,
Сіз секілді капитанға халқым жақ.
Серік ҚАЛИЕВ.
Өтпелі кезеңде Тұрсынбек Кәкішұлы саясаткер болып, атқа мінді. Кейбір замандастары «Замана әлдеқалай құбылып кетпес пе?» деп әліптің артын бағып, сақтық жасап отырғанда, бодандық тарихын егжей-тегжейлі білетін ғалым жан-жағына жалтақтап жатпай, саясат теңізіне түсті де кетті. Ғалымның өтпелі кезеңде даусының ащы шығып жатуына соның алдында ғана құйын боп келіп, империялық құйтырқы саясаттың артын ашып кеткен Желтоқсан оқиғасы да себепкер болды. Өйткені, 1986 жылы Қазақ ұлттық унвиерситетінің филология факультеті деканы болып қызмет атқарған профессор Тұрсынбек Кәкішұлы тіміскіленген қауіпсіздік органдарына, студент балаларын өз перзентіндей қорғаштап, бірде-бір жығын бермеген, сөйтіп сөзге қалған, солдан тұрған жел оңға ойыспаған жағдайда тағдыры не болары белгісіз, бірақ тәуекел деп тас жұтып, бәріне де белді бекем байлаған табанды кісіңіз. Ғалымның «Санадағы жаралар» аталатын публицистік кітабы өмірге осылай келген еді. Ұстаздың өтпелі кезеңде өрістеген ой-пікірлері, сөйлеген сөздерінен бас құраған отты, ойлы публицистикалық кітабын қазір де қайта бір бастап оқысам, басымды көтере алмай қаламын. Осы мақаланы жазу барысында және бір рет оқыдым. Оқыдым да, ойландым, толғандым. Өзгені де ойландырарына, толғандырарына көз жеткіздім.
Бір кітабын Тұрсынбек Кәкішұлы «Сандалтқан «Садақ» атады. «Садағы» несі? Майлин әдеби мұрасына байланысты сөз арасында айтылып өтетіні болмаса «Садақ» жорналын көпшілік біле бермейтін. Ептеп естіген ескі көздер сарқылған кез. Аға буын өмір-тарихында үлкен рөл атқарған, Биағадан бастап бірсыпыра дарындардың ырымалды туындылары жарияланған қолжазба басылымның бірі – Түсекең індете жүріп тапқан, кейбірін «Жұлдызда» жариялатып, әдеби айналымға қайта түсірген осы «Садақ» жорналы.
Тұрсекеңнің майдадан жинақтап ірі шығарған, елеусіздеу дүниелерді уақыт көзімен қарап елеуліге айналдырған еңбегі, бет пішімі де, жанрлық табиғаты да өзгешелеу туындысы – осы «Садақтың» жанры не? Егер «эссе» дей салсақ, көп әңгімеден ың-шыңсыз құтыламыз. Бірақ, бүкіл әдебиетшілік шығармасын іздеуге құратын Ираклий Андронников өз кітаптарына, әсіресе бүкіл өмірінің мәніне айналдырған, соған орай кәделі сыйлық алған «М.Ю.Лермонтов» аталатын кітабының жанрын «Ізденістер мен олжалар» (поиски и находки) деп атаған жоқ па? Андронниковты қоя тұрып, өзінің сыралғы досы, татар әдебиетшісі Рафаэль Мұстафин да Мұса Жалел жайында жазған кітабын «ізденіс» деп атады. Сол секілді профессор Тұрсынбек Кәкішұлының «Садағы» да «ізденіс». Ол Тұрсекеңді әуреге салып «сандалтқанымен» қазақ оқырманын кеніш олжаға кенелтті.
Қазақ әдебиетінде «Садақ» сынды екінші бір кітап жоқ әл-әзірге.
Көркем шығармашылық адамдарының әдебиеттің бір жанрынан екіншісіне өте еңбектенуі – табиғи құбылыс. Ал әдебиетші ғалымдардың жазушылыққа ден қоюы сиректеу көрінер жәйт. Әдебиетші, көрнекті ғалым Тұрсынбек Кәкішұлының деректі прозаға дендеп баруы, баллетристикаға бой ұруын жоғарыда айттық. Бір сәт қиял қыдыртып, әдебиетшіл жұмысымен жарыстыра алып келе жатқан бұл салада Тұрсекең соңғы кездері «Сәкен сүйген сұлулар», «Мағжан мен Сәкен», «Сайыс» секілді кітап жазды.
Әдебиетте Сәкенді сүйіп зерттегені секілді, ғылымда ұстаз тұтып ерекше жақсы көрері – Есмағамбет Ысмайылұлы.
Сын әдебиетті жасамайды, өскен әдебиет сынды өрістетеді.
Сын жазу, сын айту – жауапты іс.
Сын адамды жақсылыққа, әдептілікке, шабыттылыққа үйретуге тиіс.
Шындықты дәлелдеу тек ғана уақыттың құдіретінде.
Сыншы – адалдықтың күзетшісі.
Тұрсынбек Кәкішев.
Қазақстан Республикасы Архив Басқармасына қарасты Орталық Мемлекеттік архивте көрнекті ғалым Есмағамбет Ысмайылұлы жеке қорында еске аларлық құжат бар. Өмірде туа дімкәс, оның үстіне қуғын-сүргінді көп көріп, жарық жалғаннан ертерек кеткен аталмыш ғалымның төрт-бес жинағын дайындапты. Алғысөзін Сәбит Мұқанов жазбақ болыпты. Ұстаз ғалым еңбегін жобасын жасап, жинап-теріп дайындаған шәкірт ғалым – Тұрсынбек Кәкішұлы.
Өмір сапарымыздың оң басталуына ықпал еткен, әдебиет дүниесінде ақ жүріп, адал еңбек етуге үндеумен болған бүтін болмысты ұстаздың өзге де толып жатқан шығармашылық жоспары бар еді. Шәкірттерін алаламай, бөлмей, тұтас жақсы көріп, бауырына қысқысы келіп тұратын тұтас тұлға, ұлы ұстаз!
Ұлы ұстаз қазақ ғылымына да, қазақ қоғамына да аз тер төккен жоқ.
90 жылдық тойында ортамызда болмайтыны өкінішті…
Ұлтына қалтқысыз еңбек еткен ғұлама-ғалым, ұлы ұстазға қызмет енді біздің парызымыз.
Құлбек ЕРГӨБЕК,
сыншы, профессор.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.